• Әдебиет
  • 21 Қараша, 2013

«Күндіз екеуміз, түнде төртеуміз»

Қарашаш сұлу Жиренше үйде жоқта ауырып қаза болыпты. Әз-Жәнібек хан: «Жиреншеге біз естірте алмаспыз, өзіне-өзі естіртсін, ешқайсың сездіріп қоймаңдар» деп уәзірлерімен сөз байлап қояды. Бір күні Жиренше шешен елге қайта оралып, ханның үйіне түсіп, сәлемдесіп отырады. Хан ­Жиреншеге: – Ау, шешенім, әкесі өлген қалай болады? – депті. Жиренше шешен отырып: – Әкесі өлсе асқар тауы құлағанмен бірдей болады, – депті. – Шешесі өлген қалай болады? – Ағар бұлағы суалғанмен бірдей болады. – Ағасы өлген қалай болады? – Оң қанаты қайырылғанмен бірдей болады. – Інісі өлген қалай болады? – Сол қанаты қайырылғанмен бірдей болады. – Апа-қарындасы өлген қалай болады? – Ұзын өрісі қысқарғанмен бірдей болады. – Қатыны өлген калай болады? – Аһ!.. Менің Қарашашым өлген екен ғой? – депті Жиренше. Ол күйініп қамшысын таянғанда, қамшының сабы ортасынан шарт сынып кетіпті. «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деген сөз содан қалған екен. Қарашаш Жиренше орта жасқа келгенде қаза болады. Жиреншенің бұрынғы жас күні емес, қыз қарастыруға ыңғайы келмей, бірер жыл жүреді. Бір күні әз-Жәнібек хан ­Жиреншеге: «Шешен, сенің үйленбей жүргенің жарамайды, пәленшенің қатыны ерінің тұсында жақсы әйелдің бірі еді, соны сен ал!» дейді. Жиренше шешен: «Сіз ұйғарған болсаңыз жарайды» деп сол қатынды алады. Арада біраз уақыт өткенде хан: «Шешен, мына қатының бұрынғылардай болатын ба, қалай?» дейді. Сонда шешен: «Күндіз екеуміз, түнде төртеуміз» дейді. Хан: «Түнде төртеуің қалай?» дегенде, Жиренше шешен былай дейді: Ері есіне түседі, Теріс қарап жатады, Оныменен ол екеу. Қарашашты ойлаймын, Мен де теріс қараймын, Оныменен мен екеу. Оймен тауып жолдасты Боламыз түнде біз төртеу. Таң атқан соң оянып, Тұра келсек тағы екеу! Қыздай алмай қатын болмас, Есік көрген мақұл болмас. Қанша жақсы көрем десең де, Бұрынғыдан жақын болмас. Байы өлген қатынды алу, Ойлағанда ақыл болмас. Хан мен жиылған көп шешеннің сөзін тыңдап «рас» десіпті.

4330 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы