• Әдебиет
  • 05 Қыркүйек, 2013

ТАҢҒАЖАЙЫП ТАБИҒАТ

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК Таң тамаша! Бар табиғат ғажайып! Кел ақындар, Ғажайыпты жазайық! Мың-мың ақын, Мың-мың жылдар жазса да, Ғажайыптар, Қалар емес азайып. Көктемге көрімдік Қыз-көктем көкорай, гүл, көктесінге, Көркемдеп өнерін бар төкпесін бе?! Ақындар маржан жырмен өрнектеген, Кем түспейді-ау өлең-жыр кестесі де! Күні туса-ақ құлпырып кетер ғалам, Сұлу-ау, сал Сарыарқа мекен-далам! Көктем-қыз, аялайын жырға бөлеп, Қай ақын теңесе алар екен маған?! Көктем-қыз, шықты жайнап төрге, міне! Тамсантып өрмегі мен өрнегіне. Алтын алқа тағайын жырдан өріп, Көрімдік – көктем-қызды көргеніме!! Қыз бен көктем Көктем, қызды қатар жырлап келемін, Суреттеп айға, гүлге теңедім. Орағандай үлде менен бүлдеге, Өлеңімнің бесігіне бөледім. Қыз бен көктем – жаратылыс егіздей, Тақырып бұл — тереңдігі теңіздей! Сүңгіп-жүзіп сүзіп алған тереңнен, Болмас жұртқа жыр жемісін жегізбей! Астана көктемі Күш беріп үлкен-кіші, жас балаға, Сүйінші! Көктем келді Астанама. Көк көлде аққу сыңсып, қаз қаңқылдап, Өмір күйі жаңаша басталады, ә! Ғажап күй-тырна даусы тыраулаған, Ғажап үн-жылқышы үні құраулаған. Балықшымын қолымда қармақ-қалам, Табиғаттан ақ балық – жыраулаған. Көп қой, көп ғажап сәттер – бақылап қал, Түлеуде, түрленуде атырап бар. Бояп-бояп тастады жап-жасылғып, Әлемді жаулап алып жапырақтар. Аспаныңнан айналдым шайдай ашық, Емес дейсің, кім көктем, айға ғашық. Өнеріңді көрсетіп жатырсың кеп, Қызғалдақтан қырларға таңба басып. Кеудені кере жұтып құмар басқан, Саф ауаңнан айналдым жұпар шашқан. Ақын түгіл көктемді жырға қосып, Тұрғандай шында жырлап шынар дастан. Барады әне ылдиға жылға қашып, Жігіттер жүр қырланып қызға ғашық. Кеш болса-ақ, жұп-жұбымен тұрғаны бір, Сабақтас сөйлемдердей құмарласып. КӨКТЕМ КӨРІНІСТЕРІ 1 Көктемде өмір түлеп қар астынан, Кәрі қыспен арада талас туған. Табиғаттың ғажабы-ай, құдіреті-ай! Жаңалап жыл мезгілін жарастырған. Желісі туып жаңа шығарманың, Көкпен бірге көктейді мың арманың. Қандай бақыт, көктемде көру тағы, Күш алып күннің қайта ұзарғанын! Көктем күні көзіңді қарықтырып, Қуанышқа кенелтер қарық қылып. Жүрегіңнен жыр ұшып жөнеледі, Жатқанда өмір жартасты жарып шығып. 2 Көгеріп, көктеп, бүр жарып, Құлпырып жатыр қыр, жазық! Жорғалар ақын қаламы, Шабытпен жаңа жыр жазып. Алақан бүгін аялы, Терек те бүгін саялы. Ақ қайың аппақ саусағын, Күлімдеп күнге жаяды. Жайнаған көше жып-жылтыр, Қырмызы дала, мақпал қыр! Жалтылдап көзді арбайды, Азаттық алған ақ балтыр! Көктемнің болмас осалы, Құшақты қанша қосады. Бойжеткен мен бозбала, Ерінге ерін тосады. Қалықтап арман ақ қанат, Жетелер жасты бақ, талап. Ажарын ашар қаланың, Арулар айдай ақ тамақ. Төгілген күміс күлгені, Бұрала басып жүргені. Көз жауын қыздар алады, Көшенің тірі гүлдері! 3 Жарықтық көктем, көктем бұл, Аспаннан түскен көк теңбіл. Қызғалдақ қаптап қырларда, Жауынмен қоса төккен гүл. Өзгерген көркі даланың, Өзгерген халқы қаланың. Жыр толып кеудем күмбірлеп, Өзгеріп мен де барамын. Бастауда бұлақ бұлқынған, Асаудай тулап жұлқынған. Ауада буы қымыздың, Төңірек түгел жыр тұнған. Жырдың да шағы сілкінер, Жөні жоқ, сірә, іркілер. Өрілер жол боп өлеңге, Шашылған күміс күлкілер. Қиылып қастар қияқты, Төгеді көздер шуақты. Құмартып қарап өтесің, Қыз көрмей жүрген сияқты. Киінген бәрі асылдан, Жағалай нұрлар шашылған. Сұлулық құрып салтанат, Ажары жұрттың ашылған. Желбіреп шашы желменен, Үзіліп қыпша бел деген. Арулар алдан өтеді, Сезімдер буып селдеген. «Көктемде мынау күліп қал, Жастықта жайнап сүйіп қал!» – Дейтіндей шашып шұғыла, Жалаңаш аппақ иықтар. Елітіп тұрған жайым бар, Тағуды кінә қойыңдар. Еріксіз көзді тартады, Аршын төс, алма мойындар. Шиедей піскен шетінен, Бап-балғын-ау, , бап-балғын. Білегінен бірінің, Шап беруге шақ қалдым. Жастықтың шағы жалтылдар, Қыз емес кілең алтындар. Ерлердің еркін азайтып, Барады безіп балтырлар. Шетінен жұмыр тоқ қандай, Түп-түзу оңды оқтаудай. Жанардың жауын алады, Хас шебер құйып соққандай. Сұлуды көрсе жігіттер, Өң емес мынау түсім дер. Көшеге шығып кеткендей, Музейде тұрған мүсіндер. Көктем-ай, көктем, жарайсың, Бал болып қанға тарайсың. Дүниеге тұңғыш келгендей, Сұқтана қайта қарайсың. КЕЛДІҢДЕР КӨКТЕМДІ АЛЫП Келдіңдер ала қарға, тағандарым, Іш тартып отыр бүгін саған жаным. Иығына қонақтап отыратын, Сағынды өздеріңді бағандарым. Жеттіңдер қақтығысып қара түнмен, Мінгізіп көктемді алып қанатыңмен. Қарқылың маған бейне күй секілді, Көзіме ыстықсыңдар бала күннен. Қар басып жатса да әлі дала сұлық, Соқса да боран ұйтқып аласұрып. Қарғалар, қасарысып жетесіңдер, Қақаған демей мұнда қара суық. Зырылдап жыл – уақыттың тегершігі, Көп қой, көп құс тілімен төгер сыры. Жайшылықта дегенмен жаман қарға, Сендерсіңдер көктемнің көгершіні. Қалпыңнан-ау, аңқаусып қалбаңдаған, Қусың бірақ үш жүз жыл алданбаған. Құдайға қай ісіңмен жақтың, қарға, Жасыңнан үштен бірі арман маған. Көк белден көктей ұшып өтелік деп, Асығып Наурыз туа жетелік деп. Қуантып жүре бергей талтаң басып, Көктемді жылда осылай көтеріп кеп. МАМЫР АЙЫ Көктем, көктем! Жыр еттім сені қанша! Қуанышқа кенелттің мені қанша! Алты ай қыста қысылған жер-әлемнің, Аңсап сені күтеді елі қанша. Сүйсініп жас арудай жамалыңа, Шомыламын ақ шуақ, самалыңа. Құйындай қиялымды қияндарға, Самғатып қанат бердің қаламыма. Махаббат, жәннат айы – мамыр айы! Барша жұрт, жан-жануар жадырайды. Ел аузы аққа тиіп, тіл үйірген, Мамырдың сары қымыз, сары майы. Мамыр айы – төлдердің төл мерекесі, Төлдермен кірер елдің берекесі. Мөңіреп, маңыраған дауыстары – Секілді өтіп жатқан өлең кеші. Қырмызыдай құлпырттың қыр, даланы, Қызыл гүлдей жайнаттың қыз баланы. Сол қыздардың секілді сырғалары, Сарғалдақ-қызғалдақтар ырғалады. Есілдің саласы мен сайларында, Жауһар жырлар өреді жайлауында. Көктем сенің көгілдір әлеміңнен Өлеңнің қалқып алам қаймағын да. Көктем лебі Көктем келді! Тағы да, көктем келді! Тас-талқан етіп қарды өктем келді. «Сіресіп жатып алмай, кетіңдер!» деп, Екпіндеп өңкілдейді өкпек желі. Түрленіп, түлеп жердің көктегені-ай! Сағынып аңсаған ел көптеген ай. Әттең, қанша адамның демі бітіп, Өмірі көктем күнге жетпегені-ай?! Деміндей қыздың шарпып өткен мені, Керемет еді қандай көктем лебі! Жаңа өмір басталғанын жатқан тойлап, Құс қиқуы кернейді көк пен жерді. Сол қиқуға қуана үн қосады, Уілдеп жас бала да жөргектегі. Ғажайып құбылыс-ау көктем деген! Зор бақыт, көктемге аман жеткен деген! О, адамдар! Ақ ниет, ақ көңілді, Көсегеңіз көгерсін көктемменен!!! САҒЫНЫШ ГҮЛІ – САРҒАЛДАҚ Көктем-ай, көктем, көктем-ай! Күн нұрын құйып төккені-ай! Гүл теріп кетер қыздармен, Үлкендік келіп жеткені-ай. Жатса да жырым құйылып, Батамын мұңға бұйығып. «Қызғалдақ теріп қайтсақ» деп, Келмейді қыздар қиылып. Көктем-ай, көктем, көктем-ай! Көктемім менің өткені-ай! Көктемін жоқтап көз жасын, Көл қылып ақын төккені-ай! Құлпырған қандай қыр, жазық! Жұбандым жаңа жыр жазып. Көз жасым тамған сол жерге, Сарғалдақ шықты бүр жарып. Жастықта жұлдыз жанған бақ, Жүреміз аңсап, армандап. Жасынан көздің жаралған, Сағыныш гүлі — сарғалдақ. Түрленген бәрі, түрленген Үйге бас сұққым келмейді, Келіп те көктем қалған ба? Ойлар да маза бермейді, Ақ қанат байлап арманға. Бір баурап алса кете ме, Шалқыған сезім қат-қабат. Көшеде жүр ғой, көшеде, Арулар айдай ақ тамақ. Самал кеп өбіп: «Қырға шық, лақтырып тастап қаламды. Барып қайт, – дейді,– сырласып, Жайнатып қойдым далаңды». Төбелер әнге салады, Гүлменен ернін боятып. Жатыр паң ару – даланы, Жігіт боп көктем оятып. Көктемін күткен дала-қыз, Төзімін қыстай тауысып. Тұрғанын енді қараңыз Аңсаған жарға қауышып. Көрпесін тастап киіпті, Көк ала көйлек қырлар да. Онсыз да сұлу сүйікті, Құлпырып кеткен қыздар да! Сылқым боп кеткен бар тұлға, Жігіттер жүзі нұрланып. Жалаңаш жүрген балтырға, Қадалар көздер ұрланып. Жанады бал-бұл жадырап, Келіншектер де кескінді. Қабағы қатып тұнжырап, Көрмейсің жүрген ешкімді. Көкірек күйге толғандай, Махаббат таңы арайлап. Ғайыптан пайда болғандай, Түрленіп түлеп бар аймақ! БАЛ БҰЛАҚ Қыз қылық сылдырымен бұлақ бүгін, Еске сап балалықтың жырақ күнін, Жыр етіп жатыр мөлдір махаббатты, Бұрап ап домбыраның құлақ күйін. Болған мәз шуағына көкте күннің, Бал бұлақ еркесі ғой көктемімнің. Бұлтылдап, былдырлаған қылықтары, Ерке өскен мінезіндей тентегімнің. Арулар наз қылықты күлген күндей, Алды деп қайдан бәрін жүргем білмей. Байқасам, күміс күлкі, еркелікті, Саған олар еліктеп, үйренгендей. Қырдан ойға құлдилап құлаш ұрған, Бастауынан су емес, жыр ағылған. Ботакөз, бұраң белді бал бұлақтар – Бұрымдары – жайлаудың бұратылған. Шекпесін далам судың тапшылығын, Сылдырап ағып солай жатшы, күнім! О, арман-ай, ел мен жер, адамзатқа, Менің де тисе сондай жақсылығым!

6533 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы