• Білім және ғылым
  • 22 Қаңтар, 2009

Қара таста да қасиет бар ма?

Жол түсіп Алматы облысының Ұйғыр ауданына барған кезімізде бүкіл ауыл тұрғындарының «Қасиетті тас» жайында айтып жүрген әңгімелеріне қайта-қайта жолыға бердік. Тұрғындардың айтуынша сол ауданға қарасты Үлкен Ақсу ауылының бір тұрғыны ауласынан тас тауып алыпты-мыс. Әлгі тастың қасиеті сол, ауырған-сырқаған жерлерге ем екен. Бір емес бірнеше жерден естіген әңгімеміздің шын-өтірігіне көз жеткізу үшін Үлкен Ақсу ауылына жол тарттық.

Сенімді сезік басты

Бүкіл ауыл тұрғындарының құлағдар екендігі соншалық тасы бар үйді қиналмастан тауып алдық. Сосын емделу үшін келгенімізді айттық. Қарапайым отбасы күнделікті күйбең тіршілігімен айналысып жатыр. Отағасы жол бастап үйге кіргізді. Үй иесі Гүлсара Исаева бізді қарсы алып, тас тұрған түпкі бөлмеге алып барды. Дастарқан үстінде ақ жаулықпен жабылған екі тас жатыр. Бірі жұмыртқа кейіптес кішкене ғана тас болса, екіншісі кедір-бұдыр әжептәуір үлкендеу тас екен. Шамасы ертерек барған болуымыз керек, үйге әлі ешкім келе қоймапты. Гүлсара апамыз кірген бетте-ақ екі тастың қасиетін, оның әртүрлі ауруларға ем екенін айтты да, терезенің алдында тұрған стаканнан тағы бірдемелерді шығарды. Әлгі стаканның іші дәрі дейсіз бе, батарея, т.б. ұсақ-түйектерге толы. Шамасы қобдиша ретінде пайдаланады-ау. Соның ішінен тағы ұсақ-ұсақ бірнеше тасты шығарды. Үй иесінің сөзіне сенер болсақ, бұл кішкентай тастардың өзі де әртүрлі науқас түрлеріне ем секілді. Мысалы, біреуі мұрынға ем болса, бірі сәбилердің қан қысымын реттеуге көмектеседі.

– Егер шынымен қасиетті болса мынандай заттың ішіне сала салуға бола ма? – деп жанымдағы жолдасыма сыбыр етіп едім, ол:

– Сенбесең неге келдің? – деп дүрс ете қалды.

«Қалай тауып алғанымды білмеймін»

Не сенерімізді, не сенбесімізді білмей аңырап біраз отырдық. Сонан соң Гүлсара апаны сөзге тартып, тасты қалай тауып алғанын сұрай бастадық.

– «Қасиетті» тастарды қашан және қалай тауып алдыңыз?

– Үлкен тас есіктің алдында бірнеше жыл тұрып, өзінен-өзі өзгеріп кетті. Тіпті оны байқамаппыз. Ал жұмыртқа кейіптес тасты ауланы қазып жатып тауып алдым.

– Ол жерді не үшін қазып едіңіз?

– Өзім де білмеймін, не үшін қазғанымды. Әйтеуір қаздым да тауып алдым.

– Кішкентай тастарды судан тауып алдым дедіңіз ғой жаңа. Олардың қай ауруға қайсысы ем екенін қайдан білдіңіз? Әлде, біреу айтты ма?

– Иә, оларды судан тауып алдым. Маған ешкім де мынау мынаған ем деп көрсеткен жоқ. Өзім білдім, содан соң айттым. Негізі бұл тастарды 6 жыл бұрын тапқан едім. Одан бері тек қан қысымын түсіру үшін ғана пайдаланып жүрдім. Биыл аңғарсам, тастың барлық ауруға емі бар екен.

– Нақтырақ айтсаңыз, осы күнге дейін қандай ауруларды жазып келеді?

– Бұл тас тіпті өлейін деп жатқан адамды да, аяғынан сал болып жүре алмай жатып қалған ауруларды да орнынан тұрғызды. Алматыға да бірнеше рет барып, ауруханада жатқан науқастарға тасты апарып, ауырған жерлеріне қойдым. Олардың ішінде де тәуір болып кеткендері көп. Тек қана миына қан кетіп, асқазаны ісік ауруына шалдыққандарға ғана тастың ешқандай көмегі болмайды. Себебі, олардың асқазаны тесіліп кетеді екен. Тастың қасиеттілігі сондай, ұялы телефонға да, фотоаппаратқа да түспейді, күйіп кетеді.

– Жаңа келген кісілердің бірі тастан су шықты деп қалып еді. Оның мәнісі неде?

– Үлкен тастан күніне бір рет, кейде екі рет су шығады. Су болғанда да май тәрізді. Бірақ, бір қызығы қанша ақса да жабулы тұрған жаулықты еш былғамайды. Тастың өзінен шығып, өзіне қайта сіңіп кетеді.

Ал жұмыртқа тастың бетінде айдың, Қызыр атаның, жыланның, иттің суреттері бар. Онда Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың аты, Лә иләһә илләллаһ, Мұхаммадур Расулуллаһ сөзі, т.б. Құраннан сөздер жазылған.

– Бір қарағанда еш нәрсе көре алмадым. Сонда мұның бәрін қайдан көрдіңіздер?

– Көзбен көріп оқи қою қиын. Ол тек үлкейтіп, компьютерге түсіріп, қағазға шығарғанда ғана оқылады. Тіпті сондай суреттерін шығарып Семейге, Алматыға зерттеу үшін алып кетті.

Иә, алты жылдан бері бұл тастардың мәнін онша түсіне қоймаса да Гүлсара апайымыз олардың бір қасиеті бар екенін ұққан екен. Әлгі тастардың қан қысымын түсіруге пайдасы зор болып шықты. Бірақ, Гүлсара оларды ел көзіне көрсетіп пайдаға асырмай келді. Ал соңғы бес-алты айдан бері әлгі тастардың бүкіл адам бойындағы ауру-сырқауға ем екеніне аудан тұрғындары көбінің көзі жетіп үлгерген. Жанына дауа іздеп келгендерден бір тиын да алмайтын көрінеді. Шама-шарқы келгендер қолдарында барын береді екен.

Ізгі тілектер

Кіп-кішкентай осы тастың қасиеті бар дегенге сенудің өзі қиын. Дегенмен сонша елдің айтқан сөздерін есіме алсам басқаша ойға тағы қалам. Осы сәтте Гүлсара апайымыз бір қойын дәптерді алдыма тастап: «Мына дәптерге келіп, емделген кісілер тілектері мен өздерінің пікірлерін жазып еді. Оқығыңыз келсе, көріңіз», – деді. Менің сенбей отырғанымды байқағандай. Дәптерді парақтап отырып, бұл тастың тек осы аудан көлеміне емес, көрші Еңбекшіқазақ, Панфилов аудандарына да белгілі екендігін байқадым. Солардың бір-екеуін қағазға түртіп алдым.

Аруп (зейнеткер):

– Мен Кіші Ақсу ауылында тұрамын. Кемпірім 1990 жылдан бастап аяғы ауырып, жүре алмайтын. Тас туралы естігеннен кейін оны тапқан Гүлсара қызымды тасымен үйге апардым. Кемпірім тасты ұстап, Алладан денсаулық сұрады. Осылайша осы қызымды екі рет үйге апарғаннан кейін кемпірімнің денсаулығы түзеліп, жазылып қалды. Тіпті аяғын басқанына қатты қуандық. Тасты тапқан қызыма алғысымды айтамын (4.12.2008ж).

Мейірбек Уәлиев:

– Біраз уақыттан бері жүрегім мен екі аяғым ауырып жүр еді. 2008 жылдың 20 қараша және 10-шы желтоқсанында осы үйге келіп, емдік тастарды ұстап, денсаулығым түзеліп қалды. Осы тасты тапқан адамдарға мың да бір рахмет, Алланың нұры жаусын. Еңбекшіқазақ ауданы, Сөгеті ауылы.

Жамалхан:

– Мен, Жаркент қаласы, Кіші Шыған ауылынан осы қасиетті тасты естіп, ауруыма ем болсын деп келдім. Ауырған жерлерім жақсы болып қалды.

Міне, алғыстар мен ауруынан жазылған адамдардың ақ тілектері осылайша тізіліп кете береді. Дәптердің жартысы толған. Гүлсара апайымыз: «Бұл тек соңғы бір-екі айда жазылғандар ғана. Бұған дейінгілерге жазғызу ойымда болмапты», – дейді.

Мен әлгі дәптердегі жазуларды оқып отырғанымда тасқа емделуге келген адамдар саны әжептәуір болыпты. Түпкі бөлме адамдарға толып қалған. Бұлардың арасында отырған Алматы қаласының тұрғыны, білдей бір туристік компанияның директоры Ділмұрат Мұхтаровтың әңгімесі тіптен таңғалдырды.

– Мен бүгін осы тасқа төртінші рет келіп отырмын. Алғаш тістерімнің қызыл иегіне суық тиген болу керек, қатты ауырып, тіпті нан шайнаудан, шай ішуден қалдым. Қаладағы көптеген тіс дәрігерлеріне бардым. Ешқандай ем болмады. Содан осы тастың қасиетін естіп, келдім. Келген күнімнің ертесі таңертең тұрып, қалай нан шайнап, шай ішіп кеткенімді де аңғармай қалдым. Сонымен қатар, бір ұрттам су, шай ішсем де терлеп қоя беретінмін. Құдайға шүкір, қазір оның бәрінен айықтым. Мүмкін сіздер бұл тастың қасиетіне сенбейтін боларсыздар, бірақ мен өз басымнан өткерген әңгімемді айтып отырмын ғой, – деп ағынан жарылып отыр.

Көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп, қолымызбен ұстап көрген «қасиетті тастың» сыры бізді әлі де ойландырады. Шынымен де таста қасиет бола ма?

Әлде бұл адамдардың сеніміне байланысты ма?

Осы қалай?

Оңғар ӨМІРБЕК, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы:

– Ол тастың құрамында адам денсаулығының түзелуіне әсер ететін химиялық элементтер кездесіп, кей ауруларға пайдасы болуы мүмкін. Оның үстіне «Осы маған ем болады» деп іштей сенген адамның сеніміне де байланысты. Осы уақытқа дейін қойдан, жұмыртқадан, ағаштан арабша жазулар шығып жатыр ғой. Сол сияқты мұнда да Алла, Мұхаммед, Лә иләһә илләллаһ деген сөз болуы мүмкін. Бірақ, қасиеті, ерекшелігі болуы мүмкін емес. Осы күнге дейін қасиеті бар тас болады дегенді естіген емеспін. Сондықтан «Мынау қасиетті тас екен» деп кез келген тасқа табынуға болмайды. Мұсылман қауымы тек Қағбаны ғана қасиетті санап, Алладан ғана жалбарына сұрауымыз керек.

Түйін: Ислам дінінде тек Алланы ғана қадір тұтып, Аллаға ғана сиынуды міндет етеді. Ендеше қандай да бір тастың қасиеті бар деп адаспайық, жамағат. Әлбетте, ол тастың белгілі бір ауруларға ем болатындай құрамында элементтер болуы мүмкін. Бірақ «Қасиетті тас» атау әбестік болар.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

4098 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы