• Әдебиет
  • 28 Қараша, 2013

Қазақ әдебиеті

Қазіргі оқырман Сәкен Сейфуллинді негізінен не ақын, не «Тар жол, тайғақ кешу» авторы ретінде біледі. Ал ең қызығы, ұлы Сәкен Қазақстан тарихнамасына да зор үлес қосқан азамат еді. Осы айтуымыздың дәлелі, 1931 жылы 8-наурызында Сәкен Сейфулиннің Алматы қаласында шыққан «Қазақ әдебиеті» атты монографиясы. Өкінішке орай, Қазақстанның рухани-саяси ахуалы ХХ ғасырдың 30-жылдарында өте қиын жағдайда болатын. Бітпейтін саяси науқан, «жау іздеу», т.б. шым-шытырық жағдай аяғында Сәкеннің 1937 жылы ұсталып, атылуына әкеліп соққаны баршаға аян. Ұлы қайраткердің еңбегі, есімі өшті, аты айтылмайтын болды. Тек 60-жылдардағы жылудан кейін ғана Сәкен ақталып, еңбектері қайта шыға бастады. Сонымен 1964 жылы Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин шығармалары қайтадан жарыққа шықты. Осы шығармалардың 6-шы томын құрастырып, соңғы сөзін жазған Тұрсынбек Кәкішев ағамыз, ал кіріспесін Сәбит Мұқанов жазған екен. Сәкен Сейфуллин монографиясы өте терең, мағлұматқа бай, тарихи деректері мен қорытындылары ғылыми түрде жазылған. Автор қазақ тарихына қатысты этнографиялық сюжеттер, көне және ортағасырлық жыр мен ауыз әдебиетін кеңінен пайдаланған. Бірақ неге екені белгісіз ұлы ағамыздың бұл еңбегі ұмытылған. Себебі не студент кезімізде, не кейінгі кезде бұл еңбек сонша айтылмайтын. Бәлкім көп ұрланғандықтан болуы мүмкін. Дана халқымызда «Алтын жер астында жатпайды» деген мақал бар. Біз бүгін оқырмандарға Ұлы Сәкеннің осы еңбегінен үзінділерін беріп отырмыз. Ең тамашасы, Ұлы Сәкен «қазақ» этнонимінің шығу тарихын, тарауын өте нанымды әрі дәлелді көрсеткен. Кезінде «қазақ» деп атанған тайпалар Қырым мен Қап тауы, қазіргі орыс, украин жерін XVI ғасырға дейін жайлағанын айтып кеткен еді. Кітап қайталап айтайын 1931 жылы шыққан. Біз берілген мәтінді өзгертпей, орфографиясын сақтап беріп отырмыз. Ізгі ниетпен, профессор Бүркітбай Аяған Сәкен Сейфуллин Қазақ сияқты елдің тарихы тәрізді нәрсесінің алғашқы мағлұматтарын талқылау, әрине, кемшіліксіз болуы мүмкін де емес. Бұл күнгі қазақ атанып, отырған ел – моңғол-түріктің бірнеше руларынан құралған ел. Бұл қазақ атанып құралып отырған елдің: Найман, Дулат, Жалайыр, Керей, Қоңырат, Қыпшақ, Арғын деген белгілі рулары Шыңғыс ханның тарихында айқын аталатын түрік-моңғол рулары. Түріктің жіктелген рулары Орта Азиядағы Алтай тауынан, Ыстықкөл маңынан шығып, жайлы мекен, кең қоныс қуалап, күншығыс пен күнбатысқа тараған. Күншығысқа – Байкал көлінің маңына, ар жағына дейін; күнбатысқа – Қара теңіз маңына, Қырымға дейін, Кіші Азия, Арабстанға дейін тараған. Шыңғыс хан 1227 жылы өлді. Біреулер –66 жасында өлді дейді. Екінші біреулер — 72 жасында өлді дейді. Олай болғанда не 1161 жылы, не 1155 жылы туған болады. Шыңғыстың әкесінің заманында Жалайыр, Қоңырат, Найман, Керей, Татар деген рулар – сол Шыңғыстың әкесінің руымен аралас, көршілес, Байкал көлінің маңында, Онон, Керөлең, Орхон деген өзеннің өлкелерінде отырған. Сол маңда Қырғыз рулары да болған. Шыңғыстың әкесі бір татардың қатынын тартып алған. Одан Шыңғыс туған. Шыңғыстың Бөрте деген бәйбішесі – Қоңырат қызы. Кіші қатынының бірі, Бисует қатын есімді татар қызы. Шыңғыс ханның тума аты Темушін (Теміршін) екен. Темушін деген бір Татар руының бастығының аты екен. Тарихшылар «Темушін» дегенді, түрікше «темірші» деген сөз дейді. Менің ойымша, олай дегеннен гөрі «теміршың» деген сөзден бұзып алып жүрген есім деуге туралау келеді. Шыңғыс деген сөзді, тарихшылар – «ұлы, күшті, биік хан» деген сөз деп баяндайды. Олай болғанда, «Шыңғыс» деген ат,– «шың» – «құз» деген сөз болады. Шыңғыс («шың» – «құз») атты — оларда, 1206 жылы Теміршыңның ру бастықтарын шақырып құрған үлкен жиылысында (құрылтайында) жиылып отырған толқа шығып сөз сөйлеп: «Теміршың — хан енді кішкене хан емес, бұл енді—ұлы, биік хан болды. Көктегі Тәңірдің әмірі бойынша,— мұның есімі енді «Шың — құзхан» болсын!» деп жар қылған Қоңырат руынан Меңлеке баласы «Тәңірі бұты» атанған, Көкше деген бақсы Шыңғыс («шың — құз») әскерінің оң қанатының бастығы болған. Хандар билеген Азияның әр жеріндегі өзара жауласқан руларды тегіс жеңіп, өзіне бағындырып, Шыңғыстың шұбырған қалың қолы күншығыстан-күнбатысқа қаптап, Каспий теңізін жағалап, Кавказдан асып, жүрген жерлерін жаншып отырып, орыс жеріне келіп алған. Шыңғыстың қалың қолының ішінде күншығыстағы түрік руларының бәрі де болған. Күншығыстан-күнбатысқа қаптаған бетінде, түрік руларын қырғанын қырып, жаратқанын әскеріне қосып ала берген. Ақыры — күншығыс Қытайдан — Орхон, Ке­рөлең, Онон өзендерінен Қара теңізге дейін, Қырымға дейінгі кең жайылған екі арадағы бытыраған Түрік рулары Шыңғыстың қол астында болған. * * * 1.Ал әлгі, қазақ дейтін сөз, «қашақ» деген сөзден шыққан екен деген әңгіме, тарихшы Бартольдтың бұл молтақ – шолақтау сөзінен аулақ кетпейді. Ондай шеттеп, топ жинап, өзінің туысымен жауласып, тап беруге ылаж аңдып, реті келгенде тап беріп жүргендер, әрине, қолына түскен, жауласқан туысын аямайтын болар. Жауласқан туысының реті келсе, «қанын ұрттап» кету, ондайлардың үйреншікті істері болар. Олай болғанда шетке шығып алып, үйтіп жүрген жау туыс­тарын, ана қалған елдегі туыстары «қашақ» десе де, тіпті «қасақы» десе де мүмкін. Ал қалың елдегі туыстары бөлініп, жау болып жүрген туыстарын «қашақ», «қасақы» дегенде, «қашақ», «қасақы» атанып жүргендер, өздерін-өздері: «біз қашақ» «қасақы» емес, «қазы-қақбыз...» деулері де мүмкін. Жаумен соғысқанда: «өлтірсек – қазымыз, өлсек – шейтпіз!!!» дейтін қазақтың ескіден қалған сөздері бар. Жауласып, «Қашақ», «Қасақы» болып жүріп: «біз қазымыз және ісіміз ақ деулері» де мүмкін. Әр тарихшылардың «қазақ» туралы жазған мағлұматтарын теріп келіп Мұхамеджан Тынышпайұлы былай дейді: «Алшын деген ел қазақ атанып, Қара теңіз бен Кавказ тауының солтүстік жағында болған, кейін ол қазақтар көшіп, Еділдің аяғына келген. 15-өмірде (ғасырда) Сібірдің, Түркістанның көшпелілері «қазақ» деп аталған. 15-ші, 16-ші өмірлерде (ғасырларда) Жәнібек ханның құрған, қазақ елі атанған хандығымен қатар, бұрынғы Алтын орданың жерлеріндегі халықтардың бәрі де, «қазақ» атанған дейді. Бұл мағлұматтардан көрінетін нәрсе мынау: көп елінен екшеулеп шығып, жауынгершілік кәсібінде болғандарды «қазақ» деген. Күншығыстағы Әбілқайыр ханға араз болып, әлгі Хан тауына көшіп барып, қазақ атанып, қазақ хандығының негізін құрған, Жәнібек бастаған аз ноғайлардан басқа да, Алтын орданың бөлек-бөлек хандарының бәрінің де жауға аттанғандай алып шығатын күшінің бір түрлісін – қазақ деп атаған. Оған дәлел, әлгі Қырым ханы Меңлікерейдің орыс князі ІІІ Иванға жазған хатынан көрінеді. 1471 жылы орыстың Новгород деген қала­сына аттаныс қылғанда, Қасымлықтар мырзасы Данияр өзінің «қазақтарымен» барған. 1481 жылы Алтын ордадағы Ахмет ханға қарсы аттаныс болғанда, Шайбақ ұрпағы Ыйбақ хан мың «қазақпен» келген. Мұса мен Жаңбыршы деген ноғай мырзалары он бес мың «қазақпен» келген. Қарамзин жазады: 1499 жылы татар ордалық «Қазақтар» және азовтық «қазақтар» – «Олешне поселкесін келіп алды» дейді. 1508 жылы Қазан ханы Әбділлатив орыс князі Василийге жазған хатында: орыспен соғысуға «қазақтарын жібермеске» уәде қылады. Бұдан кейін тарихта 1531 жылдан 1587 жылға дейін Қазан хандығы мен Қырым хандығының «қазақтары» туралы көп айтылады. Вильяминов-Зернов деген орыс тарихшысы: «Қазанның, Қырымның жабайы татарлары, XV-XVI ғасырларда қазақ делінетін еді. Олар өздерін «қазақпыз» дейтін еді» дейді. 1598 жылы Парсы Шаһы Аббасқа жіберілген, Жировой-Засякин деген ноғай уақиғалары туралы жазғанында: «Сібір ханы — Көшім далаға қазақ болып кетті» дейді. Фишер деген бел­гілі тарихшы: «Қөшім хан – Мұртаза баласы – Шайбақ ұры­ғынан, «қазақ» ордасынан,– Жайық пен Сыр арасындағы қырдың «қазағы» еді» дейді. Бұған қарағанда, Хан тауына көшіп барып, Жәнібекті хан сайлап, қазақ атанып, қазақ хандығын құрған 4-5 рудан ғана құралған аз ғана ноғайлардан басқа да қазақ аттылар көп болған. Бұл тарихи мағлұматтарға қарағанда, «қазақ» атанғандардың не ханға қарашы, досын, әскер, «жігіт болған адамдар екендігі, не ордалы елінен шығып, далаға, қырға, аулаққа» кетіп «қара болып кеткен» адамдар екендігі көрінеді. «Қазақ» атанғандардың ханға қарашы, яки «қара халық» болғандар екеніне мең­зейтін қазақ ел әдебиетінде де сөздер бар. Қайырлы деген ақынның «Шикәйт» деген кітапшасында мынандай бір өлең бар: «... Жиылып барып отырдық, Сыйлыққа келген құдаша. Қара қазақтың бас көтерген адамын Қасына алды оңаша...» 1908 жылы Қазанда басылып шыққан «Мұрат ақынның Омар Қазы ұлына айтқаны» деген кітапшада «Нұрым ақынның Адай Атамбекке айтқаны» деген сөзде мынадай өлең бар: «... Қараның ұлы қазақта Барма еді сенің өлшеуің? Шайтан кірмей араңа, Өсіп еді өркенің...» Түріктер әскерді «қосын» дейді. Қо­сыннан «қосақ» деген сөз шығады. «Қазақ» деген сөз «қосаққа» да ойысатын сияқты... «Қосақ», «қашақ», «қасақы» «кезек» деген сөздердің бәрі де қазақ болмысына үйлеседі... Ақыры жіктеліп шығып, не ханға қарашы — жігіт болып, не аулаққа далаға кетіп «қара тобыр» болып, маңайдағы елдерге шабуыл жасауды «кәсіп» қылып алғандарды — «қазақ» дейді екен деген қорытындыға, әлгі айтылған мағлұматтардың ешбіреуі қарсы емес. Қайта әлгі айтылған тарихи мағлұматтардың бәрі де, сол, руларынан жіктеліп, хандарға, сұлтан­дарға, батырларға қарашы болып, шабуыл жасаушыларды «қазақ» деп айтады екен деген сөзді жандандыруға меңзейтін мағлұматтар. Онсоң, бұл арада айта кететін бір сөз, қазақ атанған елдің «қазақ» деген сөзді өзінің қалай жұмсайтындығы. Қазақ кейде «қазақты» айтқанда, басқа бір бөтен адамды айтқан тәрізденетін сияқты. Бір қазаққа екінші қазақ кейігенде: «Қазақтың өзі бір түрлі!» дейді. «Мен бұ қазаққа тиіспеймін» дейді. «Менде басқа қазақтың не ақысы бар!» деп айтатын әдет бар. Өзге елдің өзін бұлай айтатынын мен естігемін жоқ... Енді «алаш» деген қайдан шықты деген сұрауға қысқаша жауап бере кетсе болады. Қазақта «Алаш—алаш болғалы, Алаша хан болғалы» деген сөз бар. Атбасар мен Ақмоланың оңтүстік жағында, Кеңгірлі деген өзеннің маңында Жошы ханның моласының қасында Алаша ханның моласы бар деп көргендер айтады. Бірақ қазақ туралы жиналған тарихи мағлұматтарда «Алаша» деген қазақ ханының аты көрінбейді... «Алаш» деген сөз моңғол тілінде, қалмақ тілінде «кісі өлтіргіш» деген сөз екен. Жаны ашымай хайуанды көп өлтіретін аңшыларды да қалмақтар «алашы» дейді екен деп «Қазақ» газетінің 1913 жылы шыққан санында жазған. «Алаш» деген ұран, қазақ болған түрік руларында көптен бар, ноғайлы заманындағы ұраны екендігіне тарихи мағлұматтар бар. «Алаш» деген сөздің, қазақ болған рулардың ноғайлы заманынан бар ұраны екендігіне қазақтың ауыз әдебиетінде де келетін меңзеулер, дәлелдер бар. Шежіре бойынша: «Қазақтың Ахмет ханы қалмақты шаба берген. Қалмақ Ахмет ханды «қанішер, жауыз, кісі өлтіргіш» деп, өз тілінше — «алаш» деп атайды. Ахмет хан: «қалмақ қорыққан соң, ондай ат қойып отыр. Енді қалмаққа тигенде, қалмақтың үрейін алу үшін «алаш» деп шабыңдар» дейді. «Сонан соң, қазақ ханы Ахмет «алаш» атанып, қазақтың ұраны «алаш» болып кеткен дейді. «Алаш – алаш болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмадық» деген содан қалған сөз» дейді. Қазақтың бір ертегісінде: «Қасқыр –қарақұлақ деген аңнан қорқады. Сондықтан «қарақұлақ» десе – қасқырдың шамы» деген қазаққа мақал болған деседі». Бала күнімізде: «Қасқыр көрінсе «қарақұлақ!.. қарақұлақ!..» деп айқайласақ, қасқыр қорқып қашады» деуші едік. Шәкәрімнің «алаш» деген сөздің қайдан шыққанын баяндауы, сол, «қасқырды қорқытамыз» деп, «қарақұлақ, қарақұлақ» деп жүгіретін ұранымызды еске түсіреді... «Алаш» деген, «алаша» деген сөздің шығуына мұны қисындырғанмен «алаш» деген ұран ертерек кезден, жалпы ноғайлы рулардың ұраны еді деген тарихи мағлұматтардағы сөздерге қарағанда, бұл ұранды қазақ ханымен байланыстыру жаңылыс сөз.., қазақ атанған рулар қалың ноғайлылардан бөлініп шыққан соң, 1535 жылдардың шамасында қалған қалың ордалы көшпелі ноғайлылардың бастықтарымен жауласып жүргенде қолға түсіп, көшпелі ноғайлы батыры Орақ батырдан өлетін, Ахмет хан болуы керек. Одан басқа Ахмет атты қазақ ханы болмаған. Бұл Ахметтің өзі де жалпы қазақ ханы емес. Қасым хан өлген соң, Жәнібек ұрпағы «баққа» таласып, қазақ бір ыдыраған кездегі, бір бөлек қана қазаққа «хан» болған. Онсоң 1494 жылы қазақпен соғысып, қазақты 2-3 рет жеңген Жағатайлы ханы Ахмет хан деген, «Алаша» атанған. Соны айтпай ма екен Шәкәрім?.. Қалай болғанда, «Алаш», «алашы», «алаша» деген сөздер – бір сөз, қалмақ, моңғол тілінде – «кісі өлтіргіш», «хан құмар», «жау» деген сөз екендігі дұрыс. «Алаш» деген сөзді, қазақ атанған рулар қазақ болмай жүргенде қолданған сөз екені дұрыс. Оған тарихи мағлұматтарда айқын дәлелдер бар. Қазақ пен татардың халық әдебиетінде де дәлелдер бар. Орақ батырдың Қарасай деген баласы, жылаған шешесіне қайрат беріп айтқан жырында мынандай сөзі бар: «... Мен қабан құлақ қара атты Қатырып тұрып мінермін. Мен көрмеген алаш жоқ,– Бәріне де тиермін!..» Міне, мұндай «алаш» деп жау болып тиетін жат елді айтады. Саинның әкесінің: «... Әжептәуір құрбының Алдына алып сүйгізіп, Алашқа атын білгізіп, Ұл қызығын көрмедім...» деген сөзіндегі «алаш» дегені де, «жат» ел мәнісінде айтыл­ған... Саин батыр жылқысын елсізге салып, алдадан жау тілейді. Сондағы тілеген жауы – Алаштың батыры болады: «... Күні-түні алдадан, Жау тілей береді: Қайда кеткен Алаштың Найза ұстаған батыры? Тап менің тұсымда, Еркек мүлде таусылып, Қалған ба жұрттың қатыны?» дейді... «Алаш» деген сөзді ұран қылып алған ел, біраздан соң ел атының өзін «алаш» деп атайтын болған. Ел аузындағы: «ноғай, қазақ — бәріміз бір Алаштың баласымыз» деген сөз, «алты алаштың баласы» деген сөздер сонан шыққан болады. Сонымен қатар «алаш» деген сөзді алғашқы, өзінің шын мәнісінде, – «жат», «бөтен», «жау» мәнісінде де айту осы күнге дейін үзілмей келді. Бұған қазақтың қалыптанған сөзінде де және қазақ пен татар елінің әдебиеттерінде де дәлелдер бар. Қазақта: «Е-е, мен сенің ағайының емей, алашың ба едім!» деген үйреншікті сөз бар. Бұлай айтқандағы, «алашың ба едім» деген сөз «дұшпаның ба едім!» деген сөздің мәнісінде жүреді... Ғылман Шарыпұлы деген адам ел аузынан жинап, 1909 жылы Қазанда бастырылған, «Қазақ шығырлыры» деген кітапшада мынандай қазақ өлеңі бар: «... Жақыныңды кемітпе алаш үшін Арам іске кіріспе талас үшін. Жалғыз жатар жеріңді ойыңа ал, Отқа түспе біреудің бәлесі үшін...» Сол 1909 жылы «Шора» журналы жаса­ған тіл жарысына жазған татар жазушысы Нади Атлас ұлының: «Бір түрік бикешінің өзінің ұлына айтқан үгіті» деген әңгімесінде «Алаш» («Алашы») деген сөзді – «жау», «жендет», «қан төккіш» деген сөздің мәнісінде айтқан. Анасы баласына: «Сенің ата-бабаларың ер еді. Сенің қазір жаудан қорқуың лайықсыз» деп үгіттеген сөзі мынау: «... Бұрынғылары лашын, алып, темір балық аттарымен атанған әкелердің балаларына, бұл шақтағы қаршығалардың тырнақтарының астында езілу, қан шашқыш алаштардың кескін қылыштарының астында туралу келіспес, бала!» дейді... 1909 жылы Уфа қаласында басылып шыққан «Насихат қазақия» деген кітапшада мынандай өлең бар: «... Есекті көлік қылдық ат орнына. Ағайын алаш болды жат орнына. Өсекшілер көбейді бұл уақытта. Тараған қолдан-қолға хат орнына». Енді әлгі жіктеліп шығып, қазақ атанып, Жәнібекті хан көтеріп, қазақ хандығын құрған жөңкілген көшпелі елімізге келейік. Бұлар Әбілқайыр ханнан 1456 жылы бөлініп шыққан дедік. Әбілқайыр ханның күшеюін қауіпсініп, қалың елді бөліп-бөліп (үлесіп алып), хан болып билеп отырған, жыл санап іріп, тозып пышырауы күшейген Шыңғыс балалары Әбілқайырды өлтірген. Әбілқайыр өлген соң, 1456 жылы оның қол астындағы ноғайлы-өзбек рулары бытырап, бірсыпырасы Жәнібек қол астына шығып, «қазақ» болып кеткен. Араздасып шыққан Әбілқайыр хан өлті­рілген соң, Жәнібек хан бастаған жөңкілген қазақ күншығыстан-күн­батысқа, Еділ-Жа­йықтың құйылысына лық­сып көшіп келіп, өздерінің көп­шілігінің «қара шаңырағы» тәрізді, төркін елдеріне – көшпелі ұлы ноғай­лы елдеріне іргелесіп қонады. Осы оқиғаға мең­зейтін қазақтың ауыз әдебиетінде, ­«Жәні­­бек ханға Асан қайғы» атты деген жыр бар. «... Қырында киік жайлаған, Суында балық ойнаған, Оймауыттай тоғай егіннің, Ойына келген асын жейтұғын, Жемде кеңес қылмадың,– Жемнен де елді көшірдің. Ойыл деген ойынды, Отын тапсаң тойынды. Ойыл – көздің жасы еді,– Ойылда кеңес қылмадың,– Ойылдан елді көшірдің. Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген, Екі семіз қолға алып, Ерлер жортып күн көрген, Еділ деген қиянға, Еңкейіп келдің тар жерге, Мұнда кеңес қылмасаң...» Бұл арада айта кететін бір сөз мынау: «Бұл кітапта келтірген өлең-жырлар билер табы билеген ескі надан заманның сөздері болғандықтан, мазмұн-пікірлері дұрыс болмайды. Мысалы: Мұсылманнан басқа салтты елдерді «кәпір», «жау» деп атайды. Мұны естен шығармау керек...» Жәнібек хан содан Астрахань қаласында хан болып тұрған. Онан Жәнібек хан туралы айтылатын әңгіме түрліше шығады. 1477 жылы Жәнібек Қырымның ханы болып тұрып, 1480 жыл шамасында ІІІ Иван деген орыс князіне келіп, Ковно қаласында өлген. Кейбір тарихшылар (Гаммер), осыны қазақтың Жәнібек ханы дейді. Қазақ хандығы, қазақ атанған көшпелі жөңкілген ноғайлы көшіп Астрахань, Қазан атыраптарынан, Еділ-Жайық өлкелерінен Ұлытауға, Түркістанға, Хан тауға, Сыр бойына, Алатауға келіп, жөңкіліп жүрген. Жылдың, заманның ыңғайына қарай осы жерлердің бірін бір жыл жайлап, бірін күздеп, бірін қыстап, қаптап жүрген. Осы айтылған жерлердің бір жағын жау алса, бір жағына жөңкіліп ауған. Қайтадан ол жерді және тағы да жапсарлас жерлерді көршілес елдерден өздері де тартып алып жүрген. Жәнібек хан мен Керейдің балалары бастаған қазақтар Түркістан қаласын алмақ үшін, Шағатай ханның ұрпақтарымен, Шайбақ хан ұрпағымен неше рет соғысып, жеңіп, жеңіліп, татуласып, жауласып жүреді. Қазақ болған руларды ұлы ноғайлар қысып, сол кезде қазақ Еділ-Жайық бойынан ығы­сып, Түркістан, Хан тауы жақтарына келеді. Сол кезде 1495 жылдан былай, Шайбақ ұрпағы Әбілқайыр немересі Мұхамет Шайбани Түркістан аймағын өзіне қаратуға әрекет қылып жатқан болады. Керейдің баласы Бұрындық үлкен хан саналып, Жәнібек ханның 3-ші баласы Қасым хан қазақтың күншығыс жақ бөліміне хандық қылып тұрған. 1508 жылы Бұрындық ханды қазақтар қуып жібереді. 1503 жылдан бастап Қасым қазақтың бір күшті ханы болады. Қасымның тұсында, сол уақытта ноғай атанып жүрген – Алшын руының бірсыпырасы қазаққа қосылады. 1513 жылы Қасым бастаған қазақтар Сайрам қаласын алып, Әбілқайыр ханның баласы Сүйініш қожа билеген Ташкент маңайын шабады. Қасымның тұсында Қазақ хандығы күшейіп, өз әлінше дәуірлеген болады. «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» деген қазақтың ереже сөздерінің ішіндегі Қасым хан – осы Қасым. Қасым хан 1523 жылы өлді дейді. Қасым өлген соң, Жәнібек ханның балалары өзара жауласа бастайды. Азғана қазақты бөліп-бөліп алып, бірнеше хан болады. Қасым өлген соң, баласы Манас хан болып, өзара жауласып жүргенде, ұзамай өлтірілген. 1524 жылы Жәнібектің 4-інші ұлы Жәдіктің баласы –Тайыр хан болған, Шағатай хан ұрпағы, Сейіт ханның қол астына қараған Үйсін руы мен қырғыздар 1526 жылы Тайыр ханның қол астына қазаққа қосылған. Еділ-Жайықтың төмендегі бойын, Жем бойын, Мұсаның балалары билеген көшпелі ноғайлар қоныс қылған. Қазақ болған руларды бұлар жәбірлей берген, қоныстан қыса берген, «қазақтықты» тастатуға әрекет қылған. Тайыр ханның тұсындағы дүрбелеңде қазақтың көбі қайтадан сол өздерінің төркініне – көшпелі ұлы ноғайларға көшіп кеткен. Қалған қазақтар тағы да ұқыпсыз, қуатсыз Тайыр ханды тастап кетіп, Тайыр хан тек қырғыздарға ғана хан болып қалады. Бірақ кешікпей 1529 жылы Тайыр хан 20 мыңдай қазақ жиып алады. Тайырдан кейін қазаққа хан болған інісі Бұйдас хан 1533 жылы Әбілқайыр хан ұрпағы Ташкентті билеген Сүйініш Қожаның немересі, Наурыз Ахмет ханның баласы Дербіс хан бастаған әскермен соғысып, сол соғыста өлген. Бұл соғыста қазақтың 24 сұлтаны өлген дейді. Еділ мен Жайықтың төменгі өл­келерін және Жем (Емба) бойын қоныс қылған Мұсаның балалары Сайдақ, Шаһ-Мамай, Жүсіп билеген, қазақ аталған елдердің асыл түп елдері, әлгі, көшпелі ноғайлармен 1534 жылы хан бастаған бір бөлек қазақ рулары соғыс қылмақ болады. 1535 жылы қазақтың Ахмет деген сұлтаны көшпелі, ұлы ноғайлының бастығы Сайдаққа тұтқын болады. Ахметті ноғайлының батыры, Мұсаның ңемересі Орақ батыр өлтіреді. Еділ-Жайық жақтарынан ойысқан қазақтар сол жылы барып Ташкент хандарымен соғыс қылып, дүбір салған болады. 1537 жылы да Жүсіп мырза бастаған көшпелі ұлы ноғайлар қазақтармен соғысып, қазақтарды біраз шабады. Тағы сол жылы Шағатай хан тұқымы Сейіт ханның баласы Рашит, Шейбанит тұқымдарымен күш біріктіріп, қазақпен соғысып, қазақты жеңеді. Сол соғыста қазақтың бірсыпыра қосыны, ханы Тоғыммен 37 сұлтан (төре) бас болып қырғын табады... Қазақ болған елдің тарихы Алтын Орда елдерінің тарихымен байланыс­ты болған­дықтан, бұл арада тағы да біраз, Алтын Орда елдерінің қысқаша бір­неше оқиғаларының ұзын ырғасын шолып өтейік. Алтын Ордаға қараған, Шың­ғыстың ұрпақтары бастаған елдер, бөлек-бөлек болып: Астрахань хандығы, Қазан хандығы, Сібір (Түмен) хандығы, Әбілқайыр ұрпағының хандығы, Ноғайлы мырзаларының хандығы және әлгі айтылған сияқтымен қазақ хандығы болып, бәрі сыйыспай азғындауды молайтып, бір-біріне жау болып тиюді күшейте береді. 1480 жылы Алтын Орда ханы Ахмет орысқа аттанып, Үрге деген өзен бойында ІІІ Иван бастаған орыс әскерімен тоқайласып, бір-біріне батпай тұр­ғанда, – «Алтын Орданы Қырым ханы Медлігерейдің қосынымен, Қасым­лықтар ханы – Нұрдәулет қосыны шап­­ты» деген хабар келіп, Ахмет хан қо­сынымен тез Алтын Ордаға қайтады. Келсе «қа­зақтары» мен Алтын Орданы шауып кет­кен тұқымдарының орнын сипалап қалады. Сол уақытқа дейін Алтын Ордаға бағы­нып келген орыс елі сол жылдан кейін өз еркі өзінде болады. Содан кейін Ахмет қосындарын тар­қатып жіберіп, жай жатқанда, Сібір ханы Ибақ пен көшпелі Ұлы ноғайлардың мыр­залары Мұса мен Жаңбыршы, өздерінің мың және он бес мың «қазақ­тарымен» Алтын Ордаға тиеді. Орданы талап, Ахметті өлтіріп, Алтын Орда ханы Ибақ болған болады. Бұдан кейін Алтын Орда «тағында» отырған ханнан Ұлы хандық ат мүлде қалады. Ақыры бір кезде тұтасқан зор, айбынды әскери күш болған Алтын Орда мемлекеті азып, тозып, әлсірей береді. Шыңғыс ұрпағы хандық қылған хан­дар, билер, байлар табының қол ас­тындағы қалың Ноғайлы қонысқа, малға билікке таласқандардың ықпа­лымен шұбырып шабыншылықпен бола береді. Сөйтіп, 1480 жылы Шыңғыс ұрпағына бағынудан құтылған орыс партиялығы 70 жылдан соң, Қазан мен Астрахань хандығын және бір бөлек көшпелі ноғай үлесін өзіне бағындырып алып, Қара теңізден Сібірге дейін көлбеген, Алтын Ордаға қараған ұзыннан-ұзақ жерлерді бел ортасын үзіп алып, екіге бөліп жіберген. Орта белін үзіп, орыс патшасы алып, екіге бөлініп, тағы да бөлшектеніп, азып, тозып өзара шабысты көбейте берген, Алтын Ордадан және Шағатайға қараған мемлекеттен ыдыраған түрік елдерін, енді бірте-бірте орыс патшасы уысына алуға икемдей береді. Астрахань хандығы мен Қазан хан­дығына қараған рулардың ең күштісі, әлгі Еділ-Жайық, Жем бойларын қоныс қылған көшпелі Ұлы ноғайлар еді. Көп уақыт бұл көшпелі Ұлы ноғайлардың мырзалары – Қазан, Астрахань хан­дықтарының істеріне қатысып, атасы Едіге батырдың жолымен, бір ханды түсіріп, оның орнына бір ханды отырғызып жүрген. Бұл мырзалар Қазан, Астрахань хандықтарының тезірек құруына атсалысқан. Онымен бірге және көшпелі ноғайлар мырзаларының өз араларының жерге сыйыспай жауласып тартысулары да үзілмеген. Әсіресе, бірін-бірі бауыздап жауласқан Мұса мырзаның балалары: Сары Жүсіп пен Сымайыл (Алшы Сымайыл). Сары Жүсіп Қырым ханының табанын жалап, арқа тұтып, Сымайыл орыс патшасына жағынып, Мәскеу патшасының етігінің табанын жалап, соны арқа тұтқан. Жалғыз бұлар емес, түрік, ноғай мырзаларының, хандарының көбі-ақ сөйткен. 1555 жылы Сымайыл Жүсіпті және оның серіктерін, жақтаушыларын құртқан. Сары Жүсіптің балалары біраз ноғайлылармен қашып, қазаққа келіп қосылған. Ноғайлы Алшындар келіп қосылған соң, Ақназар күшейіп, Қасым ханнан кейін бөлшектеніп жүрген қазақ атанған руларды біріктіре бастайды. 1562 жылдар шамасында Ақназар хан бастаған қазақтар, Шағатай ұрпағы Рашит ханның қолымен соғысып, соғыста Рашит ханның баласы Әбділлатипті өлтіреді... Әлгі Едіге батыр ұрпақтарымен сыйыс­пай келген ноғайлылар бастықтарының ұйтқытуымен және Еділ-Жайықтың төменгі өлкелерін алуға, Ақназар хан, Сығай сұлтан, Шалым сұлтан бас­таған қазақтар 1569 жылы аттанып, өз­дерінің көпшілігінің «төркіні», «қара шаңырақтары» болған түп елі — көшпелі ноғайлыларға келіп тиеді. 6-7 жылдан соң тағы да күш жиып ке­ліп, тағы да, сол Еділ-Жайықтың тө­менгі өлкелеріндегі Ұлы ноғайларға шабуыл жасайды. Ташкенттегі Шайбақ хан ұрпағы сол кездерде Ташкент, Ферғана аймақтарын, Түркістан қаласы мен оның солтүстік атырабын билеп тұрған еді. 1579 жылы Шайбақ ұрпағы, Әбілқайыр хан шөбересі, Наурыз Ахмет ханның баласы – Баба деген, өзінің туысы Дербіш ханды өлтіріп, әкесіне қараған жерлерге жалғыз өзі хан болады. Мұның қол астында, осы күнгі қазақтың Найман, онан соң Дүрмен рулары да болады. Бұқарды билеген, көрші елдерге шабуыл жасап, күшті атанып тұрған, Абдолла хан әскер жиып келіп, Ташкент маңында Бабаның әскерімен соғысады. Баба жеңіліп, солтүстікке шығып кетеді. Қазақ ханы Ақназар Бабаны құртуға ой ойлап, алдаумен өлтірмек болады. Оны Баба біліп қойып, Ақназардың екі баласын өлтіреді. 1580 жылы Ақназардың өзін де өлтіреді. Ақырында, атақты Ормамбет биді өлтірген соң, «үлкен ноғайлы» атанған қалың көшпелі ел тағы да бытырап, бөлек-бөлек болып кетеді (Орманбет биді 1597-1598 жылдардың кезінде өлтірген). Бір бөлек ноғайлы, Естеректі бас қылып, Еділ өзенінің төменгі бойынан Терек өзеніне дейін ойысып, қоныс қылады. Екінші бөлігі Орақ батырдың баласы — Қазыны бас қылып, Азов маңын қоныс қылып кетеді. Үшінші бөлігі Арал теңізінің маңын қоныс қылады. Сонымен қазақ болған рулардың көпшілігінің түп ордасы, төркіні, «қарашаңырағы» «Үлкен ноғайлы» атанған қалың көшпелі ноғайлы бөлек-бөлек болғанда, ноғайлының талай руы бөлініп келіп, қазаққа қосылады. Орманбет өлген соң, ноғайлыдан келіп қазаққа қосылған елдің көптігі – сол уақытқа дейін бөлек хандық құрып жүрген қазақтың көптігінен аз болмаған. Сөйтіп, қазақтың санын бұрынғыдан екі есе мұғдарындай көбейткен. Қалың түрік елдерін билеп, бүлдірген хандармен қатар, ноғайлы елін билеген, бүлдірген Едіге батырдың балаларын: атақты Орманбет биді – қазақтың ескі ауыз әдебиеті өзінікі қылып жырлайды. Қазақтың ескі ауыз әдебиетінің маңызды жұрнақтары ноғайлы елінікі болып әңгімеленеді. Онысы – қазақтың өзі ол заманда ноғай елі болған. Орманбет бидің елі болған. Осы күнгі қазақ болып отырған барлық рулардың көбінің-ақ бөлшектері, «ат аунаған жерде қалған түктей» Қырымда, Кавказда, Еділ бойларында, Қазанда, Оралда бөлініп отырып қала берген. Бұлар орнығып қалған жерлеріне қарай: татар, башқұрт және басқа сондай түрік елде­рінің аттарымен аталып кеткен. Орыстың белгілі зерттеуші- білгішінің жинаған мағлұматында, Қырым татарларында мынандай рулар бар: Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман, Алшын, Бай-Ұлы, Жағалбайлы, Тама, Керей, Қаңлы, Шырын, Борын, Дүрмен. Астрахань ноғайларында: Найман, Ба­ғаналы, Жағалбайлы, Қоңырат, Қыпшақ, Кете. Башқұрт елінде: Табын, Тама, Қыпшақ, Керей, Таз (Байұлы). Кавказда: Арғын, Шеркес. Қарақалпақта: Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Әлім, Шоман, Тама, Жағалбайлы. Елдің орта ағымында көбінесе Қып­шақ... Түрік-моңғол рулары туралы жазған әрбір тарихшы, зерттеушілердің жаз­ғандарын оқып, қорытынды жасағанда: Қазан татарларында: Арғын, Қыпшақ, Алшын рулары бар. Башқұрт елінде: Керей, Қыпшақ, Алшын рулары бар. Қырым татарларында. Үйсін, Қаңлы, Арғын, Керей, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Алшын, Алаш, Алаша рулары бар. Кавказда: Алшын, Арғын, Тама рулары бар. Түркменде: Үйсін, Керей, Арғын, Қыпшақ, Алшын бар. Өзбек елінде: Үйсін, Қаңлы, Жалайыр, Сіргелі, Ошақты, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Ашамайлы, Алшын бар. Қарақалпақта: Үйсін, Балғалы, Қайшылы (Жалайыр), Қаңлы, Қарамайын (Қыпшақ), Ашамайлы, Бағапалы, Теріс Таңбалы, Қара-Қерей, Садыр (төртеуі де Найман), Бай бақты, Адай, Су мұрын, Беріш, Таз (бұл бесеуі Алшын) бар. Қырғызда: Найман, Қоңырат (Құлжи­ғаш), Қыпшақ, Арғын, Қара-Кезек (Кіші жүз), Алшын, Қаңлы, Тама, Алаша рулары бар. Міне, осы жоғарғы көрсетілген елдердегі, қазіргі сол елдердің аттарымен аталып отырған, жаңағы аттары аталған рулардың бәрі де қазіргі қазақ елінің рулары... Жаңағы жерлердің бәрінде осы күнгі қазақ руларының көбінің-ақ аттарының тұяғы басқан. «Барар жерің Балқан тау, о да біздің барған тау» деп осы айтылған жерлердің бәрін де қазақ болған рулар­дың бабалары көрген. Қалың түрік, қалың ноғайлы елі болып мекен де қылған. «Ат баспаймын деген жерін үш басады» деп бастап, ноғайлыдан бөлініп, «қазақ» болғаннан кейін де, қазақтардың қайтадан бұрынғы түп ноғайлыларына кеткендері де болған. Мәселен, Ақназар ханның баласы Ахметгерей бастап, Кубаньға кеткен қазақтар, тағы басқалар. Өйткені ноғайлы мен қазақтың айырмасы жоқ. Ноғайлы бұрын тек бөлек-бөлек рула­рының аттарымен жүріп, Ноғай ханның тұсынан бері жалпы ноғайлы болған. Қазақ елі — ноғайлыдан бөлініп шыққан бұтақ. Бөлінгенде, түпкі ноғайлыдан әр кезде, бертін-бертін көп бөлініп шығып келіп қазақ болған. Бертінгі кездерде келіп қазақ болғандардың «ноғай», «ноғайлы» деген аттары әлі қалған жоқ. Кіші жүз бөкейлік қазақтарында, әлі де ноғай аттарын қалдырмай жүрген ауылдар бар. Шу өзенін қыстайтын елдердің ішінде — «ноғайлы» деген ауылдар бар (Мысалы, «ноқайлы» Түсіпбектер). «Желкілдек» деген ескі әңгіме ертекте «Орманбет ханды» 192 жасаған қылады: «Жүз тоқсан екі жасаған, қаздың етін асаған...» дейді. Ондай жасағаны рас болса, өлген жылы мен жасын есеп қылғанда, ноғайлыдан қазақ болған рулардың бастапқы азғаналары да бөлінбей тұрған кезде-ақ Орманбет жалпы ноғайлының тұтас кезіндегі би болған болар еді... Түрік руларының көбіне жайылған, ескілікте болған оқиғаның өлеңі, қызықты әңгімесі саналып, қазақ атаулы ел өзінікі қылып, ұмытпай келген «Қозы Қөрпеш — Баян сұлу» әңгімесінің қазақ арасында бұрын жазылған нұсқаларының Радлов бастырған нұсқасында, жыр «Орманбет би мен ноғайлыны» айтып басталады. Қозы Қөрпеш пен Баян сұлудың әкелерін ноғайлы елінің байлары еді деп әңгімелейді. «Орманбеттен аттаңған он сан ноғай, Біреуінің ақылы он сан қолдай. Қара хан, Сары хандай бай өтіпті, Екеуі заманында байлығы орай...» «Орманбет би» мен «он сан ноғай» аты, сол «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» өлеңінің бәрінде қатарымен келтірген төрт ауыз өлеңінің басы болып отырады. «Орманбет би» мен «он сан ноғай» аты, ноғайлының басқа бастықтары қазақтың ескі ауыз әдебиетіндегі белгілі өлеңдердің бәрінде-ақ кездеседі... Қазақ атанған елдің уақ руының ескі батыры саналған «Ер Көкше» жырында: «Ер Көкше жас екен, Жас та болса бас екен, Он сан ноғай белгенде, Орманбет хан өлгенде, Ол барып жатыпты Маман деген суына, алқан деген тауына» деп басталады. Ноғайлылар бытырағанда, Қазтуған деген батыр ауа кешкенде айтқан жыры деп, Мұрат ақын айтқан «Қазтуған» деген жырында: Ойылда, Қиыл, Жем, Сағыз, Қайран саланың жатқан аңғары-ай?.. Ноғайлы қазақ жұртымның Кейінгі туған балалары-ай!.. Жолдасын жолай іздеген, Өзіне тиген дұшпанын Қарт бурадай тіздеген,— Мен қарға бойлы Қазтуған. Қайғыланып асып барамын Ноғайлы, қазақ елімнен» деген сөздер бар... Онсоң, саяси жағынан бір ескертіп айта кететін сөз: Мұрат сияқты сол заман­дардағы ақындар, қазақты жалпы «елім» деп сөйлейді де, қазақпен тиіскен: орыс, қалмақ, қоқан тәрізді елдердің патша, хан үкіметтерінің озбыр саясаттарынан көрген жәбірді, сол жалпы орыс, қалмақ, қоқан елдеріне түгел жабады. Ол елдердің еңбекші таптарының өз патшалары мен хандар үкіметтерінің, байларының қанауында екенін білмейді. Еңбекші тап әлсіз елге озбырлық қылмайтынын білмейді. Ел тарихы, әдебиет тарихы ретінде келтірген мысал-жырларда, бұл білмейтіндіктері айқын көрінеді. Соны естен шығармау керек. Қазақтың ескі ауыз әдебиеті «ноғайлы» деген, «қазақ» деген бір-ақ халық болған­дығын толық айқын көрсетеді. Белгілі ақын Тезек төренің заманында, көбінесе сол Тезек төренің маңында ақын болған атақты Сүйінбай ақыннан естіп едім деп айтқан Жамбыл ақынның аузынан естіліп жазылған Жабай батыр туралы жырда, Жабайды – ноғай еді дейді.

9469 рет

көрсетілді

56

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы