• Руханият
  • 14 Қараша, 2013

Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі: Мен де қазақ тілінің жанашырымын

Сейсенбі күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге асырылуы, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы айтқан сын-ескертпелердің орындалуы барысы мен еліміздің мәдениет және ақпарат саласының дамуы, алдағы міндеттері туралы брифинг өткізді. Мәдениет және ақ­парат министрі Мемлекет басшы­сы­ның айтқан сынына қатысты былай деді: – Мемлекет басшысының сыны өте әділ ғана емес, мәдениет пен ақпарат саласының алдына стратегиялық міндет жүктеген сын болды. Егер Мемлекет басшысы алдымызға жоғары мақсат – әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруді қойса, сондай міндетке медиа саласы да жетуі тиіс. Біз қазір осы мақсатқа жетуге байланысты барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Брифинг барысында министр бүгінгі жастар кітап оқымайды деген пікірмен келіспейтіндігін де жеткізді. Өйткені қазіргі жас­тар баспа үлгісіндегі кітаптарды оқымаса да, жаңа кітаптың электрондық үлгісін ғаламтордан тауып оқиды. «Мен өзім кейінгі уақытта шетел әдебиеттерінің электронды нұсқасын оқуға көштім. Біз бүгінгі заманның осы іспетті өзгерістерін ескере отырып, «Қазақстанның электронды кітапханасы» атты үлкен жобаны іске асырдық. Онда 4280 кітап және 16 мыңнан астам құжаттың көшірмелері бар. Кітапхана қоры үнемі жаңарып отырады» деді министр. «24 KZ» телеарнасы өзі жұмыс істей басталған жылдан сәл астам уақыт ішінде тәулік бойына ең жедел де сенімді бейнелі ақпарат алудың нақтылы көзіне айналып, ең танымал ақпараттық-жаңалық телеарналар үштігі қатарынан табылып келеді. Ал әлемнің 93 мемлекетін қамтитын «Kazakh TV» арнасы еліміздің күнделікті тыныс-тіршілігі мен жеткен жетістіктерін халықаралық аудиторияға жеткізеді. Бірақ аталмыш телеарнада контент пен тілдік баланста проблемалар бар. «Біз қазір оны күшейту мен ірілендірудің мүмкін болатын барлық варианттарын қарастырып жатырмыз» деді министр. 3-4 ай ішінде танымал болып үлгерген телеарналардың бірі «Қазспорт» арнасы туралы да ойын білдірді. «Мемлекет басшысының тікелей қолдауы мен спортты серік етудің үлгісін көрсетуінің арқасында біз спорттық державаға айналдық. Егер мен біздің елімізде үл­кен-кіші бірдей не спортпен шұғылданады, не спортқа жан­күйерлік етеді десем, бұған ешкім таласа қоймайтын шығар. Сон­дықтан бұл арнаны бүкіл Қазақстан көретін болды» дей келе, арнаға жақсы іріктелген және дұрыс дайындалған шынайы кәсіби мамандардың жас толқыны келіп, істі бірден ілгері жылжытып әкеткеніне көңіл бөлді. Ұлттық мәдениет туралы ой толғағанда, «Мәдени мұра» бағдарламасының қо­рытындыларымен таныс­тырып өтті. 2003 жылдан бері ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылды. Қазақ тарихына қатысты қытай, моңғол, иран, араб, түрік мұрағаттарындағы, Еуропа мен Азияның өзге де елдерінің сан алуан қорлары мен кітапханаларындағы ондаған мың құжаттардың көшірмесі алынып, ғылыми айналымға түсті. Солардың негізінде көптеген монографиялар, оқулықтар және зерттеу еңбектер жарық көргені өз алдына бөлек әңгіме. Қа­зақстан аумағындағы 37 көне қала зерттеліп, 113 тарихи-мә­дени ескерткішке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазақ халқының тарихында тұңғыш рет 93 томдық «Бабалар сөзі» деген атпен қазақ ауыз әде­биетінің жинағы жарық көрді. Тәуелсіздік жылдары көрші елдердегі көптеген театрлар жабылып, енді бірінде тұтас өнер саласына тыйым салынып жатқанда еліміздегі барлық театрлар сақталып қалынды. Қазақстанда кейінгі 20 жыл ішінде 17 жаңа театр ашылды. Қазір еліміздегі театрлар саны 54-ке жетті. Соның ішінде Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ театры, Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы қазақ драма театры жаңа ғимараттарға көшті. Барлық тозығы жеткен республикалық, облыстық театрларға күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Театр репертуарлары жаңартылып, үлкен өнерге жас толқын өкілдері келіп қосылды, республикалық театр­лар қойылымдарының басым көпшілігі аншлагпен өтуде. Мұражайлар туралы әң­гіме қозғаған Мұхтар Құл-Мұхаммед Астана қонақтарына қазақ халқының арғы, бергі тарихынан кеңінен мағлұмат беретін мемлекеттік деңгейдегі, жалпы көлемі 73 мың шаршы метрді құрайтын Ұлттық музей салынып жатқанын айтты. Оны Тәуелсіздік, Астана, Алтын, Тарих және Өнер мұражайларынан тұратын тұтас музейлер кешені деуге әбден болады. Қазір онда негізінен құрылыс жұмысы аяқталып, мұрағаттау ісі басталып кетті. Министр тіл мәселесіне де кеңірек тоқталды: –Тіл – біздің елімізде, әсі­ресе, зиялы қауым мен ­қазақ- ­тілді бұқаралық ақпарат құрал­да­рында жиі қозғалатын тақырып. Мен де, өздеріңіз сияқты, қазақ тілінің жанашырымын. Салыстырып көрейікші, қазір бүкіл Қазақстан бойынша қазақ мектептері мен аралас мектептерде қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны еліміздегі мектепке баратын барлық оқушылардың 71 пайызын құрайды. Мен кездесу алдында тура осы деректі республикалық Статистикалық агенттік басшысымен нақтылап алдым. Айтыңызшы, осыдан 20 жыл бұрынғы жағдай қандай еді?! Жаңағы мен айтқан пайыздық көрсеткіштен екі есеге жуық төмен болатын. Тіпті Қазақ ССР-нің кейбір облыс орталықтарында жалғыз ғана қазақ мектебі, оның өзі ауылдан келіп оқитын балаларға арналған мектеп-интернаттар болатын. Бүгінгі жағдай мүлдем басқаша. Осыдан 10 жыл бұрын рес­пуб­ликамыздағы кейбір телеарналар мен радиостансалар ішінде қазақ тілінде жарты минут та хабар таратпайтындары аз болған жоқ. Қазір солардың бәрі заң шеңберінде кемінде 50 ­пай­ыз қазақ тілінде хабар таратуға міндетті. Әрине, олардың сапасы мен көрсететін уақыты жөнінде қоятын талабымыз да жоқ емес. Енді ақпаратты 50 пайыз қазақ тілінде таратпаған телеарналар лицензияларынан айрылулары мүмкін. Мұхтар Абрарұлы бұл мәлімдемені талапты орындамай отырған БАҚ басшыларына әдейі бағыттап айтты. «Қазiр сол норманы орындамай отырған адамдар бар. Менiң бiреудi жазалағым келiп тұрған жоқ. Алайда заңбұзушылыққа бейжай қарап отырмаймын. Бiз телеарна басшыларын екi рет шақырып, заң нормасын сақтау туралы ескерттiк. Осы мәселе 22 қазанда өткiзiлген жиында айтылды. Сонда телеарна басшылары 1 желтоқсанға дейiн жағдайды түзетемiз деп сөз бердi. Ендi заң бұзушыларға қатысты лицензияны қайтарып алуға дейiн сәйкес шара қолданылады» деді министр. Себебі 2001 жылы елімiздегi БАҚ туралы заңда тiлдiк норма деген ұғым жоқ болатын. Сол кезде министрлік осы тiлдiк норманы енгiзiп, әрбiр бұқаралық ақпарат құралдары кем дегенде 50 пайыз қазақ тiлiнде ақпарат таратсын деген норманы енгiзген еді. «Сол кездерде республикамызда кейбір жекеменшік арналар бiрде-бiр минут қазақша хабар бермеген, біз оны білеміз. Сонда біз мемлекеттiк комиссия құрып, сол комиссияға әр телеарна мен радиостанцияның басшысын шақырып, өңiрлiк компанияларды қоса алғанда 40-қа жуық телекомпанияның жұмысын тоқтатқанбыз. Сол кезде шу көтерiлiп, ол Еуропаға, ЕҚЫҰ-ға дейiн жетiп, Қазақстанда БАҚ жұмысын, сөз еркiндiгiн шектеп жатыр делiнген болатын. Содан кейiн бұл жұмыс заң нормасына сәйкес талап етiле бастады. Бірақ адамнан қулық артылған ба? Сол «елу» деген норманы толықтыру үшiн «Қыз Жiбек», айтыс дегендi түнде қойып қояды» деді сөз арасында министр. Министр елімізде корей және түрiк телесериалдарын сатып алуға тыйым салынатынын айтты. Яғни осы жылдан бастап түрiк-корей телехикаяларын сатып алу тоқтатылады. Мәдениет және ақпарат министрі бұл орайда, барлық күш отандық телехикаялар түсiруге жұмсалатынын айтты. «Шетелдiк телехикаяларды сатып алуға жұмсалатын қаражатты отандық телеөнiм дайындауға бағыттайтын боламыз. «Қазақстан», «Хабар» телеарналарында бүгiннiң өзiнде 20-ға жуық қазақстандық телетуынды көрсетiлдi. Жақында ғана эфирге жол тартқан «Қасым» сериалы көрерменнiң көңiлiнен шыққаны байқалады. Сол сияқты, кино әлемiнде еңбек етiп жүрген Баян Есентаева Күләш Байсейiтова туралы фильмдi қолға алғалы жатыр,– дедi М.Құл-Мұхаммед. – Сосын жекеменшік телеарналар Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ өнімдерін көрсете алады». Мұхтар Абрарұлы­ның айтуынша, бүгінде көптеген үкіметтік емес телеарналар «сериал» сынды өнімге инвестиция салуға қауқарлы емес. Ол тек шығармашылық қана емес, қаржылық мүмкіндікті талап етеді екен. «Сондықтан «Хабар», «Қазақстан» те­леар­­наларының еншілес құры­лым­дарында бірінші және екінші көр­сетілімнен кейін ол сериалдар жекеменшік телеарналарға берілмекші. Эфирді сапалы өніммен толтыру қажет» дейді министр. «Қазақфильмнің» бюджеті биыл 3 млрд 400 млн теңгені, келесі жылы 3 млрд 500 млн теңгені құрап отыр екен. Министрдің ойынша, дағдарыс кезінде бұл аз қаражат емес. Осы қаражатқа 30-ға жуық көркем, деректі, анимациялық және балаларға арналған фильм түсіріледі. Және белгілі болған дүние, «Бiлiм» және «Мәдениет» телеарналары бiрiктiрiлмекші. Шешім де қабылданыпты. Өйткені бұл арналардың рейтингісі төмен. Оларды қарайтын аудитория­сы да аз екен. Сол себепті екеуін біріктіріп жаңа телеарна құрылады. Бұл жаңа телеарна 2014 жылдың басында құрылып, «Хабар» агенттiгiнiң базасында жұмыс iстейтiн болады. Ал тәуліктік таралымы 18 сағатқа дейiн ұзартылады. Сосын министр қазақтілді электронды БАҚ жұмысын да қолға алу қажеттігіне назар аударды. «Өйткені бүгінгі технологияның қарыштаған заманында, таңертең болған жаңалық түстен кейін ескіріп қалып жатады. Ал газет-журналдардың ертеңгі нөмірі шыққанша, біраз уақыттың кететіні белгілі. Әрине, газеттің алыстағы ауылға жетуі керек. Алайда көзіқарақты, креативті оқырман барлық жаңалықтарды ғаламтордан алып оқи салады. Сондықтан қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары болашақта өздерінің интернет сайттарын мықтап қолға алулары қажет. Баспасөздің жұмысы тек таралыммен ғана емес, оның сайтына кірген адамдардың санымен де бағаланатын болады» деді бұл ретте. Министр 2014 жылдың басында «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясын түсіру жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді. 1990-жылдары аталған туындының түсірілуіне бри­тандықтар қолдау көрсеткен. Сол уақытта жалпы көрерменге оның 400-ден астам сериясы көрсетіліпті. Телесериалға ­Бикен Римова, Қасым Жақыбаев, Сағи Әшімов түскенін көзіқарақты көрермен жақсы біледі. Алайда қазір бұл дарынды өнер иелері біздің қатарымызда жоқ. Алайда олар көрермен көңіліне тамаша бейнелерді қалдырып кетті. Фильм режиссері Ермек Шынарбаев болатын. «Астанада тоғысқан тағдырлар» деген шартты атауы бар сериалда өзге тағдырлар, өзге оқиғалар көрсетіледі. Келесі жылдың басында түсіру жұмыстары басталмақ. Телехикаяның авторлық құқығы «Хабар» агенттігіне тиесілі болғандықтан, «Хабар» бренді мен оның базасында түсіріледі. Телехикая келесі жылдың ортасынан бастап көрсетіле бастайды деп жоспарланып отыр. Мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстар тарифтері туралы айтылғанда, қазіргі телеөнімдердің қолданыста жүрген тарифтерінің ескіргені сөз етілді. Өткен жылы ол сағатына 120 мың теңгені құраған. Прайм-таймның минутының өзі бұдан әлдеқайда қымбат. Осыған орай биыл зерттеулер жүргізілді. Екі елеулі өзгеріс енгізілді. Біріншіден, министрлік енді минутына 40 мың теңгеден төлейді. Бұл айтарлықтай тартымды тариф. Екіншіден, сағаттар мен минуттарға емес, нақты шығармашылық жобаларға тапсырыс беріледі. Осы екі өзгерістің нәтижесінде қазір «КТК», «НТК», «31-арна», «СТВ» және «Астана» секілді 5 мемлекеттік емес арна мемлекеттік тапсырыстарды орындап жатыр. Тәуелсіздік жылдарында Мемлекет басшысының қолдауы арқасында 10 мың жас «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша шетелдерде білім алды. Бұл шынында да ерекше жоба. Аталмыш бағдарлама бойынша оқып қайтқандар арасында журналистер де аз емес. Тек биылғы және алдағы жылы ғана Президент бағдарламасы бойын­ша 20-дан астам журналист шетелдерде білім алатын болады. Олардың 7-уі ВВС-де тәжірибеден өтеді. Бүгінгі таңда америкалық және еуропалық театр және кино жоғары оқу орындарының көптеген түлектері «Қазақ­фильм» жүйесінде қызмет етіп жүр. Олардың бірқатары өздерінің алғашқы фильмдерінің түсірілімдеріне кірісіп те кетті. Министр Алаш мұрасына қатысты ойын былайша қорытты: – Алаш идеясы XXI ғасырға да қызмет істеуде десем қа­телеспеймін. Егер XX ғасыр басында Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп елін сілкінуге, серпілуге шақырса, қазір Елбасымыз Қазақстанды әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосты. Енді дамыған отыздыққа қарай бет алдық. Егер ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов өзі мектеп ашып, оқулық жазып, ғылым-білімді игеруге шақырса, Елбасымыз дүниежүзінің кез келген мектебі, университетімен терезесі тең тұратын Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетін ашып, қазақ жастарына әлемнің ең озық талабына сай білім бергізуде. Егер Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»десе, Елбасымыз тек кейінгі 4-5 жылдың ішінде 500-ге жуық жаңа мектеп, мыңнан астам балабақша салдырып, ел ертеңі саналатын жас бүлдіршіндер мен жеткіншектерге еркін білім мен тәрбие бергізуде. Бір сөзбен айтқанда, Алаш қайраткерлері армандап, жүзеге асыра алмай кеткен асыл идея­ларды Елбасымыз іске асырды деп нық сеніммен айта аламын. Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ, Астана

3582 рет

көрсетілді

34

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы