• Әдебиет
  • 12 Желтоқсан, 2013

ҒАБДУЛЛИН ҒИБРАТЫ

Атырау журналистикасында өзіндік жазу мәнерімен өзгеге үлгі бола білген қаламгерлердің бірі – Әбуғали Ғабдуллин. Ол Нарын топырағының тумасы. Ендеше, оның тарих тереңіне бойлап, шыжғырылған шындықты айтар журналист болмауға хақысы жоқ еді. Көрінгенге таң болып, Бұрқыраған шаң болып, Адыра қалғыр бұл Нарын Қалған жоқ па талайдан ... – деп Шынияз ақын жырға қосқан Нарын топырағынан расында да тарихта тағылымды ізі қалған талай арындаған арғымақ секілді «тұлпарлар дүбірі» өтті емес пе?! ... Елім деп еңіреген ер Сырым мен Саржала, «Хан емессің қасқырсың, қас албасты бас­қырсың» деген адуынды сөзімен Жәңгір хан­ға қарсы жалынды уәж айтқан өр Махамбет, Жарлысы мен байы тең, Жабысы мен тайы тең, Жары менен сайы тең, Ботташағы бұзаудай, Боз сазаны тоқтыдай, Балығы тайдай тулаған, – деп жырлаған Қазтуған, жұрт үшін жігерлі қайратын аямаған Исатай мен Құттығай батыр, Нарын құмына алғаш бастап өткен хан Бөкей!... Міне, осынау туған топырағында тарих тұлпарларының дүбірлі тұяғы қалғаны жөнінде көзі көрген көнекөз қариялардан бала кезінен естіп, құлағына құйып өскен Әбуғали кейінгі ұрпаққа мирас болуы үшін қалайша қарымды қаламын сілтемесін? Оның үстіне «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, Әбуғалидың үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білуіне өскен ортасы мен ата-анасынан алған тәлім-тәрбие мен жастайынан сусындаған білім нәрі ықпал еткені тағы бар. Себебі әкесі Ғабдолла Таубалханұлы араб, латын, тіпті орыс тілдерін өздігінен меңгерген сауатты кісі болыпты. – Ол бізден үлкендерінің сауатын ашып, намазға жықса, мені және менен кейінгі балаларын латын тілі мен орыс тілін оқып сауат ашуға көп еңбек еткен кісі. Сөйтіп, біз мектепке сауаттанып, тіпті бастауыш сынып көлемінде есеп шығаратын дәрежеде бардық,– деп еске алады Әбуғали Ғабдоллаұлы мұрағатта сақталған өмірбаянында. Иә, еңбек жолын «Жаңаталап» колхозында есепші болып бастаған. Бұл аты өшкір сұм соғыстың қыз-қыз қайнаған, ауыл ағаларының Отан қорғау үшін қолына қару алып қан майданға аттанып жатқан шағы еді. Одан соң Еңбекшілер депутаттары Жанбай ауылдық кеңесінің хатшысы болған ол 5 айдай Новобогат аудандық атқару комитеті жанындағы спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1943 жылы Кетешағыл ауылындағы Чкалов жетіжылдық мектебінде мұғалім болса, бір жылдан соң әскер қатарына шақырылып, Новобогат ауданының Әскери комиссариатына хатшылық қызметке қалдырылады. Соғыс аяқталғаннан кейін Алматыдағы Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Алайда бірінші курсты бітірген соң денсаулығына байланысты академиялық демалысқа шығып, оқуды сырттай жалғастырады да еңбекке қайта араласады. Одан соң 1947 жылдың күз айынан 1948 жылдың көктеміне дейін Қазрадиокомитеттің Новобогат (қазіргі Исатай) ауданындағы өкілі болса, бес айдай осы аудандағы комсомол комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі және бюро мүшесі міндеттерін атқарушы болып қызмет істейді. 1948 жылдың қазан айы­нан Атырау (Гурьев) облыстық «Социалистік құрылыс» (кейін «Коммунистік еңбек», қазіргі «Атырау») газетінің редакциясындағы ыстығы мен суығына, жақсылық пен қиындығына төзе жүріп, табаны күректей 29 жыл еңбек етіп, Новобогат, Бақсай және Есбол аудандарында меншікті тілші, мәдениет, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Бас редактордың бірінші орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Жалпы, былай қараған адамға жазушы мен журналистің арасы қыл өтпестей жақын екені рас. Десек те, жақсы жазушының бәрі бірдей журналист бола алмайды. Олай дейтініміз, бұрын газетте істемеген жазушыға газеттің шапшаңдығы мен ықшамдығы, тек журналистке ғана тән көнбістігі жетіспейді. Оның үстіне жазушы, журналист Әзілхан Нұршайықовтың сөзімен айтсақ: «Журналист бойына барлық жақсы қасиеттерді жинаған елгезек, қарапайым, кішіпейіл, жұғымды, ерінбейтін еңбекшіл, ұстамды, ұйымдастырғыш, жазғыш, айтқыш, ақылды азамат болуы керек». Бұл қасиеттерден ширек ғасырға жуық өмірін журналистиканың қызығы мен шыжығына арнаған Әбуғали Ғабдоллаұлы да кенде емес. – Ол газетте қызмет істеп жүргенде жоғарыдағы талаптарды орындауды міндет деп есептеді. Кейбір басшыларда кездесетін тапсырма берумен, ақыл-кеңес айтумен шектелу оған жат. Ол шағын жанрдан бастап аса ауқымды проблемалық мақалалар мен ой-толғамға, очерк, эссеге дейін өзі жазып, өнеге көрсетіп отыруға бейім еді, – дейді көзкөргендер. Өзінен үлкендерге ізбасар іні, кішілерге қайырымды да мейірімді ақылшы аға бола білген Әбуғали Ғабдоллаұлы 1977 жылдың наурызынан 1987 жылдың қаңтарына дейін, зейнеткерлікке шыққанша Гурьев облыстық атқару комитетінің теледидар және радиохабар жөніндегі комитеттің төрағасы болып қызмет атқарса, 1978-1987 жылдар аралығында Журналистер одағының облыстық басқар­ма­сының төрағасы, республикалық басқар­масының мүшесі, КСРО Журналистер одағы 5 съезінің делегаты, осы жылдарда Гурьев қа­лалық кеңесінің депутаты, Гурьев қалалық партия комитетінің мүшесі болды. Онымен қоса, зейнеткерлікке шыққаннан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің хатшысы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ғылыми қызметкер бола жүріп, өлке тарихын зерттеу жұмысымен шұғылданғаны және бар. Осынау сан-салалы мамандықтың қуанышы мен қиындығын көре жүріп, салиқалы сара жолынан айнымаған азамат ісін кез келген пенде қайталай алуы екі талай емес пе?! Сондықтан оны Үкімет «бейнеттің де зейнеті бар» деп еңбегін бағалап, «1941- 1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне «Ерлік еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл» мерекелік медальдарымен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапаттады. Осыдан бес жыл бұрын (2008 жылы) Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Журналис­тика бөлімін тәмамдау барысында облыс, республикаға белгілі қарымды қаламгер, аталмыш университеттің доценті Төлеген Жаңабайдың жетекшілігімен «Әбуғали Ғабдуллин публицистикасындағы ерлік» тақырыбында диплом жұмысын жазуға тура келді. Әрине, Әбуғалиды айтқанда, көпшіліктің білетіні оның Исатай ауданының озат шопаны, Социалистік Еңбек Ері Мүсілім Нұрмұханов жөнінде жазылған «Атыраудың ақиығы» кітабы және облыстық радионы басқарған жылдары дайындаған «Саржала», «Шынияз», «Мұрат Мөңкеұлы» және шәкірті Құмарғали Ғабдешовпен бірігіп жазған «Нарынға Бөкей бастап өтіп еді...» атты еңбектері. Бұл диплом жұмысын жазуға аздық етеді. Сол себепті Әбуғали Ғабдоллаұлының өзіне тікелей хабарласқан жөн деп таптым. Бірақ ол зағип болып қалуына байланысты Алматы қаласында тұратын балаларының қолына көшіп кетіпті. Ақыры телефонмен ғана тілдесудің сәті түсті. Мән-жайдың барлығына қанық болған соң, Әбуғали аға: «Мұрағатқа тапсырған барлық қағаздарымның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы кітапқа дайындаған материалдарым болуы керек. Газетте қызмет істеп жүргенімде жыл сайын 7-9-мамыр мерекесіне байланысты Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлік істері туралы қалам тербейтінмін. Мүмкін табылып қалар, «Социалистік құрылыс» газетінің өткен ғасырдағы 50-60 жылдарындағы тігінділерін қарап көр» деді. Ағаның айтуы бойынша, мұрағатта сарғайып, шаң басқан газет беттерінен эссе, очерк, мақалаларын іздестіре бастадық. Алайда мұрағатта сақталған өткен ғасырдың 50-60 жылдардағы газеттердің бірі болса, бірі жоқ. Содан болар, Әбуғалидың ерлік тақырыбына байланысты туындыларын кездестіре алмадық. Қолымызға іліккені Әбуғали Ғабдоллаұлының «Коммунистік еңбек» (бұрынғы «Социалистік құрылыс»)газетіне әр жылдары жазған «Жарайсың, Үмітханым!» (22-ақпан, 1977 жыл), «Ақтабан аттың ізі» (3-наурыз, 1977 жыл), «Мақаттың Мөлдірі – Үлкен шаңырақ» (24-қаңтар, 1974 жыл), «Дала тынысы» (19-сәуір, 1968 жыл), «Нар Қайрат» (25-ақпан, 1977 жыл) атты очерктері. Онда ми қайнатар шыжыған ыстық пен ақтүтек боранға қарамай жылқы бағып, қой өсірген еңбек ерлері, қара алтын өндіруде қайсарлық танытқан мұнайшылар туралы баяндалады. Ал Әбуғали Ғабдоллаұлының Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы кітапқа дайын­дадым деген материалдарының бірде-бірі жоқ. Есесіне, мұрағатта байырғы Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, марқұм Қуанғали Жұмалиевтің 23-маусым 1997 жылы Әбуғали Ғабдуллиннің «Журналистің қойын дәптерінен» атты еңбегіне жазылған пікірі (238 қор, 2 тізім, 4 іс) сақталыпты. Сол пікірдегі деректерге сүйенсек, Әбуғали Ғабдуллиннің «Мәңгі тоңның жылы лебі» атты очеркі соғыс кезіндегі Атырау өңірінен Солтүстік Мұзды мұхиттың жағалауына барып балық өндірісін салуға, балық аулауға қатысқан балықшылардың ерен еңбегіне арналған. Отан соғысы басталған кезде Сібірдің, Солтүстік Мұзды мұхит жағалауларының игерілмегені, көп жерлерге халықтың қоныстанбағаны белгілі. Байтақ жатқан осы өлкеге халықты қоныстандыру, өндіріс орындарын салу, соғысқа қажетті азық-түлікті дайындау мәселесі тәртіппен қолға алынды. Әбуғали Ғабдуллин Нарындағы «Жаңа талап» балықшы артелінен Лена өзенінің Солтүстік Мұзды мұхитқа құяр жеріндегі мәңгілік тоң елі Якут жеріне барып, ерен еңбектерімен бүкіл елге белгілі болып, өткен ғасырдың 50-шы жылдарының басында елге оралған Кәкімғали, Қалім, Құлбас, Құмар, Сәду туралы тарихи дерек берген. Осы бес азаматтың тағдыры жөнінде автор кезінде іздестіру жұмыстарын жүргізіп, радио арқылы оларды халыққа таныстырды. Очерк­те халықтар достығы шынайы бейнеленіп, Құмардың Екатерина Петровна Соловцевамен, Қалімнің Анна Андреевамен отбасын құрып, Атырауға түпкілікті тұруға келуі, Құлбастың жоғалтқан 38 мың сом ақшасын саха жігітінің ешбір ақы-пұлсыз әкеліп беруі, керек десең, аты-жөнін сұрауға да мұрша бермей кетіп қалуы адамгершілік пен биік парасаттың, адамға деген адалдық пен достықтың шынайы белгісі ретінде нақты дерекпен баяндайды. Бұл очеркте 43 азаматтың есімі аталған. Бұлардың әрқайсысы өз алдына бір-бір шежіре. – Талай аталарымыз Еуропа мен Азияның жау шарпыған барлық елдерінде азаттық үшін арпалысып, тәнін жаралады, жанын пида етті,– деп жазады әлгінде айтқан Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері марқұм Қуанғали Жұмалиев мұрағатта сақталған пікірінде. – Мүрделері сол елдердің топырағында жатыр. Оларды күні бүгінге дейін «Бауырлас­тар зираты» деп мәпелеп отыр. Осындай сан мыңдаған жауынгерлердің ішінен Әбуғали Ғабдуллин 109 атыраулықтардың атын атап, ерлік жолдарын баяндайды. Очерк 15 естеліктің негізіне құрылған. Әрбір естеліктің арқалап тұрған жүгі ауыр. Себебі Ұлы Отан соғысының жалпы тарихы жазылғанмен әрбір елді мекен, өзендер мен асулар үшін болған қиян-кескі соғыстың әрбір нүктесінің тарихы, соған қатысқан жауынгерлердің ерлік істері жазылып біткен жоқ және ол мүмкін де емес. Бір очеркте жүзден астам азаматтың есімін хатқа түсіріп, ел тарихы мен келешек ұрпаққа аманаттау бір Әбекең үшін аз шаруа емес. Мұндай жұмыс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл көкірегі ояу, көзі ашық, жиғанынан түйгені мол, көргенінен білгені көп, даралық пен даналықтың тізгінін тең ұстаған, білемін деп кеудесін қақпаған, бар білгенін жазған хаттай көкейінде сақтаған Әбуғали ағаның ғана қолынан келген жұмыс. Қорыта айтқанда, әрбір әңгімесі адам сезіміне әсер ететін, адам психологиясын, оның ішкі жан дүниесін, қадір-қасиетін, іс-қимылын, азаматтық қарызы мен парызын өтеудегі әрекеттерін қарапайым екі ауыз сөзбен түйіндеп тастайтын, талай шәкірттің өмірде абыройлы азамат болуына үлкен септігін тигізген, тағдырдың теперішіне мойы­май, Абай айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі бір арнаға тоғыстырған Әбуғали Ғабдуллин тағылымды қаламгер болатын. Жан баласына жақсылықтың шуағын сепкен Атырау журналистикасының абызы 80 жастан асқан шағында көз жұмды. Әйтсе де, ол бұ дүниеден өтсе де артына өлке тарихын сұлу сөзбен өрнектеп, өшпестей із қалдырып кетті. – 1987 жылдың 7-қаңтары күні Әбекең зейнеткерлікке шығуына байланысты қызметтен босап, комитет төрағалығын маған тапсырды. Сондағы ағамыздың «өз шәкіртім келді орныма» деп қуанғаны-ай. Ұжыммен қоштасу үстінде «Сіздер бақытты екенсіңдер, сіздерге облыстың білікті журналисі келді басшы болып, еңбектерің жемісті болсын» деген сөзін естелігінде жазып қалдырыпты. Ол облыстық теледидар мен радионың тарихын хаттаған «Күмбір-керуен» жинағына енгізілді. Зейнеткерлік демалыста болған кезінде де ұжымнан қол үзген жоқ. Теледидардан жақсы хабарды көре қалса не радиодан тұщымды дүние ести сала қуанып, телефон шалатын. Ұжымды басқарған жылдарымда жылына екі мәрте – Наурыз мерекесі және теледидар мен радио күні мерекесінде зейнеткерлерді жинап, алқа-қотан отырып сырласатын, сый-сияпат көрсететін дәстүріміз болды. Осындай бас қосуларда Әбуғали ағамыздың ақыл-кеңесін тыңдап, адал жүрегінен шыққан ақ батасын алғанбыз. Кейін аяқ жолын көре алмай, пәтерінің төрт қабырғасына қамалып қалған кезінде де мерекелерде үйіне барып құттықтап, сый-таралғы жасап жүрдік. Зағип болып қалғаннан кейінгі сенімді серігі – Қазақ радиосы мен облыстық радио болды. Қайран Әбекең журналистика үшін туған жан еді ғой» деп еске алады шәкірті, белгілі қаламгер Айтқали Нұрғалиев. Ендеше, осындай болмысы берік, ғұмыры ғибратты жандар көп болса дейсің. Бауыржан СИСЕНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Атырау

4322 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы