• Әдебиет
  • 28 Қараша, 2013

Көшеде аяз, бұрқасын жүр жалақтап...

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВДәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ Ағама Менің ағам, бұл өзі қызық адам, Қылығы құдды сәби бұзылмаған. Ауыл жайлы іздейді жақсы нәрсе, Арасынан тірліктің құжынаған. Болмаса да қорада қотыр лағы, Оған керек елдің жер, атырабы. Қолындағы сағатқа қарап қойып: «Мәскеуді түзейді» деп отырады. Әзілдеймін, қалсын деп сәл екпіндеп, (Тегеурінің қайтпаса, тал еккін тек). «Мәскеу қазір қалды» деп айта салсам, Астанамен түзетіп әлек күнде. Ағамның аяғынан үй дәмелі, Түс ауа «жау» киімін киеді әрең. Ауылдың ауа райын білу үшін, «Волгоград қалай екен?» дейді әуелі. «Болмайды бар – рәсуа, олжаң – қайғы, Қымбаттар мал еті» деп болжамдайды. Бұған себеп: мұнайдың шарықтаған Нью-Йорк биржасында болған жайы. Бас қатырма, айтады деп нені көздеп, Құлақ түргін одан да кәне сөзге: «Алғашқы адам жаралған осы ауылдың Оба астынан ататын таңы да өзге». Өтсе де неше көктем, күз арадан, Сағынтып, уақыт сеңін бұзады ағам. Құдай-ау, осы адамда не құдірет, Өмір бойы ауылдан ұзамаған. Толғау Өмірде елу жылдай жүр екенмін, Өнермен – жығылғанда – түрегелдім. Өңірді мені өсірген жырға қостым, Өсірген соң көңілді тілегі елдің. Өмірдің татып жүріп дәмін талай, Өкпе айтқам жоқ, өзеуресе: «Мұның қалай?!» Өзім десе, өбектедім сәбиге де, Өгей десе, өштеспедім қырын қарай. Өкінермін өле-өлгенше өйтсем егер, Өндірем не, өсек сөз гөйітсе бекер. Өлең жазып тек қана өмірімде, Өксітіп күй шығарып өтсем бе екен. Өпкен-ді маңдайымнан қызық талай, Өтпедім әрбір күнді қызықтамай. Өлкесінде қырықтың үнсіз жүрсем, Өлеусіреп мойнын үзіпті ақ ай. Өгізаяң жүріске жаным қарсы, Өзен болсам, ағызып барымды алшы. Өнемейін жүргенше ішке сақтап, Өкпек желдей кей сырлар арындасын. Өлеңдетіп бойымда жатыр ағын, Өйткені жыр елі ғой атырабым. Өртеген сағыныштан өзегімді, Өркенді туған елге шақырамын. Телемұнара мұңы Мұнара бұл. Қарапайым емес-ті, Қазбауыр бұлттар,қияда қыран тілдесті. Шалғайынан алып шартарап хабарларының, Теледидарлар ұмытты мүлдем елесті – Ап-анық айдай. Көрсету қайда емескі. Мұнара маңғаз. Мойын созып қараған Қалпағын алмай өте алмайтын әр адам. Сом темір баған адуын желде солқылдап Домбырадайын алып шектерде қағады ән. Тапалдарға таптырмайтын үлгі шын, Тым тәккаппар.Таңғажайып бір мүсін. Мұнар көкке мығымдалып, әп-сәтте Арманым болып атылғалы тұрмысың. Осылай күнде бәйгесі мүлдем басылмай, Өтіп бір жатты минуттар талай ғасырдай Көз үйренгенде кім білген көңіл қияр деп, Қала берген-ді бірегей сырлар ашылмай. Хоккей дегенге екінің бірі құмар-ақ, Ұршығын әжей бөлмеге бірге шығады ап Ұмытқан бәрін. Есі-дерті сол хабар ... Тұр жалаңаш жел өтінде мұнара Төбесіне саңғыған құстар сұғанақ. Мәреге жетті. Таңданбады енді ешкім. (Мұнара мығым. Кешсе де күйді жанкешті). Өз қолымен үйді-үйге берген асатып Айтпады оны, тамсанып: «Жақсы ән!» десті. Қаусайтын болды жылаған сайын дертті бұлт, Қажыды қайрат, армансыз жайлап жепті құрт. Мәңгіріп әбден тағдырға тәжім еткенде «Қайран, мұнара, қадірлі едің! » депті жұрт. Сұлулық туралы Жерқұрт болып кеткенмін бе?! Сұмдық-ай! (Қашан ғана кеудеме кеп тұнды лай.) Қақ төбеде жұлдыз барын, күн барын Сезбестен-ақ, Жүргенмін бе құлдырай?! О, керемет! Небір ғажап кез бар-ау! Айну да тез, Өзгереді тез қалау. Ақ дидарын сол арудың көргенде, Тұла бойым тым алыстан сезді алау... Бал берсе де, У берсе де шүмектеп, Ығыр қылған тірлік еді бұ неткен!!! Нәркес көзді Түз маралы, Сен ғана Сәуле болып түскен мұнау түнекке. Өсекшілер Ауаны сызып талай, Деген шығар : «ниеті бұзық қалай...» Қара бұлттан қарманып сығалаған Өте алмадым Ақ айды қызықтамай. Беймаза түн «Үлкендер кеміп кетті» де соңғы кездері, Жасқа малшынған жастықтан осы сезгенім. Қарлығаш-қанат арқаңа қондыр, жүрегім, Айналайын, ауылыма жеткіз тез мені! Ұйқы да қашты… Жеткізші, жаным,тыңдасаң... Кәрілерім-ау, Құрбыларымдай сырласар, Қалай сенемін сендер сиреді дегенге, Алдыма келіп қаз-қатар болып тұрмасаң. Ауылда еді көзкөрген асыл тастарым... Бәлекет жүрек бір бәле неғып бастадың, Апырым-ай, неге Аяғым мұздай, Кеудем от?! Тәңірім – миым тұрғыза гөр өзің басқарып, Төсек пе мынау... Абайсыз кірген көр ме еді?! Бармысыңдар-ей, таңдайым кеуіп шөлдедім! Қабырға қайда?! Қабір ме мынау?! Кілем ғой ... Құрт-құмырсқадай өрнегі. Жаңағым не?! Өңім бе, әлде түс пе еді? Ұят болды-ау қайттім... Киімім қайда үстегі? Бауырларым-ей, бауырыңа алып туған жерімді Жетектеп алып, Ауылға қарай, Ұш мені!!! Жыл көріністері Шаттық та көп, айналада көп тілек, Ағайын-жұрт ақ ниетін төкті кеп. Қуаныштан соғар болса,бір шырша Тұратұғын шамасы бар көк тіреп. Шаттық қандай шалт күлдіріп ұйысқан, Байтақ әлем тұрғандай-ақ уыста Жапалақтап аппақ қарлар ойнайды, Көбелектей бірін-бірі қуысқан. Сал көңілдер, самиян жыр жымдасқан, Құптағандай күлімсіреп тұрды аспан. Қырау басын марғау шұлғып төңірек Құймақұлақ күйшідейін тыңдасқан. Бағандардың басы да аппақ, бәрі аппақ, Көшеде аяз, бұрқасын жүр жалақтап... Қызылшырай адамдардың жүзіндей Көкжиектен Жаңа жылдың таңы атпақ. Мәншүк Мәметоваға Дөңгелек жүз, бота көз қыз баурайтұғын көктемдей. Үлбіреген шекер-ерін қызғалдақты бөктердей. Маңдай қандай – туған айдай, тұла-бойы тал-құрақ. Ақ мамық бұлт – ақша беті жүрер ылғи албырап. Сөзі – бұлақ, пейілі – ақ, сәби дерсің, шыны сол, Қансонарда қарды көр де, сондай мөлдір мұны көр, Мәншүк еді қыз есімі, мінез майдай еріген. Ата-анасы еркелетіп, ақ моншаққа теліген. Кеудесінде көп арманы, дәрігерлік – бір тілегі. Шырақ қылып жігер – ойын, кітап-қағаз түртінеді. Кәдік жоқ қой, жетер еді-ау дегеніне ару Мәншүк (Содан бергі талай қыздың мамандығы кімге таңсық ?!) Қауыз жарып үлгермеген, әттең гүлді жұлды қырғын. Ел соғыстан қалды солып көгіндей боп күзгі қырдың. Мәншүк қарап жата алмады, жау жағадан елді қысты, Қозыдайын иығына ердің жүгін тең ілісті. Қантөгіске қарғыс атқыр бәрі еріксіз бой ұрғандай. Мәншүк жаман қаталданды. Нәзіктігі жойылғандай. Қолда қару – ажалқұсар, жауын қия бастырмады. Көз ұясы кектен кеуіп, тасбауырдай жас тұрмады. Ару еді-ау арманы елдің, талай боздақ – зарлы ғашық. Қайтсін, басқа іс түскенде кісі өлтіру болды кәсіп. Ексең шықпас асыл адам мыңнан сірә, біреу тумақ. Сол құдірет Мәншүк еді-ау, жаудың оғы кетті турап. Дөңгелек жүз, бота көз қыз көшелерден көп көремін, Арманда өлген Мәншүк ару мәңгі бізбен жоқ дер едім. Соғыс саған, лағынет, лағынет. Соғыс барда толар қайғы! Армандарын орындауға сәби Мәншүк оралмайды... Балалықты аңсау (Биболат Дүйісовке) Құрақ көрпедей жарасып өскен құрбым-ау, Өзіңе арнаған жыр мынау. Тас қыстаулардан бір түлеп ұшқан балапан Мүмкін емес Сені жыр қылмау. Сарыауыз кезден санасқан дос деп бір-бір-ақ, Күлсек бір күлдік, жыласақ жүрдік бір жылап. Аккордеонның ақ клавиші секілді, Жүруші-ек, шіркін, кіл бұлақ! Махаббат талай дәптердің бетін жұлғызған, (Кезіміз болды-ау сөз естіп қалған бір қыздан) Дауласып кейде көрместей болып кетсек те Ысқаяқтанып, болмайтын бетте бір де ызғар. Жұп жазбасын дей ме, Сені танып сырдесте, Анам қалдырмайтын ет болса болды бір кеспе, Жазған басымыз сұмдықты сонда білсейші, Бұйырмыш барын мәңгілік бірге жүрмеске. Құрақ көрпедей жарасып өскен құрбым-ау, Өзіңе арнаған жыр мынау. Сол күндерді аңсап, аламантасыр халдемін, Домбырадай күйі келмеген бір бұрау. Арал теңізінің түйесіне Қасқа жерім, сорлы өлкем, қор далам, Жүзің – шешек, қарақотыр торлаған. Кешіре гөр... мендей мың ұл садаға, Тым құрыса бір түйеңдей болмаған! Сол мұңлығың сәбиің ғой түртінген Сүт шығарып, солып қалған үрпіңнен. Құм-тікеннен қорғалақтап табанды Қашып жүрміз көлік мініп зіркілдеп. Анам қара, бала мен де қарамын, Көлеңке іздеп жалғыз қайда барамын?! Батыр болып қолдан қорғау келмеді... Бола алсамшы бір түйесі даланың! Көршілер (Баллада) Біз көрші едік. Бала күннен көрші едік, Жұп жазбастан жүрер де едік, болса ерік. Арамызда уақыт деген ұғым жоқ, Бар қатынас сыйластықпен өлшеніп. Күнде – көктем, жатса да орнап бақта – күз, Нені ұғыппыз жалындаған шақта біз. «Адам» болып алыстарға кеттік те, Қалды әдіре құлыпталып қақпамыз. Содан бері талай жақсы көршіден Қиналғанда сұрағанмын: «Болшы дем!» Бір күні еске түсті қысқы оқиға, Өзім көрген терезеден тершіген. Сол бір сурет, күнде ылғи көретін: Көрші есіктен кіл ер бала өретін. Жыбырлаған өңкей бала, жалғыз қыз, Іс қылады шанасымен көне тым. Ойлап тұрсам, үлбіреген балаң қыз, Екеуміздің 15 жастай арамыз. Өстіп жүріп өсіргені бауырды – Ауылымның үлкені айтар әлі аңыз. Соғыс деген – ойынымыз күндегі, Газет сайын: «СССР – ілгері!» Айдың-күннің аманында осы үйдің, Ата-анасы қайда кеткен білмедім. Әжем менің үлкені еді ауылдың. Бір жылдары болған, сірә, ауыр күн. Аянышпен еске алады: Мал бағып, Тасқынында кетті ғой деп сәуірдің. Қатар бұзбай қалған ұрпақ жетілді, Қиналмады қиындыққа нетүрлі. Жалғыз қыздың жан толғамын білмедім, Қалған ұлдар көрмеп еді жетімдік. Сол көрші үйдің тірлігі де өзгеше, Осы үлгі ғой: тыныштықты көздесең. Кіріп-шығып, іс қылмаса өздері, Ауласында бар-жоғын да сезбес ең. Сөйлескенде – тым сыпайы дейік пе, Салғыласпай қалады олар биікте. Сары бала жүреді ылғи ортада, Самарқаулау, маңғаз, сырбаз кейіпте. Мұның бәрін тәрбиелеп сіңірген, Сол жалғыз қыз жаннан мүлдем түңілген. Елден бұрын ерте тұрса көршілер, Ірге қымтап, жатып қалар іңірден. Көрші қыздың қылығы да бөлек тым, Көрмеппін ғой жүрген кезін өрекпіп. Еске түскен тек біреуін айтайын, Тізе берсем талайы бар деректің. «Қарызға» дер сіріңке сұрап келсе, Тура жауап қатады, сұрақ берсең, Сонда таңғап отырар әжем марқұм, Көзін ашар адамдай бұлақ көрсе. Толқып-толқып алады шайқалғандай, (Бұрын мұндай қылығы байқалған ба?!) Аңқау ұлды алдына ап сөйлеп кетер, Ертеңіне сіріңкені қайтарғанда: «Алып алтау болмайды, айналайын, Мұны есіңе ұстарсың қайда, дәйім. Барлық нәрсе табылар қиындықпен, Жоқ нәрседен іздеме пайда, дайын». Сіріңкенің құны ол кез бақыр тиын, Үй салсаң да үйіліп жатыр дейін. Тәрбиенің үлкені-кішісі жоқ екендігін түсіндік ақыр кейін. Сөйтіп жүріп барлық іні ержетті, Шеттерінен жігіт болды келбетті. Сол жалғыз қыз тұрмыс құрмай, жасынан «Әже» атанып, «немерелер» тербетті. Ең кенже ұл сары бала – Оралда, Күтті бәрін тағдыр сыйы – жол алдан. Тек, ауылда қала берді сол әпке, Барлығына шын қамқоршы бола алған. Таң атысы, күн батысы – жарты күн, Тәтті ұйқысыз түн дегеннің арты – мұң. Жұпыны осы жұрт қызыққан тірлікте, Оңашада жабырқаған жалқы кім?! Таң неге ұзақ, тез батқанмен кешкі күн, «Күн – қысқа» деп таласы бар естінің. Өстіп жүріп, егде тартқан шағында Тұрмыс құрып, ұл сүйген деп естідім... Тұңғыш ұлым он жеті жас бөктерді. Ауылымда жастық шақтан көп белгі, Жібергенмін, көрісуге солармен: «Көрші апаңыз сәлем айтты» деп келді. «Баласы оның неге кіші соншалық» Дегенде ұлым қалдым үнсіз томсарып. «Арқасы ғой осы адамның, қарғам-ау, Қалған ұрпақ қадамдары болса нық!» ...Соғыс десе, әжем түсер есіме. Жинап алып жаздың самал кешінде, Ылғи көрші кемпірлермен оңаша, Сырласатын шай үстінде шешіле. Әңгіме ұзақ. Бәрі қонып қалатын. Күлкі де мол. Кейде жылап алады. Өтіріктен ұйқтағансып жатамын, Жан-жағым нұр. Ал үстімде қара түн. Соғыс салған қасіретті әйелге, Сол кезімнен артық білгем жай елден. Бірақ бейбіт өмірде ерлік жасаған, Көрші қызым осал түсер қай ерден. Батыс Қазақстан облысы

4153 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы