• Тұлға
  • 28 Наурыз, 2014

Этнограф-ғалым

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, тарих, археология және этнология факультеті археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Боранбайұлы Қалыш Ақтөбе облысы Қандағаш қаласында 1954 жылы 30-наурызда теміржолшылар отбасында дүниеге келді. Ол 1977 жылы университетті қызыл дипломмен бітіргеннен кейін, ректор, академик Ө.Жолдасбековтың шешімімен студенттердің ғылыми-зерттеу кеңесінің төрағасы және университеттің комсомол ұйымы басшысының орынбасары қызметтеріне жұмысқа қалдырылды. Ал 1978 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының этнография бөліміне дәстүрлі қазақ этнографиясының негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Арғынбаевтың басқаруындағы этнография бөлімінің аспирантурасына түсті. Еңбек жолын кіші ғылыми қызметкерліктен бастап институт директорының коммерциялық мәселелер бойынша орынбасары болды. Ғалымның білімі мен жинаған тәжірибесі тарих институтында төмендегідей ғылыми жобалардың орындалуын­да өз септігін тигізді. Олар: «Казахи: историко-этнографическое исследование» (1983-1985гг.), «Новое и традиционное в быту сельской семьи народов Казахстана» (1985-1987гг.), «Этнические аспекты культуры народов Казахстана» (1989-1990гг.), «Алматы қаласы тұрғындарының жаңа және дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі»(1990-1991жж.), «Маңғыстау облысының этномәдени үдерістері» ­(1990-1991 жж.). Мәскеу қаласындағы Н.Миклухо-Маклай атындағы КСРО Ғылым академиясының этнография және этникалық антропология инс­титутында «Ертіс өңірі Павлодар елді мекені ауыл тұрғындарының бүгінгі мәдениеті мен тұрмыс тіршілігі» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл Кеңес Одағы тұсында этнография саласынан ғылыми мамандар дайындайтын бірден-бір институт болды. Ғылыми-зерттеу институты Кеңестік дәуірде дүниежүзіне танымал, атақты этнологтар, антропологтар, археологтар жиналған үлкен ғылыми орда саналды. А.Қалыштың жетекшілігімен 1989-1998 жылдар аралығында Алматы, Жамбыл, Қостанай, Пав­лодар, Маңғыстау және Оң­түс­тік Қазақстан облыстарына этноәлеуметтік және этно­графиялық экспедициялар ұйым­дас­тырылды. Қ.А.Ясауи атындағы Халықа­ралық қазақ-түрік университеті Тарих, археология және этнология ғылыми зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент З.Исабековпен бірлесе отырып «Түркістанның қазіргі кезеңдегі этномәдени үдерісі» атты ғылыми жобамен айналысып, нәтижелері кітап болып жарияланады. Конкурстық негізде доцент атағын алып, деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1994-1996 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих мамандығы бойын­ша арнайы Ғылыми кеңестің ғалым-хатшысы болды. «Орталық Азия мен Қазақ­стандағы мал шаруашылығы» атты ғылыми жобаларға қатысты. Бұл жобаны орындау барысында Ақтөбе (Байғанин, Мұғалжар,Темір аудандары), Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы мал шаруашылығы қожалықтарында жүргізілген этносоциологиялық зерттеулерге басшылық жасады. Одан кейінгі жылда университет доктаранты болып, археология және этнология кафедрасының меңгерушісі кейін Қазақ мемле­кеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақстан ­тарихы кафедрасының меңгерушісі болды. 2000-2002 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен гранттық негіздегі «Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі этникалық және этномәдени үдерістер», одан соң Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Қытай қазақтары» деген ғылыми жобаларға қатысты. 2010 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оралып, сол жылы «Қазақтардың отбасы және неке қатынастарындағы 1970-2000 жылдардағы жағдай» (этнологиялық зерттеулер негізінде) деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Келесі жылы тарих факультеті археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі қызметіне сайланды. 2012 жылдан бүгінге дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен 3 гранттық жобада: «Қытай Халық Республикасының қазақтары: тарихи-этнографиялық зерттеулер негізінде», ««Приспособления социума к изменениям в культуре: на примере казахов Западного Казахстана середины XIX – начала XX вв.», «Отандық тарихты оқытуды ұйымдастыруда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану: бірыңғай интернет ресурстарын Қазақстан тарихы және «Қазақстандағы тарихи білім орталығы» деген мультимедиалы зертханада құру» деген жобаларға қатысып, жетекшілік жасауда. Әр жылдарда әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің «Хабаршы» журналының жауапты редакторы, редакция алқасының мүшесі болды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми эксперттік тобының, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық комиссиясының ЮНЕСКО және ИСЕСКО ісі жө­ніндегі ұйымдарының, Қазақстан тарихшыларының Ұлттық Конгресі, Қазақстан ұлттық жағрафия қоғамының мүшесі. Ғалымның көп жылдық шәкірт тәрбиелеу мен ғылыми еңбектері мен зерттеулерінің нәтижелері арқасында Қазақстандағы жоғары оқу орындарының «Үздік оқытушысы» деген құрметті атаққа ие болды. Оның ғалым ретінде зерттеу­ле­рінің ауқымы өте кең, атап айтсақ: қазақ халқының этноге­незі мен этникалық тарихы, этно­де­мографиялық үрдісі, қазақ халқы­ның өміріндегі неке және отбасы қатынастары мен ажырасу себептері, қазақ қоғамындағы оралмандардың интеграциясы, көпұлтты Қазақстандағы қазақ және басқа да этностардың рухани және материалдық мәдениеті және тағы басқа. Соның нәтижесінде ғалымның 350-ден астам еңбектері, оның ішінде 13 монографиясы, 5 оқулығы мен оқу құралдары жарық көрді. Жоғарыда көрсетілген еңбектерінің ішінен «Археология және этнология» мамандығы бойын­ша білім алатын магистранттарға, РhD докторанттарға тарих және этнология пәнінен дәріс беретін оқытушылар мен зерттеушілерге арналған еңбектері бүгінде өзекті болып табылады. Егемендікке қол жеткізгелі бері тағдыр тәлкегімен әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың әлеу­меттік, экономикалық және мәдени жағдайы, олардың атамекенге оралуы мен бейімделуінде туындаған қиыншылықтар сияқты маңызды мәселелерді зерттеу ғалымның назарынан тыс қалған жоқ. Соңынан көптеген шәкірт ерте білген ұстаз, ғалым-этнограф ағамыз бүгінде 60 жастың асуы­на көтеріліп отыр. Аманжол Боранбайұлын мерейтойымен құттықтап, еңбекте жемісті табыс, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт тілейміз. Г.Қозғамбаева, Ш.Ибрашева, М.Эгамбердиев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультеті археология, этнология және музеология кафедрасының оқытушылары, тарих ғылымдарының кандидаттары

6909 рет

көрсетілді

161

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы