• Қоғам
  • 22 Қаңтар, 2009

Тайыр, жауабы дайыр!

«Ана тілі» газетінде Алматыдағы Жароков көшесінің тұрғындарына «Осы жұрт Жароковты біле ме екен?» деген сауал тастапты. Сауалнама жүргізілген бас-аяғы сегіз адамның жартысы Тайыр туралы мүлдем білмейтін болып шықты, компазитор, ғалым деп шатып-бұтады. Қазақтың біртуар ақыны, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы туралы кейінгі ұрпақтың бейхабар екені өкінішті. Оның «Күн туралы жыр», «Жұлдыз жарығы» поэмалары заманында лайықты бағасын алған шығармалар, алайда кейінгі кездері мектептегі әдебиет оқулығында Тайырдың шығармалары кең насихатталмай келеді. Кеңес Үкіметі тұсының ақыны болғанмен, оның өлеңдеріндегі өрнек, «лирикалық мені» өз алдына бір ерекшелік емес пе?

Тайыр Жароков өмірде айналасындағылармен әзілдесіп, үнемі жайдары жүретін айтқыш адам болған. Әсілі, қаламгерлер арасында «Тайыр айтыпты» деген талай әңгімелер бар. Соның бір парасы менің де жадымда қалыпты.

Тайыр жары Мүнираға жиырма екі жасында үйленіпті. Тайыр да қалыңдығын тез алғысы келген, Мүнирада Тайырдай азаматқа жар болуға асықса керек. Бірақ, ел жүдеу қалпынан арыла алмаған қиын кез. Әкесі көпке дейін ыңғай бермепті. Бір күні бойдақ Тайыр қыдырыстап кеп, түн ортасы табылдырықты аттай бергенде, іргедегі шамды қағып кетіп, шынысын сындырып алыпты.

Әкесі ме, анасы ма, әйтеуір біреу:

– Ей, жазған бала-ау, аяғыңның астына қарасаңшы! – деп кейімей ме. Сонда Тайыр табан астында:

Қараңғы, сондықтан да соқтығамын,

Әйнегін жанындағы соқты құман.

Кеш келіп, абайсызда шам сындырсам,

Осы үйде жылы төсектің жоқтығынан, – деп бойдақтығын меңзепті.

****

Тайырдың әдеби ортаға танылып, сыйлы болған кезі. Бір жаққа сапарға шыққалы жатса, есепші жігіт жол шығынына әдеттегіден аз ақша бөліп қойыпты. Соны тізімнен көзі шалып, шамырқанып қалған ақын:

Күтеді бізді заман алда қандай?

Боп қапсың бүгін, інім, әлдеқандай.

Жолымды жұпынылау бағалапсың,

Мен бұрын екі есе артық алмағандай, – деп сараңдығын бетіне басыпты. Өзінің ағаттық жібергенін түсіне қойған інісі жол шығынын мол беріпті.

****

Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Тайыр Жароков – үшеуі қырғыз ағайындарға қонақ болып, Бішкектен оралып келе жатса керек. Жолай бір шопанның үйіне түсіпті. Ішіндегі жастауы Тайыр болған соң, отағасы ымдап шақырып алып:

Осы анығын айтшы, мынау кәдімгі Мұхтар ма?– деп сұрайды.

– Ия, дәл өзі. Анау жанында отырған «Қарағандыны» жазған Ғабиден аға ғой,– деп таныстырады Тайыр.

Абдырап қалған үй иесі:

– Асып, үйіме табақ қылуға былайғы ет те жетеді, әлде арнап мал сояйын ба? – деп сұрайды. Сонда Тайыр мырс етіп күліп жіберіп:

Былайғы етіңді қой,

Қойыңды сой!

Әйтпесе, ұят болады ғой! – төтесін айтыпты. «Тайыр жауабы дайыр» деп тегін айтылмаса керек.

****

Тайыр Николай Ильич Титов деген орыс ақынымен дос болды. Екеуі кездескен жерде бір-бірін қапсыра құшақтай алады екен. Аздап орысшалап қайымдасып қоятын да әдеттері бар екен. Сондай бір кездесуде Тәкең:

Многоуважаемый Колька,

Сын достопочтенного Ильи!

Водку пьет столько,

Сколько воды в Или! – деп бір мұқатып алғанына дәу денесін селкілдетіп қарқ-қарқ күледі. Есесін жібергісі келмеген Николай Ильич:

Известный поэт Тайыр Жароков!

Обнажил во мне столько пороков.

Обнажил во мне порок,

И сам побежал в ларек! – деген екен. Сол Николай Титов 1937 жылдары Тайырдың артына шам ала түскендерден құтқарып қалған екі досының бірі еді.

Саламат ӨТЕМІСОВ,

суретші, жазушы

4736 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы