• Тарих
  • 06 Ақпан, 2014

Созақтағы шешуші шайқас

Әбдісаттар Оспанов Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, қарапайым халқының қорғаны бола білген хас батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының есімі қазақ қауымына жақсы таныс. Биыл даңқты қолбасшының туғанына 240 жыл толады. Бұл мерейтойға дайындық халық батырының туған жері – Сыр бойында қызу жүргізілуде. Қызылорда облысының әкімі өткен жылдың тамызында өңірде қазақтың қаһарман ұлына арналған мерейтойлық шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы арнайы шешім де қабылдады. Біз төменде жазушы Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» тарихи трилогиясынан шағын үзінді ұсынып отырмыз. ...Бірнеше күн бойы ешбір дамыл көрмей, ат үстінде көз іліндіріп, түн жамылып ас ішкен сарбаздар қайтар жолда әбден қалжырағандарын сезді. Түркістан шаһарының өкпе тұсына қайта жақындап, тау бөктеріндегі суы молдау көрінген бұлақтың жағасына келгенде, Жанқожа тоқтауға белгі берді. Кіші бесін кезінде бел шешкен бұлар осы жерде түн өткізе тынығып, ертең Созаққа тура тартуға шешім қабылдаған болатын. Сауыт-саймандарын тастап, таудың сылдырай аққан мөлдір бұлағының салқын суына әбден ­шайынып, беті-қолдарындағы неше күнгі ащы терлері мен шаңдарынан арылған сарбаздар кезектесе қарауылдап, қаннен-қаперсіз демалуға кіріскен. Жанқожа үнсіз жатыр. Қыркүйек айының ортасы болды дегенмен, ауа райы май тоңғысыз. Шақырайған күннен қорғаштанып, бұлақ басына үркіп шыққан ауқымды үйеңкінің көлеңкесіндегі самалдан жаны рақат тапқандай, тырп етер емес. Оған жақындап келіп, көнетоз текеметке қатар қисая кеткен Дәрменқұл мен Дабыл сәлден соң «қор» ете түскен. Бірнеше жігіт кешкі ас қамына кіріскен. Күн ұясына қонуға таянып келеді. Манағы шайқаста садақтың жебесі жырып кеткен жарасына жапырақ басып, қырын қарап жатқан Сатыбалды батырдың көзі Түркістан жақ тұстан жақындап келе жатқан қалың қолды шалып қалды. Ол орнынан атып тұрып: – Батыр аға, ана жаққа қараңызшы. Қалың қол қаптап келеді, – деді аптыға, сыбырлай сөйлеп. Енді ғана көзі ілініп бара жатқан Жанқожа орнынан жайлап көтеріліп, оңтүстік беттегі жазыққа шығатын қақпа тәрізді аңғардан асыра көз тастады. Сол кезде жоғарғы жақтағы қарауылдар да белгі берді. Сарбаздар тез-тез киініп, қару-жарақтарын сайлап, аттарына қарай жүгірісті. Жанқожа мен Дәрменқұл да киініп, Төремұрат үшеуі жедел басып жақын жердегі жақпар тастың үстіне шықты. Бұл кезде қалың қолдан қос атты бөлініп шығып, бұларға қарай бет түзеді. Ол екеуінің қару-жарақсыз, қарапайым киіммен келе жатқандарын байқаған батыр Дәрменқұлға бұрылып: – Ахун, анау екеуі жаушы болар, шамасы. Көп жақындатпай, біз де адам жіберсек қайтеді? – деді. – Иә, кім білсін, олардың не ойлағанын. Екі-үш жігіт жіберіп байқаған дұрыс болар, – деді Дәрменқұл да күдігін жасырмай. Батыр Төремұратқа қарап еді, ол батырдың өзін жұмсап тұрғанын түсінді де, төмен түсіп кете барды. Артынан қарап тұрған Жанқожа, оған даусын көтере: – Қаруларын тастамасын! – деді. Төремұрат жедел басып барды да, біресе бұларға, біресе келе жатқан қос аттылыға жалтақ-жалтақ қарап тұрған Дабылға Жанқожаның бұйрығын жеткізді. Ол жанындағы Ізтілеу мен Ерғабылды жұмсады. Көп ұзамай бұлар барып, әлгі екеуін ертіп бұлақтың басына алып келді. Аттылар жақындап келе бергенде, Жанқожа мен Дәрменқұл да өздері тұрған дөң басынан төмен түсіп күтіп тұр еді. Анадай жерде аттан түсіп жатқандардың бірі шоқша сақалды, қою қасты, басына елтірімен жалпақ етіп жиектеген бөрік киген, жасы алпыстың ортасындағы қызыл шырайлы кісі де, қасындағысы қырықтарға енді шыққан, қоңқақ мұрындау, қайратты қою мұртын қайқайта ширатқан, мығым денелі, жылтыр қара еді. Өздеріне қарағанда олардың жасы кіші екенін байқаса да, батыр мен ахун ізет көрсетіп, сырттан келгендерге қарсы жүрді. – Ассалаумағалейкүм, аға! – деді жасы үлкендеуі, әуелі қос қолын ілгері созған бойы өзіне жақындай берген Дәрменқұлға бірінші амандасып. – Уағалайкүмассалам, жолаушы інім, – деп ахун оның қолын алып, жайлап қысып қойды. Анау жылы шырайлы жүзін бұрып, енді өзінің ұсынған қолын екінші боп алған орта бойлыдан сәл жоғары, төртбақ келген Жанқожаның әулетті қолдарын қысып тұрып, оның басынан аяғына дейін бір шолып өтті. Сонан соң, жіті көздерін батырдың қас-қағымда өзін еріксіз қайран қалдырған өрілген сақалына қадай тұрып: – Құдай тілегімді берген болар деп тұрмын. Жанқожа ағам емессіз бе?! – деді қуанышын жасыра алмай. – Боздағынан айрылып, қанатынан қайрылып, қартайғанда түн қатып, тағдырына лағнет айтып, бұл дүниеден түңілген, Тамадағы тарлан би Құрбан інім емессің бе?! – деді, өзі іздеп келген қасіретті бидің қарсы алдында тұрғанына күмәні қалмаған батыр, оның қолын аялай қысқан бойы. Жанқожа сөйлей бастағанда-ақ өзін-өзі ұстай алмай, қос жанарынан парлаған жасы сақалына құйылып бара жатқан би, туған ағасының бауы­рына кіргендей, батырдың кең құшағына ене берді. Жанқожаның да жанарына жас үйіріліп, оны бауырына басты. Сәлден соң ғана құшағын жазып, Құрбан биді жас балаша қолтығынан демеп әкеліп, ағаш көлеңкедегі көнетоз текеметтің төріне отырғызды. Қалтасынан алған көлдей бөз орамалымен көз жасын сүртіп, аз-кем солығын басқан Құрбан би, бірінен соң бірі келіп айнала тізе бүгіп жатқан батырларға қарап: – Амансыздар ма, бауырларым? – деді. Қарттың өз-өзіне келуін күтіп отырған олар, кезектесе келіп қонақтарға амандасып, орындарына қайта отырып жатты. Барлығы сәлемдесіп болған соң, Дәрменқұл ахун биге бұрылып: – Уа, өзімменен өкшелес би інім! Қартайғанда тап болған үлкен қайғы-қасіретіңізге біз де ортақпыз. Елде жатып жайсыз хабар естіген соң, жан-жақтан анталаған жауларға қарамай, ағайындығымызды білдіргелі келіп ек. Туыстық ниетіміз түзу екен, «кездесе, жүздесе алмай кетеміз бе?!» дегенде, Алла тағала әулиелі төңіректе әдейі қауыштырғандай. Баламыз бен Сарман би бауырымыздың жандары жаннатта, имандары жолдас болғай! Алла, артының қайырын берсін! Жауда кеткен кекті алар күн де келер. Бақиға сапарланған жандарға дұғадан басқа не бұйырмақ дейсіз, құран бағыштап жіберейін, – деді. Сосын «Биисміллаһи иррахмани ирахим...» деп қырағаттай жөнелді. Аят оқылып, бата жасалғаннан кейін, Жанқожа Құрбан биге: – Інім, атқосшыңыз арттағы қолды алып келсін. Бүгін осында түнейміз. Құдай жол берсе, ертең Созаққа бірге аттанармыз, – деді. Би жанына еріп келген жігітке қарап иегін көтерді. Ол орнынан ұшып тұрып, атына қарай кетіп бара жатқанда, Жанқожа Ерғабылға қарап: – Сендер де бірге барыңдар, – деді. Намаздігер мен намазшам арасында таудың аңғары атты сарбаздарға толып кетті. Бұл жердің әр жыра-сайына дейін білетін Құрбан бидің жігіттері мен Жанқожаның сарбаздарынан түнгі қарауылға адамдар іріктелді. Көп ұзамай, мана сойылып бірнеше қазанға түскен жас жылқылардың еті пісіп, желініп болғанша бұл маңдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігінен, түрлі оқиғалардан, Сыр мен Жайықтың, Арал мен Қуаңның бойын жайлаған қазақтардың жай-жағдайларынан біраз әңгіме қозғалды. Созақтағы жағдай мен соңғы күндердегі шайқастар жайы да сөз болды. Жүйесін тапқан әңгіме-дүкен түн жарымына дейін созылды. Айнала қойылған күзетшілер ауыстырылған соң, олар қаннен-қаперсіз ұйқыға кетті... * * * Созақтағы шешуші шайқас... Жанқожа мен Дәрменқұл Құрбан биді ертіп сыртқа шықты. Олар әудем жердегі қосынға қарай үнсіз жүріп келеді. Батыр батуға айналған күнге көз салды. Бұлтсыз көкжиектің аржағына жасырынуға асыққандай, қан-қызыл шарайна солғын тарта шашыраған сәулелерін бірте-бірте жоғалтып барады екен. «Күн қызарып батты. Ертең қалай болар екен?» деді Дәрменқұл іштей. «Бір Құдайға тәуекел, не болса да көріп алдық» деді батыр да күбірлеп. Дәрменқұл да, батыр да қосқа кіргенше ләм-мим демеді. Хан жарлығын есіттіруге жүзбасыларды жинап алып, ертеңгі шабуыл жайлы ақылдасты. Қорғанды алыстан барлап келуге кеткен сарбаздар өз көрген-білгендерін ортаға салды. Бәрін мұқият тыңдап болған соң, Жанқожа сәл-пәл ойланып отырды да, өзінің нақты тұжырымын білдірді. – Таңертең шабуылға ерте, елең-алаңда шығамыз. Сарбаздарға мынаны жеткізіңдер. Біріншіден, мүмкіндігінше шу аз болсын. Таң алдындағы ұйқы қысқан шақта, қорғанға жақынырақ жетіп алуымыз керек. Ұмытпай, садақшы жігіттерге айтыңдар, қазірден бастап өз сауыттарын шабуылға шығатын сарбаздарға шешіп берсін. Ізбас бастаған садақшы мергендер тобы жебе жететін жерге бекініп алып, қамал басындағы ұялардан оқ атушыларға, тас лақтырушыларға, қоз тастаушыларға үздіксіз оқ жаудырып тұратын болсын. Бір де бір жебе желге ұшпайтындай етіп, дәлдеп ату жағын Сатыбалдының өзі барынша қадағаласын! Сауыт киген он шақты адам менімен бірге қамалдың батыс қақпасына жаяу шабуыл жасайды. Бұл топта тек Дабыл, Жауқашар, Ерғабыл, Айғабыл, Бердібай, Даңғай, Күкі, Беласар, Қыстаубайлар болады. Ешқандай тоқтау болмасын! Егер қамалдың жанына жақын барсақ, бізге жоғарыдан оқ ату қоқандықтарға өте қиынға түседі. Ал қорған басынан қоз тастаушылар мен қарамай құюшыларды мергендер нысанаға алады. Түнгі қарауылдағы сарбаздар өздеріне бекем болсын. Оларды жиі-жиі ауыстырып, мүмкіндігінше тынықтырып алуға тырысыңдар. Тағы да қайталап айтамын, елең-алаңнан қалмай, ер үстінен табылыңдар! – деді батыр. Жүзбасылар тараған соң батыр Ақтан, Төремұрат жырау, Дәрменқұл ахун төртеуі қоста оңаша қалды. Ахун бұрынғы әдетінше басын төмен тұқыртып, шоқша сақалын қайта-қайта сипап, анда-санда көзінің қиығымен батыр мен жырауға қарап қояды. Жанқожа сәлден кейін, парсы болатының тәсілімен жасалған наркескенін қынабынан суырып, оның жалтылдаған жүзіне қайта-қайта қарап отырған Төремұратқа бұрылды. – Төремұратжан, ертең сенің ерлігің­нен гөрі басқа тірлігің қажет болып қалады-ау, осы... Ертеңгі шайқасты ойлап, бейқам отырған ақын жалт қарады. – Ол не, батыр аға? Дәрменқұл да еңсесін көтеріп алды. – Төремұратжан, таңертең қамалға алғашқы жаяу баратын топтың арасында өзіңнің де болатыныңды білесің ғой? – Білем, батыр аға. Сосын да қылышымды қайрағалы отырмын. – Қылышыңды қайрасаң қайрап ал. Бірақ сенің одан да он есе күшті қаруың бар емес пе? – Ақын батырға таңырқай қарады. – Ол сенің сөзің мен домбыраң! Шабуылға шығар алдында батырларды қанаттандыратындай сөздер айтып жібер. Даусыңды қаладағылар есітеді деп қаймықпа. Онсыз да бірнеше күннен бері шаршап-шалдыққан сарбаздардың рухын қоздыратын ақын сөзінен артық қуатты қару бар ма?! Бұған не дейсің? – Қайдан білейін, батыр аға, қоқандықтар «таң атпай сарнап жатқан бұл қайсысы?» деп ыстық қорғасынмен қолқамды бітеп тастап жүрмесе? – деп Төремұрат еркелеген балаша кеңк-кеңк күлді. – Қылышпен барсаң қолқаңды бітемей ме?! – Дәрменқұл дүрсе қоя берді де, артынша ол да әзілге бұрды. – Кім біледі, сарттар да әуезқұмар жандар ғой. Тіпті сенің әуеніңе елтіп ауыздарын ашып тұрғанда, қорғанның қақпасына да жетіп үлгірерміз. Манадан үнсіз отырған Ақтан батыр мырс етті. – Қазақтың қаруы мен домбырасы қашан да қатар жүрген ғой. Мейлі, айтқандарыңыз болсын. Ал олар қарсыласып қару жұмсап жатса, біз де қарап қалмаспыз, – деді Төремұрат. – Енді көз шырымын алайық. Ертең – ауыр күн... Батыр орнынан тұрды. Ахун ауыр күрсінді. – Жаратқан Жаппар ием жар бол! Кім біледі, бұл жерден қайсысымызға топырақ бұйырып тұрғанын. Не болғанда, бәрі де тағдырдың ісі. Маңдайға жазылғанын көрерміз, – деді ол тысқа шығып бара жатып. * * * ...Жанқожа киініп тысқа шыққанда, таң қылаң берердей сыңай танытып тұр екен. Сарбаздар түндегі келісім бойынша, дайындыққа елең-алаңнан кірісіп кетіпті. Жанқожа батыр бастаған он адам алдыңғы шағын топты құрады. Үстерінде ­сауыт. Белдерінде қылыш, қолдарында айбалта. Бәрі де аттарын дарбаза талқандалған кезде бірінші боп шабуылға шығатын сарбаздардың жетегіне беріп, жаяу шабуылға сақадай сай тұр. Жанқожаның Бекбауыл би ат үстінен тақымына қысқан күн бейнелі күміс жапсырмалы ақ туы, желпіп өткен таңғы салқын самалмен жайлап қана қозғалады. Қала жақтан ешқандай сыбыс жоқ. Селт еткен жан да көрінбейді. Шамасы, неше күнгі шайқас оларды да шаршатқанға ұқсайды Енді бірде, атқа қонып сап түзеген сарбаздарға бір қырын қарап тұрған Төремұрат жыраудың таңғы тылсым ауаны тіліп, жаңғыра қалықтаған қоңыр даусы баяулап басталды да, бірте-бірте күшейе түсіп, көкке көтеріле берді. Шыңылай шарықтаған шымыр да зор дауыс барған сайын күшейіп, маңайды сілтідей тындырып, сапта тұрған сарбаздарды тыңдауға еріксіз мәжбүр етіп, тұла бойларын шымырлатып барады. ...Арғы атамыз Кіші Жүз, Баласы еді бес Шекті. Жанқожадай ер шығып, Беріп тұр Құдай тілекті. Атаның арын арлайтын, Мінекей, ерлер, күн жетті! Атаға ұқсап ұл туса, Жүрген жері жаннат-ты... Қыл белбеулі қырық ердің Біреуі еді Киікбай! Бекбауыл да сол ердей, Асылдан түскен қиықтай! Ақтан батыр ат қояр, Дұшпанды көрсе, қорықпай! Арқаңа сүйеу Жанқожа – Қара мойыл сырықтай... Екі талай жер болса, Елдің көңілін ер ашар. Хаққа сиын Беласар, Беліңе садақ жарасар! Жалмырза менен Жауқашар, Түрлерің көрген жау қашар! Келіп тұр кезек, ерлерім, Абыройға таласар! Ұмтылыңдар қалаға, Сендерден қалса, хан ашар! ...Көпжасар, Бажақ, Айдарқұл, Сатыбалды, Жұмабай! Аталарың аруақты – Құттық пенен Құрманай! Құланбике, Қоңырдың Ғаражаты белгілі – Жарқырап, мысал, туған ай! Еңіреген ел үшін, Қайдасың, ерлер, тағы да-ай?! Қызылбас, Даңғай, ер Дабыл, Дәрменқұл ахун, Шағырай! Ізтілеу, Сәдір, Ерғабыл, Тоқым тыққан Қыстаубай! Ізбас, Күкі, Жауқашар, Көпжасар мен Бердібай, Іс көрсетер күн бүгін, Құр атаққа мәз болмай! Сескенбеңдер, батырлар, Алланың болар жазғаны! «Жанқожа!» десе бұл күнде Қай мұсылман қызбады?! – «Бақтыбайлап!» ат қойсақ, Арқаның тарқар қозғаны. Созаққа кірсек «атойлап!» Абыройдың онда озғаны! – деп бір қайырып алды да, Төремұрат бұрынғыдан бетер қызуланып, үсті-үстіне төпей жөнелді. ...Екі жүзді семсердің Балдағы қолда қалғанша, Ат басындай сом жүрек От болып лаулап жанғанша, Мөлдіреген екі көз Жұмылып қанға толғанша... Батырдың сәні болмайды, Өз уәлаятын қорғамай. Жігіттің болмас ажары, Сауытты қанға былғамай! Ажал жеткен үйде өледі, Көзінің жасы құрғамай. Жанқожаға ілесіп, Лап қойыңдар, батырлар! Жан аямай сіресіп, Кеселеп жауды атыңдар! Созақты алсақ осыдан, Дұшпаның дос боп жақындар!.. Қаланы қоршауға дайындалған қалың қол тегіс атқа қонған. Мергендер кірпік қағар емес. Қорғанның әрбір оқатары көздеулі. Қылт еткен жанды қалт жібермес түрлері. Арқа-шығыстан үйіре соққан салқын жел ақынның ақырғы сөздерін қағып әкетті. Сол-ақ екен, Жанқожаның тобы «Бақтыбай! Бақтыбай!» деп ұрандап, қақпаға қарай жанұшыра ұмтылды. Төремұрат домбырасын жанында тұрған Ізтілеуге ұстата салып, қылышы мен айбалтасын оңтайлап ұстап, аналардың соңынан жүгіре басып кете барды. Таңғы тыныштықты дүр сілкіндіріп, қорған жақтан гүрс-гүрс етіп мылтық даусы шыға бастады. Бұл кезде Сатыбалды бастаған мергендер де жебе жетер жерге жақындап қалып еді. Әр нәрсені паналап келе жатқан олар жата-жата қалып, сирақты мылтықтар мен садақтардан ата бастады. Қорған басынан төмен қарай құлаған қоқандықтардың дауыс­тары аза бойды тік тұрғызды. Көп ұзамай, күңірсіген көк түтінге шаң араласып, біртіндеп көкке көтеріліп бара жатты. Жанқожа бастаған алдыңғы топ қақпаға әрең дегенде жетті. Келген бойда тұс-тұстан балталарын құлаштай сермеп, ағаштан жасалған қақпаны солқылдатып шаба берді. Олардың арттарына қарауға да мұршалары жоқ еді. Қорған үстінен бұларға қоз, тас тастамақ, қайнатылған ыстық май құймақ болған қоқандықтарды шабуылға бет түзеген жүздіктің екінші шебіндегі мергендер мүлт жібермей атып құлатып жатты. – Батыр аға, байқа! Бұл қақпаның жоғарғы тұсынан Жанқожаны көздеп тұрған сартты анадай жердегі қираған арба астында жатып, атып түсірген Ізбас мергеннің жан даусы еді. Оның саржасының екі кездей жебесі бүйірден шаншыла тиген дәу қара, шыңғырған күйі Жанқожаның жанына гүрс етті. Сөйткенше болмай, арт жақтан тағы да екі жігіт жетіп үлгіріп, олар да қақпаны балтаның астына алды. Сол кезде артта тұрған негізгі топ шабуылға шыққан еді. Бірақ бірнеше күннен бері қаланы қоршағандардың тегеурінді шабуыл жасай алмағанын пайдаланып қалған Отыншы мен Сушы бектер ішкі қорғаныс шептерін күшейте берген екен. Қорған ішінен жартысына дейін топырақпен көміліп тасталған қақпаны бірден бұзу мүмкін болмады. Бір-екі адамның оққа ұшқанын көрген Жанқожа батыр кейін ығысты. Жігіттерімен қақпаны балталап жатқан батырдан көз алмай қадағалап тұрған Дәрменқұл оның кейін шегінгенін көріп, жанында тұрған жігіттерге: – Аттарды жеткізіңдер! – деп айқай салды. Бірінші болып жаяу кеткен он екі батырдың аттарын жетекке алғандар шабуылға шыққандардың соңынан салды. Олар жауып тұрған оқ пен жебеге қарамай, қақпаға жақын келіп, аттарды иелеріне табыс етті. Ақтабанға мініп алған батыр, әскерді кейін қайтаруды бұйырды. Ол енді басқа ұрыс тәсілін қолдануды ойластырған еді. «Сегіз күн атысқан қорғандағылардың оқ-дәрілері, азық-түліктері мен садақ жебелері көп ұзамай таусылуы тиіс. Ондай жағдайда, қалғандардың қашқаннан басқа амалы қалмайды» деп ойлады ол. Сондықтан Құрбан бидің жігіттерін жерасты жолдарын тұспалдап болса да іздеп қайтуға жіберді де, батыр өзі сарбаздарымен дүркін-дүркін шабуылға шығып, оқ жетер-жетпес жерге дейін екпіндетіп барып, тез кейін қайтып отырды. Енді бірде, жүздіктерді қаланың әр тұсынан қаптатып, кейде бір жерге шоғырландырып алып, шабуылдағандай сыңай танытып та көрді. «Өз адамдарының шығынын, ал қоқандықтардың оқ-дәрісі мен жебелерін азайта берудің жолы тек осы» деп ойлады батыр. Түстен кейінгі шабуылдар осы шешімнің нәтижесі еді. Осылайша екі күн бойы шабуылдап, екінші күннің кешінде он шақты адаммен өзі қақпаға тағы барды. Мергендер тағы да бұларды алыстан қорғап, қамал басына оқ атып тұрды. Екі жақтан да мылтық пен садақтың оғы қарша борады. Бұл жолғы ­шабуыл кезінде Жанқожаның жігіттері қақпаның біраз тақтайын қиратып үлгірді. Бірақ тағы екі жігіті жараланып қалды. Тағы сүт пісірім уақыт шабуылдаған олар, қараңғы түскен соң жаралы жауынгерлерін жинап алып, қосқа келді. Олар қайтып келгенде, «әлде қайтті екен?» деп абыржып отырғандар қуанысып, батырларды отқа жақын жайылған киіз үстіне отырғызды. Сауыттары мен киімдерін шешіп, жараларын таңуға, киіз күйдіріп басуға көмектесті. Сауыттарын шешкен кезде, ішінен киген былғары кеудешеден өте алмаған шойын бытыралар саудырап түсіп жатты. Әсіресе, Жанқожаның үстінен түскен оқ өте көп еді. Мұны көрген Дәрменқұл: – Ойпырмай, Жәке-ай, өзіңді Алла тағала сақтаған екен. Мынау не деген сұмдық? – деп жағасын ұстады. Батыр үндеген жоқ. Кешкі суыққа қарамай бәрі де шешініп, жараларын таңғызып, қайта киініп алған соң, отқа жүздерін қаратқан күйлері құрттың малтасына бөктірілген сөктен жеп, отырған жерлерінде қисая кетісті... *** Дүсірлеген ат тұяғының дыбысынан шошып оянған батыр, жалма-жан айбалтасын ала ұшып түрегелді. Жарық түсіп келеді екен. Анадай жерде аттарын үсті-үстіне қамшылап екі адам шауып келеді. Қаланы қамап жатқан барлық әскер шырт ұйқыдан оянды. Анау екеуі бірдеңе деп айқайлап қояды. Жанқожа енді түсінді. – Атты әкеліңдер! – деді батыр. – Атқа қоныңдар! – деп айқайлады, сауыттарын киіп жатып Ақтан мен Дәрменқұл қосарлана. Қапелімде абыр-сабыр болды да қалды. Бәрі жапа-тармағай аттарына асығыс мініп жатты. Көлденеңдей берген атына мінген Жанқожаның жанына бұрын жеткен кешегі Құрбан бидің қасындағы жылтыр қара: – Жанқожа аға! Қоқандықтар қашып барады. Қайдан шыққаны белгісіз, жаңа таң алдында біздің сырт жағымызға өтіп кетіпті. Бағыты – Хазіреттің тауы. Тез алдын кеспесе болмайды, – деп үсті-үстіне аптыға сөйледі. Батыр астындағы еліріп тұрған Ақтабанның белін қайқайта шіреніп, ерден сәл көтеріле бере: – Биге айт, қашқандардың ізінен қалмай, қашығырақ жүріп отырсын. Тек қарасын көріп отырыңдар! Ашық шабуылға шықпаңдар! Қалай болғанда да, Қаратауға өткізбеу керек! – Енді сарбаздарына бұрылып: – Сатыбалды, Қыстаубай! Дабыл, Бердібай! Еріңдер соңымнан! – Астындағы Ақтабан ауыздығын қарш-қарш шайнап, бір орнында шыркөбелек айналды. Жанқожа қылышын қынабынан суырып алып, тебініп қалды да, алдыңғы аяқтарын көтере берген атының ауыздығын шірене тартты. Содан соң: – Ақа! Дәке! Қалған сарбаздармен қалаға шабуылдаңдар! Қалада әскер қалмаса, халыққа тиіспеңдер! – деп Ақтан мен Дәрменқұл ахунға айқайлаған күйі атының басын қоя берді. Ұйлығысып тұрған көп әскер лезде үрке қашқан киіктердей бет-бетіне бөлініп кетті. Жанқожа батыр бастаған үш жүздей адам қаланың оңтүстігін айналып, шығысқа қарай тартты. Құрбан бидің жасағы арқа тұстан қашқан жаудың ізіне түсті. Дәрменқұл бастаған екі жүз елудей сарбаз қалаға лап қойды. Сол кезде атқа қонып үлгірген Кенесарының сарбаздары да дарбазасы қиратыла бастаған қорғанға қарай жөңкіле шапты. Түс әлетінде қос қыспақтың арасында қалған бектер ұзап кете алмады. Қорған ішінде үнемі бағуда тұрып әбден семірген аттары шай қайнатым шапқан соң болдырып қалды. Қашан да бауырынан жарап жүрген мұзбел қарабайырлар қашқандарды құтқармады. Амалы құрыған қашқындар қолма-қол шайқасуға мәжбүр болды. Көп ұзамай, жазық далада қиян-кескі ұрыс басталып кетті. Қылыш, қанжар жарқылдап, айбалталар құлаштай сермелді. Көп адам өлді. Жан-жақтан қоршауға алынған қоқандықтар амалсыздан қаруларын тастап, аттарынан түсіп жатты. Көп ұзамай, Жанқожа мен Құрбан бидің сарбаздары қолға түскендерді қойша иіріп айдап, Созаққа қайтып келгенде, мұндағылар қала халқын алаңға жинап, Кенесары сарбаздары қолға түскен мал-мүлікті қорғаннан шығарып жатыр екен...

4655 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы