• Тарих
  • 23 Қазан, 2013

Тағдыр талқаны

Өршіл өнер иесі Шахан Мусин хақында Қазақтың арда ұлдарының бірі, белгілі актер, ақын Шахан Мусин өмірінен хабардар кім-кім де оның бойына біткен осы бір қасиетке тоқталмай, мұны ауызға алмай кете алмас еді. Ол не қасиет? Тағдыр қанша ауыртпалық салса да мұқалмағандығы, еңсесі түспегендігі, бүгілмегендігі. Ауыртпалық болғанда қандай?! Бір өлең үшін табаны күректей он сегіз жыл түрмеге отырып шығады. Соншама азап көретіндей не өлең еді ол? Бұл өлеңнің тарихы былай екен. Шахан ағамыз 1931 жылы Семей облысы, Бесқарағай ауданының орталығы Семияр қаласына келіп, аудандық атқару комитетінде қызмет істей бастайды. 1932 жылдың мамыр айында әкесімен шамалас, аудандық қаржы бөлімінде істейтін Темірхан деген кісімен ауданның ең бір алыс қиырындағы, бұрын Ақбота болысы аталатын ауылға іссапарға шығады. Ауыл Шахаңа бөтен емес. Осы жерде балалық шағының күндері өткен. Айдалада тау атанған Майлықара дейтін биік төбе бар. Сол төбенің төңірегінде анда-санда ас беріліп, ат шабыс, балуан күрестері, ақындар айтысы, кеш болса алтыбақан, түн ішінде ақсүйек ойындары біріне-бірі жалғасып жатқан. Сол Ақбота ғой бұл... Тағдыр талқаны Аудан орталығынан қырық-елу ша­қырымдай ұзаған кезде, қара жолдың бойында, әр жерде өліп жатқан, қарға-құзғынға жем болып жатқан адамдардың сүйегін көреді. Қатты шошиды. Қасындағы кісіден мән-жайды сұрайды: «Сабыр ет, балам, ауылды жерде, әсіресе, айдаладағы алыс ауылдарда аштық басталды деп естіп ем, соның салдары шығар» дейді ол. Кеш бата ауылға жетеді. Жылы шыраймен қарсы алып жатқан жан жоқ. Көбі көңілсіз, қабақтары түсіңкі. Таңертең ерте тұрып, жұмыстарына кіріседі. Темірханның айтуымен, түстен кейін шеткерірек тұрған бір үйге бет алады. Үйге келсе өліп жатқан адамдар. Біреуі шал, біреуі кемпір, енді біреуі әжесінің бауырында жатқан төрт-бес жастағы ұл бала. Осыларды көргеннен кейін есі шығып, есеңгіреп, сыртқа жүгіріп шығады. Қабырғаға сүйеніп, еңкілдеп жылайды. Күн бата, қас қарая, көкжиектен көзіне түскен Майлықараға қайта-қайта қарап, ауданға қайтады. Қалаға келгеннен кейін көрген-білгенін айтайын десе қорқады. Айтпайын десе қайғы-мұң ішіне сыймай әкетіп барады. Ақырында терең толғаныс пен тебіреністен бірінші өлең «Майлықара» өмірге келеді. Сол уақытта бастары қосылған жұрт сыбырласып, күбірлесіп: «Бұл не сұмдық? Ел аман, жұрт тыныш, соғыс жоқ, оба сияқты ауру жоқ, ал халқымыз аштан өліп жатыр. Не істеу керек. Обком қайда? Нарком қайда? Крайком қайда? Арыз жазсақ па екен, әлде жай хат жазсақ па екен?» деген әңгімелерін жиі айтып жатты. Осы әңгімелердің әсері болу керек «Наркомға хат» деген өлең жазады. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген осы. Сонда өзім наркомның кім екенін де білмеймін. Кім нарком, қай нарком? Ал Голощекинді бәріміз де жақсы білетінбіз. Себебі астық дайындау науқаны кезінде ­Голощекин атынан «Қызыл керуен» дейтін астық таситын керуендер ұйымдастырылатын. Сол керуеннің «шолақ белсенділері» әр колхозшының ескі кебежесінің түбіндегі екі-үш кесе тарысын тінтіп, тартып алып, астық дайындап, жоспар орындайтын» дейді кейінгі жазған естелігінде Шахан Мусин. Мынау сол өлеңдер. МАЙЛЫҚАРА Меккесі той-думанның Майлықара, Шалқыған шыңыңды өртеп қайғы-жара. Тал түсте тірі жанды селт еткізбей, Қалыпсың құба жонда жеке-дара. Бір жан жоқ жан-жағында өзің ғана, Шын күліп, шырқай алмай қыз-бозбала. Жалғыз-ақ жасын сүртіп жартасыңа Зар жылап басыңда отыр байғыз ғана. Кешегі құлпырған сән, нұрың қайда? Бүгінгі ай ұқсамайды бұрынғы айға. Құдайдан қызығыңды қызғанушы ем, Торғайша жем болыпсың тұрымтайға. Қамықпа, Майлықара, қабағынды аш. Қаңғырған қорек іздеп аш-жалаңаш Ұл-қызың сүйретіліп Сібір кетсе, Асырар, бөтенсің деп аластамас. HAPKOMFA ХАТ Сүйеніш қып сынған құрық-таяғын, «Қайран өмір, қайда сенің баяғың!» Деп еңіреп, тепсе темір үзетін Ер-азамат әрең басып аяғын... Мінерге ат, ішерге ас жоқ сенделіп, Ой-арманын әлдекімдер өңгеріп. Күлге аунатып, күресінге тастаса, Сен отырсың қай жеріңді меңгеріп?! Қараң қалып сый-салтанат, сән-сауық, Қабағынан қар емес-ау, қан жауып. Атамекен, алтын бесік елінен Әлдеқайда жеті түнде жер ауып. Айналасы ұлыған аш қасқырдай, Аш өзегі күйе жеген басқұрдай. Сонда-дағы жалбарынбай, жасымай, Жасанды бір құдайларға бас ұрмай. Өзі шегіп ащы азабын аштықтың, Көзін сүзіп қала берді бастықтың. Голощекин атындағы жалаулы Ұзын «қызыл керуеніне» астықтың. Жұртта қалып жүре алмаған кемпір-шал Күңіреніп көкірек қан, көңіл дал. Құша беріп немересін, қош десіп Көз жұмысты, босап буын, құрып әл. Сәбилерін құрым киізге орасып, Әке-шеше тағы бірер дөң асып. Сүлдер құрып, Сібірге де жете алмай, Сұлай кетті айдалада жыласып. Күні кеше күн күлімдеп, көл күлген, Кең далада көмілмеген, көмілген. Ойда-қырда өлген қазақ жемтігі, О замана, бұл азаны кім білген?! Талақ болып байлық, дәулет, бақ-мұрат, Енді зар боп сыңар тілім нан сұрап... Әне жатыр Шыңғыстауда Шәкәрім Қаныпезер атқан оқтан қансырап... Сақалынан ыстық жасы тарамдап, Өлерде де «елім, далам, балам» деп. Күңіренді Қақпажартас – қарт куә, Еңлік тағы иен көрінде мың аунап. Көрші осыны, ағатайым – бастығым, Ел-жұртыңа болмаса егер қастығың. Аштан қырмай асырашы, жатыр ғой Қоймаларда етің, майың, астығың. Көрші осыны, ағатайым – наркомым, Өзің қаздың көрін тірі әкеңнің. Баласың деп маған егер сенбесең, Айтсыншы анау Голощекин крайкомың. Естіп жүрсің, көріп жүрсің, білесің, Көрсең-дағы көрмеген боп күлесің. Күйбеңдейсің, жорғалайсың жағымсып, Дейсің бе әлде түпсіз түнек түнесін. Қайран елім, қарапайым қазағым, Тарттың міне ауру, аштық азабын. Налыма, күт, кезең берген тағдырың Сыйлар екен тағы қандай мазағын?! Ш.Мусинді «Қазақтар аштан қыры­лыпты» деп өкіметімізді, компартиямызды айыптап, жамандап, жала жауып, өлең жазыпты» деген сылтаумен алғаш 1936 жылы қаңтарда түрмеге отырғызады. Көп ұзатпай босатады. Босана салысымен Құрманбек Жандарбековтің шақыруымен Алматыға келіп, опера театрына орналасады. «Жалбыр» операсында Жақыптың рөлін алып шығады. 1937 жылдың басында қайтадан тұтқындап, екінші рет түрмеге отырғызады. Бұл жолы бес жыл беріп, «еңбекпен тәрбиелеу» деген шешіммен сол кездегі одақтың Қиыр Шығысындағы Магаданның ар жағы, Алясканың бер жағы – Колыма аталатын лагерьге жөнелтеді. Соғыс салдарынан бес жыл орнына он жыл отырып, 1946 жылы туған елге оралады. 1934 жылы іргетасын өзі қаласқан Семейдегі театрына орналасады. Театрда М.Әуезов, К.Симонов, Ә.Әбішев, Ғ.Мүсірепов пьесаларындағы Айдар, Ян Грубек, Темір, Ақан бейнелерін сомдайды. «Бір айналдырғанды, шыр айналдырады» дегендей, 1948 жылы тағы да қамауға алынып, Сібір өлкесіне жер аударылады. Одан 1954 жылы босанады. Сол жылы Жасөспірімдер мен балалар театрына жұмысқа тұрады. 1957 жылдан М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында шығармашылық жолын одан әрі жалғастырады. Осы театрда 45 рөлді сахнаға шығарыпты. Мәселен, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» – Ақан, «Махамбеттегі» – Махамбет, «Шоқан Уәлихановтағы» – Мұса Шорманов, «Тоқаш Бокиндегі» – Тоқаш ­Бокин, «Жаяу Мұсадағы» – Жаяу Мұса, «Шағын трагедиялардағы» – Моцарт, «Дон Жуанның думанындағы» – ­Диего... Бұл рөлдердің осалы жоқ. Әрқайсысы бір-бір тұлға. Мұның өзі актердан көп жауапкершілікті талап етеді. Алайда табиғат о баста талантты етіп жаратқан Шахан актер көрсетілген сенімнен шыға білді. Театрда істеп жүріп, бірқатар көркем фильмдерге де түсті. Олар – «Бұл Шұғылада болған еді», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасында», «Шоқан Уәлиханов», «Ұлан», «Аманат», «Даладағы дабыл», «Кек», «Талтүс», «Жаушы», «Құлагер» және т.б. Ол ақын боп жаратылған жан еді. Бірақ тағдыр тәлкегі жыр жазумен алаңсыз айналысуға, құлашты кеңге сермеуге мүмкіндік бермеді. Бәрібір де өлеңді ұмытпады. Өйткені өлең «көп жылдар бойы сырласы, мұңдасы, тар есік, тас босағада демеу болған, дем берген, рухани қанат болған сүйеніші» еді. Шахаңның 1948 жылы түрмеде отырып жазған «Терезе» атты өлеңі бар. Тағдыр талқанын тата жүріп жазған жырларының бірі. Терең ойға құрылған. ТЕРЕЗЕ Терезе анау, мен мынау, Терезе тым биікте. Көңіл қаяу, көз бұлау, Телмірдім сол биікке. Жалғыз сауал, бір сұрау, Жарық күтіп үңілем. Темір құрсау – мұз қырау, Жарық түспей түңілем. Ой – шежіре, жан – жырау, Ойлыға уайым – ереже. Құрғақ қиял, құр жылау, Жалғыз досым – терезе. Түн дүбілткен қоңырау Сынар күнің туар ма? Жасқа бөккен омырау, Тынар күнің туар ма? Ой –шежіре, жан – жырау, Ойлыға уайым – ереже. Терезе анау, мен мынау, Жалғыз досым – Терезе. Осы өлеңді жанындағы серіктері Қуандық Шаңғытбаев, Қалижан Бекхожин қайта-қайта оқытады екен. Өлең құдіретін түсінгендіктен де осылай істейтін болса керек. Сан қырлы өнер иесі, ойшыл да ­зиялы азамат Шахан Мусин туралы қатар жүрген замандастары, өнердегі іні-қарындастары жүректен шыққан жылы лебіздерін аянып қалған емес. Ақындар болса ықылас-ниеттерін жырмен жеткізді. Ғафу Қайырбековтің «Шахан Мусин» деген өлеңінде мынандай шумақ бар: ...Тамаша актер, сергек сері, жақсы ақын, Құпия жан ешкім білмес мақсатын. Тәкаппар ұл таудан биік кеудесі Адам түгіл бұлт табаны баспайтын, Осы күнгі осал тұқым нәсілден Ондай ұлды туа алмайды еш қатын... Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай шынайы талант иесі жайлы кезінде «Шахан Мусин – өмірде де, өнерде де аса сыпайы, биязы, мәдениетті, әдепті, зиялы кісі» десе, бұл ойды Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов былайша жалғастырған еді: «Шахаң – ақынжанды, өткір ойлы, тілге шебер, әзілі жарасқан, ер көңілді, өсек-аянмен ісі жоқ, сері адам». Шахан Мусиннің азаматтығын, адамгершілігін Бауыржан Момышұлы да жоғары бағалап: «Мен оның алдында басымды иемін» деген екен. Бас имек түгілі жылы сөздің өзін кез келген жанға арнай бермейтін Баукеңнің Шахаңа ықыласы жайдан-жай аумаса керек. Ағамызбен қырық жылдай отасып, жарасымды ғұмыр кешкен сүйген жары қазақтың үлкен ғалымы, академик Рәбиға Сыздықова. Екеуі де мәдениетті, көздері қарақты, көкіректері ояу. Бұл екі кісінің сыйластықтарына сырт жұрт сүйсінетін, қызығатын. Бір-біріне сай қосылған жандар еді. Шахаң бір жарым жыл далаға шыға алмай, төсек тартып жатқанда зайыбы Рәбиғаның бір адым жанынан кетпей, демі үзілгенше қасында болғанын жақындары ризашылықпен әңгімелейді. Шахан Мусин – өнер көгіндегі сөнбес, жа­рық жұлдыз. Ол бозбала кезінен өнерге құ­мартып еді. Ақырында бүкіл ғұмырын өнерге, театрға арнады. Талай тар жол, тайғақ кешуде жігерін жасытпай, алға ұмтылдырған да осы өмірге, өнерге деген асқан құштарлығы болар... Нұрперзент Домбай Қазақстанның халық артисі Шахан Мусиннің туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кеші М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 30 қазан сағат 18.30-да өтеді.

21184 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы