• Тарих
  • 14 Қараша, 2013

«Шаңырақтың» шапағаты

Киелі Маңғыстау өлкесінде өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, қандай жұмысты қолға алса да үлкен сеніммен кірісетін белсенді қыз-келіншектер аз емес. Отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамдық өмірде де көшбасшы болып жүрген осындай жандардың бірі – Маңғыстау ауданында соңғы екі жыл көлемінде талай тұшымды бастамалардың ұйымдастырушысы, «Шаңырақ» қоғамдық қорының директоры, Білім беру ісінің үздігі, жоғары санатты әдіскер-мұғалім Рыскүл Әлмішқызы Игілікова. Отбасын сақтау негізгі құндылық екенін дәріптеп жүрген «Шаңырақ» қорының атқарып жүрген жұмыстары жайлы білу мақсатында Рыскүл Әлмішқызының өзімен сұхбаттасуды жөн көрдік. – «Шаңырақ» қорын құрып, соңғы екі жылда аудан өміріндегі көптеген қоғамдық істерге белсенді араласып, баспасөз беттерінде де орынды мәселелер көтеріп жүргеніңізді білеміз. Жалпы қор жұмысының басты мақсаты төңірегінде кеңірек айтып өтсеңіз. – Мемлекет тірегі – отбасы, ал әрбір отбасы шағын мемлекет дегенге саятын болсақ, «Шаңырақ» ұйымы ұрпақ тәрбиесінің аса жауапты міндет екендігін насихаттап, отбасын алтын діңгекке айналдыруды, отбасындағы әке беделін көтеруді, осылайша өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат етеді. Қор жұмысы жергілікті тұрғындардың азаматтық белсенділігін қолдап, дамытуға да жол ашады. Қазіргі таңда «Мемлекеттік саясат туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүзеге асыру және тұрғындардың азаматтық белсенділігін қолдау» мақсатында Маңғыстау ауданы бойын­ша ресурстық орталық ашып, оның материалдық-техникалық базасы жасалды. Ресурс орталығында жергілікті тұрғындардың сұранысына сай тегін құқықтық, психологиялық кеңестер беріледі. Соңғы айларда әлеуметтік саясаттың жаңа қағидалары мен ана мен баланы қорғау, сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетудің жай-күйі туралы түсінік беру жұмыстары да жүргізілді. Бұған қоса, қарапайым ауыл тұрғынына да психологиялық көмек көрсетілетінін айта кеткен жөн. – Биылғы жылдың маусымында еліміздің Мемлекеттік хатшысының төрағалық етуімен өткен кеңейтілген мәжілісте «Қазақстан–2050» Стратегиясы мақсатына сай ұлттық тарихты зерделеу және насихаттау бағытында бірқатар маңызды міндеттер айқындалып, мақсаттар белгіленген болатын. Енді осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарыңыз төңірегінде әңгімелеп берсеңіз. –Бүгінгі таңда «Шаңырақ» қоғамдық қоры облыстық ішкі сая­сат басқармасының мемлекеттік, әлеуметтік тапсырысына сай, Маңғыстау облысы бойынша ұлттық тарихты зерделеу және насихаттау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жобасы бойынша бірқатар жұмыс жүргізуде. «Қазақстан–2050» стратегиясында белгіленген – тағылымы мол тарихымыздан, ұлы бабалардың өмірінен ұлағат-тәлім алуды іске асырып, бабалардың ерлігі мен бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі перзенттерінің ерен істерінің арасында сабақтастық орнату міндеті тұр. Ұлттық тарихи сананы қалыптастыруда, рухани дамуда басымдыққа ие зиялы қауым қалыптасқан мемлекет кезеңінде жалпы ұлттық құндылықтар жасау­да алдыңғы қатарлы күш болады. Осы тұста жаңа стратегиялық бағыт қазақ халқына ерекше жауапкершілік жүктейтінін айта кеткен жөн. Тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі қазақтар саны 6,8 миллион, яғни ел халқының 41 пайызын құраған болса, қазір 11 млн.-ға жетіп, 65 пайыздан асты. Өз халқын сүйетін, шежірелі тарихымен сусындаған, бірлік, ынтымақтастық, сабырлылық пен парасаттылықты ту еткен елдің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен тіл табысып,тату-тәтті,бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Өзіңіз жоғарыда сөз еткен мәжілісте белгіленген жұмыстарды іске асыру бағытында Маңғыстау облысы бойынша ұлттық тарихты зерделеу және насихаттау жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалынды. «Шаңырақ» қоғамдық қоры жергілікті тарихшы-ғалымдар, мұғалімдер, ата-аналармен, ұйым басшыларымен бірлесе отырып 25-қыркүйекте Ақтау қаласындағы облыстық тарихи-өлке тану мұражайында «Ұлттық және Маңғыстау тарихын зерделеу арқылы тарихи сананы қалыптастыру» тақырыбында семинар өткізген болатын. Семинарда жергілікті ғалым,тарих ғылымдарының кандидаты Г.Абланова «Маңғыстау тарихы орыс географиялық қоғамы ғалымдарының зерттеуінде» тақыры­бында баяндама жасады. Бұдан кейін жергілікті тарихшы ғалымдармен, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қызметкерлері, мәдениет басқармасы, мұрағат ұжымымен бірге аудан орталығы Шетпе поселкесінде «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Осындай басқосулар Қызанда, Шебір және Тұщықұдық ауылдық мекендерінде де болып өтті. – Елбасының Жарлығымен биыл қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленіп,елімізде тұңғыш рет аталып өткен еді. Бүкіл өміріңізді ұрпақ тәрбиесіне арнаған білім саласының үздігісіз. Осы тақырыпта әдістемелік оқулық жаздыңыз. «Шаңырақ» қорын құрудағы басты мақсатыңыз да сол ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты болса керек... – Әрине, ең басты мақсатымыз –елі­міздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың өнегелі болып өсуін қадағалау, отбасындағы тәрбиеге ерекше мән беру. Отбасы – бүкіл мемлекеттің тірегі, діңгегі болуы тиіс. Өнегелі отбасында тәлім-тәрбие алған бала ғана жақсы азамат болып қалыптасады, ол өз еліне еңбегін сіңіреді. Ұрпақ тәрбиесі дегеніміз бүкіл ұлттың болашағы. Біз соңғы жылдары осы бағытта көп жақсы нәрсемізден ажырап қалдық. Отбасы – баланың табиғи даму ортасы. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп пен отбасының арасында бірлескен одақ құрылуы тиіс. Азаматтық қоғам құру үшін азаматтық белсенділік қажет. Бұл міндетті ата-ананың өз баласына асқан жауапкершілікпен қарап, білім беру жүйесінің барлық деңгейінде отбасы тәрбиесінің сабақтастығын қамтамасыз етіп, салауатты өмір салтын норма ретінде бекіту арқылы іске асыруға болады. «Шаңырақ» ұйымы отбасы тәрбиесі жұмысын жандандыру, білім беру, отбасы қарым- қатынасы жүйесін қалыптастыруда нақты міндеттерді алға қойып отыр. Білім мекемелерінде әкелер мен аналар мектебін құру, жоспарлы жұмыс жүргізу – кезек күттірмейтін іс. «Бала тәрбиесі ата-ана екеуінің де міндеті» дейді Президентіміз «Қазақстан – 2050» Стратегиясында. Ал қазіргі қоғамда баланың тек ана тәрбиесінде болып, әкелердің бала тәрбиесінен бой тасалауы белең алып барады. Мен ажырасуға түбегейлі қарсымын, жастарға отбасының құндылық екенін дәріптеп, ажырасудың қа­сірет екендігін түсіндіре отырып, тәрбие­легеніміз абзал. Ажырасу салдарынан, ең алдымен балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді», бұл өмірде дәлелденген шындық. Ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйек деген болмауы тиіс, біздің бәріміз, бүкіл қоғам осы мәселеге барлық ықыласпен, асқан жауапкершілікпен көңіл бөлгенде ғана ертеңіміз нұрлы болмақ. «Баланы әуелі мейір-шапағатқа бөле, содан соң ақыл-парасатқа, ақырында еңбек пен ғылымға баулы» деген халық даналығын естен шығармағанымыз жөн. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Мөлдір ҚАНАҒАТҚЫЗЫ Маңғыстау облысы

4278 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы