• Руханият
  • 07 Қараша, 2013

Әшекейлер әлемі

Алматыдағы Мемлекеттік орта­лық мұражайда «Fashion Jewelry» зергерлік бұйымдар мен әшекейлер көрме-жәрмеңкесі өтті. Халықаралық көрмені ұйымдастыруға «Аэкспо» көрме компаниясы мұрындық болды. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл күндері сұлулық жәрмеңкесінің сауда алаңынан авторлық жұмыстарға, сондай-ақ әйгілі бренд әшекейлерге көзайым болды. Аталмыш сұлулық жәрмеңкесінде Сербия, Ресей, Қыр­ғызстан, Өзбек­станның қолөнер шеберлерінің қымбат тастармен көмкерген асыл бұйымдары, қолөнер туындылары қойылды. Көпшіліктің назарына ұсынылған бұл жұмыстардың ерекшелігі – жалғыз данамен жасалғандығында болды. Көрмені ұйымдастырушы Владислав Першин бұл әшекей бұйымдар саласында ұйымдастырып отырған алғашқы көрме екенін айта келе, алдағы уақытта халықаралық көрмені жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын айтты. Ал көрмеге қатысушы бар ғұмырын асыл тастарды жинауға арнаған ­Алена Шацких асыл тастардан жасаған зергерлік әшекейлерін көпшілік назарына ұсыныпты. Алғашында асыл тастарды жинау жай ғана ермек болса, қазір бұл негізгі күнкөріс көзіне айналған. Алена тіпті, отбасымен бірге ел аралап, асыл тастар кен орындарында болып, оларды зерттеп, керегін қазып алып кетеді екен. Кейін тастарды өзі өңдеп, зергерлік әшекейлер жасайды екен. Оның бұл кәсібіне балалары, немерелері де көмектесіп, олар да қолдарынан келгенше түрлі бұйымдар жасайтын көрінеді. Көрмеге келушілер қазіргі заман шеберлерінің зергерлік бұйымдарымен танысып қана қоймай, қазақстандық зергер Ғани Әпкеевтің семинарлары мен шеберлік-шоуына қатысты. Сонымен қатар «Fashion jewelry» бағдарламасында «Би билеген Алматы» фотокөрмесінің тұсаукесері болды. Мұнда Алматының жас фотосуретшілерінің 30-дан астам жұмысы қойылды. «Асыл тастардың аралы» «Асыл тастардың аралы»Адамзат баласы бағзы замандардан бері Шри-Ланканы «асыл тастардың аралы» деп атап келеді. Өйткені бұл мекеннің 90%-ға жуық бөлігінде алуан түрлі бағалы тастар жатыр. Статистикаға сүйенер болсақ, Шри-Ланкада өзге еш жерде кездеспейтін 85 түрлі асыл тас бар екен. Ертеде, араб саудагерлерінің заманы шарықтап тұрған кезеңдерде бұл аралды «Серендип» деп атаған. «Серендип» атауы «жоспарланбаған, кездейсоқ ашылулар» деген мағынаны білдіретін «серендипити» сөзінен шыққан. Көптеген теңіз саяхатшылары бұл аралға патшалар мен ақсүйектердің, сұлтандардың тапсырамасы бойынша, мемлекет қазынасына қосу немесе тәждерді безендіру үшін асыл тастарды жинап алуға келетін болған. Шри-Ланка осы «Серендип» атауымен атақты Сандыбат туралы хикаяларға, «Мың бір түн» ертегілеріне арқау болған. Ал Шри-Ланканың патшасы  болып жақұт (сапфир) саналады. Ағылшын тәжін безендіруде қолданылған атақты көк жақұт - «Көгілдір сұлу» көрген көздің жауын алады. Сондай-ақ бұл таспен Нью-Йорк мұражайына қойылған атақты «Үнді Жұлдызы» әшекейленген. Бұдан бөлек Шри-Ланкада сапфирдің көгілдір түстерімен қатар, сарғыш, алқызыл, сары, ақ түстері кездеседі. Лағыл тастар, әсіресе, жұлдызды лағыл тастар да Шри-Ланкадағы әдемі тастардың бірі. Сонымен қатар анар тастар, эссонит (сарғыш-қызыл қоңыр), альмандин (алау-жалау), родолит (қызыл), спесартит (қызыл қоңыр), жасылды александрит, мысық көзді тастар, айлы тастар, аметист, аквамарин, берилл, топаз (қызыл қоңыры жиі кездеседі), циркон, турмалин (алтын түсті), шпинель атты бағалы тастар көптеп кездеседі. Сіз бұған сенесіз бе? Әшекейлер әлеміАсыл тастардың ішінде де киелісі болады. Оны ұрлап немесе қолды болған тасты сатып алғандардың бәрі әр түрлі апатты жағдайларда өмірімен қоштасқан. Мысалы, қазіргі Америкада сақталған «Хоуп гауһары» сондай тас. Ол ертеде Үндістан храмынан ұрланған екен. Ұрлаған ұрыны көшедегі құтырған иттер талап боршалап өлтіреді. Гауһардың алғашқы салмағы 212 карат болса, ұрланғаннан кейін 1668 жылы Француздың королі Людовик XIV сатып алып гауһарды өңдегенде 67 карат болыпты. Король де, мұрагерлері де соғыстан, автомобиль апатынан, кеменің суға батуынан қаза табады. Ақыры гауһар тасты 1863 жылы Лондонның банкирі Томас Хоуп сатып алды. Осы кезде тас салмағы 44,5 карат тартқан. Осы Хоуп қана Үндістан гауһарының қасіретінен аман құтылғанымен, немересі барлық байлығынан айырылып, кедейлікке ұшырапты. Бұдан кейін гауһар тас Ресей князі Катиновскийге өтеді. Ол бір әйелге беріп, артынан әлгі сұлу актрисаны князь өзі өлтіреді. Князь да кешікпей анархистер қолынан өледі. Бұл туралы Владимир Мезенцев «Тас туралы ертегі» кітабында: «Қасірет тас қолдан қолға өтіп жүріп, Испаниядан бір-ақ шығады. Оны алған бай гауһар тасты өзімен бірге алып, 1909 жылы кемемен сапарға шығады. Жолда кеме суға батып, кемедегілер түгел балыққа жем болады. Алайда асыл тас су астында көп жатпай, «қалқып» шығады» – дейді. Гауһарды кемеден тапқан маржан іздеушілер американдық миллионер Маклинге сатады. Көп кешікпей оның кішкене баласын машина қағып өлтіреді. Оның әйелі тастың қасіретінен балам өлді деп ажырасып тынады. Бұдан кейінгі иегері француз Хотевил де әйелінен, бір баласынан айырылса, бір баласы суқараңғы соқыр болады. Бұдан кейін бұл тасты Америка жерінде бір алаңғасар кемпір 40 мың долларға сатып алады. Кемпірдің есі ауысады. Ол тасты алты немересіне қалдырады. Бірақ кемпірмен аттасы Эвелин Маклин де құпия жағдайда өледі. Бұл тас қазір Америкада сақтаулы. Оның шынында қасірет тас екеніне жұрттың көзі жеткендей. Ол тасты негізгі иесі Үндістанға қайтармаса, Американың жағдайы нашар болуы мүмкін деген де сөз бар. Ғарышта алмас бар ма? Әшекейлер әлемі2004 жылы Тревис Меткальф есімді астроном салмағы 10 млрд. триллионды құрайтын алмасты көрген. Бұл алмас бастапқыда өшкен жұлдыздың ядросы болған көрінеді. Оның қазіргі диаметрі - 4 мың шақырымды құрайды. Астрономдар оған «Люси» деген атау беріпті (Битлз тобының «Lucy in the Sky with Diamonds» әнінің құрметіне).   Ерекше қасиеттер Ерте замандарда асыл тастың емдік қасиетін ашып, оны шипалық маңызына қарай бөліп қадірлеп әрі қастерледі. Қазіргі заманда асыл тасты сән не матаныш үшін қолданады. Асыл тастарды ұдайы зерттегенде, адам мүшелерінің рухани-энергетикалық потенциалдық өрісін ретке келтіретіні анықталған. Асыл тастармен емдеу әдісі мыңдаған жылдар бұрын Үндістанда аюрведалық тәсіл бойынша пайдаланылған екен. Сырттан келетін кез келген кері әсер күші адамның денесінде, ойында, санасында күшті өзгеріс туғызады. Егер асыл тасты бірге алып не тағып жүрсе, ол теріс энергияның кері әсерін тоқтатуға, кері қайтаруға немесе денеге сіңгенде оны өңдеп, адам қуатын бірқалыпқа келтіруге көмек етеді. Асыл тас сіздің «сорылған», «жоғалған», «шашылған» қуаттарыңыздың орнына жаңа толықтырушы оң қуаттар жинайды. Оның тепе-теңдікке келуіне үлкен әсер етеді. Асыл тастардың емдік және ерекше қасиеттеріне келетін болсақ: Алмас – ізгілік пен ерлікті бейнелейді. Көкшіл реңді асыл тас жас аналардың бойтұмары іспеттес болады. Жақұт – опасыздық пен қорқыныштан қорғайды. Сүйген жанын өзіне қарату үшін еуропалық әйелдер жақұт ұшқынымен магниттелген ыдыстан тамақ берген. Замартас (изумруд) – қуаныш пен көтеріңкі көңіл сыйлайды. Ұмытшақ немесе көзі нашар көретін әйелдер оны мойнына таққан. Бұл асыл тас ұзақ өмір сүруге кепілдік береді. Дел-салдықтан арылтып, ойды ширатады. Алтындалған табас (топаз) – ұмыт­шақтық пен ұйқы қашуды жазады. Көз тию­ден сақтайды, дәм сезу күшін арттырады. Александрит – қан айналуды жақсар­та­ды, қанды тазартып, тамырларды бекіте түседі. Гауһар – күш-жігер қосады, жүре­гіңді ты­ныштандырады, сағыныштан сарғай­ғанға да ем болады. Ізгілікті циркон (гиацинт) – күйгелектік панелестен арылтады. Мінезі жеңілтек әйелдер «жоспарсыз» туудан сақтанғанда пайдаланған. Қызыл шпинель (лал) – күннің өткір сәулесінен қорғайтын болған. Қарт кісілер бел ауруын жеңілдетуге тағады. Фируза (бирюза) – адамдардың арасындағы араздықты бәсеңдетеді. Ұдайы мойынға тастамай тақса әйелдер сары ауруға ұшырамайды. Фируза да адам секілді, жасына қарай түрін ақшылдан көгілдірге, көктен жасылға өзгертіп тұрады. Иесіне әлде бір қауіпті жағдай төнсе, фируза оның көз алдында күңгірт тартып жүре береді. Ал жазылмайтын ауруы бар адам тақса ол мүлдем «сөніп» қалады. Опал – күдікті ойларды қоздырады, ұрыс-керіске итермелейді. Қорқыныш туғызып, секем мінез қалыптастырады. Ерте кезден-ақ опалдың жүректі күдікті ойлармен тұмшалайтыны белгілі болған. Тек өз-өзіңе деген мықты сенім ғана олардың қатты әсерінен сақтай алады. Аметист – маскүнемдіктен қорғайды, адамның жүрегін ізгілікке толтырып, аумалы-төкпелі ойдан сейілтеді. Егер әйел адам оны жастығының астына жастанып жатса, жақсы түс көреді. Аметистпен бетті сипап әжім мен секпілді кетіруге болады. Агат – тіл-көзден сақтайтын қара тас. Бойыңдағы ауруыңды бәсеңдетіп, есту қабілетіңді жақсартады. Яшма – суық реңді бұл тас бола­шақ­тың көзге көрінбейтін пердесін ашады. Қызыл яшма қан аққанды тоқтатып, иіс сезу қабілетін күшейтеді. Ал күңгірт түстісі удан және қастандықтан сақтайды. Гагат – бұл тас сіреспе мен буын ауруын емдейді. Айтас (лунный камень) – қояншық ауруы мен бүйрек шаншығанын емдейтін болған. Кровавик (гематистің бір түрі) – бақсылардың бойтұмары болып есептелген. Оның көмегімен іріңді жаралар мен зәр шығару органдарының ауруларын емдеген. Жадейт – әсіресе Шығыс елдерінде жоғары бағаланған. Ол жетпіс жеті ауруға ем, әсіресе ревматизмге жақсы шипалы болған. Ақбота ИСЛӘМБЕК  

11753 рет

көрсетілді

109

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы