• Әдебиет
  • 27 Ақпан, 2014

«Қазақ елі» пәні болашақ үшін керек

Былтыр оқу жылының басында, нақтырақ айтқанда, 3-қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының №64 мектеп-лицейінде өткізген патриотизм сабағында мектептерге «Қазақ елі» пәнін енгізу қажеттілігін атап көрсеткен еді. Осы пәннің маңыздылығына көңіл бөлген қазақ зиялылары бұл идеяны қолдау керектігін айтып, баспасөз беттерінде мақалалар жазып, алқалы жиындарда биік мінберлерден пікір білдірді. Елбасы идеясының маңыздылығына алғашқылардың бірі болып Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиев те үн қатты. «Елбасы көтерген осынау өзек­ті мәсе­ленің бір кілті – бүгінгі жаста­рымыз­дың бойына отаншылдық сезімін қалыптастырып, оларды патриотизмге тәрбиелеу деп түсі­неміз. «Мәңгілік ел» болуды көздеген ­Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызы өте терең бастамасын көкірек көзі ояу жанның бәрі қолдауы тиіс. Көптеген зерт­теушілер заңды құбылыс ретінде атап көр­сетіп отырғандай, бұл мәселе теориялық және қолданбалы мәні зор, өз алдына жеке ғылыми пәннің зерттеу нысанына айналуы тиіс. Президенттің жалпы білім беретін ор­та мектептердің оқу үрдісіне «Қазақ елі» пәнін енгізу қажеттілігі туралы ұсынысын осы тұрғыдан қабыл­дауымыз керек. Бірақ бүгінгі күні мұн­дай пәнді тек мектептерде ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның жоғары және арнаулы кәсіптік оқу орындарына да енгізу артық болмас еді» деген Серік Жайлауұлы ортаға тың идея тастап, бастама көтерген болатын. Сөйтіп, Қазақстанның барлық жоға­ры және арнаулы орта оқу орындарын­да «Қазақ елі» пәнін міндетті пән ре­тінде енгізудің аса маңыздылығы мен көкейкестілігі еліміздегі қарқынды түрде өтіп жатқан жаһандану және дү­ниежүзілік білім беру кеңістігіне ену үдерістерімен байланысты да ерекше маңызға ие болып тұрғанына жан-жақты тоқталған еді. Әдетте, идея айту мен бастама көтеру бар да, оны іске асыру және оның алғышарт­тарын жүйелеп, нақтылау бар. Бұл тұрғыдан алғанда Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры С.Пірәлиев сөздің ғана емес, сонымен бірге істің де адамы екенін дәлелдеді. Бұдан екі ай уақыт бұрын Тұжырымдама дайындау мақсатында арнайы жұмысшы тобын құрып, оған тікелей өзі басшылық жасады. Сөйтіп, «Қазақ елі» жобасы – жаңа заман талабы» Тұжырымдамасы әзірленді. Осыған байланысты 2013 жылғы 12-желтоқсанда университетте осы жобаны талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізіліп, оған жоба­ны әзірлеген мамандар, еліміздің түк­пір-түкпірінен келген жоғары оқу орын­дарының оқытушылары мен профессорлары және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелде алғашқылардың бірі болып сөз алған философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры және осы жобаны дайын­дауға қатысқан Ж.Молдабеков «Қа­зақ елі: тарихи кезеңі, ұғымдық түсі­ні­гі, әдістемелік деңгейі» деген тұ­жырымдамалық ойларын ортаға салып, «Қазақ елі» пәнін енгізудің бірқатар қиыншылықтары бар екенін тілге тиек етті. Мәселен, бұл жұ­мыс­­ты атқаруда бірлескен ізденіс пен кә­сі­би көзқарас керек екенін айтты, өз ұсы­ныстарымен бөлісті. Қазақстан Республикасының Тарихшылар ассоциациясының президенті, әлеу­меттік ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қойгелдиев «Қазақ елі» идеясының тарихына талдау жасады: – Біздің түсінігімізде «Қазақ елі» идея­сының өмірге келуі – XIV-XV ғасырларға, яғни қазақ ұлтының дербес этникалық құры­лым ретінде қалыптасу кезеңіне тұспа-тұс келеді. Оның өмірлік шынайы фактіге айналуы ұлттық аумақтық және экономикалық тұтастығының, мәдени және тілдік ерекше­ліктерінің орнығуына негіз болды, – деді. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ұлт­­­­тық тәрбие және өзін-өзі тану ка­федрасының профессорлары Қорлан Жампейісова мен Айман Берікханова «Қазақ елі» жобасын жүзеге асыру Тұжырымдамасының тұсаукесер рәсімін өткізді. Дөңгелек үстел жұмысын қоры­тын­ды­лаған университет ректоры ­Се­рік Пі­рә­лиев талқылау барысында ай­тылған ұсы­ныстардың бәрін жи­нақтап, тағы бір мәрте сараптағаннан кейін Тұжырымдамаға енгізу керектігін ескертіп және осы мәсе­ле­ге байланысты еліміздегі жоғары оқу орын­­­дарының да маман-ғалымдарын бір­лесе жұмыс істеуге шақырды. «Қазақ елі» пәнінің жобасына байланысты және бұл мәселенің жүзеге асуын қада­ғалап, бақылап отыра­тын үйлестіру кеңесін құру керектігін ұсыныс ретінде ортаға салды. «Әрбір азамат «Менің елім», «Менің Қазақстаным» деген мақ­танышпен кеуде керіп, елі үшін бәйгеге бас тігетін өз мемлекетінің шынайы патриоты дәрежесіне көтерілген кезге жеткенде ғана біз нағыз «Қазақ елі – Мәңгілік ел» болып бой көтереміз. Сондықтан да бүгінгі талқылауға ұсы­ныл­ған жобамыз жүзеге асуы үшін бә­ріңіз де атсалысыңыздар, бағдарлама жасаңыздар. Кітаптар, оқулықтар жазы­ңыз­дар. Бұл идеяның сәтті жүзеге асуы өздері­ңізге байланысты. Сіздерден қол­дау күтеміз» деді университет басшысы. Есенәлі ЕРАЛЫ, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың баспасөз орталығының қызметкері

5531 рет

көрсетілді

32

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы