• Тарих
  • 03 Сәуір, 2014

«Оқушылар ережесі» ескерусіз қалды...

Жастар тәрбиесі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Ұл бала болсын, қыз бала болсын есі кіре бастағаннан баяғыдай асықпен, қуыршақпен немесе ойыншықтармен ойнамайды. Таңның атысы, күннің батысы болсын ермек ететіндері – теледидар мен компьютер, ұялы телефон. Сондағы тыңдап, көретіндері саналарын улайтын кино мен музыка.   Бұрын оқу-тәрбие жұмыстарына басшылық жасап жүрген кезімізде, сынып жетекшісі арқылы әрбір оқушылардың үйлеріне «Күн тәртібін» жаздырып, оны үйдің қабырғасына ілдіріп қоятын едік. Сөйтіп, мектеп бойынша ата-аналардың жалпы жиналысын өткізіп, сонда осы «Күн тәртібі» туралы арнайы мәселе қарап, оның орындалуын талап ететінбіз. Содан кейін оның орындалуын тексеріп рейд ұйымдастыратынбыз. Сабақ үстінде оқушы басқа нәрсеге алаңдап, көңілі бөлінбесін деп олардың қолына сағат, жүзік, құлақтарына сырға сияқты жылтырауық нәрселерді тағуға тыйым салатын едік. Ал қазір сырға, жүзік, сағатты былай қойғанда, оқушылар бастауыш сыныптан бастап-ақ ұялы телефон ұстайтын болды. Менің ойымша, егер оқушылардың арасында болып жататын қылмыстық істерге зер сала қарайтын болсақ, ол қылмыстың бірден-бір себебі ретінде ұялы телефонды айтуға болады. Қысқасы, оқушыларды ұрлыққа да, зорлыққа да үйрететін, соған итермелейтін де осы ұялы телефон ба деп ойлаймын. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті қарастырып, еліміздің Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларының ұялы телефонды өзімен бірге мектепке алып келмеуін «Оқушылар ережесіне» енгізіп, сабақ үстінде оны пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салуы тиіс. Кейбір ата-аналар: «Мен балама ұялы телефон тұрмақ көлік алып беремін, онда кімнің қандай шаруасы бар» деп ұстаздарға қарсы шығуы мүмкін. Сонда сынып жетекшілері «Оқушылар ережесін» алға тартар еді. Бұл – бір. Екіншіден, кешегі Кеңес Одағы кезінде бір оқушының ата-анасы жиналысқа шақырылғанда, қатарынан үш рет келмесе, мектептің директоры ата-аналар комитетінің төрағасымен бірлесе отырып, оның жұмыс істейтін мекемесіне арнайы хат жазып, шара қолдануын талап ететінбіз. Жасыратыны жоқ, бүгінгі мектеп директорларының бұл сияқты игі істерді атқарып жүргендері некен-саяқ. Бұған дәлел ретінде айтарым, менің Түркістан қаласының №4 мектебінде оқитын немере-шөберелерім бар. Сол мектептерден күні бүгінге дейін бір сынып жетекшісінің келіп, жоғарыда айтылған іс-шараларды атқарып немесе өздерінің оқытып жүрген шәкірттері жайлы ескертпе айтып жүргендерін кездестірген де, естіген де емеспін. Соңғы кездері жазушы ретінде кейбір мектептер мені кездесуге шақырып жатады. Сондай кезде сол мектептерден қосымша сабақтың кестесін, «Оқушылар ережесі» мен «Қабырға газеттерін» көрмеймін. Ал бұл үшеуі де оқу-тәрбие жұмысына және оқушылардың сабақ үлгеріміне тәп-тәуір ықпал етеді. Бірақ кейінгі кезде біздің мектептің мұғалімдері қосымша сабақты өздерінің үйлерінде ақылы түрде өткізуді дәстүрге айналдырып алған. Әділін айтсақ, мұғалімдердің бұл тірлігі – оқу-тәрбие жұмысына мүлде жат әрекет. Ата-ана мен мектептің байланысы тығыз болмаса, оқу-тәрбие үдерісінде олқылық пайда болуы әбден мүмкін. Мәселен, соның салдарынан оқушылардың өз ата-анасына қарсы келуі, әдепсіз қылық көрсетуі, жат әдеттерге құмарлық танытуы ғажап емес. Тағы бір айта кетерлігі, халқымыз қыз тәрбиесіне ешуақытта бейжай қарамаған. Қыздың тәрбиесін оның бойындағы инабаттылығына, ізеттілігіне қарап бағалаған. Ал қазір басқа ұлтқа, тіпті шетелдікке тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздары қаншама! Қалтасы қалың болса болды ол адамның ұлтына да, оның жасына да қарамайды. Өкінішті жайт осы. Шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан қыздың болашағын кім ойлайды? Оның тағдыры қалай болмақ? Бұл үлкен әрі өзекті мәселе. Жастар тәрбиесі туралы айтар ойларымды әрі қарай жалғайтын болсам, өскелең ұрпақ тәрбиесінде балабақшалардың атқаратын рөлі аз емес. Орыс тіліндегі балабақшадан тәрбие алған бала орыс мектебінде оқып, оны бітірген соң жоғары оқу орындарының біріне түсіп, оқуын орысша жалғастырады. Сөйтіп жүріп батыстың мәдениетіне табынып, өзінің тілінен әдет-ғұрып, салт-санасынан мүлде алшақтап кетеді. Орысша оқып, батыстық тәрбиемен сусындаған адамның бойынан тектілік қасиеттер жоғала бастайды. Сол себепті бала тәрбиесінің дұрыс болуы ата-ана мен мұғалімнің, қала берді бүкіл қоғамның маңызды мәселесі. Қалалық немесе аудандық білім бөлімдерінде бастауыш сыныптармен жұмыс атқаратын әдіскерлер болғаны сияқты, тәлім-тәрбиенің ошағы – ата-аналармен тікелей жұмыс жүргізетін әдіскерлер неге жоқ? Бұл ойым тәрбиенің жайын күйттеп, жанашырлық білдіруден туындап отыр. Ата-аналармен жұмыс жүргізетін әдіскер маманға қалалық немесе аудандық білім бөлімдерінде арнайы штат қарастырылмаған. Міне, осының салдарынан оқушы-жастар арасындағы тәрбие жұмысы өз дәрежесінде емес. Сондықтан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі осы мәселеге тиісті көңіл бөлсе деймін. Ата-аналармен жұмыс жүргізетін әдіскер оқу-ағарту саласында көп жылдық тәжірибесі бар ер адам болса, құба-құп. Өйткені ол ата-аналармен қалай сөйлесуді, жұмысты тиімді жүргізудің қыр-сырын жақсы біледі және кейбір кезде учаскелік полициямен бірге түн мезгілінде рейдке де қатысып, көше аралайтын жағдайлардың болатынын ескерген жөн. Қорыта айтқанда, мектеп – болашақ ұрпақтың тәрбиесіне жан-жақты атсалысып, сүбелі үлесін қосуы керек. Елтай БИМАХАНБЕТҰЛЫ, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

4658 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы