• Тарих
  • 30 Қаңтар, 2014

Құрманғазы және Маңғыстау

Былтыр тойланған ұлтымыздың ұлы перзенті Құрманғазының 190 жылдығы тарих қойнауына кетті. Ауыз тұшытқандай жақсы-жақсы шаралар, концерттер, күй сайыстары өтті. Әсіресе, Атырауда ұйымдастырылған 1000 домбырашылар оркестрінің ғажайып концерті таңдандырмай қоймады. «Құрманғазыға жүз тоқсан, мың домбыра үн қосқан» деп бір қаламгер ұйқастырғандай, бұл өңірдің теңдесі жоқ мерекесі болды. Айта кетейік, осының алдында Қытайдағы ағайындар да бірнеше мың домбырашылардан оркестр құрып, Гиннесс кітабына жазылыпты дегенді естігенбіз. Оны да қош көрдік. Ал енді олардың орындағаны балалардың әп деп домбыраны ұстап үйрене бастағанда ежіктейтін оп-оңай күйі «Кеңес» екен. Сөзіміз күпір болмасын, ондағы бірнеше мың домбырашының біразы тек сан үшін отырған қол бұлғаушы болуы да ықтимал. Десек те, қазақтың рухы, домбыраның мерейі үшін жасаған еңбектеріне дән ризамыз. Ал Атыраудағы 1000 домбырашылық оркестрдің жөні тіпті бөлек. Кілең «мен атайын, сен тұр» кәсіби домбырашылар. Олар облыстардан, өнер оқу орындарынан жиналған саңлақ жүйріктер еді. Ал орындаған күйлері несін сұраймыз, ылғи құлпырып тұрған «Маржан тастар». Құрманғазының нелер керемет шолпан шығармалары Атырау көгін күмбірлетті ғой. Нағыз Гиннесс рекордының шынайы иесі, міне, осылар болды! Әрине, ұлы сазгер жөнінде тойлар, ізденістер, әңгімелер жалғаса бермек. Біз бүгін сол бағытта қалам тартқалы отырмыз. [caption id="attachment_18001" align="alignleft" width="300"]Ақтау қаласындағы  Құрманғазы Сағырбайұлының  ескерткіші Ақтау қаласындағы Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші[/caption] Ұлы Құрманғазы қайда да қоңыр домбырасын тас­тамай, қазақтың біраз жерінде болғаны белгілі. Өзі өмір бойы қақтығыста болған бай-шонжар және орыс шенеуніктерімен келіспей қалғанда, демалыс, тыныс алу үшін өз жерінен шалғайға қарай бет түзейді екен. Каспийдің терістігінен Жылыойға, Маңғыстауға қарай тартатын көрінеді. Әсіресе, Маңғыстаудың жазира Үстірті мен Жылыойы оған қатты ұнаған. Тек жердің жайлылығы ғана емес, көптен таныс, сыйлас атбасын тіреп түсетін адай азаматтары сағындырады екен. Өзінің бүкіл Батысқа әйгілі дулы домбырасы, керемет күйлері және беден тұлғасы, қажыр-қайраты туралы әңгімелер бұл түбекке де тараған ғой. Оның Маңғыстауға неше рет қадам тартуы жөнінде дәлме-дәл есеп айтылмайды. Өткен заманда белгі жоқ, сондықтан ондай дәлдіктің болуы да мүмкін емес. Әйтеуір, ең аз дегенде екі-үш мәрте болғаны хақ. Жүрген, тұрған жерлерінде күй шертпей кетпейтін Құрекең осы Маң­ғыстау топырағында да біраз саздар­ды дүниеге келтіргенге ұқсайды. Белгілі жазушы-журналист Өтепберген Әлімгереев былай дейді: «Ғалымдардың зерттеуінше, Құрманғазының Маңғыстау тақырыбындағы күйлерінің өзі онға жетіп құлайды» («Құрманғазы» кітабы, «Арыс» баспасы, 48 бет). Ол күйлердің біркелкі тізбесін де берген. Олар: «Төремұрат», «Адай», «Ақсақ киік», «Балқаймақ», «Маната», «Бозқаңғыр», «Бас ақжелең» және «Көбік шашқан», тағы да бізге жетпеген екі-үш күй. Біз енді осы күйлердің шығу тарихы мен мән-мағынасына білгенімізше тоқталып өтейік. Құрманғазының Маңғыстауға бір келуі оның шоқтығы биік «Төремұрат» күйімен белгілі. Төремұрат – он екі ата Байұлының ішіндегі Таз руының атақты батыры. Ол – орыс бодандығына қарсы және басқа сыртқы жауларға күш көрсеткен қарымды тұлғалардың бірі. Төремұрат өзімен ағайындас Нарынбай, Өтен батырлармен бірге ел қорғауда талай ерлік мәртебесіне ие болған. Дегенмен, «Төремұрат» күйінің тарихы Таз руындағы теңдесі жоқ сұлу Данай деген қызбен және Маңғыстау жерімен байланысты. Данай сұлулығы мен ақыл-парасаты жаннан асқан перизат екен. Оған әсем тұлғалы батыр, өнерпаз Төремұраттың ғашық болуы ертедегі батырлар жыр­ла­рындағыдан кем емес. Ал Данайдың да Тө­ремұратты құлай сүюі жарасымды еді. Бірақ қатыгез ескі салт жарасымдылыққа пысқырмаған ғой. Данайды айттырып, қалың малын төлеп, көзінің кемістігі бар бір ағайын жігітке қосатын болған. Төремұрат жалынып-жалпайып, екі-үш есе айып төлейін деп, Данайға үйленуге ағайындарынан рұқсат сұраса да, қасақана қарттар қасарысып болмайды. Содан амал жоқ, Төремұрат Данайды алып қашады. Елдің шырқы бұзылып, ұрыс-төбелес көбейеді. Оларға төтеп бергенмен қашанғы шыдасын, ақыры алысқа кетейін деп, Данай екеуі түр­кмен жағына қарай тартады. Хорезм жақта бұрын араласып, өзіне дос, жолдас болғансып жүретін түркмендер бар екен, соларға барады. Бірақ олардың нағыз сенімсіз адамдар екені сезіледі. Данайдың сұлулығын көргеннен кейін, олар да қатты қызығады. Төремұраттың асқан батырлығын біледі де, ол бір кезде өзімізге зиян келтірер деп қорқады. Сөйтіп, Төремұратты өлтіріп, Данайын иемденуге арамдық ойлайды. Олардың бұл пиғылын аңдаған Төремұрат Данайын алып, елге қайтпақ болады. Өзінің жүйрік ақбоз атымен және түркменнің бір тұлпарына жасырын Данайды мінгізіп, Маңғыстауға қарай бет түзейді. Бірақ бұлар қанша қашса да, түркмендер өкшелеп қоймайды. Үстірттің үстіндегі Күйкен деген жерде үлкен ұрыс болады. Төремұрат жалғыздығына қарамастан, оларды баудай түсіріп түйресе де көпке амалы болмай, қазаға ұшырайды. Данай еңірегенде етегі толып, түркмендердің қолында кете барады. Біраздан кейін ай­наладағы адайлар өліп жатқан Төре­мұратты тауып, ақ жуып, арулап қойыпты. Адайдың атақты жырауларының бірі Нұрым Шыршығұлұлы өзінің «Тоғыз ауыл» деп аталатын дастанында Күйкен туралы былай дейді: Күйкеннен бергі мұрыннан Көштің алды бұрылған. Адыра қалған жер еді, Жаңбыршы ұлы Телағыс Кешегі өткен қырық таңбалы Қырымнан. Төремұрат батырдың Өлген жері сол екен. Ойлап тұрсам, бұл қоныс Құтсыз екен бұрыннан. «Мұрыннан» дегені – дөңкиіп мұрын сияқты көрініп тұрған қырат. Данай түркмендердің ешқайсысына көнбей, бір күні күзетте тұрған түркменді апиынға мас қылып, ұйықтады да, Төремұраттың байлаулы тұрған ақбоз атымен қашып шығады. Күн-түн демей шауып отырып, Төремұрат өлген Күйкенге жетеді. Моланың басында шашын жайып, жылап тұрған Данайды көріп, сұлулығы күнмен шағылысып, жарқырап тұрған аруды жергілікті жұрт үйлеріне әкеліп, тынықтырады. Енді мұндай мұңлықты еліне жалғыз жіберуге болмайды, адамдар қасына еріп, төркін жұртына жеткізеді. Сұлуды өз туған тумаластары құшақ жая қарсы алады, себебі қазақта өз баласын өзекке тебу жоқ. Ал сұлулық қайда да жол табады, жөн табады. Әлгі айттырып, қалың малмен үйленетін болған жігіті Данай келді дегенді естіп, «өткен өлеует, қалған салауат, бәрі де енді ұмыт, Данайға үйленемін» деп шығады. Данай да сұлулығына ақылы сай, «елдің шырқын осы бұзғаным да жетер, сүйген Төремұратым енді жоқ» деп онымен тұрмыс құруға келісім береді. Әзілге де шебер Данай айтыпты: – Баяғыда теңіне қосыла алмай, шалға сатылған қыз айтыпты: «Құдай салды, біз көндік, ақ шұнақ шал бері жат» деген екен, сол айтқан, біз де көндік, соқыр байым бері кел!» деп күліпті. Жігіті де бұл сөзге апшымай, ілтипатпен жауап беріпті: – Әй, Данайжан, «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген бар. Өткенді ұмытайық, енді келісіп, өмір сүрейік, – деген. Айтқандай-ақ, қалған ғұмырларын жарастықты, үйлі-баранды, балалы-шағалы, жайлы өткізіпті дейді шежіре айтушылар. Енді Күйкенге қайта оралайық. Төремұрат адайдың арқыраған батыры Сүйінғарамен дос екен. Екеуі үзенгілес, кей жортуылдарда бірге шапқан, етене сыйлас болыпты. Айта кетейік, Сүйінғара Үстірттің үстінен өтетін «Жібек жолы» саудагерлерінен алым-салық алып отырған Маңғыстаудың ең бірінші «кеденшісі». Әупірім кісі барлық көш-керуендерді көндіріп, тиісті сыбағасын алып отырған. Сол Сүйінғара Төремұрат оқиғасын естіп, Күйкенге келеді. Батыр жерленген жерді көріп, бата қылып, қатты мұңайыпты: – Пай, шіркін-ай, қайран асыл ердің бір төмпешік болып жатысын қарашы! – дейді. Басын көтеріп, жан-жағына қараса, анадайда бір күмбез тұр. – Анау кімнің ескерткіші? – деп сұрайды. Қасындағылар бір байдың атын айтады. – Онда Құдайдың алдында да, адамның алдында да жауабын өзім берем, бұл күмбезді бұзып, Төремұраттың үстіне орнатыңдар! Тірісінде елге белгілі болмаған бай, енді күмбезімен белгілі болмай-ақ қойсын! – деп бұйырады. Айтқаны орындалады. Ескерткіш Төремұраттың басында ондаған жылдар тұрды. Күн мен жел, жауын-шашын, ыстық-суық дегендерін істеп, кесене бұзылды. Әлде әлгі байдың ұрпақтары өш алды ма, кім білсін. Қазір таз азаматтары Төремұратқа жаңа күмбез орнатқан. Бұл оқиға жөнінде қазақтың маңғыстаулық көрнекті ақындарының бірі «Дарын» және Т.Айбергенов атын­дағы сыйлықтардың иегері Светқали Нұр­жан «Адай Сүйінғараның таз Төре­мұрат­қа мола салдырғаны жайлы хикая» жазды («Таң қауызын жарғанда» 3 томдығының ІІ томы, 256 бет). Осыдан үзінділер келтірейік: Сыр айтты бізге жеткен хат осындай, Жәбір мен түгендерсің жапасын қай!.. Қорымның ортасында тұр шіреніп – Тас күмбез көп асықтың сақасындай. Көзінде Ер Сүйіннің жанды шырақ – Өмірі батырлардың мәңгі сынақ. «Бұл адам тірлігінде не тындырған?.. Бұл кімнің моласы?..» деп қалды сұрап. Сүйекең сауалынан қайта алмай тұр, Алмаса дұрыс жауап – жайпардай тіл. «Бай болған...» деген сөзден басқа ештеңе Мандытып жамиғы жұрт айта алмай тұр. Бұзылды батыр жүзі неден кенет? Саңқ етті: Керек қандай менен көмек?.. Тірлікте еліне еңбек етпеген жан – Өлгенде жарытпайды желеп-жебеп. «Жұртым!» деп ұрып өткен құзға басын, Ұлыңнан көк тасты да қызғанасың!.. Моланы салу керек – Ер Төреге, Ер Төре – жатпау керек жертөледе! Кәнеки, мына байдың бұз моласын!.. Шаншылып көкті ұрғандай құйын дара, Осылай әмір берді Сүйінғара... Тастады тамды бұзып, мола салып – Ерлердің ерлерге еткен сиын қара! Төремұратқа кесене тұрғызғаннан кейін бір мал сойып, садақа өткізеді. Дәл осы садақаның тұсына алыстан ат арылтып Құрманғазы келген деседі. Бұл Құрманғазыға Төремұрат кәрі нағашы, Құрманғазының әжесі Таз руының қызы көрінеді. Содан араласып, күйші кәрі нағашы жұртына ара-тұра келіп тұрады екен. Жігітті қайда да көңілді, думанды орта тартатыны белгілі. Оның үстіне өз жерінде қуғын-сүргіннен мезі болған Құрекең өзіне жаны да сәні де жақын Төремұратқа қарай, тіпті одан әрі іргелес Маңғыстауға қарай беттейтіні содан екен. Енді сол Төремұраты жоқ. Ма­хаб­бат­тың құрбаны болған батыр на­ғашысына бата тигізейін деп әдейі келгені осы. Бейіттің басында домбырасының киіз қабын шешіп, мұңайып, басын иіп, біраз тұрыпты. Содан кейін бір күйді бастап кетті. Қоршаған жұрт домбыра да мұңды бола ма деп ойлады. Жоқ! Олай болмады. Домбыра құйқылжыған құдіретті үнді төгіп жіберді. Төкпектеген тұлпардың тұяғы, арқыраған адуын шабыс, жарқылдаған бес қарудың көз ілеспес қимылдары, жалын атқан оттың қызуы көкіректі қақ айырып кетердей. Япыр-ай, қазаға арналған саз осындай болар ма? Біраз үнсіздіктен кейін Сүйінғара сөйлеп кетті: – Жарайсың, Құрманғазы! Бұл қапы кеткен батырлықтың және қызығы от болып күйіп кеткен махаббаттың күйі ғой! – деді. – Дұрыс түсіндіңіз, Сүйеке. Бұл күйді қыршын Төремұраттың ерен ерлігіне және Данай екеуінің дүниеде теңдесі жоқ жарқ еткен жарастығына арнап шығарып отырмын. Күйдің аты «Төремұрат» деп Құрманғазы күйді тағы бір қайталай ұшындырып, таңдай қақтырды. Бұл күйді қазақтың дүлдүл домбырашылары Дина, Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Бақыт Қарабалина, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға ­Ахмедияров, Сағын ­Жалмышев, Айгүл Үлкенбаева, тағы басқалар орындады. Әрқайсысының өзіндік өрнек өзгешеліктері бар. Маңғыстау топырағында шыққандықтан, бұл күйдің бір өзіндік ерекше нұсқасы біздің қолымызда да бар. 1967 жылдың жазында Ақтау қаласында (ол кезде Шевченко) тұратын әйгілі күйші, менің немере ағам және ұстазым Алым Жаңбыршиннің үйіне Жыңғылды ауылынан Атанғұл Сүйесінұлы деген қарт келді. Бүкіл Маңғыстауға белгілі домбырашылар шоғыры шоңай руының өкілі, кәріқұлақ шебер күйші екен. Ағамыз екеуміз жоғарыда айтылғандай күйлер тарихын Атанғұлдың аузынан тыңдап, сол күні «Төремұраттың» және Есбайдың «Әләйім жалған» күйінің жоба-нұсқаларын үйреніп қалдық. Көке (мен Алымды «Көке» деймін) үйретушінің құлы болмай, үйренген күйін әсемдеп, ажарландырып, түрлендіріп жіберетін. Маған да ұстазымнан сол жұғысты болды-ау деймін. Біздің «Төремұратта» да сондай сипат бар. *** Енді бүкіл әлемге белгілі «Адай» күйіне келейік. Әрине, әуелі ұлы Ахаңа, академик Ахмет Жұбановқа жүгінеміз ғой. Ол былай дейді: «...Адай руы Исатай көтерілісінде көзге түскен болатын... Исатайға қосылған қолдың ішінде адайлықтар көп еді... Мұрағат деректеріне қарағанда, Адай округы Ұлы Октябрь революциясына шейін Түркістан генерал-губернаторлығының ерекше бақылауында болып, «Бөгде аймақ» («Полоса отчуждения») атанып келді. Ал осы аймақта үнемі толқу, наразылықтар болып келіп, оның аяғы... патшалыққа қарсы күрестермен ұштасты. Біздіңше, Құрманғазы Адай руы атын жалпыланған ұғымда алып, еркіндік сүйген елінің қайтпас күшіне арнап шығарған болуы керек» (А.Жұбанов «Ғасырлар пернесі», 1975 ж. 46 бет). Құрманғазы  және маңғыстау Маңғыстаулықтардың ерлік істері тек Исатай көтерілісінде ғана көрініп қойған жоқ. Одан бұрын Сырым Датұлының көтерілісінде де көзге түсті. Нар тұлғалы адай батырларына (оның ішінде Зілғараға) арналған Абылдың «Нарату» күйі сол кезде шыққан еді (А.Сейдімбек «Қазақтың күй өнері», 2002 ж. 426 бет). 1870 жылы түбекте орыс саясатына қарсы Иса-Досан көтерілісі бұрқ етті. Қарапайым шаруалар патшаның мұздай қаруланған жүз шамалы жазалаушы әскерін тосыннан қырып салды. Сосын Форт Александровск қамалына шабуыл жасады. Маңғыстаулықтардың осындай қажырлы күш-жігері ұлы күйшінің шығармасына, Ахаңның айтқанына қосымша арқау болды деп ойлаймыз. Оның үстіне өзі келген сайын мінәжат ететін бүкіл мұсылман дүниесіне белгілі Пір Бекеттің ұлы рухы да Құрманғазыға әсер етпей қойған жоқ. Міне, сөйтіп, қазақ деген қаһарман елдің қайсар бір ұлысына арналған «Адай» күйі Құрманғазының көкірегінде осындайдан туындады деп айтуымызға әбден болады. *** Ұлы сазгердің «Ақсақ киік» күйі де – бір әсем дүние. Бір келгенінде ол жолдастарымен аңға шығыпты. Ол кезде Үстіртте киік пен қарақұйрық жыртылып айырылатын көрінеді. Құрманғазылар бір тобыр киіктің соңынан қуып кетеді. Тірсектеріне жел біткен дала жүйріктері жүйткіп кетті. Соңында бір киік үш аяқтап шойнаңдап ере алмай барады. Біреулер жаралап кеткен. Ақыры өкпесі өшіп, бейшара құлап, жатып қалды. Қасындағы жігіттер өңмендеп, оны соғып, бауыздап тастауға ұмтылды. – Тимеңдер! Құдай үшін тие көрмеңдер! – деген Құрманғазының жалбарынған өктем даусы шықты. Жолдастары ештеңе түсінбей, тұрып қалды. – О, дүние-ай, жазықсыз жаны жаралы жалғыз осы киік пе? Бұл қасіретті заманда біреудің кесірі тиіп ақсамай жүрген кім бар? Бұл өмірді ойлаңдаршы, сырты бүтін, іші түтін адам көп. Жүректері назалы, жандары қазалы. Мысалы, мен де осы секеңдеген жаралы ақсақ киіктеймін. Аңшылар бұл сөзге ұйып, Құрман­ғазыны мүсіркегендей үндемей қалды. Ақсақ киік разы болғандай Құрманғазыға әдемі мұңлы мөлдір көздерін бір тастап, үйіріне қарай қисаңдап кете барды. Сол күні кешкісін отбасында күйші «Ақсақ киікті» тартыпты-ау. *** Бірде Құрманғазы алыстан шаршап, шалдығып келе жатып, айдалада тұрған жалғыз үйге түседі. Үйде шал-кемпір және олардың жап-жас қызы бар екен. Амандасқаннан кейін қыз Құрманғазының түтіккен түсінен қатты шөлдеп келгенін байқап: – Аға, тез шай берейін. Су да қайнап тұр, қазір демдеймін, – деп шұғыл қимылдады. Бір қорап шай алды да, қағазын ашып, аққұманға түгел төңкере салды, түбінен шырт-шырт шертіп жіберді. Аққұманды ошақтағы қидың шоғына қоя салды, ол біраздан кейін-ақ қақпағы бүлкілдеп қайнап кетті. Шүмегінен қою күрең шай шамасымен қидың шоғына быж-быж тамды. Ой, шіркін, сондағы иіс-ай! Өзі қатты шөлдеп отырған Құрекең шайдың осы хош исіне елтіп, тамағы тобарсып кетті. Соның арасында сырттан түйенің ыңырсыған даусы естілді. – Аға, сәл күте тұрыңыз, інген келіп қалды. Тез сауып алайын, кідірсем, исініп кетуі мүмкін. Шайыңызға сол жаңа сүттен құяйын, – деп көнегін алып шығып кетті. Көп айналған жоқ, қайтып келді де, дастарқан жайып, үстіне ірімшік-құрт, бір-екі шақпақ қант қойды да, шай құйды. Қаны тамған мақпал шай, оған інгеннің балшықтай сүтін құйған соң бабына келді емес пе. Күйшінің шайға құмарының артқаны сондай, рақаттанып ұрттай берді. Іше берді, іше берді. Ірімшік-құрттан дәм татып, шекерден шырт еткізіп тістеп қойып, балқыды дейсің Құрекең. Аққұманның қызылы кесілмей, үлкен қара шайнек босауға айналды. Шал-кемпір де шөлдеп келген қонағының шайына көп ортақтасқан жоқ. – Қарағым-ау, мынауың шай емес, тіпті бал ғой, балқаймақ қой! Уф! – деп терлеп-тепшіп, денесі балбырап бейжай болды. Алғысын жаудырып, көңілінің біткені сондай, енді домбырасына қол созды. – Айналайын, шайың керемет, балқаймақтай! Өзің де сүттің бетіндегі қаймақтай екенсің. Шайыңа және өзіңе арнап «Балқаймақ» деген күй тартайын, – деп шерте жөнелді. Домбыра да рақаттанған күйшінің күйіне түсіп, жайраңдап кетті. «Балқаймақ» күйінің тарихы осылай деседі біздің қариялар. *** Үстірттің шың жағалауында, Ойға түсетін тұста «Маната» деген құлау бар. Бұл құлау сол жерде орналасқан Маната әулиенің есімімен аталған. Ертеде өте қауіпті болған шатқалдан түсетін жол кейде апатқа ұшырататын. Міне, Құрманғазының «Маната» деп күй шығаруы – оның осы жерде өткенінің айқын айғағы. Ақбоз атының айыл-тартпасын қаттырақ тартып, өмілдірік-құйысқанын мықтап алып, төмен түседі. Етегіне барып, жоғары қарағанда құз-қыраттың маңғаз түріне қайран қалып, сағым шалған сары даланың мұндай да өзге сипаты болады екен-ау деп біраз қызықтайды. Табиғаттың осындай көркем көрінісіне арнап күй тартты. «Маната» күйі осылай шыққан. Осы Манатадан құлап, Ойға түскенде Құрманғазы Маңғыстаудың атақты күйшісі Есірмен кездескен деген әңгіме бар. Есір орыстардың Хиуа сапарынан аман-есен оралып, ауылына, Жыңғылдыға қарай беттеген кез. Патша әскері сол жақтағы «Көк-Төбе» бекінісін алуға қару-жарақ, жүктерін арту үшін жергілікті халықтан 90 түйе жинайды. Әр 10 түйеге бір түйешіден 9 түйеші алып аттанған. Сол 9 түйешінің бірі – Маңғыстаудың ұлы сазгері Есір Айшуақұлы еді. Оның Хиуа сапарындағы күйлері сонда шыққан. Бұл 1870 жылдардың іші, Құрманғазы елу жасқа таянған, ал Есір одан он жеті жас кіші, отыздың үстінде. Ол ұлы сазгерді аға деп сыйлап, домбырасын тыңдағанда өнеріне тәнті болған, ал Құрманғазы да Есірдің «Ақжарма», «Күнтәйін» естіп, ініңнің шеберлігіне риза болыпты дейді. Мынадай бір әңгіме естігеніміз бар. Екеуі келе жатып, мал суарып жатқан бір құдықтың басына соғады. Құрманғазы айтыпты: – Есіржан, мен су көрмегелі көп болды. Осында жуынып, шайынып алайында. Әңгіме жоқ. Есір малшыларға бір астауды дайындатып, су құйдыртады. Құрманғазы шешінеді. Астапыр­Алла, оның денесін көргенде жұрт шалқаларынан түсе жаздайды. Шүй­де желкеден кыр арқасына түскен жалбыраған жал! Көргендер таңдай­ларын қағып: «Апыр-ай, мынау тегін адам емес қой, нысаналы кісі шығар» депті. Есір Құрманғазыны жуындырып және шашын, жалын тарап, тазалап беріпті. Осы жерде оның айшықты «Жалдықара» күйі Құрманғазының жалындай болып, саусақтарына оралса керек. Құрманғазының ел арасында «Жалды ата», «Жалды Құрманғазы», «Жалды күйші»» атанғанын өнер сүйетін қауым естіген шығар. Міне, Есірдің де «Жалдықара» күйі сол аруақты жалды кісіге арналған деген нұсқа бар. *** Кәрі нағашыларының ауылында той-томалақтың қызығы мен ойын-сауығында Құрманғазы өзінің өнерімен және күш-қайратымен көпшіліктің көңілінен шығып жүреді. Алтынқабақ атса да, күрессе де алдына жан салмайды. Ауылдың жігіттері бұған іштері күйіп, өш алмақ ниетте болады. Шөкен деген қызды азғырып, бір-екі ауыз өлең үйретіп, Құрманғазыға жеткіз деп жібереді. Ол «Жиен аға, айтысайық» деп қолқалайды да, жігіттердің үйреткен сөздерін бөсе жөнеледі: Байлардан қазық қалады қонған жерде, Түлкінің еті қалады сойған жерде. Ішкен ас, сый-құрметті олжа көріп, Жүресің төбет иттей тойған жерде. Қайдағы Адай-Таздың арын арлап, Сен жүрген бір бозқаңғыр біздің елде. Шет жерде әлін білмей әлек болған, Сөзім шығын болады-ау сендей кемге, – деп тастайды. Күйші сөздің төркінін түсіне қояды. Шөкеннің былайша жөнсіз тиісуінің орны жоқ және әнебір сөз білетін адам да емес. Тек әлдекімдердің үйретіп, итермелеуімен айтылған көргенсіздік сөзді көңіліне тік алып, ұйқастырып өлең шығара қоятын өзінің де қабілеті бар Құрманғазы Шөкенге жауап береді: Шыға алмай жаман жүреді туған жерден, Қайда да ер жүреді сыйған жерде. Сайрандап сары даланы кезіп келіп, Өнерпаз атым шықты сіздің елде. Теңедің кемітем деп мені итке, Адасқанның өзіне алды жөн де, Азғырған біреулердің тіліне еріп. Құрбыжан, тілім тисе артық көрме Көргенді қонақ көрген елдің қызы Ауылына келген жұртқа итсің дер ме?! Мұны естіп қалған Төремұрат, Нарынбайлар Шөкенге ұрсып, оны тойдан шығындырып жібереді. Оны айдап салған жігіттерді тауып алып, жостыртып қамшының астына алады. Олар Құрманғазыдан кешірім сұрап, қанша жылы сөздерін айтып, алдарқатса да, күйшінің қабағы ашылмай қояды. Ішіне реніш ұялаған ол әр нені ойлап, көнбейді. Көп ұзамай, атына қонып, таяу тұрған Маңғыстауға қарай бағыт алады. Осы ретте Шөкеннің қосарлас айтылған «Адай-Таз» деген сөзіне мән берген дұрыс. Бұл екі ру ежелден еншілес және «емшектес» деп аталады, оның тарихы – бөлек сөз. Міне, Құрекең осы екі руды бірдей көріп, бірінен шығып, біріне бара бергенге ұқсайды. Содан адай ауылында қонақ болып отырып, бір күйді боздатты дейсіз. – Апыр-ай, бұл не күй? Мұнда бір наз, мұң бар сияқты ғой, – деп сұрайды қоршап отырғандар. Құрманғазы әлгі Шөкен қызбен болған оқиғаны айтып, оған «бозқаң­ғыр» деп тіл тигізгенін әңгімелеп береді. – Елде бай-хакімдермен келісе алмай жол тартып және жарастықты жолдас-жораларды аралап жүретініміз бар. Соған бола әлгі қыз орынсыз сөйлеп, жүрегімнің жабырқау тініне тиіп кетті. Сондай себептен тартып отырмын. Күйімнің аты «Бозқаңғыр» депті. *** Маңғыстаудың атақты күйшісі Мұрекең – Мұрат Өскінбаев «Құрман­ға­зы­­ның жас кезінде шығарған күйі екен» деп «Бас ақжелең» деген күйді тартатын еді. Оны кезінде әкесі Өскінбайдан үй­реніпті. Бұл күй жоғарғы Атырау жағын­да көп естілмей, Маңғыстаудың саңлақ дом­бырашыларының қолдарында болуы оның осы түбекте дүниеге келгенін меңзейді. Домбырадағы сан-сапат «Ақжелең­дерге» еліктеп, Құрманғазы өзінің күйін «Бас ақжелең» деп атауында бір гәп бар сияқты. Бірақ оның қыр-сырына әлі ешкім ден қойған жоқ, бұл болашақтың еншісінде. *** Каспий теңізі бір кезеңдерде деңгейі көтеріліп, жағадан шығып, тасып кетеді екен. Ғалымдардың айтуынша, бұл әрбір дәуірлік мерзім сайын болып тұратын құбылыс көрінеді. Міне, сондай құбылыс ХІХ ғасыр­дың екінші жартысында да болған. Мұны ұлы сазгер Құрманғазы мен ақпа-төкпе суырыпсалма ақын Қашаған өз көздерімен көрген. Құрманғазы бір келгенде Қашаған тап болып, екеуі тасып жатқан теңізді жағалай жүріпті. Бұл жөнінде бір суретшінің салған суреті де бар. Қашаған халықты қиналысқа ұшыратқан осы тасқын жөнінде «Топан» атты дастан шығарды. Ақын пәлсапалық ұғыммен табиғаттың қасіретті құбылысын адамзаттың имандылық, нәпсілік қасиеттерінің жоғалуымен байланыстырады. Соның жазасы деп түйіндейді. Ал Құрманғазы асып-тасып, көбіктеніп, толқып жатқан теңізді көріп, оның халыққа залалы тигеніне жаны қиналады. Оған Қашаған дастаны да қатты әсер етеді. Сөйтіп, жүрек сыздатар сазды «Көбік шашқан» күйі шыққан. *** Ұлы сазгердің алпыстан астам күйлерінің бір бөлігі Маңғыстауда тартылғанын бұл ел мақтан етеді. Осы жөнінде мағлұмат берген зерттеуші ғалымдарға рахметін айтады. Әрине, күйдің қайда шыққаны айрықша сипат та болмас. Дегенмен, Құрманғазының өмір жолындағы, шығармашылық қызметіндегі белең-белестерге ой жүгірткенде өзіндік мән-мағынасы бар деп ойлаймыз. Маңғыстау жұртшылығы осы аймаққа талай сапар шегіп, тамаша туындыларын төккен Құрманғазыны көкке көтереді. Оны өзінің Абыл, Есір, Өскінбай, Есбай, Құлшарларынан кем көрмейді. Соның айқын көрінісіндей қазір Ақтау қаласының қақ төрінде ат үстінде еңселі ескерткіші тұр. Бұл – түбекте жалпы күйшіге арналған бірінші мүсін. Ұлы Құрманғазының күйлері қайда шықса да,бүкіл қазақтың қастерлі мұрасы. Олар мәңгілік жасап, ұлттың рухын ұлықтай бермек. Сержан ШАКРАТ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы

20357 рет

көрсетілді

2572

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы