• Әдебиет
  • 05 Желтоқсан, 2013

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Қайрама халыққа тісіңді

Жаз болғаннан жадыңа ал, Алдыңдағы қысыңды! «Бақыт құс» қонса басыңа, Қадір тұт келген кісіңді! Үйретіп үлгі-өнеге, Таза бақ жасы кішіңді! Ақылың астам болғанмен, Ойласпай етпе ісіңді! Кескен тоның кеңеспен Көрінер көзге пішінді! Кемісі болар кімнің де, Дегенмен: «Анық түсінді!» Қайратың қау болғанмен, Орнына жұмса күшіңді! Қанаты қалар қайрылып, Қалыңға салсаң құсыңды! Көптің көңілі қожырар, Көрсетсең күшпен мұшыңды!1 Қиындыққа ренжіп, Бұзбаңдар, бектер, түсіңді! Түлетіп түгін төктіріп, Қайтадан қылар ұшымды! Шүкірлік етіп шыдасаң, Қыла бермес қысымды! Қамын ойлап қарныңның, Қайрама халыққа тісіңді! Ізіңе ел ермейді, Тазартып алмай ішіңді! Қойдырып алып қор болма: «Арам» деген есімді! Ойдың үйін түземей, He қажет, бағу жісімді?!2 Дұшпаның түгіл, досың да: «Құрт, – деп айтар, бұ сұмды?» Ниетінен нешеулер Жемінен жейтін ұшынды! Қашырды халықты қасынан, Етіне шығып қышынды! Көңіліңе батпан болғанмен, Көп білер алтын, мысыңды! Қисықты қолға кім ұстар, Көре тұра мүсінді?! Жарамас жабы алысқа, Дегенмен: «Тойып ісінді!» Ағайын болсаң араға Жолатпа сыпсың-пысыңды! Ала ауыз анық кетірер Айбат пенен сұсыңды! Олжа алар онсоң әркім-ақ, Екеу түгіл, үшіңді! Көңілден кетір күпірлік, Сын мен сықақ нұсыңды! Сонда мақтар сені сырт: «Әулие жоқ, – деп бұ сынды!» «Қалай, – деп сөзім осы айтқан?» Тұрекең көпке ұсынды! Түсінсеңдер, кетірер, Көкіректегі ысыңды!

4292 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы