• Әдебиет
  • 16 Қаңтар, 2014

Жылқы жылы туғандар

Жылқы жылғы жылқылар, Жал-құйрығын жел жұлмалап, жұлқылар. Тұқымы тұздай құрып бітпеген Қазақы қазанаттың да тұрқы бар. Қамыс құлағын қайшылап, Қамыс сыбдырласа жұлқынар, Үйікте тұрып үйездеп, Үркердің үйірін көрсе шұрқырар. Дүбір десе, делебесі қызынар, Дүмеп берсе дүрмегіне көз қызығар. Бұрқыраған будақ-будақ шаңынан Биіктегі бұлттың көңілі бұзылар. Таңдайында Аралдың ащы тұзы бар, Маңдайында Алтайдың тұщы мұзы бар, Сауырында Сарыарқаның сызы бар, Бауырында Жаңөзеннің ызы бар, Қусақтағы Құлагердің тұқымы Қу басында қанды балта ізі бар. Лайымда лай суға шөлдемей, Арыса да албаты, арам шөп жемей, Ай маңдайлы арғымақтың баласы Алыс жортқан ылди демей, өр демей. Шашасына шаң жұғып, Шүйдесіне қан жұғып, Орта жолда өлмегей! Ау, біз кеше қайда едік? Тұлымы үкі, тай ма едік? Тұяқтан ұшқан тағасы (Ата-бабам көзіндей-ау қарашы) Аспанға анау ілініп қалған Ай болып! Ау, қайдасыңдар, Аузымен құс тістеген Арғымақтары Алаштың? Ай астында жұлдыздарың жарассын, Асау жалың Құс жолымен жанассын, Айбындарың аспаннан да ары ассын, Ағып өткен жасындар, Зымыраған ғасырлар, Әлемдегі асылдар Өздеріңмен санассын! Ұлықбек Есдәулет

3807 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы