• Тарих
  • 03 Қазан, 2013

Мирный – Қызылсай, Кеңес – Айдарлы

Әлия ӘЗБЕРГЕНОВА, Жамбыл облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының ономастика және көрнекі ақпараттармен жұмыс бөлімінің басшысы, облыстық ономастика комиссиясының хатшысы Жамбыл облысында тарихи атауларды қайтаруда игі істер жалғасуда Атауларды өзгерту – абыройлы міндет Республика бойынша жарияланған мораторий уақытында нысандарға атау беру мәселесі бойынша нақты шешім қабылданбағанымен, жаңадан берілетін жоба-атаулардың ұсыныстарын алдын ала талқылау облыстық ономастика комиссиясының күн тәртібінен түскен жоқ. Облыста ұлттық ономастиканың негізгі бағыттарын ұстана отырып, жергілікті тұрғындармен тарихи атауларды қайтару және физикалық-географиялық атауларына басымдықтар берілуіне талап қойылды. Ономастика мәселелерін ретке келтіру, аталған саланың жұмысын дұрыс ұйымдастыру, мамандардың құқықтық негізін жетілдіру, ономастикалық жұмыстардың кешендік жоспарын жүйелі түрде жүзеге асыру барысында облыстық ономастика комиссиясының отырыстарында аудан әкімдері орынбасарларының есептерін тыңдау арқылы, сол аумақтағы ономастикалық ахуалды қадағалау және оны ретке келтіру дәстүрге айналған. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстық ономас­тика комиссиясының екі отырысы өтті. Онда Қордай, Меркі, Мойынқұм аудандарының ономастикалық ахуал туралы есептері тыңдалса, сонымен қатар Қордай, Мойынқұм, Жамбыл, Талас аудандарының елді мекендері мен көшелеріне берілетін жаңа атаулардың жоба-ұсыныстары талқыланды. Өңірдегі көше атауларын ретке келтіру мақ­сатында Қордай ауданынан түскен 23 ұсыныстың 21-і қолдау тапты. Мойынқұм ауданының Мирный кентіне физикалық-географиялық ерекшелігі ескеріле отырып ұсынылған Қызылсай, Кеңес ауылына – Айдарлы деген тарихи атауын қайтару, сонымен қатар 19 көшенің жобалау атаулары туралы ұсыныстар бірауыздан қабылданды. Ал Жамбыл ауданы ұсынған 106 көшенің жобалау атауынан 99-ы қабылданды. Талас ауданы ұсынған 64 жобалау атаудың барлығын комиссия мүшелері қолдамады. Яғни бұл шешім ауданда түбегейлі насихат жұмысының болмағандығын түсіндіреді. Ал Меркі ауданына комиссия мүшелері тарапынан ескерту айтылып, комиссияның келесі отырысына атауларды ұлттық ономастика талаптарына сай өзгерту жұмыстарын талап етіп отырған әкімшілік-аумақтық бірліктер мен идеологиялық тұрғыдан мағынасы ескірген және мән-мағынасы жоқ көшелерге жаңа атауларды өзгерту жөнінде ұсыныстар тапсырылды. Сонымен қатар комиссияның кезекті отырысында облыс орталығы Тараз қаласындағы 377 атауды қайта талқылау жұмысы күтіп тұр. 2013 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша, комиссия отырысында 2 елді мекен атауы және 587 көшеден 139 көшенің жобалау атаулары қолдау тауып, ал қалған мәселелер бойынша жергілікті тұрғындар арасында қайтадан насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұл халық арасында жүргізілген жұмыстың нәтижесі болса, облыстағы барлық мәліметтерді, атап айтқанда, әкімшілік-аумақтық бірліктер (облыс, аудан, ауылдық (кенттік, селолық) округ, кент, ауыл, станса) мен елді мекендердің құрамдас бөліктерін (көше, даңғыл, бұрылыс, түрлі кооперативтер, т.б.) электрондық «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары да тоқсандық мәліметтерді жинақтау арқылы мониторинг жүргізілуде. Жүйелі түрде «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорындағы және статистика қызметі жүргізіп отырған әкімшілік-аумақтық бірліктердің жіктеуші мәліметтерімен сәйкестендіру және оларды өзектілеу бағытында жұмыстар іске асырылуда. Сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу барысында Меркі ауданында осы уақытқа дейін Жамбыл бөлімшесі болып келген елді мекен Талдыбұлақ ауылы деген байырғы тарихи атауын қайтарды. Ал Жамбыл және Шу аудандарында Танты ауылы және Зверохозяйство кенті болып тіркелді. Ал оған себеп – ауылдық округтердің әкімдері түгендеу жұмыстарын жүргізгенде, құжаты табылмағандықтан, бар тапқан айласы осындай болған. Сонымен, бүгінде облыс бойынша электрондық ақпаратта 10 аудан, 153 ауылдық округте (оның 5-і кенттік округ), 7 кент, 1 село, 323 ауыл және 35 елді мекенде 5391 құрамдас бөліктер тіркелген. Оның ішінде, 1696 көшенің атауы идеологиялық тұрғыдан мағынасы ескірген немесе мән-мағынасы жоқ болса, 40-тан астам көшенің атауы жоқ. Облыс бойынша елді мекендердің құрамдас бөліктерінің деректемелік ақпараттарын ретке келтіру және аумақты көркейту үшін көше атауы жазуларын біріздендіру шаралары 2010 жылдан бастап белсенді жүргізіліп, бақылауға алынды. Облыстық ономастика комиссиясының бекіткен үлгісі негізінде ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстағы 884 көшеге 19 мың данадан астам көше аншлагтары, 14 мыңнан аса үйдің нөмірлері орнатылды. Бұл бағытқа жергілікті бюджеттен 23 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүгінде ономастикалық жұмыстарды жандан­дыруға ықпал болып отырған жаңа қабылданып жат­қан заңнамалық актілер. Ағымдағы жылдың 21 қаңтарында Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойып, 24 сәуірден бастап қолданысқа енгені баршамызға мәлім. Аталған заңды толығымен жүзеге асыру үшін қосымша заңнамалық актілер қабылданды. Осы актілердің бірі «Облыстық ономастика комиссиясы туралы» үлгі Ережені басшылыққа ала отырып, облыс әкімдігінің №80 қаулысымен облыстық ономастика комиссиясының жаңа Ережесі мен құрамы бекітілді. Жаңадан толықтырулар енгізілген «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңында 25.1-бабымен «Облыстық ономастика комиссияларының құзіреті» анықталды. Егер де осы уақытқа дейін облыстық ономастика комиссиясы тек әкімшілік-аумақтық бірліктердің және нысан атауларын өзгерту мәселелері бойынша қорытынды қабылдаса, жаңа талаптар бойынша енді аудандағы барлық құрамдас бөліктерінің (көше, даңғыл, бұрылыс, аллея, аялдама, кооператив және т.б.) атауларын өзгерту мәселелеріне қорытынды беретін болды. Ал облыс орталығы Тараз қаласының көшелеріне қорытындыны Республи­ка­лық ономастика комиссиясы беретінін де назарда ұстау қажет. Сонымен жаңа талаптарға сәйкес Облыс­тық ономастика комиссияның құзыретіне:1) ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру; 2) аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру жатады. Жоғарыда аталған құзіретті толығымен жүзеге асыру үшін енді Үкімет тарапынан қабылдануы қажет деп күтіп отырған ономастика мәселесі бойынша тағы да бір заңнамалық акті – «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидасы». Аталған қағида бекітілгеннен кейін елді мекендер мен көшелерге атау беру немесе қайта атау мәселесіне уақытша жарияланған мораторий да алынады. Атау беру жұмысын уақытша тоқтатқалы облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан, мағынасы ескірген бір ауылдық округ пен 4 ауылдың және екі жүзге жуық көше атауларын өзгерту туралы түскен ұсыныстар өз шешімін күтуде. Атап айтқанда, облыстық ономастика комиссиясының қарауына Жамбыл ауданы әкімінің тарапынан жолданған Пио­нер ауылдық округін Қарасу ауылдық округі деп өзгерту, Пионер ауылына – Ащыбұлақ, Октябрь ауылына – Ақтерек, Октябрь-Жеміс ауылына – Шоқай, Пригородное ауылына – Әулиеата атауын беру туралы ұсыныстар бар. Дәл осы мәселелерді шешу барысында халықтың пікірін ескеру қағидасы бекітілгеннен кейін, бұл құжаттар Жамбыл ауданына қайта жолданып, жаңа талаптарға сәйкес насихат жұмыстары жүргізіліп, құжаттар қайта жинақталатын болады. Мысалы, бүгінде Меркі ауданында Гранитогорск кентін – Граниттау, Қордай ауданындағы Степное ауылын – Ақдала деп қайта атау жөніндегі жергілікті тұрғындармен насихат жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, осындай маңызы зор мәселелерді қарау барысында басшылыққа алатын «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңына 25.5-баппен толықтырылып, «Ономастикалық жұмыс критерийлері» нақтыланды. Атап айтқанда: тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру; әдеби тіл нормаларына сәйкестік; бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру; жеке адамның есімімен аталған, ол берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атау, оны өзгерту; аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдар қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң олардың есімдерін беру болып табылады. «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да нысандарға атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидалары» Қазақстан Республикасы Үкіметінің ағымдағы жылдың 24 сәуірінде бекітілген сәттен бастап, республика бойынша нысандарға атау беруге жол ашылды. Осыған дейін 2006-2011 жылдар аралығында облыс тарапынан Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясына жолданған 24 ұсынысты Тіл комитеті өзімізге жуырда қайтарды. Оның ішінде, 1 облыстық драма театры, 1 мұражай, 1 өнер мектебі, 21 орта мектеп. Алайда бұл мәселелер бойынша, сол жылдары мемономком тарапынан бірқатары қабылданбаған еді. Енді жоғарыда аталған қағиданың жаңа талаптарына сәйкес қайта қаралып, аудандар мен Тараз қаласы әкімдері тарапынан ұсыныстар халық арасында қайта насихатталып, құжаттары қайта жинақталатын болды. Нәтижесінде алдағы уақытта нысандардың атауын өзгерту мәселесі облыстық ономастика комиссиясында қолдау тапқан жағдайда облыс әкімдігі мен облыстық Мәслихаттың бірлескен шешімі негізінде ұсыныстар Республикалық ономастика комиссиясына қайта жолданатын болды. Аталған комиссияның оң қорытындысы келген жағдайда ғана облыс әкімінің атынан құжаттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын қабылдау үшін ресімделіп жіберіледі. Мінеки, осындай өзгерістер тек ономастикалық актілерге ғана емес, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға да енгізілген толықтырулар осындай. Бүгінде күн тәртібінен түспей отырған тағы бір мәселе – Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың зайыбы тікелей Елбасының қабылдауында болып, «Байзақ ауданындағы Түймекент орта мектебіне Ғазиз Байтасовтың есімін беру туралы» көтерген өтініш. 2012 жылы жарияланған мораторийге қарамастан Тараз қаласында бұрынғы Герцен көшесінің атауы Ғазиз Байтасовтың есімімен қайта аталды. Дәл осы сәтте еске түсіретін және ескеретін бір жайт бар. Облыстық ономастика комиссиясының 2005 жылы 15 маусымдағы «Тараз қаласындағы №30 орта мектебіне Қаратай Тұрысовтың есімін беру туралы» оң қорытындысы негізінде Мемлекеттік ономастика комиссиясына жолданған ұсыныс бойынша, Тіл комитеті тарапынан Қ.Тұрысовтың мемлекет және қоғам қайраткері, республика алдындағы сіңірген зор еңбектеріне қарамастан қайтыс болғанына бес жыл толмай, ұсыныс қаралмайды деп кері қайтарылған болатын (сол жылдары Қ.Тұрысовтың қайтыс болғанына бір жыл ғана болған еді). Сондықтан жергілікті тұрғындардың атау беру мәселесін көтерген кезде, міндетті түрде ономастикалық жұмыс критерийлері бәріне бірдей талап екендігін ескергені дұрыс. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы облыста ұлттық ономастиканың бағыттарын насихаттау мақсатында түрлі семинар-кеңестер, ғылыми-практикалық конференциялар, «дөңгелек үстел» отырыстарын, танымдық шараларын жүйелі түрде жүргізіп отырады. Сондай шараның бірі – Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясында өткен «Өзгерген атаулар, жаңарған ұғымдар» танымдық семинары. «Қазақстан-2050» Стратегиясын, басқарманың жұмыс жоспары мен 2012 жылғы 21 желтоқсанда өткен «Ұлттық топонимдер – тәуелсіздік жемісі» атты облыстық практикалық конференцияның ұсынымдарын жүзеге асыру мақсатында өткізілген семинардың басты міндеті – ел мен жер атауының ұлттық-танымдық көріністері мен ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін арттыру, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, ұлттық интеллигенцияның жалпы ұлттық көзқарастық құндылықтары мен барша қазақстандық бірдейлілікті нығайтудағы рөлін арттыру, оқушылардың ұлттық санасын қалыптастыру болды. Жастар өзі тұратын өңірдегі жер-су атауларына қанық болуы тиіс. Өзгерген атаулар мен жаңарған ұғымдар туралы аталған шараға Тараз қаласындағы орта мектеп оқушылары мен тарих, география пәндерінің мұғалімдері, аудандар мен Тараз қаласының тіл мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Негізгі баяндамашылар – жоғары сынып оқушылары болғандықтан, жан-жақты жасаған ізденістері негізінде облыстағы жер-су атауларының өзгеру уәждері туралы ой-пікірлерін ортаға салды. «2011-2020 жылдарға арналған тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының индикаторларын жүзеге асыру барысы туралы» ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері бойынша тоқсан сайын индикаторлық көрсеткіштер арқылы берілетін есептерді орындаудың жолдарын және «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізілетін жаңа міндеттеме – топоним сөздіктерін жасау тәртібін түсіндіру мақсатында «Ономастикалық объектілерге атау берудің тәртібі туралы» практикалық семинар-кеңес өтті. Семинарға аудандар мен Тараз қаласының тіл мамандары мен «ҰАТ» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының жауапты мамандары қатысты. Тілдерді қолданумен дамытудың облыстық іс-шараларында ономастика мәселесі бойынша ауқымды жұмыстың бірі – ғылыми деректермен негізделген «Жамбыл облысының топонимикалық анық­тамалығын» шығару. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 2012-2013 жылдары 1750,0 мың теңге бөлі­ніп отыр. Аталған жұмысты жүргізіп отырған «Асыл мұра» зерттеу орталығының қоғамдық бір­лестігі (төрайымы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемле­кеттік университетінің доценті, ономаст-ғалым, облыс­тық ономастика комиссиясының мүшесі Зиба Құламанова). Облыстық ономастика комиссиясының үшінші тоқсандағы кезекті отырысында өңірдегі топо­нимдердің атаулары бойынша аталған құнды кітаптың жобалық нұсқасының тұсаукесері өтеді деп жоспарлануда. Алдағы уақытта қарашада ономастика мәселесіне арналған ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарда бар.

21447 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы