• Ақпарат
  • 01 Сәуір, 2014

АҚЫННЫҢ ҚҰЛПЫТАСЫ

Бізде әлде де ұран басым. Кешегі кеңес үкіметінен қалған дағды. Қарыштай басып алға озудамыз дейтін. Екпіндеп келіп қалдық, бір аяғымыз кемелденген социализмде, екінші аяғымыз коммунизмде тұр дейтін. Осы ұран басшылыққа алынып, барлық іс-шара айқай-сүренмен басталып, соңы сиырқұймышақтанып кететін. Ақтөбе өңірінің әйгілі ақыны Сарышолақ Боранбайұлына (1858-1629) қатысты шаралар да көз алдымызда осындай кепке ұшырады. 140 жылдығына орай ауылдық деңгейде той өтті. Аудандық, облыстық газеттерде мақала шықты. Азғантай таралыммен өлеңдер жинағы баспа бетін көрді. Сонымен тоқтады. (Иә, айтқандай, кейін бір жаяу жарысты 150 жылдығына арналды дей салды). Тәуелсіздік алғалы 21жыл, аузымен құс тістеген Сарышолақ  не жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің оқу бағдарламасына енген жоқ, не орта мектептің оқулығында жоқ. Себебі Сарышолақ республикалық деңгейге көтеріле алмады. Дұрысы, көтере алмадық. Қазіргі күні аты бірте-бірте көмескі тартып өшіп барады. Ұмытылуға бет алды. Жақында, ақынның 155 жылдығына орай тосын оқиға өтті. Өзінің өнегелі істерімен қатарлары арасында сыйлы, облыс зиялыларына танымал Жоламан Алдияров жұмыс аяғына таман телефон шалып: «Аға, Сарышолақтың бейітінің басына қоятын құлпытасқа тапсырыс беріп қойып едім, соны шеберханаға бірге барып қарап кетсеңіз» деді. Жүрегім аузыма тығылып: «Оң болсын, айналайын! Құтты болсын, айналайын!» деп қалбалақтай бердім. Жуырда өзара  әңгіме үстінде профессор досым: «Баламның таңдап алған әріптесін көріп, мынаның арғы тегі нашар, тексізден аулақ жүр деп едім тыңдамады, ақыр соңында алданып тынды» деген-ді. Ойланып қалғанбыз. Себебі «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау: «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, тартпай қоймас негізге» демей ме? Жоламанның тегі асыл – арғы атасы Мөңке әулие, бергі атасы Алдияр аһун. Мөңкенің есімі ұлттық энциклопедиямызға, Алдиярдың есімі «Ақтөбе» энциклопедиясына енген белгілі тұлғалар.        Ере барып көрдік, жоғарғы жағы күмбез тәрізді, биіктігі жарты құлаш көгілжім тасқа: «Бұл жерде қазақтың әйгілі ақыны Сарышолақ Боранбайұлының (1858-1929 ж.) асыл сүйегі жатыр»  деп ойып жазылған екен.  Белгі қоюшы ретінде әуелі менің, ортада Бақытжан Қосановтың, соңында өзінің аты таңбаланыпты. «Атымызды атамай-ақ «Ұрпақтары» деген жалғыз сөз жаздыратын кісісің» деп ем, інім: «Бақытжан ағам келіспеді, ертең бір қызып отырғанында Шөнек бағасын түсіріп: «Мына құлпытасты өзім қойдым деп шыға келеді, осы сендердің-ақ ауыздарың күймейді екен» деп ұрысты» деді. Бұл Бақытжан мың жасағыр адам. Алматыда тұрады. Мөңке әулиенің бар шаруасына – атына көше алуға, ескерткішін жасатуға, атаулы іс-шараларын өткізуге, есімін энциклопедияларға енгізуге ықпалы зор болды. Ақтөбе өңіріне аты мәшһүр би, қоғам қайраткері Мырзағұл Шыманұлы туралы деректі мақаланы ұлттық энциклопедияға өз қолымен кіргізген де осы Бақытжан. Тоқтап қалдым. Мүмкін Бақытжандікі де жөн шығар. Тіземді бүгіп, бетіндегі бір сөйлем арқылы айрықша мәнге ие болған көк тасты елбірей сипадым. «Бісміллә» деген сөз аузымнан еріксіз шығып кетті. «Қайран атам, қайтейін. Төмен тудым. Өзіңе тиесілі биікке алып шыға алмадым. Қолымнан келмеді». Көңілім босады. Көзім жасаурады. Бұл енді үлкейгендіктің белгісі. – Аға, – деді қас-қабағымды бағып тұрған Жоламан. – Не? Ұнамай қалды ма? Ұнамаса сіздің қалауыңызбен қайта жасатайық. – Жоқ, – дедім, қайыра серпіліп. Сүйегі жатқан жер енді ұмытылмайтын болды. Осыдан артық не керек?  Кейін ақылы кеніш, қалтасы қалың бір бала шықпас  деймісің, ол бала сәулетті күмбез тұрғызар, ауыр граниттен жаңадан құлыптас қояр. Біздікі сол балаға жеткізу ғана. – Онда бәрі шешілді, –  деді інім. –  Енді он күннен соң Мөңке би аулына Алматыдан Бақытжан келеді. Машина табамын, бірге барып орнатамыз. Дайын бол. Түнімен ұйықтай алмай елегізіп шықтым... 1998 жылы Шалқар ауданының КС-12 аулының мұғалімі Оңдасын Үсенов облыстық газетте «Сарышолақ қайда жерленген?» деген мақала жариялап, сонда ақынның бейіті табылғанын айғақтады. Құлпытасындағы өше бастаған арабша жазуды оқыды. Көп ұзатпай ол құлпытасты аудандық мәдениет басқармасының бастығы аудандық мұражайға алдырады. Мұны естіген менің берекетім қашты, себебі күндердің күнінде ақынның қай шаршыда жатқанын білмей қалуымыз кәдік-ті. Жаз шығып, еңбек демалысының азғантай ақшасы қолға тиген бетте КС-12 аулына жетіп, Оңдасынды ертіп, ақынның сүйегі жатқан Құдайқұл базына тарттық. Сүттікөлге келгенімізде шалғымен пішен шауып жүрген Бақтыберген Ерғалиев ағамызға кезіктік. Шаруамызды айтып, әңгімеге тартқанымызда Бақаң: «Мен Сарышолақтың бейіті мен құлыптасын жүгіріп жүрген бала кезімде алғаш көріп едім»  деді бізге өткір жанарын қадай қарап. – Разведканың орыстары мінген машина сай бойында балшыққа батып, дөңгелегінің астына әр түрлі тастарды салғанда Сарышолақтың құлпытасын да пайдаланды. Олар кеткен соң менің әкем Ерғали мен Құлмырза сынған құлпытасты Құлмырзаның оң көзі соқыр күрең биесімен апарып орнына қойып, құран оқып еді. Сарышолақтың бейіті Құдайқұлда, бағыттарың дұрыс» деді. Сүттікөлде отырған Құлмырзаның бел баласы Аманға жолықтық. Ағамыз алдындағы қауырт шаруасын тастай салып бізге ерді. Жер жайын, ел жайын жетік білетін кісі еді, әңгімеге қарық қылды. 1930 жылдар, қиын уақыт екен, аудан ақсақалдары өмірден озған ардақты адамды шығарып салу үшін көрші ауданға барады. Әр тараптан беткешығарлар жиналады. Сонда біреу атасы қаракесек Оразды биді айтып мақтанғанда (Ораз – қалай мақтануға да тұратын адам), екінші бір шал: «Сен әуелі сол атаңның басын қарайтып алсайшы» деп қатты ұялтып тастайды. Ол жиынға қатысқан Көкен деген кісі ауылға келген соң туыстарын жиып: «Кімің бар дегенде жалғыз бетке ұстарымыз Сарышолақ, басын қарайтпасақ болмас. Ұятқа қалармыз» деп таудан түйемен тас тасып, бейіт тұрғызып, құлпытас қойған екен. Әне-міне дегенше қорым басына да жеттік. Өңкей тастан жасалған, бір-бірінен аумайтын, биіктігі тізеге жетер-жетпес жатаған бейіттердің құбыла жақ шеткісін Оңдасын мынау деп көрсетті. Ақын рухына аят бағыштап, зиратын айналдыра мұқият қарап, апарған темір трубаның кесіндісін жерге бойлата қағып белгі салдық. Бұл 1998 жылдың жазы еді. Содан бері 15 жыл өтіпті.  Содан бері Жоламан екеуміз ақынның Ақтөбедегі жағдайы бар талай ұрпақтарына зиратына құлпытас қою керек деп насихаттап келеміз. Қоймаймыз демейді, қапылып жүргенде қолдары тимейді, естен шығып кетеді, тағы басқа дегендей. Осыдан төрт жыл бұрын Мөңке би аулында тұратын інімнің тойына барғанда ретін келтіріп ауыл ақсақалы Серікқали Берімбетовті, округ әкімі Жәнібекті ақынның басына апарып көрсетіп, ие болыңдар деп кеткенмін. Әйтсе де, мен өліп қалсам, темір труба шіріп кетсе орнынан айырылып қалады деген күдік санада қылаң берген сайын Жоламанға гөй-гөйлейтінмін. Бізді Ақтөбеден 300 шақырым жердегі Мөңке би округіне Аққуан деген азамат жүрісі жайлы көлігімен түс әлетінде жеткізді. Мақсатымыз ешкімге дабыра қылмай келген шаруаны кешке дейін бітіріп, таң ата кері қайту-ды. Аймұқан ағамның үйіндегі жеңгем сүр асып, дастархан дайындап қойған екен, соны қаужап алып, кластастарының ортасында шалқып отырған Бақытжанды зорға ұстап, 40 шақырым жердегі Құдайқұлға тарттық. Құдайқұл – адамның аты. Атақты Қарағұл батырдың бел баласы. Сарышолақтың зираты сол баяғы күйінде екен. Қаланған шомбал тастар міз бақпай тұр. Абырой болғанда труба-қазық та құлай қоймапты. Білгенімізді оқып, құлпытасты орнаттық. Иықтағы ауыр жүк түскен соң ғана Жоламанға «тіл бітіп», бұлбұлдай сайрап қоя берді. Жарты жолға жете бергенде алдымыздан екі дәу машина шыға келді. Іші толған апайтөс жас жігіттер. Жапырыла түсіп, сәлем берісті. Қабақтары ашық, жүздері жарқын. Мен бұл ауылдан кеткелі 33 жыл, танымадым. Түстеріне қарап жобалаймын, мынау – Серікқали құрдасымның баласы, анау – Сартай ағайдың ұлы, ортадағысы – Зарипов Әділбектікі болса керек. Амандық-саулықтан соң: «Келгендеріңізді  жаңа естідік, Құдайқұлдағы үй дайындалып жатыр. Кейін жүрейік»  деді Серікқали құрдасымның баласы Нұрбек. – Мұндай жауапты шаруамен келген соң садақа жасайық». –  Рахмет, айналайын. Ниетіңе рахмет! – дедік біз. – Кері қайтпай-ақ қояйық. – Әттеген-ай,  –  деді жігіт ренжіп. – Кеш естідік. Неге айтпадыңыздар. – Жігіттер, онда осы жерге дастархан жайыңдар, ағалар дәм татсын. Лезде бәрі дайын болды. Байқастап қарасам, мұнда да биыл жаңбыр бар, шөп бітік, жусан исі танауды қытықтайды. Салқын самал желпіп, дала мейірлене қалыпты. Інілерінің мына қылығына разы болып, көңілі тасыған Жоламан енді аруақтанып кетті. «Аға, төк! – деді. – Сарышолақтан термені төк! Несін аяйсың!»   Судың сәні  –  бел болар, Қудың сәні  –  көл болар, Шақырып алып мал берсең, Ата жауың ел болар. Жайынның көзі ағарса, Құртшабаққа жем болар. Жаман жабы семірсе, Арғымақ аттан пұл болар. Екі ұл тапқан күң қатын, Бәйбішемен тең болар. Ұл таппаған бәйбіше Жібек те болса жүн болар.....  –  деп келе, әрі қарай:   ...Борсықтан көшкен қалың ел Қонады өрлеп Тебенге, Су шалықтап сең жүрсе, Толқыны соғар кемерге. Ақылсыз пенде болмайды, Келтірсе құдай кемелге. Қас асылдың баласы, Жолдасын жауға берер ме, Қайрымы жоқ сұлтанның, Соңына нөкер ерер ме... ...Жер бауыры солқылдар Белгілі жүйрік келгенде... – деп бір кеттім.   Біраздан соң сабама түсіп, пәлсәпаға ауысып: Шындық үшін жанталас, Бұйырсын десең иманың. Сұлулық көзі – сан тарау, Дұрыстық серті – иланым. Ойдың түбі терең-ді, Жеткізбес түссең шыңырау. Байлық қуған керең-ді, Алауыз түбі – ыдырау.... –  деп солықтап барып тоқтадым. Менің бір таңғалғаным, дөңгелене қоршай отырған жастардың жүздері алаулап, көздерінде от ойнап шыға келді. «Әй, бәрекелді!» десті көтермелеп. Тыңдаушысы келіссе аталы сөзді кім аяр, енді әріден тартатын тауарихты Бақытжан қозғады. Отырыс ұзап, қараңғы түсіп қалған екен. Ауылға оралдық. Келсек, Аймұқан ағамдікі мал сойып тастапты. Жәнипа жеңгем: «Айтпайсың ба?! Дұрыстап алдын ала айтпайсың ба, ақын атаның басына құлыптас қоюға келе жатқаныңды» деп Жоламанға ұрсып жатыр. –  Міне, ауыл осындай! Келсең ұрысады,  –  дейді Жоламан жымиып. Жиналған көп тағы да ақынды еске алып, ата-баба туралы, бұрынғы өткен ел жақсылары хақында шежіре шертісіп, жан азығынан сусындасты. Түн ортасы ауғанда барып басымыз жастыққа тиді. «Мынау бір тамаша күн болды-ау, – дейді Жоламан. – Мана құлыптасты қойып, шалдығып, мойнымыз салбырап  келіп үн-түнсіз жата кеткенде қайтер едік. Көрмейсің бе, алдымыздан қаптай шығып, көтеріп кеткенін. Кеш естіген Алдоңғар бастаған топ та соңымыздан аттанған екен, біз басқа жолмен қайтқан соң қауышпай қалыпты. Қазір ауылда жөн-жосық айтып отыратын қариялар қалмады, әйтпесе балалар зердесіз емес қой. Ертеңгісін білдік, біраз жас жігіттер түн қатып ақынның басына барып, құлпытасын көріп қайтыпты. Ақтөбеге бет алған бізді округ әкімі Жәнібек Бершүгір тауына дейін шығарып салды. Тауда Нұрбек бастаған жас жігіттер тағы тосып алды. Марқа сойып, сірне жасаған. Монша жақтырған. – Ағалар! – деді жасыл желекті тоғай ішіндегі ас та төк дастархан басында Нұрбек. – Сарышолақ түсінген адам үшін ауыл-аймақтың ақыны емес, бүкіл Алаштың мақтаны. Бұрын қайда жатқанын білмеуші едік, кеше келіп белгі қойдыңыздар. Енді ол жердің киелі орынға айналары ақиқат. Кейінгі буын бізге өнеге көрсеткендеріңіз үшін рахмет. Әуелі Алла, сосын атамыздың аруағы риза болсын сіздерге! «Жол ақысы – жүрмек», жастармен қоштасар уақыт та туды. Бөлініп шыға берді. Гу-гу етеді, бәрінің аузында ақын аталары. Жарты құлаш қара тастың өрімдей жас жігіттерге мұншалықты әсері болады деп кім ойлаған... Жұма-Назар Асан,  филология ғылымдарының докторы, Тілеу Айтұлы атындағы қоғамдық қордың төрағасы АҚТӨБЕ

2431 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы