• Ақпарат
  • 01 Сәуір, 2014

Алтын инемен емдейтін емші

Мұрадым Қарабаевты батыс өңіріндегі елдің көбі біледі. Басқа емшілерден өзгешелігі ол тек кісі қараумен шұғылданып қоймай дінімізді, салт-дәстүрімізді, салауаттылық өмір салтын уағыздап келеді. Елге “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу қажеттігін” түсіндіруде. Оған осыдан бірер жыл бұрын Мұрадыммен болған алғашқы  кездесуде-ақ  көзіміз жеткен еді. Сонда халық алдында сөйлеген сөзінде дінімізді насихаттап, арақтың адамға деген зиянын айтып, оған жоламауға шақырды. Әлі де сол қалпынан танбауда. “Күнінде болған жігіттің, арғы атасын сұрама”, дейді қазақ. Әртүрлі БАҚ-тардың тілшілері де  емші жайында газеттерде мақалалар жариялап, теледидардан көрсетті. Бүгінде отыздың бел ортасынан  асса да Мұрадым Ғайсаұлы біраз жетістіктерге жетіп үлгерді. Ресми медицина сырқатынан сауықтыра алмай теріс айналғанда, адамдар оған сенім артты. Алдына келгеннің талайын дертінен сауықтырды. Сол еңбектерінің нәтижесі шығар ол денсаулық сақтаудағы үздік еңбегі үшін Қазақстан Республикасының “Құрметті кәсіби халық емшісі” медалімен, “Қазақстанның жұлдызды емшісі” орденімен, “Мейірім”, “Аялы алақан” алтын медалдарымен марапатталған. Таяуда ғана Қытайдың Үрімші қаласындағы “Яң-Яң” дәстүрлі шығыс медицинасы орталығында болған оқуды да жақсы аяқтап, “Әлемдік дәрежедегі емші” деген сертификат алды. Ең басты жетістігі алтын инемен емдеуді өте жақсы игергені. Бұл енді көрінгенге бұйыра бермейтін бақ. Мұның қалай болғанын емшінің өз аузынан естідік. –Осыдан 6 ай бұрын Атырау облысында республикалық үлкен семинар өтті,-деп бастады әңгімесін Мұрадым Ғайсаұлы. – Оны емшілер қауымдастығы бірлестігі ұйымдастырды. Семинар барысында ауруды анықтаудағы, ем қолданудағы еңбегім бағаланып, маған “Аялы алақан” деген алтын алқа тақты. Бәрі тіркелді, Қазақстан бойынша сайтта бар. Екінші жетістігім сәбидің ұршығы шығуына байланысты. Ұршықтың басы жоқ екен. Екі диагноз бойынша оған Алматыда титанды дөңгелек (диск)  салатын болды. Соған квота әзірлеп жатты. Бірде ұйықтап жатқан кезімде түсімде: “Осы баланы ата-анасы қағаз жинағанша сипа” деген аян берілді. Досымның баласы еді. Қаражат жинап әзірлегенше екі ай жарым сипадым. Төсекте жатқан күйінде тұсауын кестік. Үш күн өткеннен кейін сәбидің жағдайы жақсарып  еңбектей бастады. Жаңа жетістігім үшін Қазақстан Республикасының атынан тағы да алтын алқа иелендім. Одан да басқа бірнеше дерттерді, жаман ауруларды емдеудегі жетістігім үшін Семейде өткен семинарда “Мейірім” деген алтын алқа тағынуға қолым жетті. Аталмыш  семинардан кейін ұлы Абайдың басына барып зиярат етіп, мұражайын араладық. “Қоңыр әулие” деген кісінің де басына зиярат етіп, шипалы суға түстік. Тірі кезінде көптеген адамдарға көмегі тигенін естігеннен кейін Алланың құлы ғой деп арнайы дұға оқыдық. Алладан тілек тілеп, құрбан шалдық. Сонымен қатар ол маңда Кеңгірбай ата, тағы басқаларының басында болып Құран бағыштадық. Кейін Қазақстан Республикасының атынан 23 адам Президентіміз Бауыржан Нұржановтың басшылығымен Қытайдың Үрімші қаласына барып, шығыс халық медицинасын оқыдық. Бауыржан республикалық халық  емшілері қауымдастығын және “Шапағат” халық емшілері мекемесін басқарады. Мен өзім Батыс Қазақстан облысы бойынша емшілер Одағының төрағасымын, яғни бөлім директорымын. Оқуға емшілерден өзге ауруханалардың бас дәрігерлері де қатысып қайтты. Емшілер қауымдастығы бірлестігінен құжат алып, өздерінің емдеу орындарын ашқан кейбір дәрігерлер де ілесті. Сапар алдында бәрімізді Астана қаласына жинап, теледидардан екі-үш рет көрсетті. Шілде айында Қытайға аттандық. Үрімшіге Пекин жақтан мұғалімдер келді. Өзіңізге мәлім бұл елде халық медицинасы өте қатты дамыған. Инемен емдеу әдісінің өзіне 350 жыл болған екен. Оған оқу үшін ине ұстауға бейімділік қажет. “Жарайды, оқи берсін, алға қарай көрерміз” деп біздегідей қазақшылыққа салынбайды. Нақты, адам денесіндегі нүктелерді тап басып көрсетсеңіз ғана оқуға қабылдайды. Әйтпесе бірден шеттетеді. Бір ай мерзімдей оқып, білімімізді арттырдық. Кетерде емтихан алды. Жақсы бағаға тапсырдым. Сөйтіп бес мамандық иесі атандым. Олар алтын инемен емдеу, бұл маған әлемдік деңгейде берілді, екіншісі қытайша нүктелі массаж жасау, үшіншісі өтпен емдеу, оның да өз тәсілі барын айта кетейік. Төртіншісі скрип деп аталады, бұл адам денесіндегі нүктелерді мүйізден жасалған құралмен қырып қан шығару. Бесіншісі бастан, желкеден қан алу, банка қою. Әзірге бұл емдерді жалпылама қолдана қойғанымыз жоқ, бірақ жағдайы ауыр жандарды екі-үш адамнан қабылдап жүрмін. Он күн ішінде инсульт алған үш адамға ем жасадым. Аталған адамдарға аяқ-қолы қозғалмайды деген диагноз қойылған екен, ем әсерімен ол мүшелері жұмыс жасай бастады. Әлі де толық жүріп кетпегенімен, жағдайлары бұрынғыдан жақсара түсті. Алтын инені қолданып, Құран сүрелерін оқып емдеумен шұғылданамын. Өстіп жұмыс жасап жүрген жайымыз бар. Мақаланы халық оқып, көмек алып, дертіне шипа табар деген ниетпен уақытымды бөліп, сізбен әңгімелесуге келістім. Ақшасы барлар  өздері-ақ жетеді. Мен көмекке зәру, мұқтаж, қаралуға қаржысы тапшы адамдарға көмегім тисе деймін. Соларға ем жасап, аяғынан тұрғызсам нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Өзімді ешқашан да жарнамалаған емеспін. Халық сырттай естіп, газеттерден ем алғандардың алғысын оқып мені іздеп тауып жатады. Орал, Атырау облыстары, көрші Ресей еліндегі Саратов, Орынбор облысы тұрғындары мен жайлы жақсы біледі. Нөмірімді де хабарласушыларға қиындық тумасын деген ниетпен  2004 жылдан бері ауыстырмадым. Тікелей маған шығады. Алыстан келген болса кезексіз қабылдап, емдеймін. Қарап мән-жайын айтып, шипа бола ма болмай ма бірден түсіндіремін. Ота жасамай түзелмейтін сырқаттарды бірден дәрігерге жіберемін. Таяуда бір кісі зоб ауруымен келгенде оған ота жасамай жазылмайтынын ескерттім. Емдеймін деп ақша алу үшін өтірік алдап, ауруын асқындырғандарды суқаным сүймейді. Оның маған қажеті қанша? Дәрігерді жамандап оның емін жоққа шығару да жақсы нәрсеге жатпайды, бірлесе жұмыс жасағанымыз ел үшін тиімді. Шипа екі жақтан да болады. Аллаһ Тағала: “Ауру адамдарға көмек қолын созған дәрігер, емші немесе басқа жан болсын, оларды қолдаймын”, деп айтқан. Исламда: “Кімге барсаңыз да әуелі Аллаға сиыныңыз”, деген. Аллаһ қаласа ғана ем қонады. Осыны ұмытпаған жөн. Тұратын жерім Еңбекші ауылы  болғандықтан Орал қаласына барып-келіп жұмыс жасаймын. Біздің мақсатымыз – жалған емшілікпен айналысушыларды, адам емдеуді табыс көзіне айналдырғандарды, ел аралап аластаймын, дұға қыламын деп жүргендерді тоқтату, халықты арақ-шарапсыз жақсылықтар жасауға, тазалыққа, имандылыққа шақыру, жастарды ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтауға, ата-ананы сыйлауға, Отанды сүюге, патриотшылдыққа тәрбиелеу. Жазда бұл жағынан жұмыс жасап, Орал қаласы және Батыс Қазақстан облысындағы қиын балаларды, сотталған, шаталған жастарды жинап дұрыс жолмен жүруге, спортпен айналысуға баулып, лагерлерде демалуын ұйымдастырамыз. Ауданымызға келгеніңізде сізді қолдап, көмектескен жандар болды ма? Бұл жаққа келуіңізге не себеп? –Ганюшкиннен жеке кәсіпкер Салауат Мырзағалиев қолдады, көп көмектесті. Шын жүректен ризамын. Азамат деген атқа лайық екендігін сөзімен емес, ісімен дәлелдеді. Мысалы, мен кісі қараудан қолым тимей жатырқанда үй салып береміз, жобасын жасаймыз деп қасымда жүрді. Екі ай ішінде үй де салынды. Өзі басы-қасында жүріп, қол ұшын беріп, былайша айтқанда жетпеген жерін жамады. Жергілікті билік жер бөлді. Ол да мен үшін нұр үстіне нұр болды. Қазір жер алудың өзі қиын, әрі қымбат. Сондықтан ауданның басшы азаматтарына да рахметімді айтамын. Бұл елге келген себебіме қазір әңгіме барысында тоқталамын. Батыс Қазақстан облысында 10 жыл тұрдым. Спортпен айналысып, үш мәрте, 2000-2003 жылдары ауыр салмақ көтеруден Батыс Қазақстан облысының чемпионы атандым. Басқа жаққа кетем деген ойым болған жоқ. Сол уақыттың бәрі де пәтер жалдаумен өтті. Бірінен-біріне көшіп ғұмыр кештім. Емшілікке бет бұрған жылдары талай рет адамдардың: “Анау қалталы кісіні емдеп жаздың, неге молдау ақша сұрамадың” деп айтқанын естідім. Ондаймен әуелден әуестенбеймін. Біреуден жасаған емің үшін саудаласып сұрап алғаныңнан гөрі адамның шын ниетімен өзі берген бір тиыны немесе жалғыз түйір кәмпиті де қабыл болады. Алла адамға емшілік қасиет бергені үшін ештеңе сұрап жатқан жоқ ғой. Таза жүргендіктен шығар менде ешқандай ақша жиналмады. Он жылда жинаған бар ақшама екі бөлмелі үй салам ба деп жүргенде түсімде аян беріле бастады. Қошалақтағы Кәб ата, шын аты Кәмәмеден, сосын Зинеден ата түсіме енді. Екеуін де танымаймын, бұрын көрмеген кісілерім. Іздеп келіп, тауып, Құран оқып кеткеннен соң: “Менің еліме көш, қоныс аудар. Адамдар жол апатынан, аурудан қойдан да көп қырылуда. Осы жаққа келіп саналарын аш. Сабырлылыққа, имандылыққа, тазалыққа шақыр, ішімдіктен арылт”, деді. Қарсы болып едім, төрт балам қатар ауырды. Екі күн қызулары 40 градустен түспеді. Бала ауырған соң ұйқы келе ме? Не істерімді білмей отырып, ұйықтап кеткен кезімде тағы да аян беріліп: “Балаларыңның бір күндік уақыты қалды” деген кезде көшіп, осында жеттім. Келген кезімде Салауат Мырзғалиевтің Шайхымеден деген інісі жаман аурудан қатты сырқаттанып, Атырау, Астрахань дәрігерлері ем қонбайтынын айтып, тірілер санатынан сызыпты. Емдеп едім жазылды. Одан жұбайының дертіне де көмегім тиді. Тілі кемдеу еді, қазір жақсы, ары қарай ем алуын жалғастыруда. Батыс Қазақстан облысында тұрғанда материалдық жағдайымды түзегім келіп талай орындарға көмек сұрап кіргенім нәтижесіз аяқталып отырды. Бәрі өз еңбегіммен келді. Достарым да ақшалай болмағанымен жылы сөзбен демеді. Оған да рахмет. Мысалы мәдениет саласында “халықтық” деген атақ берілсе, оны алдағы өтетін өнер сайыстарында қорғап отырады. Ал, “Халық емшісі” деген атақты  алған адамдардың білімін  кейін тексере ме, әлде солай қала ма? –Бізде де солай. Онсыз болмайды ғой. Қазір емші атанғандар көбейген заман. Басшымыз,  Бауыржан Нұржанов басқарған Қазақстанның “Кәсіби халық емшілерінің республикалық Ассоциациясы” қоғамдық бірлестігі, “Шапағат” халық емшілерінің мекемесі әр алты ай сайын семинар ұйымдастырады. Үш жыл сайын тексеріп сертфикат береді. Тест тапсырамыз. Сексен сұрақтың жиырмасы ел рәміздеріне қатысты. Қалғаны емдеу-сауықтыру, шариғат, қазақтың салт-дәстүрлері және тағы басқалары төңірегінде. Бұрын 300-дің үстінде емші тіркелсе, қазір соның 60-тан астамы қатарымыздан шығып қалды. Тексергенде бойында емшілік қасиет жоғы анықталған. Осы жерде мысал ретінде тек өткен жылдан бері  ұйымдастырылған  семинарларға тоқталайын. 2012 жылы 28 ақпанда Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы кәсіби халық емшілерінің республикалық аттестаттауы өтті. Оған отыз емші қатыстық. Маған “Шапағат” халық емшілері мекемесінің ақпараттық базасына Қазақстан Республикасының халық және рухани емшілері қатарына ресми тіркелгендігім туралы 210 нөмірлі сертификат, жоғарыдағы аталған қауымдастықтың толық мүшесі болғандығым жөнінде 458 нөмірлі куәлік табыс етілді. Сол жолы “Құрметті кәсіби халық емшісі” медалімен марапатталдым. Одан соң 2012 жылы 22 наурызда Ақтөбе қаласында өткен семинарға арнайы шақыртты. 14 облыстан жүздеген емші келді. Бұл жолы қойылатын талаптар деңгейі бұрынғыдан да жоғарылады. Содан сүрінбей өтіп, Қауымдастық  президенті Б.Нұржановтың қолынан “Қазақстанның жұлдызды емшісі” жоғары дәрежелі орденін иемденгенім өзім үшін бір мәртебе. Өйткені еңбегі бағаланғанын қалау адам бойында бар қасиет. Кейінен сырқатты анықтай білу қабілетіме елімізге белгілі медицина саласының ақсақалы, академик Төрегелді Шарманов ағамыз жоғары баға бергенін, халық емшілеріне үлгі ретінде ұсынғанын естідім. Мұны да бір шыққан биігім ретінде санап, Аллаға шүкіршілік етемін. Былтыр қыркүйекте Павлодар қаласында өткен кәсіби халық емшілерінің республикалық семинарында нөмірі бірінші “Танымал тәуіп” куәлігін алуға қол жеткіздім. Жақында 2013 жылғы 12-14 қыркүйек аралығында Семей қаласында халықаралық дәрежедегі “Әлем халықтарының емшілік дәстүрі” атты семинар өткізіліп, жер-жерден келген емшілер бас қосты. Семинар барысында  алтын алғанымды әңгімеміздің басында сөз еткенмін. Басқа да марапаттарымды, берілген куәліктерді өзіңіз көріп отырғандықтан олар туралы сөз қозғамайын. Ең бастысы аталмыш семинарлардың өзі халық емшілерінің қызметін жетілдіріп ғана қоймай, олардың арасына жалған тәуіптердің еніп кетуінің жолын кеседі. –Мұрадым, осы мақаланы оқығаннан кейін өзіңізбен хабарласқысы келетіндер шығуы мүмкін. Сондықтан олар үшін өз телефондарыңызды айта кеткеніңізді  жөн көреміз. Себебі қаралғысы келген адамдар іздеп барғанда сіз Орал қаласына жұмысыңызбен кетіп қалсаңыз, жолға босқа шығындалады ғой. –Жаңа өз сөзімде телефондарымды өзгертпегенімді айтқанмын. Ұялы телефоным: 8 705 217 65 66 және 8-701-564-94-04. Алматы облысына қарасты Еңбекші ауылындағы, Азаттық көшесіндегі №39-шы үйде тұрамын. Келем деушілерге есігім ашық. Халыққа қолымнан келген көмегімді көрсету басты мақсатым. -Әңгімеңізге үлкен рахмет! Халық денсаулығын жақсарту жолындағы еңбегіңіздің жемісін тата беріңіз. Қанат ҒҰМАРОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Атырау облысы. Құрманғазы ауданы

17538 рет

көрсетілді

159

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы