• Тарих
  • 30 Қаңтар, 2014

Ұлы дала атаулары. Жамбыл облысы

Байзақ ауданы Жаңасаз – ауылы Сазтерек ауылдық-әкімшілік округінің құрамында. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан, егемендік алғанымызға дейін «Коньзавод» аталып келген. Еліміз егемендік алғаннан кейін облыс әкімінің 24.01.1995 ж. шешімімен аталмыш ауыл «Жаңасаз» атауын қайта алады. Жаңасаз атауы туралы ел аузында екі түрлі аңыз-әңгіме бар. Біріншісі, ертеде ауыл жұрты егін егіп, диханшылықпен айналысады. Талас өзенінен арық тартып, жерін суарады. Сол уақыттарда елге жау шабады да, халық жерін тастап құмға көшіп кетеді. Ал арықтың суы байланбай қалып, жерді бірнеше жыл бойы су басып жатады. Жау кеткеннен соң халық қоныстарына қайта келсе, су жайылып жатқан жерге жаңадан саз байланып, бірнеше ұсақ көлдер пайда болған деседі. Екіншісі, ертеде жергілікті халық жазда егін егіп, қысқа құмға көшіп отырған. Сондай бір жылдары ел қысқы қыстауға көшкенде су молайып, егін еккен жерлерге су жайылып, жаңадан саз пайда болады. Сол көлшіктердің орындары әлі бар. Олар: Ояр, Жетімсаз, Шойынбет және Жексенбі көлшіктері. Олардың былай аталу себебі, сол көлшіктердің жағасында отырған кісілердің аттарымен аталған. Содан халық бұл жерді «Жаңасаз» деп атап кеткен. Жақаш – ауыл атауы, Суханбаев атындағы ауылдық-әкімшілік округтің орталығы. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан 25 шақырым жерде, боз жусан, ши, жүзгін аралас сортаңды шөп өскен құмайтты сұр, сортаңды сұр топырақты шөлді белдемде орналасқан. Іргесін 1929 жылы «Батырақ» ауыл шаруашылығы артелін ұйымдастырушылар қалаған. 1962-1997 жж.Фрунзе атындағы қызылша өсіретін ұжымшардың орталығы болды. Ауылға Т.Рысқұловтың серігі, Жақаш Мамыровтың есімі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін облыс әкімінің 06.07.1992 ж. №60 шешімімен беріледі. Ауылда «Сәмбет» каналы бар. Оның ұзындығы 10 шақырым. Талас өзенінен басталып, Тегістік, Жақаш, Қарасу және Көкөзек ауылдарын басып өтеді. Сонымен бірге ортағасырлық тарихы бар «Қоңыртөбе» (төбенің қоңыр түсті топырағына байланысты) деп аталатын жота бар. Көктал – ауылы, ауылдық-әкімшілік округі орталығы. Аудан орталығы Сарыкемер ауылынан солтүстік-батысқа қарай 5 шақырым жерде, Талас өзенінің тармақтары жағалауында, бұта аралас жусан, баялыш, күйреуіш басым өскен шалғынды боз топырақты шөлейт белдемде орналасқан. Тұрғыны 1,9 мың адам. Көктал ауылы 1932 жылы 7 ауыл (кішігірім) құралып, бір колхоз болып ұйымдасқан. 7 ауыл тек нөмірмен белгіленген. 1935 жылдан бастап «Политотдел» колхозы деп аталған. 1980 жылы Политотдел өз алдына ауылдық кеңес болып құрылды. 2002 жылдан Көктал ауылдық әкімшілігі болып қайта өзгереді. 1994 жылы ауыл ақсақалдарының және тұрғындарының ұсынысымен «Политотдел» ауылы Көктал деген атаумен өзгертілді. Себебі алғашқы колхоздастыру кезеңінде ауылды қоршай жасыл желектер егілген, ол көп кешікпей ну орманға айналған. Сондықтан сырттан келгендер сол қалың талдарына орай «Көктал» ауылына бара жатырмыз дейді екен. Еліміз егемендік алғаннан кейін ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссиясының 06.02.1997 жылғы ұйғарымымен аталмыш ауыл тарихи атауын қайта алды. Көкөзек – ауыл, Суханбаев ауылдық-әкімшілік округінің құрамында. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан солтүстікке қарай 30 шақырым жерде орналасқан. 1920 жылдары колхоз болып құрылды. Ауыл атының шығу тарихы туралы ел есінде мынадай әңгіме бар. Қарасу мен Көкөзек ауылының ортасында «Көкалыс» деген шөбі шүйгін, көк құрақ, бидайдың ерте көктемде бітік өсетін саздауыт алаңқай жер болған. Сол алаңқайдан ылди сулар бірігіп, Көкөзек ауылының ортасындағы өзекпен төмен қарай ағып жатқан. Ертелеу кезде шамамен 1880-1990 жылдары тұрғылықты ел құм жиегінде шашыраңқы қалыпта отырған да, ұжымдастыру кезінде қазіргі Көкөзек ауылының тұрған жерінен ауылдың, көшенің жобасы сызылып халықты көшеге қоныстандыра бастаған. Кейін келе Көкөзек ауылы пайда болады. «Көкөзек» атауы ауылды екі бөліп, ағып жатқан өзекке байланысты қойылған. Көкөзек ауылы ежелден-ақ «Көкөзек» деп аталады. Құм жиегіне жақын жазықта ағып жатқан өзен сонау Алатау басынан басталып, Қарасу көлінің жиек жақ шетіне келіп құяды. Өзеннен шығатын кіші суды халық өзек деп атаған. Ерте күзден бастап, қыс түсіп, жер беті ақ қар жамылғанға дейін өзектің екі жағы жап-жасыл желек жамылып жататын. Ауыл жағасы от, суы мол өзектің атына байланысты «Көкөзек» деп аталған. «Жамбыл облысының топонимикалық атауларының анықтамалығы» бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

7495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы