• Әдебиет
  • 16 Қаңтар, 2014

Дін мен дәстүр

Таяуда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы тарапынан «Дін мен дәстүр» атты жинақ жарық көрді. Бұл – аталған тақырыпта жарияланатын тізбекті жинақтардың бірінші кітабы. Қоғамымыздың рухани біртұтастығын мақсат тұта құрастырылған дүниемен таныса отырып, ол жайлы ой бөліскенді жөн көрдік. Аты айғақтап тұрғандай, жинақта әрбір замандасымыздың тұрмыс-тіршілігі, қоғамдағы алатын орны үшін аса маңызды ұғымдар егжей-тегжейлі түрде талданған екен. Кітап – бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жоспарланып отырған бірнеше діни-танымдық, рухани жауһарлардың алғашқы қарлығашы. Кітапты жинақтап, баспаға әзірлеген дінтанушы Сәбит Ибадуллаев. Ислам дінінің қазақ даласына, сонау 751 жылғы Талас өзені бойындағы Атлах шайқасының жеңіспен аяқталуынан кейін, кең де терең тарала бастағанын еске сала отырып, жинақ құрастырушысы осынау он екі ғасырдан астам уақыт барысында қазақ халқының ділі (менталитеті), әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, тарихи санасы мен мінез ерекшеліктерінің, яғни ұлттық табиғатының Шариғат шарттарымен біте қайнасып, бірге өріліп кеткенін өмір-тұрмысымыздағы нақты мысалдармен ұтымды дәлелдей білген. Өткенімізге тарихи шолу жасай отырып, «Ислам дінінің келуімен ата-бабаларымыз азаттыққа, дербестікке қол жеткізді, дамудың жоғары сатысына көтерілді» дейді құрастырушы. Жоңғарлармен арадағы 300 жылдық аумалы-төкпелі заманалардан да, Кеңес өкіметінің атеистік идеологиясынан да халқымызды аман алып шыққан осы шариғи діліміз екені орынды атап өтілген. «Ендеше, қазір де ортамызға от ала келген ағымдар мен пікірлік-ділдік басқыншылыққа қарсы тек сол дәстүрлі мұсылманшылығымыз арқылы ғана қарсы тұра аламыз» делінген жинақта. Демек, қолымызға келіп қонған бақыт құсы – дербес елдігіміз бен тәуелсіздігіміздің іргесін шайқалтпай ұстап тұру үшін Шариғат шарттарына сай келетін ұлттық дәстүрлерімізді берік ұстана білуіміз керек. Мәңгілік бақытқа жетелейтін Ислам дінін мансұқтау да немесе керісінше, ұлтымыздың озық дәстүрлерін теріске шығару да адасушылыққа апаратын, шектен шығушылық екенін ескерте отырып, жинақта осы қос асыл қазықтардың өзара байланысы терең зерттелген. «...Мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен Шариғат болып саналады» дей келіп, кітапты құрастырушы аталған жинақта «ғұрып», «әдет», «дәстүр» сөздерінің шығу төркіні мен олардың қолданылу аясына кең түсініктеме берген. Фиқһ ғұламаларының дәлелдеуінше, әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының нақты мынандай шарттары бар екен. Біріншіден, ол әдет-ғұрыптар Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына кереғар келмеуі тиіс. Екіншіден, ондай озық әдет-ғұрыптар сол үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданыста болуы шарт. Демек, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ұстанып отырған бұл шарттарын еліміздің әрбір азаматы тиісінше терең түсініп, күнделікті өмірімізге сәйкесінше қолдана білсе құба-құп. Сонда ғана базбір жастарымыз кереғарлыққа ұрынып, түрлі ағымдардың жетегінде кетпес еді. Жинақта сондай-ақ: «...Әдет-ғұрыпты, қазақшылықты қорғаудың жөні осы екен деп дінді төмендетіп, ұлттық дәстүрді одан жоғары қоятындар да бар. Олардың көпшілігінің терең діни білімі жоқ. Бірақ осы тақырыпты талқылауға аса құштар. Дәлелдерінің дені-дәстүр мен даналар сөздері. Шариғаттан мардымды мағлұматтары болмағандықтан, әдет-ғұрып пен дін арасындағы байланысты тереңірек түсіндіруге қауқары жоқ» деген салиқалы ой ортаға тастала отырып, қазақ қоғамының біртұтастығын одан әрі нығайта түсетін салиқалы пікірлер айтылған. Осындай тұрлаулы ойды тұжырымдай түсейін деген ниетпен жинақты құрастырушылар: «Ендеше, замана көшінен қалып, жарамсыз болып, ұмытылған дүниелерді жіпке тізе бермей, дұрыс пен бұрыстың ара-жігін ажыратып, халықтық мәдениет пен танымның біртұтастығын сақтау жолында жұмыс жасау керек» деп жалпы жұрттың, көзі қарақты, көкірегі ояу замандастарымыздың келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктерін тағы да естеріне сала түскендей. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген бөлімде: «Діні мен танымы мүлде басқа, мұсылман емес халықтардың қаңсық болған дағды-ғұрыптарын, теріс қылықтарын таңсық көріп, салт-санаға енгізудің зардабы зор. Бұл – бізді ұлттық болмысымыздан, мұсылмандық мінез-құлқымыздан ажырататын, құрдымға апаратын жол» деп, қоғамымызға ауадай қажетті тұжырым жасалған екен. Расын айтқанда, бұл мәселе соңғы онжылдықтарда халқымыздың рухани әлеміне селкеу түсіріп келе жатқан тағы бір кеселді жайт. Яғни діни наным-сенімдеріміз жинақта жан-жақты тұрғыда осылайша қорғалған екен. Талданып отырған «Дін мен дәстүр» жинағында «Харамға қол салу», «Өтірік айту», «Жемқорлық, парақорлық», «Ысырапшылдық», «Аманатқа қиянат», «Әйелдің еркекке ұқсауы», «Әйелдердің ашық-шашық киінуі», «Болашақты болжау», «Ата-бабасымен, тегімен мақтану», «Әділетсіздік» сияқты бөлімдердің көтерген тақырыптары, атынан мәлім болып тұрғанындай, замандастарымызды терең имандылық пен адамгершілік мінез-құлықтардан алыстататын жайлар Шариғи мысалдармен дәлелдене талданған. Ол қос бұлақ тағы да сол Дін мен дәстүрдің, жоғарыда айтылған шарттарға сай, өзара терең бірлікте басшылыққа алынуына тікелей байланысты. Сонда ғана қоғамымыз жан-жақты кемелдене бермекші. «Шариғат бойынша тыйым салынған, алайда қоғамымызда бүгінгі күндері кең етек алып кеткен қынжылысты жағдайларға қайтсек жол бермейміз?» деген сауалға жауаптар бар бұл жинақта. Бар керегін өзі сияқты пенделерден тілемсектене сұрап, Жаратушыға жалбарынуды жадынан ысырып тастауға тырысып жүрген базбір замандасқа қатысты ойлар аталған кітапта: «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады», «Құдайға сыйынған құстай ұшады, адамға сыйынған мұрттай ұшады» деген тектес дана халқымыздың ұтқыр да имандылыққа толы мақал-мәтелдері арқылы орынды айтылған екен. Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра, жәрдем тілесең, Алладан тіле...» деген өсиет-хадисін келтіре отырып,жинақ құрастырушысы «Тәңірден тіле-тілекті» атты бөлімде бір Жаратушыға тәуекел етіп, адал еңбек етпейінше екі дүниеде де табысқа жетудің мүмкін еместігін алға тартады. «Тағдырға сенім», «Құдайдан қорықпағаннан қорық», «Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрмет», «Діни рәсімдерге құрмет» атты бөлімдерде де ашық күнде адасып, тегіс жерде сүрініп жүрген талай-талай замандастарымызға адастырмайтын бағыт-бағдар ұсынылған. Ал «Отан туралы» деген бөлімде Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың: «Екі түрлі көзді тозақ оты шарпымайды: Алланың құдіретін ойлап жылаған көз бен Алла жолында елін күзеткен көз» деген сөзі (хадисі) келтірілген екен. Шынтуайтына келгенде,отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуде бұдан артық тәлімді сөз, тұрлаулы ойды таба қою мүмкін бе?! Имандылық тұнған жанарлар (оның иесі) туған халқын қолына қару ұстаған сыртқы жаулардан ғана емес, отандастарын «нәпсі» атты оның ішкі жауларынан да қолынан келгенінше қорғап, жаны шырқырай шарқ ұрады емес пе?! «Дін мен дәстүр» кітабының құрастырушылары отандастарымызды елін дәл осылайша сүйе білуге шақыруда. Жинақтың келесі тарауына қазақ халқының «Дінді білмеген дымды білмейді» деген мақалы тақырып ретінде алынған екен. Жаратушының ұлы Заңдылықтарымен үндестіктегі ұлтымыздың озық үлгілі салт-дәстүрлерін жазбай танып, оларды орайымен тұрмыс-тіршілігімізде қолдана білу үшін шариғи ілімдерден мейлінше сусындап, көкірек-көзіміздің ояу болуының айрықша қажеттігі мұнда баса айтылған. Түйіндей айтқанда, «Дін мен дәстүрдің» І кітабы рухани небір биіктіктерге оқырманын тынымсыз шақырған дүние. Осындай игі іс одан әрі жалғасын тауып, жинақтың екінші, үшінші және басқа да кезекті кітаптары оқырмандарының қолына тезірек тисе екен деген тілектеміз. Нұрлытай ҮРКІМБАЙ Алматы

4362 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы