• Әдебиет
  • 20 Наурыз, 2014

Алаш тарихының айнасы

Жұмабек КЕНЖАЛИН, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Алаш жұртына арнаған Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев былай деді: «Қазақ Елінің Ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел!». Олай болса, Мәңгілік Елдің бүкіл рухани әлемі: әдебиеті мен мәдениеті, тарихы мен сол тарихты зерттеп-зерделеп ұрпақтан-ұрпаққа табыстап жатқан ғылымы мен ілімі де мәңгілік. Ал осының бәрін жалпақ әлемге жария етіп, үлкенді-кішілі дуалы ауыздың мәртебелі мінберіне айналып отырған – баспасөз. Енді мәселеге нақтырақ келейік.  Ұлт тарихының соқтықпалы-соқпақты ұлы жолы қоғамдық дамуымыздың қай-қай кезеңінде де үнемі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар назарында болған. Алаш өркениетіне өзіндік үлес қосуға ұмтылған тарихшыларымыздың әр ұрпақ өкілі өзінше байлам жасады. Олар Ата Тарихтың толғаулы кезеңдері туралы ой топшылап, әлеуметпен пікір бөлісті. Сол пікірлердің дені мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып, қалың қауым кәдесіне асқаны тағы шындық. Демек, қазақ баспасөзі ұлт тарихының шежірешісі, Алаш тарихының айнасы болды десек те артық айтпағандық деп білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, өткен ғасырдың алғашқы жиырма жылында ұлт санасын оятуға қажымай, талмай күрескен «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа», «Алаш», «Серке», «Қазақстан» сынды басылымдардың тарихи рөлін атап айтпасқа болмайды. Мәселен, «Қазақ» газеті өзі тұсау кесіп, алғаш шыға бастаған нөмірлерінде-ақ «Қазақтың тарихы» деген тақырыппен екі рет мақала жариялап, оқырманмен ой бөлісті. «Келешек күннің қандай болашағын білуге тарих анық құрал болады. Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы боп тұрады» деп жазады Түрік баласы дейтін автор («Қазақ». «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. А., 1998ж. 15-16 бб). Осы автор келесі бір мақаласында: «Бөтен жұрттар қатарында алабөтен біздің қазақ халқының асылы тексеріліп, тарихы жазылған жоқ. Бүгін Азия картасының төрттен біріне ие болып отырған қанша миллион қазақтың тарихы көмескі қалыпта қалып тұрған жайы бар» деп елінің ертеңіне елеңдеп, сол бір кезеңнің ащы ақиқатын тағы жазады. Алаш тарихының айнасы Осынау олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Қазақ» өзінің әр нөмірінде А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ә.Бөкейхановтың ұлт тарихына, тағдырына қатысты сүйекті мақалаларын жариялай бастайды. Мәселен, М.Дулатов «Тарихи жыл» деген мақаласында Қазақ елінің әргі-бергі тарихынан деректер беріп, қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік кезеңінен «Ақтабан шұбырынды» туралы, Қазақстанның Россияға бағынуы, 1868 жылғы «Уақытша Ереже», 1916 жылғы Қазақстандағы Ұлт-азаттық көтерілістің басталуы туралы тарихи құнды деректер жариялайды. Ә.Бөкейхановтың «Қазақта» жарияланған 200-ге жуық мақалаларының ішінде төл тарихымызға қатысты дүниелердің орны ерекше. Атап айтқанда, оның Том губерниясында, Алтай округінде тұратын қазақтардың тарихынан мол деректер жазып қалдыруы, Семей, Ақмола, Торғай, Каспий сырты, Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқанд облыстарында тұратын халықтардың тарихы, салт-дәстүр, шаруашылығы туралы жазған ой-толғамдары кейінгі зерттеушілер үшін мол мұра болып қалғаны анық. Ел зиялыларының осындай сүбелі туындыларын «Айқап» журналының да беттерінен кездестіруге болады. Мәселен, М.С. деп қол қойған автор журналға хат жазған ­Е.Дүй­сен­байұлының пікіріне сүйене отырып, «Аталардың үлгі боларлық ісі болса, қолға ұстап, залалды істер болса, ол істі енді істемей тастау үшін» деп өз ойын сабақтайды («Айқап». «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. А., 1995ж. 128 бет). Осындай ойдан ой туындатқан басылым қазақ тарихына қатысты мақалаларды жиі жариялауды мықтап қолға алған. Мәселен, «Қазақ қай заманда Россияға қосылған», «Қазақ шежіресі», «Абылай» деп аталатын мақалаларда ұлт тарихына байланысты ойтүйерлік пікірлер берілген. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында, сондай-ақ 40-50 жылдарында Қазақстан тарихына байланысты ел құлағын елеңдеткен жиындар өтіп, жекелеген тұлғалар тағдырына қатысты мәселелер қаралған. Ал олардың бәрі-дағы кезінде баспасөз беттерінде жарияланып, мерзімді басылымдар қоғамдық ой тоғысының мінберіне айналғаны мәлім. Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың «Красный Казахстан» журналында жарияланған мақаласы (1926 жыл, №1) 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің ел тарихында алатын орнына арналса, осы материал жекелеген азаматтар тарапынан қилы-қилы пікірлер туғызған. «Коммунистичес­кая мысль» журналының бас редакторы И.Меницкий, Түркістан аймағының партия қызметкерлері Е.Федоров, П.Галзуо, т.б. мақалаға орай өзіндік пікірін жазған. Баспасөз беттеріндегі пікірта­ластарды зерттей отырып, Т.Рысқұлов Қазақстан тарихында 1916 жыл тақы­рыбы әлі жете зерделенуі керектігіне назар аударған (Рыскулов Т.Р. «Избранные труды» А., Казахстан 1984., с 37). Ал «Түркістан революциясының та­рихы» деген мақаласында ақиқаттың өңін теріс айналдырып қалың оқырман қауымды әрі-сәріге салып қоятын «тарихшылар» туралы ойын ортаға салады. Ол Н.Борисов дегеннің «Түркістандағы Октябрь» атты мақаласындағы өрес­келдіктерді батыл сынға алады. Т.Рысқұлов автордың жағ­дайдың мән-жайына қанықпай үстірт байлам жасайтынына қынжылады. Оның үстіне Н.Борисовтың бұл мақаласындағы жайттар Сафаровтың «Колониялды революция» деп аталатын кітапшасынан айна қатесіз көшірілгендігін дәлелдеп жазады. Сөйтіп, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ қазақ зиялылары ел тарихына аса жауапкершілікпен қарау керек екендігіне айрықша назар аударған. 40-жылдары қазақ тарихын зерделеуге қатысты мәселелер талантты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың есімімен тікелей байланысты болды. 1938 жылы Қазақ КСР Халық ағарту коммиссариаты орта мектеп оқушылары үшін Қазақ КСР тарихын бастырып шығаруды жос­парлайды. Бұл шешім шыққанымен үш жыл бойына осы оқулықтың бірде-бір парағы жазылмаған. Себеп: оны жазып, баспаға өткізетін бірде-бір маман болмаған. Өйткені қазақ зиялыларының ішінен осы мәселемен айналысады-ау дейтін тұлғалардың бәрі дерлік 1937-1938 жылдардағы зұлмат кезінде Сібірге айдалған, түрмеге отырғызылған (­Сәрсеке М. «Бекмаханов» М., Молодая гвардия., 2010 с.89). Ал бірақ қалайда «Қазақ КСР тарихы» жазылуы керек. Осынау бір жағынан абыройлы, сонымен қатар жауап­кер­шілігі зор жұмыста ­Н.М.­Дружи­нин, А.М.Панкратова секілді орыс ға­лым­дармен қоса талантты жас тарихшы Е.Бекмаханов та білек сыбана кі­ріс­ті. Кітаптың XIV тарауы «Кенесары Қасымовтың қолбасшылығымен қа­зақ­тардың азаттық жолындағы күресі (1837-1847 жж.)» деп аталды да оны Е.Бекмаханов жазды. Кейін бұл тарау кеңейтіліп, ғылыми диссертациялық жұмысқа айналды. 1947 жылы тарихшы Е.Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы орыс тілінде жарияланды. Кітап баспадан шығысымен-ақ тырнақ астынан кір іздегендер Мәскеуге ВКП (б) Орталық Комитетінің Насихат басқармасына, Қазақстан КП (б) Орталық Комитетіне, «Правда» газетіне, «Большевик» журналына арыз-шағымды қарша бората бастады. Сөйтіп, зиялы қауым арасында теке-тірес басталып, тарихшылар жүз шайысуға дейін барған қып-қызыл дау өршіді. Бұл даудың бір қанатында қазақ та­рихнамасының шын мәніндегі жоқ­шылары болса, ал екінші қана­тында жеке шамшылдық мүдделерінің жетегінде кеткен кеңестік әсіресая­саттың қоламтасын көсеушілер бой көрсетті. Біз жоғарыдағы деректерді не үшін оқырман қаперіне салып отырмыз? Басы ашық бір ақиқат бар: ол – тарих, тарихнама мәселелерімен айналысу өте абыройлы да беделді іс, сонымен қатар оның жауапкершілігі де жоғары. Осы тұрғыдан келгенде, 2013 жылғы 5-маусым күні Астана қаласында өткен зиялы қауым өкілдерінің басқосуы көптен көкейде жүрген мәселелердің шешім табуына түрткі болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты еңбегінде «Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз» деп атап көрсетті. Осы бағытта атқарылатын сан-қырлы жұмыс Қазақстан Республи­касының Ұлт­тық тарихын зерделеу жөніндегі ве­дом­ствоаралық жұмыс тобының ке­ңейтілген отырысында тарқатыла баян­далды. Бұл алқалы жиын­да еліміздің та­рих ғылымының алдында үлкен сынақ тұрғанына баса назар аудару еді. Сонымен қатар ол сынақ рухани-әлеуметтік саладағы атқарылатын жұмыстардың өлшемі болатындығы атап көрсетілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих тол­қынында – халық» деген атпен жа­рия­ланған еңбегі аясында тарихи зерт­теу­лердің арнаулы бағдарламасын жасау керек екендігіне назар аударылды. «Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде, – делінді жиында, Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарда әдіс­нама мен әдістеме арқауында сапалық секіруді жүзеге асыруына жағдай жасау­ды; қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту; ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруды; Қа­зақстанның 20 жылының мәнін пайымдауын айтуға болады» (Тарих толқынында – халық. «Егемен Қазақстан» 6-маусым, 2013 жыл). Осы міндеттер ауқымында респуб­ликалық БАҚ тарапынан атқа­ры­латын жұмыстар легі де менмұндалағаны сөзсіз, республикамызда шығатын мерзімді басылымдар ел руханиятындағы осы бір оқиғаға айрықша назар аударып, мәселенің мәнісін жете түсіндіре ­байып­тау бағытында білек сыбана кірісіп кетті. Осы ыңғайда аға газет «Егемен Қазақстан» өзге әріптестеріне жөн-жо­сық көрсетіп келеді. Газеттегі академик М-А.Асылбековтің «Отан тарихы туралы ой», С.Дүйсеннің «Ортақ ұс­та­нымнан ұтылмаймыз» («Егемен Қа­зақстан», 18-маусым, 2013ж.) деп аталатын мақалаларында бүгінгі таңда тарих ғылымы алдында тұрған өзекті мәселелер ортаға салынған. Академик М-А.Асылбеков газет оқырмандары енді не істеуі керек деген сауал тастай отырып, өзіндік ұсыныстарын ортаға салады. Автор республика көлемінде тарихқа көзқарас жаңаша сипат алған кезеңде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан тарихы кафедрасының жабылып жатқанына наразылық білдіріп, аға газет арқылы мәселе көтерді. Оның тарих ғылымы мамандарын даярлаудың өзекжарды мәселелерін күн тәртібіне қоюы көкейге қонады. Ал С.Дүйсеннің Отан тарихының әр дәуірін зерттейтін ғалымдардың кәсіби біліктілігіне қарай сапалық құ­рамын айқындау керек дейтін пікірі де ор­нықты. Ғалымның тарих оқулық­тарына қатысты ойлары да назар аударарлық. Өткен 2013 жылы республика­мыз­дың ақпарат құралдары төл тарихымызды түгендеу, саралау оның өзекжарды мәселелерін ортаға салу ыңғайында қыруар жұмыс атқарды деп есептеуге болады. Тіпті осы мәселеге Ресей ға­лымдары да үлес қосуға ­дайын екен­дік­терін білдірген деректер бар. Мәселен, Мәскеу мемлекеттік универ­ситеті тарих факультетінің деканы, ақпараттық-сараптамалық орталықтың директоры А.Власов өзінің сұхбатында: «Қазақстан мен Ресей тарихшылары арасында интеграциялық байланыс орнықса екі елді алшақтататын емес қайта олардың арасын жақындататын деректерді ортақ олжаға айналдыруға болар еді» дейді. («Ресей тарихшылары бірлесіп жұмыс істеуге дайын» // «Айқын», 20-тамыз, 2013ж.). Бұдан әрі ол тарихты қайта зерделеу үрдісінде ежелден бір-біріне достық қолын созған қазақтар мен орыстардың ғаламдық өркениеттегі жолына шынайы көзқараспен баға беріп, тағылымдық тұстарын ортақ игілікке айналдырудың тәсілін қарастыру керек деген ой өрбітеді. Сонымен қатар А.Власов тағы бір мәселені ортаға салады. «Қазір ТМД ке­ңістігіндегі елдердің бірсыпырасы ұлт­тық тарихын қайта зерделеуге көшті. ТМД елдері тарихы соғыс өрті жүріп өткен елді мекендердің сыртқы көрінісін еске түсіреді. Себебі тарих ерінбегеннің ермегіне айналып кетті. Саясаттанушылар да тарихшы, журналист те тарихшы, тіпті әдебиетші де тарихшыға айналды. Бұл қоғамды адастырады. Ғылыми тарих тек ақиқатқа ғана сүйенуі тиіс. Бұл ретте, Қазақстан мен Ресей тарихшылары ортақ проблемаларымен бетпе-бет келіп отыр» дейді ол. Бұл – ойлануға тұрарлық пікір. Осы тұста мына бір мәселені де ойға алмасқа болмайды. Еліміздің егемендігінің алғашқы жылдарынан-ақ өзіміздің төл тарихымызды түгендеу үдерісі жаппай қолға алынғаны рас. Соның нәтижесінде тарихтың қойнауында қалып кеткен, тіпті қасақана ұмыттырылған есімдер тарихи жағдаяттар мен оқиғалар және оған қатысты тұлғалардың аттары жалғанның жарығына шықты. Олардың атын, ерлігін ұлықтау, есімін әспеттеу мақсатында қыруар жұмыс атқарылды. Бұл ауқымды шаралар ел көлемінде жүргізілді, оған бойында ұлттық рухтың иненің жасуын­дай болса да ұшқыны бар азаматтар үлес қосты. Соның арқасында сұрқия саясаттың салдарынан тарих беттерінен қасақана сызылып тасталған кісілердің есімі ұрпағымен қайта қауышты. Ал осы халықтық шаруаның көбі, әрине, журналистердің, әдебиетшілердің, сая­саттанушылардың қажымай-талмай жүргізген ізденісінің арқасында болып отыр. Есесіне кәсіби тарихшылар, деректанушылар, әлеуметтанушылар, міне, осынау қыруар қазынаны қай­та ой қазанына салып қорытуға ғылы­ми негізденуге міндетті еді. Сонда мәсе­ленің сорпасы қайсысы, көбігі қайсысы деген сауалға жауап өзінен-өзі шыға келеді. Ойымызды түйіндей келе айтарымыз әңгімені мәселенің мәніне бойламай тұрып үстірт байлам жасауға болмайды. Осы мәселені өрбіткен «Ана тілі» газетінде тәп-тәуір мақала жарияланды. Мақала авторы Зәбира Мырзатаева «Айтылған тарих» деп аталатын мақаласында Абай атындағы ҚазҰПУ-дегі «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығында атқарылып жатқан мәселелер төңірегінде сүйсіне баяндайды. ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, профессор М.Қойгелдиев осы орталыққа жетекшілік ете отырып өз магистранттарымен, докторанттарымен тарих айту дәстүрін жаңғыртып, Отандық тарих ғылымын дамытудың қазіргі уақыт талабына сай зерттеу ісін қолға алғаны айтылады. Осындай бір сүйсінерлік дерек Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлованың сұхбатында көрініс тапқан («Мәңгілік Елге айналу үшін тарихымызды түзеу керек», // «Айқын», 29-қаңтар, 2014ж.). Ол Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына барған экспедициялық сапары ке­зінде осы өңірде 1900 жылы туған, қазір 114 жастағы Нұрқия Зейнәділқызымен кездескенін, одан естіген әңгімесін таспаға түсіріп, кейін мұрағаттық жазбалармен салыстырғанда деректер бірімен-бірі дәлме-дәл келетіндігін сүйсіне айта­ды. Міне, «Айтылған тарихтың» қажеттілігі. Ұлттық тарихымыздың қатпар-қат­пар мәселелерін жалғанның жа­рығына шығару бағытындағы үрдіске «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты бірқатар басылымдар білек сыбана кірісіп, қыруар жұмыс атқарды деу­ге болады. Мәселен, осы үрдістің көшбасында биыл өзінің шыға бастағанына 24 жыл толғалы отырған «Ана тілі» ұлт газеті тұр! Газеттегі республикалық Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяғанның «Ұлы даланың иесі де, киесі де көшпенділер» деп аталатын мақаласында ғылыми айналымға түсуге тиіс бірқатар мәселелерге назар аударылған. Онда біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі алып жатқан мемлекеттердің дамуында 2000 жыл бойы елеулі рөл атқарғандығы жөнінде нақты деректер негізінде баяндалады. Осындай оқырман олжасы болатын мақалалардың қатарына ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының кор­респондент-мүшесі, профессор Бақтияр Смановтың «Жырмен жазылған тарих» атты дүниесін атап өту­ге болады. Мұнда айтулы ақын Қа­лыбай Мәмбетұлының академик Н.Василовский жарыққа шығарған дас­таны туралы кеңінен баян­далады. Осындай қалың оқырманның рухани қажетін өтейтін мақалалар «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» журналдарында және «Экономика», «Уйғур авази» газеттерінде де жарияланды. Мәселен, «Ақиқат» жур­налының оқырман қауымынан лайықты бағасын алып келе жатқан «Келелі кеңес» деп аталатын айдары бойын­ша жарияланған мақалалардан көкейге қонымды көптеген мәселелер ортаға түсетіні рас. Журналдың 2013 жылғы №8 санында «СССР-дің күйреуі: қазаққа ұлт ретінде тигізген пайдасы мен зияны» деп аталатын дөңгелек үстел басындағы сұхбат оқырман қауым тарапынан лайықты бағасын алды. Жұрт назарын аудартқан жарияланымдар қатарынан О.Қауғабайдың «Ақтаудың ­Шевченко аталу тарихы» («Экономика» газеті, 27-маусым, 2013ж.), М.Ұйықбаеваның «Ұлттық мәдениет және тарих» («Мысль» журналы, №8, 2013ж.), Б.Қойшыбаевтың «Ұлттық мемлекетті тәрбиелейтін тарих қажет» («Үркер» журналы, №9, 2013ж.), А.Камаловтың «Тарихсыз болашақ болмайды» («Уйғур авази» газеті, 2013ж.) деп аталатын материалдарын атап өтуге болады. Тарихты зерттеу – мұражайлар мен мұрағаттарда, кітапханаларда тапжылмай отырып атқарылатын шаруа деп түсінсек, бұл мәселеге бір ғана қырынан келгендік болар еді. Ұлт тарихының алтын көмбесі ел-елден, жер-жерден табан тоздырып іздегенде ғана кезігетінін тәжірибе көрсетіп отыр. «Ана тілі» газетінде «Елді сүю – мақ­­таныш» (6-12 ақпан, 2014ж.) деп аталатын мақала жарық көрді. Онда журналист А.Исләмбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанынан құрылған «Қазақ елі» студенттік ғылыми-экспедицияның атқарған жұ­мысын жазады. Осы экспедиция мү­шелері Маңғыстау, Қызылорда, Семей өңірлеріне сапарға шығып, жас ға­лымдар елді мекендердегі халықтың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен, тарихымен танысып, анкеталық сауалнамалар, фокус-топтар ұйымдастыру арқылы «Қазақстан халқының тарихи семиотикалық құндылықтар саласын» жасауға үлес қосқан. Осы ыңғайда аталған газеттегі «Матенадаран және қыпшақ тіліндегі қолжазба» деп аталатын мақаланы да журналист ізденісінің табысы деп айтар едім. Мақала авторы республикамызға белгілі қаламгер С.Ибраим Армян қолжазбаларының көмбесі аталған Матенадарандағы армян қарпімен қыпшақ тілінде жазылған біздің ұлы мұрамыз туралы молынан толғап, тиянақты жұмыс бітіріп оралған («Ана тілі», 21-27 қараша, 2013ж.). Мақаланың құндылығы армяндар тарапынан атқарылап жатқан қыруар жұмысқа қазақ ғалымдарының қимылы үндес болуы керек деген мәселені күн тәртібіне қоюында. Тарих бір күнде жазылып, құрыш­талып қолға ұстата салатын дүние емес. Сондықтан оның сан қырлы, сан салалы шаруасына шаршамай, шалдықпай шыдамдылық көрсеткендер ғана мұ­ратты іске жетеді. Осынау мәртебелі жұмыс­тың бір тұтқасын қазақ баспасөзі абы­роймен көтеріп келе жатқаны қуантады.

6815 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы