• Әдебиет
  • 09 Қаңтар, 2014

Намысшыл болайық

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемдегі 3 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген мәртебеге ие болған. Бұл орайда ана тіліміз 1989 жылы қабылданған «Тіл туралы» Заңнан кейін сол мемлекеттік тілдердің қатарына енгені белгілі. Демек, мемлекеттік мәртебеге ие болған тіліміздің дәрежесін көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейтуге баршамыз атсалысуға тиіспіз. Сол үшін де тіліміздің өзекті мәселелеріне алаңдай отырып, оның шешілу жолдарын бірлесе тапқанымыз орынды болмақ. Сонда ғана жұмыстың мәні артып, сапалық сипатқа ие болады. Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезін тіккен күннен бері тіліміздің аясын кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елбасы қазақ тілінің мәселесіне ерекше көңіл бөліп, құқықтық-заңнамалық тұрғыдан реттелуіне зор мүмкіндіктер жасап берді. Мемлекеттік тіл бойынша туындаған кез келген мәселе Заң аясында шешіліп келеді. Бір қынжылтарлығы, кейбір азаматтарымыз «қазақ тілі – іс жүргізу тілі емес» деген көзқарастан күні бүгінге дейін арыла алмай келеді. Бұл не? Әдейі солай жасау ма? Тілді менсінбеу ме? Қазақ тіліне мұрнын шүйіре қарайтындар тілдің өркендеуіне айтарлықтай кедергі келтіретіні жасырын емес. Мұндай көзқарастың тілдің дамуына кәдімгідей кедергі жасайтынын күнделікті өмірде байқап, көріп жүрміз. Бүгінгі қоғамда немересімен орысша сөйлесіп, баласын орыс мектебіне апарып, санасын, дүниетанымын қазақылықтан алыстатып жүрген жандар аз емес. Олар қашан түзеліп, өздерінің ана тіліне бет бұрады? Ана тілінен безіну – туған топырақтан алыстаумен тең емес пе? Жүрегі, санасы, ойы қазақ болып қалыптаспаған адам тілге қалайша жаны ашымақ? Мені ойландыратын, өзегімді өртейтін осы жайт. Елбасы өзінің сөйлеген бір сөзінде: «...Жалтақтауды қоятын заман туды, қазақ тілінің болашағы қазақтардың өздерінің қолдарында» деген болатын. Ендеше, қазақ тілін өзіміз дәріптеп, өзіміз насихаттағанымыз жөн. Тіліміз күнделікті қолданысқа енуде айтарлықтай ілгерілеп келеді, енді оны ары қарай жетектеп алып кету баршамыздың ортақ міндетіміз. «Тілі тұлдыр елдің – болашағы бұлдыр» демекші, өз басында мұңы жоқ жан басқаның зарын сезбесе керек-ті. Қазақ тілінің жанашыры, ең алдымен өзіміз болуымыз керек, ағайын. Өзге ұлттар өз тілдерін біледі, өз тілінде сөйлеуге арланбайды. Ал біз болсақ, ана тілімізде сөйлеуге арланамыз ба, әйтеуір өзге тілде сөйлеуге құштар болып тұрамыз. Бейне бір қазақ жерінде емес, өзге елде жүргендей бола қаламыз. Бұл мәселе айтыла-айтыла жауыр болса да, қайталаудан жалықпаймын. Санасының түйсігі барлар ойланар. Ана тілін құрметтеп, үйренер деген сенімім мол. Біз өз тілін сыйлап, құрметтей білетін саналы ұрпақ тәрбиелеуге күш салуымыз керек. Қаны қазақ, жаны қазақ жастарымыздың бойында намыс та, жігер де бар. Олар бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеседі. Мәселе қазақ тілінде сөйлемей жүрген қандастарымызға ой салуда. Соларды өз тілдеріне қайтаруда. Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деді. Бұл ұққан жанға көп ой салатын мәселе. Әр қазақ бір-бірімен қазақ тілінде сөйлесіп, араласып жүрсе еліміздегі өзге ұлт өкілдері де бізге қарай бой түземей ме? Осы мәселені жадымыздан шығармайық. Нұрайым Адалбек, Шортанды ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ақмола облысы

5191 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы