• Тарих
  • 23 Қазан, 2013

«Соңғыға айтқан сөзі нақыл болған...»

Әз Төле би: имандылық көзқарастары Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Cтратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әр алуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деген болатын. Өте орынды айтылған ой. Сондай мәдени-рухани игіліктеріміздің бірі – көне тарихтың бел-белестеріндегі халқымыздың өмірінде өшпестей із қалдырған көрнекті қайраткерлердің өнегелі өмірі, елі үшін еткен ерен еңбектері. Халық жадынан туған ұлтының ар-ожданына, қадір-қасиетіне айналған қазақ даласындағы талай-талай дара данышпандардың, дана кемеңгерлердің дүниеге келгенін, өмірден өткенін білеміз. Перзент парызы – кіндік қаны тамған жері мен туған халқының жарқын болашағы үшін қызмет ету десек, ондай адамдар сан ғасырларға жететін еңбек сіңірді, сонан әлі күнге дейін халықпен бірге мәңгі жасап келеді. Олардың ғибратты өмірі, өнегелі істері келер ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Осындайда ойға оралатын қастерлі де қасиетті есім – Әз Төле би дер едік. Төле Әлібекұлы халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, кемел келешегін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан әйгілі үш бидің бірі, ел басқа­рудың аса жауапты жұмыстарына аянбай араласқан ұлы тұлға, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, озық ойлы ойшыл, дара шыққан дана, ерекше талант иесі. Ол жастайынан өз заманына сай іргелі білім мен туған халқының ақындық және шешендік өнерінен тәлім алған, оны өзінің өмірі мен қызметі жолында сарқа пайдаланған жан. Әйгілі би жөніндегі жазба деректерге сүйенсек, ол 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысының Шу ауданындағы Жайсаң жайлауында өмірге келген. Ол тоқсан үш жасында 1756 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданындағы Ақбұрхан-Орда деген жерде қайтыс болып, сүйегі өзі он екі жылдай билеген Ташкент қаласындағы Шайхантәуір зиратына – мырза Бабырдың нағашы атасы Жүніс ханның жанына жерленген. Қазір атақты бидің қабірінің басына үлкен кесене орнатылған. Төле өз заманында Ұлы жүздің төбе биі болып, Тәуке ханның тұсында оның бас кеңесшісі ретінде Қазыбек би Келдібекұлы, Әйтеке би Байбекұлы сынды билермен бірге қазақтың ұлттық негіздегі «Жеті жарғы» атты әдет-ғұрып заңдарын жасауға қатысқан. Халқымыздың арасында ол жөнінде сан алуан аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер мен өлең-жырлар сақталған. Бұл мәдени-рухани мұралардың мән-мазмұнынан оның бүкіл қазақ елінің аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері болғанын аңғарамыз. Ел аузындағы аңыздарға сүйенсек, Төле жастайынан зерек те зерделі болып, әкесі Әлібек бидің жанында халық арасындағы дау-жанжалдарды шешуге төрелік айтып, билік шешім қабылдауға қатысып отырған. Ол өзінің билік үкімдерін шығарарда елдің береке-бірлігін, халықтың ырысты ынтымағын, ағайын-жұрттың татулығын, қазақ жерінің тұтастығын ойлауды мақсат еткен. Мәселен, бірде Әйтеке бимен бірге Әз Төле Орта жүздің аумағындағы Қасқакөл деген көлді даулап барады. Сол тұстағы Орта жүздің бас биі Орманбет: Екі би айтқан сөзің жарасады, Еншіге әркімдер-ақ таласады. Қасқакөл – Орта жүздің көлі еді ғой, Айтқандарың қиянатқа жанасады,–деп көлді бермей қойыпты. Кейін араға Орманбеттің анасы түсіп, баласын көндіріпті. Сөйтіп, олар да көлді Ұлы жүздің руларымен бірге жайлайтын болып келіседі. Сонда Төле би Орманбеттің шешесіне разы болып: Қасқакөлді «алам» деп келіп едім, Орманбет бермеген соң өліп едім, Жетпіс жасқа келгенде сөзім өтпей, Мәңгіге тірілместей болып едім...–депті. Міне, осылайша ел іші бірімен-бірі жерге, жесірге таласып, өзара жанжалдасып жүргенде, жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, бір Қасқакөлді ғана емес, басқа көлдерді де, тіпті бүкіл қазақ жерінің басым бөлігін жаулап алғаны белгілі. Мұндай даулы оқиғалар сол жылдары қазақ даласының әр тұсында орын алып отырған. Бұл мысалдан әйгілі бидің ел бірлігін, халықтың ынтымағын, қалың қара орман жұрттың татулығын ойлағанын байқаймыз. «Елдестірмек–елшіден» демекші, мұндай игі қасиет иманды жанның бойынан кездесетін жақсы сапалық белгі екені мәлім. Өйткені бір ұлтты – қарға тамырлы қазақ баласын айтпағанда, ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаху ғалейһи уассалам өзінің хадис-шарифінде «Күлли мүслимун ихватун», яғни қазақша айтқанда «Барлық мұсылмандар ағайын, туыс-бауыр» деп ескерткен болатын. Әз Төле бидің имандылық көзқарас­тарын бір мақала төңірегінде айтып тауы­су, әрине, мүмкін емес. Ол өзінің өмір бойғы іс-әрекеттерінде Құран Кәрімнің аят-сүрелерін, ислам шариғатын, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың айтқан өсиет сөздерін – хадис-шарифтерін басшылыққа алып отырған. Оның әрбір үкім-шешімдері, ұсыныс-ұстанымдары, шешендік толғаулары, өсиет-өнегелері ұлттық рухани құндылықтарға, діни қағидаттарға негізделген. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – әйгілі бидің әдеби-мәдени мұраларындағы имандылық мәселесін қозғай отырып, алған тақырыбымыздың бүгінгі күні де өте өзекті екендігіне назар аудару, ден қою болмақ. Негізінде «иман» – дегеніміз «әмана» деген араб тілінің сөз тудырушы етісті­гі­нен шыққан сөз. Бұл – «сенім, сенімді болу» деген ұғымды білдіреді. Мұндай рухани сана-сезім тек адамзат баласына ған тән жоғары сапалық қасиет. Сондықтан «имандылық» сөзі көбіне адамның бойындағы игі қасиеттер жинағының баламасы ретінде айтылады. Бұл құндылықтар тәлім-тәрбие ғылымы саласында адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық, этикалық, еңбек, патриоттық, дене тәрбиесі, құқықтық тәрбие деген секілді тәрбие түрлері арқылы қалыптасатыны дәлелденеді. Мұның бәрі – рухани сенімге, діни ой-санаға тығыз байланысты дүние. Өйткені бүкіл адамзат қоғамының даму тарихы, өсіп-өркендеуі, қалыптасып жетілуі дінмен етене байланысты. Сол себептен де имандылық адамның игі қасиеттерінің ішіндегі ең абзалы, бар жақсылықтар мен ізгіліктердің бастау көзі ретінде сипатталады. Ондай жақсы қасиет, салих амалдар адамның ұлтына, нәсіліне, жынысына, дініне байланысты болмайды. «Иман дегеніміз, – дейді ұлы Абай «Он үшінші» қара сөзінде: «Алла тәбарака уатағаланың шәриксіз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа һәр неге бізге Пайғамбарымыз салаллаху ғәлейһи уассаллам арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ» десе, «Он екінші» қара сөзінде: «Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласымен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды» деп түйіндейді. Жұмыр басты пендеге иман өз бетімен келмейді және өздігінен қон­байды да. Ол отбасында көрген тәр­биемен, адамның жан дүниесінің таза­лығымен бірте-бірте қалыптасады. Мұндай имани қасиеттерді берік сақ­тауға «...қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын» (Абай) қажет екені даусыз. Ұлы ақынның бұл тұжырымдарын Төле бидің өмірі мен қайраткерлік қызметінен анық аңғарамыз. Осы ретте иман жайлы келтірілген ой-пікірлерді Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың: ­­«...­Иман дегеніміз – Аллаһ тағаланың бар­лығы мен жалғыздығына, оның періштелеріне, кітаптарына, пайғам­бар­ларына (с.ғ.с.) және қиямет күніне иман келтіруің. Жәннат пен тозақтың және амалдар өлшенетін таразының бар екеніне, өлгеннен соң сұрақ үшін қайта тірілетініңе сенуің. Әрі жақсылық пен жамандықтың белгіленуі Аллаһ тағаладан деп білуің» деген хадисімен бекіте түскеніміз абзал. Төле бидің соңында қалған рухани жәдігерліктерде имандылық мәселелеріне байланысты ордалы ойлар, іргелі іс-әрекеттер, олардың жарқын мысалдары молынан кездеседі. Бұған ұлы ойшылдың, кемеңгер саясаткердің, сөз бастаған шешеннің, ел бастаған көсемнің тапқырлықпен айтқан асыл сөздері, терең ойға құрылған әділ шешімдері, берік те бәтуәлі байламдары, шешендік толғаулары дәлел бола алады. Айталық, жоңғар-қалмақ шапқыншылығынан ел босып, үдере қаша көшкенде, Төле үйін жықпай, жұртта қалып қойған көрінеді. Қалмақтың әскербасы бұған таңданып, оның көшпеген себебін сұрағанда, Төле би: «Биыл шаңырағыма бір қарлығаш ұя салып еді. Бұл – бүкіл дүниежүзін қараң қып топан суы басқанда, адамның және барлық жан-жануарлардың тұқымын алып қалған, жыланға адам баласының жем болу қаупі туғанда, содан адамзатты қорғаған жануар еді. Мен өз бала-шағамды қорғап, сөйткен жануардың ұясын бұзып, балапандарын қырып кете алмадым» депті. Мұны естіген қалмақтың қоңтайшысы «бұл әулие адам екен» деп оның өзіне де, маңайындағы еліне де тимеген екен. Сол заманнан осы күнге дейін Ташкент пен Шымкент айналасындағы қалың ел, күллі мұсылман жұрты Төле бидің есімін тура атамай, «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деп тұспалдап атап кеткен. Бұл мысал бізді әрі пайғамбарымыздың: «Отанды сүю – имандылықтан» (Хуббүл уатан минәл иман) деген қасиетті хадисіндегі көркем ойларға жетелейді. Қазанғап ақын Байболов Төле бидің өмір тарихы туралы дастанында: Дүниеде зерек кім туған, Төледей қазақ баласы? Білген оны кәрі-жас, Қазақтың түгел даласы. Тоқсан үш жасында, Жеткен дейді қазасы. Жебегені жетілген, Налығанын өлтірген, Мінез-пиғылы мол еді, Жақын-алыс демеді, Тиын-пара жемеді, –деп жырға қосады. Жырдың өн бойынан Төле бидің адалдық пен әділдікті, кішіпейілділік пен қайырымдылықты, сабырлылық пен төзімділікті, обал мен сауапты, қанағатшылдық пен рахымшылдықты ойлағанын, Алланың ақ жолы – шариғат жолынан таймағанын көреміз. Мұны қазақтың атақты ақыны Майлықожа «Дүние-ай, жалған бос екен де» атты жыр-толғауында: Құдайға ісі тура жақын болған, Соңғыға айтқан сөзі нақыл болған. Жау алды қайсы қазақ өз бетімен? Төле би – Ташкентке хәкім болған!.. Би болған ауылынан бектер кем бе? Дүние опасы жоқ өткен демде. Сыйынса әз Төле деп азат болған, Байлаулы жат қолында жатқан пенде,– деп кемеңгер бидің шынайы бағасы халықтық қалыптан шығып жатқаны жайлы жылы лебіз білдіреді. Ол әз Төленің ата дәстүр мен елдік салттарды, ислам құндылықтарын, жоғары адамгершілік мұраттарды, жақсы мен жаманның, адал мен харамның ара жігін ажырата, өмірлік тәжірибедегі нақтылы дәлелдермен насихаттағанын танытады. Бірде төре кедей адамды жұ­мысқа жегіп, егін ектіріп, ақысын төлемейді. Кедейге бала-шағасын асырау қиын болыпты. Сонан ол Төле биге арыз айта барыпты. Сонда Төле би төрені шақыртып алып: Таласқандарың қара жер, Төрем болдың босқа тер. Егіншіңмен айтысып, Қор болмасты ойласаң, Мүсәпірдің хақын бер,– деген екен. Сөйтіп, әлгі төре бидің сөзінен тоқтап, кедейдің ақысын беріп, риза етіпті. Ол – Қарлығаш би әрқашан өзі үшін емес, халқы үшін қызмет еткен, кедей-кепшіктерді демеген, жетім-жесірлерді жебеген, кемтар-кембағалдарға қол ұшын берген ақ ниетті, таза жүректі, адал, иманы кәміл адам болған. Жаңбыр жаумаса, Жер жетім. Басшы болмаса, Ел жетім. Ұқпасқа айтқан сөз жетім. Атың жақсы болса, Жан мен тәннің шырағы. Қатының жақсы болса, Бірінші – иманың, Екінші – жиғаның. Үшінші – ырысыңның тұрағы, – дейді дана би. Төле бидің мұраларында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, жол-жорал­ғылары, ұлағатты ұстанымдары, елдік моральдық құндылықтар, адами игі қасиеттер кеңінен дәріптеледі. Мәселен, оның қырық қарақшыға айтқан: «...Келер кезек, өмір – біреу, кезек – екеу» деген осы жігіттер! Кеше мені тұтқындап едіңдер, енді бүгін сендер қолға түстіңдер. Дүние кезек деген осы. Сендер шөліркеп келе жатқан жалғыз-жарымды тонайсыңдар. Елді зар жылатып, малын талайсыңдар. Біреудің бермесін тартып аласыңдар. Адал еңбек етпейсіңдер. Шөл далада қаңғырып, қатын жоқ, бала жоқ, ит қорлықпен күн көресіңдер. Қанша жыл қарақшылық қылсаңдар да құтаймайсыңдар. Істегендерің ұрлық, ал ұрлық түбі – қорлық. Қойға шапқан қасқырды ұрып алар болар. Сендер де бір – қасқыр да бір. Сендердей ұры-қары қарақшыға не істесе болар еді, әттең?! Амал қанша, сендерге өлім сыйлағанша, өмір сыйлағым келіп тұр. Мен Төле би деген билерің боламын. Тілімді алсаңдар тәубеге келіңдер. Қарақшылықты қойыңдар! Адал еңбек етуді ойлаңдар. Бала-шағаға қарап, ел қатарлы тірлік етіңдер, ұрпақ өсіріңдер. Үйлі-жайлы болып, мал жинап, егін егіп күн көрейік десеңдер мен сендерге көмектесемін, қамқор боламын, жер беремін, мал беремін. Егер менің айтқаныма көнбесеңдер өз обалдарың өзіңе! Қане, не істейсіңдер! Өлім керек пе, өмір керек пе?» деген сөздерінен кейін әлгілер биге алғыстарын жаудырып, райынан қайтыпты. Сөйтіп, тұтқынға түскен қарақшылар тәубеге келіп, елге қосылыпты. Бәрі де адал еңбекпен шұғылданып, Төле бидің ел-жұрты атаныпты. Осылайша әйгілі би ел арасындағы тентек-телілерді, ұры-қарыларды жөнге салып, жұрт қатарына қосып отырған. Тағы бірде Төле би ақыл сұрай келген жас жігітке: Бәлі, балам, сөздің қадіріне жететұғын бала екенсің, жігіт адамға басты кесір – еріншектік, ортаншы кесір – ұйқышылдық, кенже кесір – кежірлік, тіл азарлық. Осы үш кесір адамда болса, ол адам өмір бойы оңбайды, осы үшеуінің бірде-бірі жоқ болған адам – еш нәрсеге мұқтаж болмайды, ісі күннен-күнге ілгері баса береді, – дейді. Міне, мұндай ұлағат ұстанымдары, өмір өнегелері даңқты бидің мұраларында кеңінен көрініс тапқан. Әрбір қазақ азаматы қара бастың қамының құлы емес, халқының, көптің ұлы болуын үндеген ғұлама ойшылдың «Шақшақұлы Жәнібек батырға айтқан ақыл-кеңесі», «Шу өзенінің дауын шешуі», «Қаракесек Қойгелді байдың дауына шығарған үкімі», «Қалидың ­айыбын тұспалмен білдіруі», «Данагүлді келін етіп түсіруі», «Жетес бидің тоқсандағы Төле биге сәлем беруі», «Қаз дауысты Қазыбек биге айтқаны» секілді ой-толғамдары мен «Алғаның адал болмаса», «Тегімді менің сұрасаң», «Тамыры терең қара емес», «Не жақсы?», «Теңізге құйса дария» сынды т.б. толғаулырының кең тынысты, өмірлік мәні бар терең философиялық тұжырымдарына зер сала отырып, оны әйгілі Бұқар жырау мен Қазыбек би, Әйтеке би секілді исі қазақтың басқа да даңқты би-шешендері туған ағасындай құрмет еткені, ұстаз тұтқаны жайдан-жай емес екеніне тәнті боласыз. Мысалы, одан кейінгі кезеңде өмір сүрген халқымыздың көрнекті биі – Бөлтірік шешен Әлменұлының: «Төбе би мен болсам әділдік шындығын айтам. Атам Төле бидің жолы – ақ жол! Аруағына сыйынып, адаспай айтам. Бұл жерің – әуелі Құдайдікі, содан кейін адамдікі, жер бөтенсімейді, ел бөтенсиді. Бұл жерде кім болмаған? Ноғайлы да болды, ол түгілі қалмақ та болды. Жерге таласып, еңсені езген неше түрлі салмақ та болды» деген терең мағыналы шешімін мысал еткен орынды болмақ. Данышпан Қарлығаш әулие – Төле бидің сол замандардағы: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Елге бай құт емес, би құт», «Қару жисаң – мылтық жи: жүрсең – таяқ, қарның ашса – тамақ», «Досыңа өтірік айтпа сенімің кетеді, қасыңа (дұшпаныңа) сырыңды айтпа түбіңе жетеді» деген сияқты көптеген қанатты сөздері, ой орамдары, сырлы да нұрлы теңеулері бүгінде халық арасында мақал-мәтелдерге, тұрақты сөз тіркестеріне, айшықты аңыз-әңгімелерге айналып кеткен. Көрнекті тұлғаның асыл мұраларын­да діни сенім-нанымдардағы филосо­фия­лық категорияларды ұтымды пайдалануы, алқалы жиын, дүдәмал дауларда билік шешімдер шығарғандағы принциптілігі – біріншіден, оның беделінің арта түсуіне септігін тигізсе, екіншіден бидің шынайы ғұламалығын, асқан білімдарлығын, керемет көрегендігін байқатады. Қорыта айтқанда, ғұлама шайыр, дара дарын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтқандай, «Батырда Қаракерей ­Қабан­байдан асқан батыр жоқ, үйсін Төле биден асқан би жоқ» екендігі даусыз. Әйгілі би – Қарлығаш әулие мұраларын зерттеу, зерделеу арқылы дербес елдігіміздің қалыптасу кезеңдерін айқындауға, ұлттығымыздың дәуірлеу тұстарын екшеуге мүмкіндік аламыз, оның бүгінгі өміріміздегі әлеуметтік-идеялық терең мәнін түсініп, жалпы жұртшылыққа, әсіресе, жас жеткіншектерге берер тәрбиелік тағылымын бағамдаймыз. Бақтияр СМАНОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Әр іске ақыл айтып, берген кеңес... Ұлы даладағы тарихи уақыттың төрешісі, еңсесі езілген ел-жұртының арашасы болған төре би-шешендер қаншама? Төре билер – қазақтың өресін бұрын-соңды биік деңгейге көтерген даналар.  Ел мақтанышына айналған осы ірі тұлғалардың мұрасымен бүгінгі ұрпақ қаншалықты таныс, сол даналықтың өмірлік маңызын кейінгі ұрпақ әлемге танытып жатырмыз ба? Төле биді би-шешендердің бас тұлғасы, данагөй абызы дейміз. Бірақ осы түйінді де түбірлі тоқтамның заманауи астарын ендігі қаншалықты тың дәйекпен жаңартып, жаңғыртып жатырмыз? Еңселі халық өткенін, даналарын ұмытпайды. Әйтседе Төле бидей даралардың болмыстық қуаты, құдіреті, құпиясы неде деген сұраққа сұраныс артуда. Иә, Ұлы даланың төре билері қазақ мәдениетіндегі өркениеттіліктің ерекше үлгілерін қалыптастырды. Сол жүйелі қалыптан қандай тәлім-тәрбие аламыз?  Идея таныс, бірақ тақырып тың. Ойжарыс бұрын-соңды тасқындауда, бірақ олардың тиімділігі көпке, яғни әркімнің жүрегіне жете бермеуде. Абыз билер тарихымыз бен мәдениетіміздің куәгерлері, жасампаздары. Көтермек жүгіміз аумақты да салмақты, оны айшықтау – қажеттілік. Төле бидей ұлы бабамыздың, дана тұлғаның аруағына табынып, беделін тілге тиек етіп жатқанда, әлгіндей қыр-сыры мол, жас жүрекке жете қоймаған мәселелер ұлт жанашырын ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Халқы­мыздың тарихындағы өмірлік тәсіл-тәжірибені қайталау негізгі білімді меңгеруге, алған білімді жүйелеуге, өзін-өзі бақылау дағдыларын қалыптастыруға, ізденіске деген ынтаны арттыруға тиімді, тартымды бастау және бағыт екені даусыз. Осы төрт бағыт-бастауда би-шешендердің бейнелі беделі, кәсіби құзіреті қалыптасты, жетілді. Осы тектес іргелі ізденістер өзімізді өркениеттілік өресімен үйлестіретінін де ескерелік. Би-шешендердің белсенділігі кісіліктің парасатты әлеуетімен және әділетті әрекетімен біте қайнасқан. Олардың негізгі қасиеттері дегенде: 1) білімге тереңдікті, ойға ұтқырлықты, сөзге тапқырлықты; 2) өз жұмысына адал және жауапкершілікпен қарайтын қабілетті; 3) еліне, туған жеріне арналған шексіз сүйіспеншілікті; 4) шешендік өнерді кәсіби қызметке және қарым-қатынас мәдениетінің негізіне айналдырған сауаттылықты айтамыз. Ірі тұлғалықтың осы тектес құзырлы да мәдени қасиеттерінің әлеуметтік-мәдени жүйесі жасалынбауда. Би-шешендер мұрасы – хал­қымыздың рухани байлығы, болымды бітімге жұмылдыратын ұлы мұрат, ел тірегі болатын тұлғалыққа нағыз тұрақ. Оны сапалы тәлім-тәрбиеге лайықты, өтімді әрекеттің құралына айналдыру – азаматтық парыз. Әз Төле бидің тұлғалық бедел-бейнесі неден құралды? Ол жастайынан тапқыр, нәзік, сезімтал, парасатты, сөздің қадірін білген білімдар болған, «қатар жатқан елден үлгі алған». Ел қорғаған, жер қорғаған үлкендердің алдын кесіп өтпеген. Бертін келе ақылдылығы әділдікпен теңеседі, «бетіне жан қарай алмайтын ажарлы, салауатты кісі болыпты». Төле би дәуірі – жылдар бойы қалмақ-жоңғарлармен соғысқан, қазақтың «шілдей бытырап тозған күндері». «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» атанған Төле Әлібекұлы батырлар мен билердің бірсыпырасына ақылшы болған, көпшіл болған ер дана, «әр істі дара қылар» «сайлық дәуір сүреді». Сөзге шешен, ойға көсем үлкенге ілтипат, еліне қызмет ете алды, нақты іс-әрекетте мызғымас өмірлік ұстанымнан ауытқымады. Оны өзі былай тұжырымдайды: «Өгізді өрге салма қанатың талар, наданға көзіңді салма сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа сенімің кетер, дұшпаныңа сырыңды айтпа түбіңе жетер. Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар... Мақтаншақ жігіт жисаң, ұятқа қалдырар» (Төле би. Алматы, «Мұраттас»,1991, 10-11 б.). Ел бітімі мен халқы үшін өмір сүрген әулие де дана би тұғыры тұлғалық және әлеуметтік белсенділік деңгейімен, шешендік өнерімен, әділ төрелікпен жымдасып жатты. Үш өлшем жүйесінде шешендікті әлеуметтік-мәдени құбылыс, өнер, өріс ретінде тұтас қарастыру, қабылдау қалыптасты. Төле бидің тұлғалық пәрменділігі азаттық идеясын қозғады, ұлттық сана-сезімді оятты, елдік рухани бастаулар тарихи кезең талабымен үйлесті. Оның күш-жігері ел арасында ырың-жырың, айтыс-тартыс етек алған жағдайда ақиқат пен әділдікке деген құлшыныста ширады. Халқының азабын көріп тез есейген адал жандар еңбекке талаптыларға беріле қызмет етті, киелі ортадан күш-қуат, қолдау тапты. Қысқасы, ғұмырында іргелі мұрат үшін іркілмеген тұтас тұлғаның бейнесін қалыптастырды. «Төле би елге ұйытқы дана болған, әр іске ақыл айтып берген кеңес». Оның кеңесі шешендікті ауқымдады, шешендік өнерді мазмұндады, шешен тұлғасын нақыштады. Әдебиет, тіл мамандары шешендік пен шешендік өнерді үнемі үйлестікте, бір мағына да қарастырады. Бұдан өзекті мәселенің әлеуметтік танымдық мән-жайы ашылмай қалады. Шешендік – тұтас рухани мәдени құбылыс, адамның сыртқы және ішкі белсенділігінің үйлесті де сабақтас арнасы, дәуір мен ұлттық мәдениеттің шоқ құбылысы. Шешендік өнер рухани жетістік пен дейгейдің субъективті көрінісі, құлшынысы, қызметі, оқиғаға орайлы қолданбалы айналымы. Тарихи-мәдени талғам және философиялық-методологиялық талдау осы ұғымның кең мағынасы мен нақты көрінісінің үйлестігін, ерекшелігін айқындауға мүмкіндік ашты. Төле би білмір сөздің шешені, сыни ойланудың көсемі, әділ шешімнің төресі. Нағыз шешендер ой мен оқиға өрісін бірден бағалады, бақылады әрі басқарды. Киелі қасиеттерімен адам жанын емдеді, адам көңілін баптады, сондықтан тарылмады, жеңілмеді. Ұмытылмас құндылықтар – осы өлшемдер де. Мұндай киелілік өздігінен келмейді. Тектілікті киелі қасиет етуге ұйытқы, дәнекер болатын ережелер, дағдылар бар. Иә, қысымдарда қаналдық, іштен тынып таралдық. Төле би дәуірі сыртқы жаулардың тұс-тұстан қысымдап, бұралаңы басылмай шапқылап жатқан кез, өздеріне сенбегендердің іштей ырың-жырың болып, әлсіздердің демі бітіп, азып-тозған кезеңдер еді. Тұрмыстағы тұйықтық, ел-жұрт арасындағы жікшілдік, күштілерге деген жалтақтық, дүрдараз көршілердің қаһарына деген алаңдаушылық қазақ елін дүниетанымдық дағдарысқа ұшыратты, қазақ жерінде күтпеген көптеген алауыздықты тудырды. Өз кем-кетігіңді жеңбей, іріктелмес бар деңгей. Кем-кетікті болдырмау, не жеңу үшін адам: 1) жеке тұлға психологиясын жан-жақты саралай білуі; 2) әдепті, ұстанымды, жұмыскер, іс-әрекетін жоспарлай білуі, кәсібін жете меңгеруі; 3) тәрбиелеу жұмыстарының маңызды әдіс-тәсілдерін білуі керек, әлеуметтік даму мен тәрбие ісіндегі озат әдістермен таныс болуы және бітімгерлік талаптарды игеруі; 4) ынтымақтастыру шартын орындау және басқарудағы моральдық құқыққа ие болуы шарт. Бұл ой еңбегіне деген бейімділік, сол деңгейді саралау мәдениеті. Адам өз деңгейін үнемі көтермелеу үшін өмір бойы үйренуі керек. Өз ойын ширатқан, шындық жолын таратқан. Шындықты шынайылықпен үйлестірмек, ұмтылыста адам үйренгенін қандай жағдайда, қалай қолдану керектігін ой елегінен өткізеді. Үйрену жолын қайта қарастырмақ, жаңғыру жолында шыңдалады. Түпкі мәселе «қалай ширалады» дегенге тіреледі. Ширақ жан еркін қозғалыс пен ізденісте болады, білімді өздігінен іздейді, діттегеніне жетуді, яғни білімді болашақта пайдаға асыруды көздейді. Шындықты құндылық ретінде айналымға ендірмей, үлкен-кішіні әділдіктің ырқына көндірмей, қарапайым халық арасында жалтақ сезім уақыт өте ішті түйрей асқындайды. Тұлғалықты сезінген, еңбектенер өзімен. Тұлғалық өршілдікте, естілікті еншілер еркіндікте. Ұмтылған ойды қозғайды, оятады, бағыттайды. Бұл өзіне де, өмірге де қызығушылықтың айшығы. Ой-толғаныста адам: а) ой алмастырады, ой түйістіреді, басқаға сын көзбен қарап, баға беруді үйренеді; ә) өзінше үйрену немесе өзін-өзі үйрету кестесін жасайды; б) бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырып, өз әрекетін тиянақтайды. Үйрену сатысы – ойды қайта түйіп, жаңа өзгерістер жасайтын мүмкіндікті ұластырады. Өзін үйлестіру, үлгіге ұқсату – тұлғалық тұтастықты жетілдірудің ұтымды жақтары. Өзін-өзі жетілдірген жеке тұлға өсіруші, тәрбиелеуші сияқты сапалы қасиеттерді қалыптастырады. Өзін жетілдірген ақыл-ой әрекетін табиғаттан, заттық нәрседен дайын күйде алмайды, еңбекте адам ойлауды үйренеді, ойлау операцияларын игереді. Ойлау жүйесін қадағалайтын адам жауапқа түсіністікпен қарайды, өз көзқарасын өзгерте, жетілдіре алады, өз ойын топ алдында ашық айтып қорғай біледі. Бәрі де ой еңбегінің өнімі. Теңелгендер өзімен, еңбектенер төзіммен. Ізденімпаз ми шабылуының ғана емес, ойжарыс, бәсекенің белсенді қатысушысы. Бәсекелі жарыс тағдырымызды тұтастаудың, тұлғаландырудың тартымды тәсілі. Ол түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдаудан нәр алады, сын тұрғысынан ойлауды бағалауда және оқиғаға сын көзімен қарау қабілетінде жалғасын табады. Ізденімпаздық сын тұрғысынан ойлау әдіс-тәсілдерін жетілдіру және мәселені шешудің әдістемелі жүйесін құрастыруда күш алады. Адам ойлау деңгейінде мәселелерді шешу үрдісіне енеді, біртіндеп өзіндік әрекет әдісіне көшеді. Проблемалық жағдайды дұрыс талдау барысында адам моральдық тұрғыдан қанағаттанады, қиындықтарда артқа шегінбейді. Еңбегіне төзімділер өзін ізденуге жетелейді, ойлауға үйретеді. Үйренгенін медет тұтады, әрекеттену тәсілін ұтады. Байыптасақ, білгенін, ұққанын тұлғалық дамуға бағыттағандардың ұтары мол. Мұраға бетбұрған, әрекетті іс құр­ған. Ойлау іс-әрекетінің белсенділігін арттырғандар ғана тозыққа көнбейді, жағымдылықты өңдейді. Олар мақсатты дұрыс қоя біледі, жария ұстаным, жария іс-әрекет, жария тірлікке сүйенеді. Әрекетті іс іштей күш алмаса, озбырлық іштен, сырттан ойқандауын, ойсыратуын үдетеді, едіреңдеген қысымгерлер көбеймек. Құнды күш-қуат құру үшін іргелі білім беру, білгірлікті ізгілендіру, білімге инновациялық тәсілдерді ендіру ауа­дай қажет. Мұндай бетбұрыста танымды іс-әрекетке ұқсайды, білім берудің және инновациялық ізгілікке қызмет етудің интегративті әдіс тәсілдерін пайдалануға құштарлық артады. Мұраға бет бұрған әрекет нәтижелі болу үшін үш сәйкестіктің – тәсілдердің заңдылықтарға, ди­дак­тикалық мақсаттар мен міндеттерге, адамның мүмкіншілігіне сәйкестігі орнығуы және өзара сабақтастықта болуы шарт. Ізденген іріктелер, бас қосар біліктілер. Шындық шуақтанбай, әділетті ақ ниет пен әрекет қуаттанбас. Ширақ ізденіс түйіндеме жасатқызатын «категориялы топтас­тыруда» іріктелмек. Бас қосқанда еркін ойлау, таңдау, ұйымдаса жұмыс жасау жолдары іріктеледі. Топтасқан іріктелген мәселенің мән-мағынасын тануға, алда шын мәнінде не болатынын ашуға құштар. Ой-толғаныста адам өзіне де, өзгеге де баға беруге үйренеді, өзінің олқы тұсын анықтап алған білімін жүйелеуге дағдыланады. Біліктілікті қабылдай, қолдана білгендер бәсекелесуге бейім. Біріккен сақтанар іріктен, ұлағатты тірілткен. Жанжалды оқиғада адамның бейнесі мен беделіне қатысты белгісіз жайттар, беті ашылмаған шындықтар, күдікті мәніс-мәселелер, сезікті тұстар ойды жиектеп жатады. Олардың егжей-тегжейін кім қарастыра алады? Үкім кінәліні қаралауымен, кінәсізді ақтауымен құнды. Жанашырдың бастауы – жамандықтан арашалай­тын жариялықта, қысымға бүгілмеу­де, әділдікті таратар жариялыққа жүгінуде. Жарасқан серік болар, келісте әдеп оңдар. Кісілікті қадір тұтқан, қасиеттің қажетін ұққан. Жарыс та, өріс те – кәсіби бағыт пен кәсіптік тәсіл де. Кәсібилік үш деңгейде – рухани, әлеуметтік-психологиялық, технологиялық деңгейде сұрақтарға нақты жауап іздестіреді. Олар кәсіптік, топтық кеңес арқылы «Мен не үшін жұмыс жасаймын?», «Мен неге жетемін?», «Мен бұны қалай жүзеге асырамын?» деген сұрақтарға дұрыс жауап қайтаруға тырысады. Кеңес келісім үшін, соған жететін жөн-жобаны түзету үшін жүргізілді. Өз ойын дәлелдеу шеберлігі жоғары жандар бір-бірімен тез түсіністі, бір-біріне серік болды, жарастықта әдебін оздырды. Бітімде жарасқандар жаңалық­тарды жасады, меңгерді, таратты. Би-шешендердің үйретері осы өмірлік тәжірибеде. Ұлағатты тірілткендер жас ұрпақ санасында ар-намысты оятты, туған халқына деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялатты, ұлттық рухты дамытты. Шешендік мәдениетті адамның өзін-өзі танытудың, кәсіби құзырдың өтімді құралы, қазақстандық патриотизмнің өлшемді кепілдігі, интеллектуалды ұлтты қалыптастырудың өрелі өрісі деуіміз осыдан. Жақан МОЛДАБЕКОВ,  философия ғылымдарының докторы,  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

19530 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы