• Әдебиет
  • 10 Қазан, 2013

Кете Жүсіп. Өсиет

Көп жүкті көтереді бүтін туған, Ерлік іс мүсибатқа1 белін буған! Аздырмас ата жолын әрқашанда Жоспарлы ізгіліктің ізін қуған. Бір күні бітсе демі, сүрінеді Toп жарған тұлпарың да озған дудан. Алғаусыз айтқан сөзің көпке ұнаса, Секілді көңіл үйдің кірін жуған. Айтысқан жақынымен, жатқа жем боп, Қалады қатар шауып ұмтылудан. Бүтіндеп өзіңді өзің, ел болмасаң, Ерлерім, ешнәрсе өнбес «жыртылудан». Дұғадан қол көтеріп еске алмасаң, Біз кеттік бас көтеріп бір тұрудан. Еміреніп қалды артымда, есіл ерім, «Болад, ­­– деп, – әлің нешік?» – есінедім. «Болам, – деп, – бұрынғымдай!» – бос жүрмеңдер, Ауруын ауамдықтың көшір, елім! Бел байлап тіршілікке, болмай араз, Жалынын жауыздықтың өшір, елім! Бұл айтқан өсиетім барлығыңа, Басымда болса кінәм, кешір, елім! Ес білер ерлеріме айтқан сөзім: Тартпасын тәкаппарға қай мінезің! Қызығып дүние үшін ауаланба2, Бер ақыл білім барда өзіңе-өзің! Тапсырып қолдарыңа кеттім тастап, Кірмеген кішілерге ішкі сезім. Қалғанға қуат беріп, Жаратқаным, Шаттыққа айлағайсың қыс пен күзін! Көп айтып көңіл бұзып не қылайын, Сау болса, жүрер ерлер салып көзін. Ал енді, көріскенше қош бол, халқым. Талабым сапар етпек енді марқұм. Дүниеден ертеңді-кеш көшіп жатыр, Жан өшіп, жақсы, жаман мендей әркім. Кекесін, ел ішінде дау көбейсе, Ерлерім, түзелмейді, ойла, қалпың! Қалайда қарындасқа қоғамды боп, Кеңкиме, кішіктенгіл, келсе қартың! Ақиқат пенде болса, өлім рас, Нешеулер сапарланды шашқан дәрпін. Саламат ел иесі есен жүрсең, Пейілің кең болсын жұртқа, жүзің жарқын! Жайлы бол, жанның көңілін жабырқатпай, Сыр бермей, сыпалардың ұстап салтын. Береке татулықтан табылады, Сақтансаң сабырлы боп, бұзбай әлпің. Араңа араздық от тұтандырма, Білгенге: ашу – дұшпан, ақыл – алтын. Деген бар: «Көп дұғасы – кел» мысалдас, Ал, қол жай: «Қайырлы ет, – деп ердің артын!»... 1 Мүсибат – қайғы 2 Ауаланба – ауа жайылма дегені

3027 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы