• Әдебиет
  • 09 Қаңтар, 2014

Барға қанағат етейік

Сәкен Майғазиев, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Жалпы кез келген кәсіптің иесі, ол шығармашылық адамы болсын, ғылым-біліммен айналысатын адам болсын жаңа жылдан тек жақсылық күтеді. Тек жылдан емес, әр айдан, әр аптадан, тіпті әр күннен адамзаттың жақсылық күтетіні хақ. Өзім шығармашылық адамы болғандықтан, әр жылды өзімше жақсылыққа балап аламын. Мысалы, жылқы жылы келетін болса, жылқы малындай тазалықпен, салмақтылықпен, нағыз еңбекқорлықпен жылқыдай жортып жүріп, біраз еңбек жасасақ деген ниеттеміз. Жылқы шын мәнінде өте сұлу, таза жануар. Сол себепті өнер адамы ретінде осы жылы сұлу да сазды, әдемі, әсем әндер көбейеді деп ойлаймын. «МузАрт» тобының алар асуы аласармаса деп тілеймін. Еуропалықтар: «жылқы жылы қазақ халқының жылы болмақ» деп жатыр екен. Шынында да, 2014 жыл жалпы қазақ халқы үшін, сондай-ақ өнер адамдары үшін де жемісті жыл болады деп сенемін. Жылқы жылында қазақ әншілері әлемдік сахналарда танылып, қазақтың әсем әуенді әндерін дүниежүзі тамсана тыңдайтын дәрежеге жетсек деген арман да жоқ емес. Ел азаматы ретінде жастарымыздың иманды, білімді болып өскенін, көпұлтты мемлекетіміздің ауызбіршілігін қалаймын. Жылқы жылында Ел­басымыздың сарабдал саясатының арқасында биіктерді бағындыра берсек, өзекті мәселелердің бірі – діни қақтығыстар болмаса екен деп тілейміз. Көпбалалы болуды қалайтын отбасылы адам ретінде келер жылы тағы да бесік тербетуді нәсіп етсек екен деген тілек бар. Бұйыртса Қырықбай, Елубайлар дүниеге келер деп қалжыңдап қоямыз. Кез келген қазақтың қара шаңырағында кішкентай балалардың былдыры, іңгәлаған дауыстары шыға берсе екен деймін. Халқымыз жер-жерге, руға, жүзге бөлінбей, барлығымыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы болып, қазақ халқы үшін қызмет жасасақ деген азаматтық пікірім бар. Бұрын әр үйде, тіпті әр адамда бір машина болады дегенге сенбеген едік. Бүгінде, Құдайға шүкір, шынында да әр үйде бірнеше машинадан бар. Халқымыздың жағдайы жақсы. Сондықтан барға қанағат қылайық. Елімізде бейбітшілік пен ауызбіршілік ұзағынан жасасын!

4813 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы