• Әдебиет
  • 05 Қыркүйек, 2013

Игілікті істердің ауқымы кең

Алматыдағы «Интерконтиненталь» қонақүйінің «Абылай хан» залында «Теңізшевройл» ЖШС-ның басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында компанияның жарты жылдық жұмыстарының қорытындылары мен атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде ақпарат берілді.   Бұл басқосуда «Теңізшевройл» ЖШС-ның бас директоры Тим Миллер компанияның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде кеңінен мәлімдеді. Т.Миллер 2013 жылдың бірінші жартысында мұнай өндіру көлемі 13,9 тоннаны (109,7 ­миллион баррель) құрағандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол ТШО 2000 жылдан бері жылдық мұнай өндіру көлемін 131 пайызға өскендігін атады. 2013 жылдың бірінші жартысында «Теңізшевройл» қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 1 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсады. Ел экономикасына сүбелі үлес қосып келе жатқан кәсіпорын қызметкерлерін шыңдау, жергілікті кадр­ларды жауапты лауазымдарға тағайындау ісі де табысты жүріп жатыр. Бүгінде ТШО-да жұмыс істейтін қазақстандық­тардың үлесі 87 пайызға жетті. Ал 1993 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызды құраған болатын. Жергілікті ұлттық басшылардың, орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 77 пайызын құрап отыр. Кадрларды оқыту және шыңдау жөніндегі тұрақты бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде жауапты басшылық лауазымдарға тағайындалған жергілікті қызметкерлер қатары көбейе түсуде. ТШО-ның бас директоры Тим Миллер: «Бүгінде компания қызметін тиімді жүр­гізуде білікті мамандарды тартуға айрықша көңіл бөліп отырмыз. Мұны ТШО-ның кадр саясатындағы маңызды ұстанымы десем болады. Осылайша біздер Қазақстандағы жұмыспен қамтудың үздік жүйесін қа­лыптастыруға күш салудамыз» деді. Қазіргі таңда ТШО мұнайды бірнеше тасымалдау бағыттары бойынша экспортқа шығарады. Шикі мұнайды Каспий Құбыр Концорциумның құбыры арқылы Новороссийскіге және темір жолмен Одесса, Тамань мен Ақтауға, әрі қарай Батумиге және Кулевиге экспортқа жібереді. Сұйытылған газ сату көлемін 673 мың тоннаға жуық, ал құрғақ газ сату көлемін 3,5 миллиард текше метрге жеткізді. ТШО 1,8 миллион тонна күкірт сатты, бұл аталмыш кезеңдегі өндірілген 1,2 миллион тонна күкірттің 154 пайызын құрады. Биылғы жылдың 30 маусымындағы мәліметке сәйкес, күкіртті сату бағытындағы табысты жұмыс нәтижесінде Теңіздегі сақталған күкірт көлемі 2,1 миллион тоннаға дейін азайтылды. «Теңізшевройл» жоғары сапалы күкірттің төрт түрін, ең алдымен, Жерорта теңізі бассейні мен Орта Азия елдеріндегі тұтынушыларға және Қазақстан, Ресей, Украина, Қытайға өткізуде. 2000 жылдан бері «Теңізшевройл» қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған жобаларға 2,6 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлді. Қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған бұл инвестициялар алауларда жағылатын газдың жалпы көлемін 2000 жылдан 92 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. 2000 жылдан бері өндірілген мұнайдың бір тоннасына шаққандағы атмосфераға жіберілген шығарындылардың көлемі 68 пайызға азайды. Биылғы жылдың бірінші жартысында атмосфераға жіберілген шығарылындылар көлемі ТШО өндірген мұнайдың бір тоннасына шаққанда, орта есеппен алғанда 2,45 килограмм құрады. 1993 жылдан бастап ТШО өз қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 830 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. 2012 жылы ТШО ерікті «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасына 20 ­миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлді. Құлсары қаласының сумен жабдықтау жүйесін жаңарту жобасын жүзеге асыруға жалпы құны 60 миллион АҚШ долларынан асатын қаржы бөлінген болатын. Биыл «Игілік» бағдарламасының бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрады. Аталмыш қаржының үлесі Атырау қаласы мен Жылыой ауданында балабақшалар мен мектептер құрылысына жұмсалады. Сонымен қатар Атырау облысының денсаулық сақтау, білім және оқыту салаларының сапасын жақсартуға көмектесу үшін ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына 1 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлінді. ТШО-ның бас директоры Тим Миллерге журналистер қауымы экология, мұнайдан бөлінетін күкірт мәселесі, жерасты қабат қысымын сақтау, мұнайды тасымалдау, шағын және орта бизнеске «Теңізшевройлдың» қосып жатқан үлесі және т.б. көптеген өздерін толғандырып жүрген сұрақтар қойды. Қаламгерлердің сұрақтарына нақты жауап берген Т.Миллер ТШО-да әлі де болса атқарылар игі істер мол екендігін атап өтті. Нұрлан ҚҰМАР

3593 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы