• Әдебиет
  • 29 Тамыз, 2013

Ахтанов ақиқаты

XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ сөз өнері тарихына прозалық, драматургиялық туындыларымен елеулі үлес қосқан көрнекті қаламгерлер қатарында жазушы-драматург Тахауи Ахтанов (1923-1994) шығармашылығы айрықша даралана көрінеді. XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ сөз өнері дамуы үдерісіндегі Тахауи Ахтанов шығармашылығы әдеби тек түрлері, прозалық, драматургиялық жанрлары бойынша дамып қалыптасты: біріншісі – романдары («Қаһарлы күндер», 1956; «Боран», 1963; «Шырағың сөнбесін», 1973); екіншісі – повестері («Үндістан хикаясы», 1970; «Махаббат мұңы», 1960; «Жолы болмас жігіттің», 1968); үшіншісі - әңгімелері («Алғашқы ән», 1955; «Қызғаныш», 1959; «Күй аңызы», 1960; «Жоғалған дос»,1968); төртіншісі – пьесалары («Ант»,1973; «Сәуле», 1962; «Боран», 1966; «Әке мен бала», 1975; «Махаббат мұңы», 1974; «Күтпеген кездесу», 1970; «Арыстанның сыбағасы», 1964; «Күшік күйеу», 1976); бесіншісі - әдебиет тарихындағы көрнекті ақын-жазушылар (Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тайыр Жароков, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Шерхан Мұртаза, Федор Достоевский, Антон Чехов, Шыңғыс Айтматов) шығармашылығына арналған және әдеби-сын мақалалары, сонымен бірге әдебиет пен басқа да өнер салалары туралы эсселері; алтыншысы – көркем аударма саласында А.Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, А. Горькийдің әңгімелерін қазақ оқырмандарына жеткізген аудармашылығы. Жазушы Тахауи Ахтанов – «Боран» романы үшін берілген Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Прозалық, драматургиялық туындылары алыс-жақын шетел халықтарының тілдеріне аударылған көрнекті қаламгердің әдеби мұрасы орта, арнаулы орта, жоғары оқу орындарындағы қазақ әдебиеті пәндері бағдарламаларына, оқулықтарына, оқу құралдарына енгізілген. Осы уақытқа дейін көрнекті жазушының шығармашылығына арналған жүзден аса мақалалар, естеліктер жарияланып, прозасы, драматургиясы бойынша докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Көрнекті қаламгердің прозалық, драматургиялық шығармаларын әдеби сын теориясы тұрғысынан талдап саралаған талантты сыншы Сайлаубек Жұмабековтің «­Тахауи ­Ахтанов: талант техтоникасы(Ахтанов – Ахтановтың көзімен)» роман-портреті(2003) жазушы-драматургтің шығармашылық тұлғасының ұлттық сөз өнері тарихындағы дара болмысын танытқан еді. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Сәмен Құлбарақтың «Тахауи Ахтановтың көркемдік әлемі: прозасы мен драматургиясы» (2003) атты монографиясы да көрнекті жазушының қаламгерлік шеберлік әлемін қазіргі уақытқа сай тануға бағдарлайды. Монографияның «Тахауи Ахтановтың жазушылық шеберлігі» атты бірінші бөліміндегі тарауларда («Дүниетаным және шығармашылық», «Жазушы және әдеби үдеріс», «Кейіпкер диалектикасы және қаһармандық», «Соғыс шындығы және көркемдік таным», «Психологиялық драматизм және әлеуметтік талдау», «Ой ағымы, полифонизм және сюжеттік-композициялық ерекшелік», «Жанр және жазушылық шеберлік», «Дәстүр және даму») көрнекті қаламгердің прозалық туындылары талданған. Шығармашылығының басталуындағы поэзиялық туындыларындағы («Майдан лирикалары» топтамасы),әңгімелеріндегі («Алыстан жеткен сарын», «Тауап»), романдарындағы («Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін»), әдеби сын саласындағы алғашқы мақалаларындағы («Өсу жолында», «Ізденіс жолында», «Көркем аударма көркі», «Ыстық жүрек керек», «Сөз азабы») қазақ ауылының, екінші дүниежүзілік соғыс қасіретінің, қазақ сөз өнері дамуының өзара сабақтас бітім-болмысын жазушылық және сыншылық дүниетаныммен бағалауының алғашқы кезеңде болғандығы дәйектеле түсіндірілген. Зерттеудегі Тахауи Ахтановтың романдарына ортақ қайраткерлік пен суреткерлік ұстаным тұтастығын ашып көрсеткен бағалау пікірі назар аударарлық: «Ахтанов суреткерлігінің даралығы қоғамдық-әлеуметтік жағдайдың бұрын айтыла қоймаған көлеңкелі тұстарына алдыңғы лекте батыл бара алды. Туындыларында заман шындығын, адам жанының күрделілігін, заман-адам қатынасының терең сипаттарын бейнеледі. Сол себепті мұндай өткірлікті қабылдай алмаған ортада оның туындылары әдеби айтыстың өзегіне айналды» [31-бет]. Тахауи Ахтановтың суреткерлік дүниетаным әлемінің поэтикалық ерекшеліктері (әдеби тілдік қорының байлығы, кейіпкерлер ішкі сырларының психологиялық тереңдіктері, психологиялық порт­рет, психологиялық шиеленіс пен психологиялық көңіл күй, монолог, диалог, түптұлға (прототип) мен көркем бейне, пейзаждың поэтикалық қызметі, т.б.) жазушының прозалық туындылары мәтіндері бойынша саралана көрсетілген. Қазақ сөз өнеріндегі оқырмандар ықыласын иеленген туындылардың әлем әдебиеті классиктері шығармалары (Э.Хемингуэйдің «Қош бол, қару!», М.Шолоховтың «Отан үшін от кешкендер» романдары) бейбіт өмірдегі адам болмысы мен қасіреті, ешқашан мезгілмен, мекенмен санаспайтын еркек пен әйел махаббатының күрделі қайшылықты сипаты мәселелері бойынша сабақтастырыла, салыстырыла талданған. Сыншыл суреткер Тахауи Ахтанов прозасын­дағы сырты бүтін, бірақ ішкі жан ділі бойынша атаққұмар, сатқын («Қаһарлы күндердегі» – Уәли Молдабеков), дарынсыз, ынсапсыз, әйел махаббатын тәлкек етуші («Махаббат мұңындағы» – Нияз), өктем билеу жүйесінің озбырлығы мінез-құлқын өзгерткен солақай, әділетсіз басшы («Борандағы» бұрынғы адал командир, қазіргі аудан басшы Қасболат), қызметін жеке бас пайдасына жаратқан сырты адал, іші, ісі зұлымдық иесі («Борандағы» – жауыз белсенді Жаппасбай), т.б. – бәрі де сыншыл суреткердің туындыларындағы өмір шындығының қарама-қайшылықты сипаты психологиялық талдаулар жүйесімен аңғартады. Зерттеушінің «Боран» романы бойынша жасалған талдауларынан туындаған тұжырымы да әлеуметтік психологияның көркем прозадағы бейнеленуіне берілген шынайылығымен баурайды: «Романның идеялық-көркемдік бітімінде табиғат ортасы мен мінезі, жер-су көрінісі, құбылған ауа райы айрықша қызмет атқарады. Қысқы даланың үскірік аязы мен ақ түтек бораны – шығарманың басты кейіпкерлеріне үлкен қиындық әкеліп, әрқайсысының жан дүниесіне қозғау салады. Сыртта табиғат дүлейі ысқырына соқса, кейіпкерлердің ішкі әлемі де мазасыз: ішкі-сыртқы аласапыран бірін-бірі толықтырып, күшті тартыс арнасын құрайды. ...Жазушы табиғат құбылысын осындай көркемдік мақсатта, әдеби фон ретінде алады. Боран – әрекет, қимыл-қозғалыс. Боран – характердің ашылу кілті. Боран – символ кілті. Табиғат үскірігі – бір кездері халыққа ауыр тиген заман ызғырымен де астарлас секілді. Қырылған қой – бір кездегі солақай саясат салдарынан боса көшкен бүтін бір халықтың тағдырынан да елес беріп өткендей»[145-бет]. Жазушы шығармаларындағы бас­ты кейіп­керлердің («Қаһарлы күндердегі» – Ержанның, «Бо­рандағы» – Қоспанның, «Шырағың сөнбесіндегі» – Нәзираның, «Махаббат мұңындағы – Ләзаттың, т.б.) – бәрінің де көркем шындық поэтикасымен сомдалуынан әлеуметтік ортадағы күрделі тағдырлы, өнегелі адамдар тұлғаларының өнер психологиясы заңдылығымен жазылғанын танимыз. Монографияның «Тахауи Ахта­новтың драматургиясы» атты екінші бөліміндегі тарауларда («Драмаға қадам», «Тарих тағылымы немесе Т.Ахтановтың «Ант» трагедиясы», «Соғыс қасіреті шарпыған тағдырлар» немесе «Боран», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Заман шындығы және тартыс» немесе «Сәуле», «Әке мен бала», «Махаббат мұңы» драмалары, «Күлкі қуаты» немесе «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары «Т.Ахтанов драматургиясының көркемдігі») көрнекті драматургтің көрермендерге танымал пьесалары талданған. Драматургия – әлем өркениетінің ежелгі дәуірлерінен біздің заманымызға дейін ұласқан классикалық өнер саласы. Тахауи Ахтановтың трагедиялық, драмалық, комедиялық пьесалары классикалық өнер дәстүрінің қазақ топырағындағы мәдени-эстетикалық даму деңгейінің көрсеткіштері. Зерттеуші драматург Тахауи Ахтанов драматургиясындағы пьесалардың XX ғасырдың 60-90 жылдарындағы қоғамдық-әлеуметтік орта шындығын бейнелеуге арналғанын айта келе, туындылардағы драмалық конфликт, кейіпкерлерді даралаудағы психологизм, композиция, психологиялық шегініс, монологтардағы тіл поэтикасы – бәрін де аталған пьесалар мәтіндері бойынша саралап талданған. Сахналық сомдалуы заңдылығы бойынша көрермендер – оқырмандар назарына ұсынылған кейіпкерлер галереясындағы Ғайни, Маңғас, Мырзаш («Күтпеген кездесу»), Сәуле, Айша, ­Бикеш, Нұрқасым, Рыскелді, Құдайберген («Сәуле»), Асқар, Балжан, Алдаберген, («Әке мен бала»), т.б. дараланған біздің заманымыздағы жақсылық жолындағы ізгі ойлы адамдар әлемі бағаланған. Жазушы-драматург пьесаларындағы маңызды ерекшелік – қайшылықтардың, тартыстардың негізгі себепкерлері екіжүзді, қатыгез, алаяқ адамдар бейнелерінің көркем шындық поэтикасы жинақтауларымен берілгендігі. Жеке басын ғана ойлайтын өзімшіл, парықсыз, бірақ жұрт алдында «көпшіл», «ақылман» Естемесов («Күтпеген кездесу»), жаңашылдыққа жаны қас Сырдақ, жарға опасыз Жарас, жылпос Әділғазы («Сәуле»), қиянатшылдар Кемел Қаражанович, Қаздаяқ ­Есенович («Әке мен бала»), алаяқтар Момын, Білеубай («Арыстанның сыбағасы»), жатыпішерлер, масылдар Кубик (Көбейсін), Тюренчик (Төребек) («Күшік күйеу») – бәрі де адамдар ортасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан жамандық ұғымын әр алуан сипатымен танытатындардың көркем шындықпен жинақталғандарын зерттеуші драмалық, комедиялық пьесалардағы қақтығыстардың, қайшылықтардың басты себепкерлері болып келе жатқандардың сиқын-сықпытын сахналық бейнелеулер заңдылықтарына орай талдап бағалаған. Жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың «Ант» трагедиясы – қаламгердің бес томдық шығармалар жинағының 3-томында «Драмалық дастан әдеби варианты» деген анықтамамен берілген. Ал үш бөлімнен (Бірінші бөлім: «Түнгі сыр»; Екінші бөлім: «Аңырақай»; Үшінші бөлім: «Арпалыс») құралған осы ақ өлеңмен жазылған драмалық дастанына сөз арқауындағы монография авторымен болған сұхбатында жазушы өзіндік көркемдік шешім ұстанымын уақыт тынысына сәйкес түсіндіріпті: «Ант» шындап келгенде, Ресейге қосылу туралы пьеса емес. Қазақ шындығы туралы, қазақ трагедиясы жайлы туынды. XVIII ғасырда көшпенді өмір өз мүмкіншілігін тауысты. Шығарма – табиғаты жағынан трагедия. Оның драмалық дастан аталуы уақыт жайынан туындаған. ...Меніңше, драмадағы негізгі ой қазығын тереңірек ұғыну үшін Төле би, Бәтима ханым, Әбілқайыр сөздеріне айрықша қарау қажет. Тарихтағы Әбілқайырдан, Төле биден менің шығармаларымдағы кейіпкерлерім терең тәрізді. ...Өтпелі кезең, тарих туралы айтқанда, фактілер шындығы мен тарихи шындық дейтін болады. «Ант» шығармасын жазудағы менің ұстанған басты нысанам – тарихи шындықты ашу еді. Пугачев көтерілісі туралы қаншама ғылыми-зерттеулер жазылғанымен, тарихи шындықты ашқан Пушкин шығармасының орны бөлек емес пе?» [361-бет]. Монографиядағы осы пьесаға арналған тарауында зерттеуші жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың «Ант» трагедиялық дастанындағы қақтығыстардың, тартыстардың негізгі себепкерлерін «...алтыбақан алауыз Қайып, Сәмеке хандарды, Барақ төре, қыршаңқы Мыртық биді шебер даралайды. Қайып хан кеудесіне нан піскен тәкаппар, менмендігімен көрінсе, Сәмеке хан өзгеше. Оған қулық, біреудің қолымен от көсеу тән» [259-бет]. Тарауда ел бірлігін ойлаған Төле бидің даналық толғаныстары, ішкі жан ділі болмысы мен елдік, ерлік іс-әрекеттері қабысып жататын Әбілқайыр хан бейнесінің «Ант» трагедиялық дастанындағы бейнеленуіне негіз болған тарихи деректі ақиқатты автордың санамалап атап көрсеткенін құптаймыз: «Ат жалын тартып мінгеннен өмірінің ақырғы күніне дейін ат үстінде өткен Әбілқайырдың хал­қына сіңірген еңбегі мол. 1718 жылы хан сай­ланғаннан кейін қазақ жерін Еділ қалмақ­тарынан тазартуы, Атырауды жартылай иемденген түркмендерді ата қоныстарына түріп тастауы, Хиуа, Бұқар хандықтарының бетін бірнеше қайтарып тастауы, он мың қолмен өздерінен үш-төрт есе көп Аюке ханның әскерін тас-талқанын шығарып, қазақ даласын екі жақты қыспақтан аман сақтап қалуы – ұмытатын оқиға емес. 1726 жылы Ордабасыдағы кеңесте Әбілқайырдың қазақ қосындарының қолбасшысы сайлануы, жоңғар қалмақтарына қарсы атақты шайқастарға қатысып, айтулы жеңістерге жетуге үлес қосуы үлкен жайды аңғартады. Мұның ар жағында әскери дарындылық, жауынгерлік рух, қайраттылық, туған жерін сүйген үлкен жүрек бар. Ішкі қайшылығы мол тұлғаға әділ бағасын айту, әрине, тарихшылардың парызы» [266-бет]. Зерттеуде «Ант» трагедиялық дастанындағы басты ұнамды кейіпкерлердің (Бопай ханым, Сауран сұлтан) романтикалық, психологиялық қайшылықты сипаттарымен бейнеленуі де авторлық көркемдік шешім аясында дәйектеле талданған. Драматургтің әлеуметтік-тұрмыстық тартыстар шиеленістері жинақталған тарихи кезең шындығын өзіндік шешіммен, шығармашылық ізденіспен жазу шеберлігі лайықты бағаланған. Тұтастай алғанда, белгілі ғалым Сәмен Құл­ба­рақ­тың көрнекті қаламгер Тахауи Ахтановтың прозасы мен драматургиясын ғылыми-әдеби талдауларымен кеңінен қамтып қарастырған монографиясы - қазіргі әдебиеттану ғылымына қосылған сүбелі үлес. Тахауи Ахтанов – XX ғасырдың 50-жылдарынан бастап, Тәуелсіздіктің жаңа дәуіріне ұласу кезеңіне дейін ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтар, әдеби үдерістегі көркемдік-эстетикалық даму сипаты, классикалық деңгейдегі көрнекті қаламгерлер шығармашылығы туралы үздіксіз мақалалар жазған, Қазақстан Жазушылар одағының пленумдарында талай рет баяндамалар жасаған қайраткер қаламгер. Көрнекті қаламгер қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, көркем аударма салаларындағы туындылардың көркемдік-эстетикалық шеберлік деңгейіндегі сапасын арттыру үшін өткір, сыншыл ойларын білікті талдауларымен тұжырымдады. Әдеби шығармашылық өнердің әлем өркениеті кеңістігіндегі жаңашылдық үрдістерін сіңіре, жоғары көркемдік биіктікті игеруіне шынайы тілектерін арнады: XX ғасырдағы көп жанрлы қазақ әдебиетінің өсу, даму үстіндегі шығармашылық қозғалысын «Іздену жолында» атты мақаласында кең қамтып, айқын бағалады: «Бүгінгі қазақ әдебиетінің үлкен үміт күттіретін жақсы бір қасиеті – онда тоқмейілдік, қолы жеткенге қанағат жоқ. Әдебиетіміз тынымсыз іздену үстінде. Мұны прозадан да, поэзия мен драматургия­дан да көруге әбден болады» деп баға беруі аясында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке», Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін», «Көз көрген», Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық», «Тар кезең», «Жүнісовтер трагедиясы», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», Ілияс Есенберлиннің, Әзілхан Нұршайықовтың, Әлжаппар Әбішевтің романдарының ұлт әдебиетін биікке көтергенін бағалайды. Осы классикалық үрдісті лайықты жалғастырған Әбіш Кекілбаевтың, Әкім Таразидың, Бердібек Соқпақбаевтың, Тәкен Әлімқұловтың, Сафуан Шаймерденовтің, Зейнолла Қабдоловтың, Сәкен Жүнісовтің, Сайын Мұратбековтің, Қалихан Ысқақовтың, Жайсаңбек Молдағалиевтің қазіргі қазақ прозасын байытқан шеберлік ізденістеріне сүйсінеді. Ал қазақ поэзиясындағы көркемдік сапасы жоғары лирикалық және эпикалық туын­дылар жазған Қалижан Бекхожиннің, Сырбай Мәуленовтің, Жұбан Молдағалиевтің, Мұзафар Әлімбаевтың, Әбділдә Тәжібаевтың, Сағи Жиенбаевтың, Тұманбай Молдағалиевтің, Мұқағали Мақатаевтың, Жұмекен Нәжімеденовтің, Төлеген Айбергеновтің, Қадыр Мырзалиевтің, Өтежан Нұрғалиевтің өлең өнерін хакім Абай дәстүрімен биіктен-биікке көтерген жетістіктеріне баға берген. Сонымен бірге, қаламгер: «...Қалтай Мұхамеджанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың драматургиядағы сәтті ізденістері жемісті нәтиже беріп жүр. Қазіргі қазақ драматургиясы мазмұн жағынан ғана емес, форма жағынан да әдемі байып келеді» деп сахналық шығармалардың да қазақ сөз өнері үдерісіндегі өрлеу үстіндегі сипатын атап көрсеткен. Тахауи Ахтановтың прозалық, драматургиялық шығармалары да, әдеби сын мақалалары да қазіргі Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық әдеби үдерістің көркемдік дәстүрімен сабақтас. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетіндегі поэзиялық, прозалық, драматургиялық шығармалары бұған дейінгі әдеби үдеріс қалыптастырған көркемдік ізденістерді жалғастыра білуі тиіс. Себебі көрнекті прозашы, драматург, әдебиет сыншысы Тахауи Ахтановтың сөз арқауындағы және ол бағалаған қаламгерлер туындыларын да кезінде мыңдаған, миллиондаған оқырмандар өте жоғары ықыласпен қабылдаған, сүйіп оқыған, әлі де соларды іздейді. Бұл орайда, көрнекті жазушының тарихи-эпикалық прозалық туынды­лардың поэтикалық жаңашылдығы ха­қындағы ойларының қазіргі Тәуелсіз Қазақстан әдебиетіндегі кең көлемде өрістеген осы дәстүрдегі шығармалардың табиғатын тануға да, бағдарлы ұста­нымына да толық қатыстылығы ақиқат: «...бүгінгі эпикалық прозамыз кешегіден әлдеқайда өзгеше. Ондай проза жазып жүрген авторларымыз оқиғаны бір ырғақты кең арнамен байсалды баяндап, салиқалы, сабырлы суретпен жеткізіп қана қоймайды. Тарихи тақырыпқа жазған шығармалардың өзінде геройлардың жүрегінің лүпілін, көңілінің дірілін ыстық арманы мен күйініш-сүйінішін,қысқасы, оның барша сезімі мен ахуалының ыстығын суытпай жеткізуге тырысады. Эпикалық прозашы бүгінгі лирикалық прозаның көптеген көркемдік тәсілдерімен қаруланды. Адам сезімін бақайшағына дейін талдап беретін психоанализ я болмаса кейіпкерлердің өз ішін өзі ақтарып, өз сезімін сарапқа салатын самоанализ, лирикалық шегіністер, авторлық толғаныстар сияқты бояуларды молынан пайдаланып жүр. Бұл біздің эпикалық прозамыздың бояуын түрлендіріп, бетіне қан жүгіртіп, оны қазіргі оқушымыздың жүрегіне жақындатып әкелді. Лирикалық сыршылдық сарынмен байыған эпикалық проза – бүгінгі қазақ әдебиетінің үлкен табысы» (Ахтанов Тахауи. Бес томдық шығармалар жинағы. –Алматы: Жазушы,Т.5.: Әдеби сын, өнер туралы мақалалар. -1985.-400б; 260-б, 264-б). Тахауи Ахтановтың әдеби мұрасы – қазіргі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа тарихында да мыңдаған, миллиондаған оқырмандары үшін ескірмейтін рухани құндылық қазынасы. Үстіміздегі жылы туғанына 90 жыл толып отырған көрнекті қаламгердің проза, драматургия, әдеби сын салаларындағы туындылары – әлем өркениеті кеңістігіндегі кең танымалдылық деңгейіне көтеріле бастаған ұлттық сөз өнерінің құнды қазынасы. Классикалық мұралар қатарындағы мәңгілік ғұмырлы мұраның жаңа буын ұрпақтардың да рухани қызметін атқара беретіні ақиқат. Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор

32979 рет

көрсетілді

91

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы