• Мәдениет
  • 22 Қаңтар, 2009

ЕМЕН ДАҒЫ, ҚҰЛАСА, БЕТЕГЕ ЕКЕН, ДАРА ТУҒАН ТҰЛҒА ДА ӨТЕДІ ЕКЕН...

Зейнолла Қабдолов — сексен жылға жуық ғұмырында тек жақсының жақсылығын асырып, жаманның жамандығын жасырып, жұртқа жылы сөзін ғана арнаумен өткен адам. Сұлу сөзбен сурет салып, саналыға сәуле құйған Зекеңнің бүкіл болмыс-бітімі осы күнделіктен де айқын көрінеді. Ғибраты мол ғұламаның ақ пейілін, дархан көңілін, жайдары жүзін, мәрт мінезін, салиқалы сөзін, тосын тіркестерін сағынсаңыз — Сәуле апайдың түн қатып отырып жазған осы күнделігіне зер салыңыз.

Сәуле ҚАБДОЛОВА

Сәрсенбіде күні бойы қорықтым

19 мамыр. Көршіміз Өмекеңнің (Өмірзақ Сұлтанғазин) жылын берді. Райханның шақырғанына бара алмай, «қабыл болсын» дедім.

22 мамыр. Дүйсенбі. Зекең ұйқыда. Кеше аздап тамақ ішті: екі шпрот, каша, жарты стакан шәй. Түскі он екіде оянып, «Бүрсігүні баяндамам» деді. Неге айтты, ақылсі орнында ғой.

23 мамыр. Сейсенбі. Түні тынышсыз болды. Оянды, шақырды, аяғын қозғадық, қырынан жатқыздық. Сағат төртте массажға Ғалия келді. Ағаны тұрғызамын деп жұлқынды. Айтқаны келсін. Бұл күні өзімнен өзім ыдырынып болдым. Ахат Әминовичке (дәрігер), одан Смағұлға, Камал Сәруаровичке, Мерекеге телефон соқтым. Бір күдік биледі. Дәрігер Гүлжан Жакыповна келіп қарады. Қақырық түсу үшін бромгексин дәрісін жазды. Аз-маз тамақ ішті.

24 мамыр. Сәрсенбі. Түні тыныш, сағат бесте шақырды. Ояу жатыр, аяғы мазалайды, оны уқалау керек. Түскі он екіде «Жүрегім айниды» деді, бірақ, құсқан жок. Тамақ та ішпей, қара шайдан ғана аз ұрттады. Осы күннен күпті болып отырмын. Өткенде «Бүрсігүні баяндама бар» деп еді ғой. Онысы осы сәрсенбіге келіп тұр. Жасаған ием, тағы не дайындап тұрсың?!

25 мамыр. Бейсенбі. Зекең әлі ұйқыда. Ажар екі литр қолдың сүтін әкелді. Көп тілдесе алмадық. Ертеңгі тамағын түсте ішті: балық, икра, шай. Одан массаж жасалды. Күн түнеріп, жел тұрып, күннің көзі жабылды. Мен қарап тұрмай: «Сұр бұлт, түсі суық», — деп ар жағын айта алмай, «Не аспан еді?», — дедім. Зекең дереу: «Қаптайды аспан», — деді. Миы мүлтіксіз, тек дәрмен жоқ, құдай- ай!

26 мамыр. Жұма. Күн әрі-сәрі, жауды, ашылды. Ғалия келіп, қырық бес минут массаж жасады. Осы қыздан бірдеңе шығар.

27 мамыр. Сенбі. Сағат алтыда тұрдық. Зекең оянып, «Қарным ашты», — дегенде қуанып кеттім. Дереу судак, капуста, талқан, зефир мен шай бердім. Жақсы ішті. Кешке шашын алғыздық.

30 мамыр. Сейсенбі. Шөбере Санат бір жаста. Мен тұсауын кестім. Зекеңді төсегімен стол басына алып келдік. Құдалар және Әбе болды. Көңілді өтті. Зекең шампан шарабын ішті.

1 маусым. Бейсенбі. Маусым да басталды. Бұл ай не берер екен!? Кеше массажды аяқтадық (он сеанс). Нәтижесін қараймын. Жақсылық болса, ары қарай жалғастырамыз. Түнгі он екіде тамақ ішті. Ет жемегенмен қойдың тілі мен миын жеді, шай ішті. Соған мәз болдық.

2 маусым. Жұма. Зекең күндіз ұйықтап, түнде ояу жатуды әдетке айналдырды. Әйтеуір, «қарным ашты» деп тамақ сұрағанына қуанамыз.

4 маусым. Жексенбі. Үйде үшеуіміз – Зекең, Бақыт, мен. Балалар Астанаға кеткен, жоқтығы білініп тұр.

6 маусым. Зекең күн мен түнді әбден шатастырды. Серік Атырауға кетті. Оны Абай шығарып салып, қайтарында Әлия апайдан (Дүйсенова) дәм және тілегін алып келді. Онда: «Сәулежан айналайын, Зекеңнің саулығы жақсы дегенге қуанып калдым. Амандықпен жолығайық. Сәлеммен, өзіңді жанындай жақсы көретін Әлия» депті. 05.05.06

7 маусым. Сәрсенбі. Зекеңнің түні тыныш. Екі-үш рет оянды. Шақырды, аяғын кезектесіп уқалаймыз. Түсте оянды. Кейде кеште пендешілік айтып қояды. Ол да жақсы, демек үміт бар. Еш жері ауырмайды. Сары уайымға салынбайды. Таңертеңгі тамағын он бірде ішті. Төрт шпрот, ботқа, крес салат, жарты сосиска, екі кескен қазы, екі бауырсақ, жүз грамм кілегей талқанмен, зефир мен шай. Оның алдында жүз елу грамм қымыз ішкен. Қатты риза болып, қуандық.

8 маусым. Бейсенбі. Зекең бұрынғыша көп ұйықтап, он бірде оянды, тамақтанды, жақсы ішті. Түсте Әбе мен Ажар келді. Зекеңнің өңіне, сөзіне риза болды.

10 маусым. Павлодардан Абзал хабарласты. Әбе Зекеңді сұрады. Бұл шал тойдан тойға ұластырып жүр: Жүнісбек қызын ұзатады; Мұхтар қызын ұзатады. Менің тойым да, көрген қызығым да, театрым да – сол Зекеңнің көзі жатса болды. Түсімде Зекең қара сүрік пальто киген, аяғын нық басып жүр. Әдемі.

І5 маусым. Бейсенбі. Түсте Құралай Москвадан келіп, бәрімізге сыйлық үлестірді. Сөйтіп, кеткен келіннен де игілік көріп жатырмыз. Енді Астанадан Сардарды күтудеміз. Ол бекітіліп (утверждение), келе жатыр. Қуаныш.

16 маусым. Жұма. Зекеңнің түні тыныш. Бірақ, таңертең шәй алдында жеңіл діріл болды. Басы қалтылдап барып басылды. Қол-аяғы селкілдемеді. Қорқып кетіп Бақыт пен Сардарды шақырдым. Қан қысымы — 140/80. Дәрі бердім. Тыныш ұйықтады.

17 маусым. Сенбі. Таңғы тамағын сұрады. Сегізде жеңіл тамақ: икра, котлет, салат, шәй. Түс кезінде Әбе, Смағұл, Мырзан келді. Әңгіме айтып біраз отырды. Әңгіме желісі Әбенің Белараннан өзіне орын дайындауы жайлы болды.

18 маусым. Жексенбі. Мұхтар мен Айгүлдің (Құл-Мұхаммед) қыз ұзату тойына шақыруын әкелді. Бара алмайтынымызды білсе де, ілтипат қой, оған рахмет. Қыз баланың бақыты ашылсын!

Шәмша көліктен түсіп амандасты

20 маусым. Зекеңде бөтен өзгеріс жоқ. Бір тәуірі, тамақ ішеді және сұрап ішеді. Қандай қуаныш. Көрші Шәмша Көпбаевна машинамен жұмысқа бара жатыр екен. Мені көріп, көлігінен түсіп амандасып жатыр. Зуылдап өтіп кетуіне де болады ғой. Көргенді қыз.

21 маусым. Сәрсенбі. Жүнісбек хабарласты, Имаштың тапсыруымен. Мән-жайды айттым. Дәрігерлер жағына бір хабарласып қоюын өтіндім.

22 маусым. Бір түрлі құлазып отырмын.

27 маусым. Сейсенбі. Зекеңнің түні мазасыз болды. Бір оянғанда «Қырымбек, Қырымбек!» деп шақырды. «Түс көрдің бе?», — дедім, үндемеді. Бұл күндері Әбе, Ермек, Бауыржан, Саматбек хабарласты.

28 маусым. Сәрсенбі. Зекеңнің түні тыныш. Жуындырып, шашын алғызып, орнын жаңалап жатқыздық. Теледидардан Бибігүл ән салды. «Көзден кетпейтін, көңілден өшпейтін» деген тақырыппен жақсы әндер берді. КешеРоза Бағланова, бүгін — Бибігүл. Зекең көзіне жас алды. Тамылжытып, халық әндерін салып «Гауһартаспен» аяқтады. Түс кезінде Ажар, Раушан шырын сығатын комбаин әкелді. Сөйтіп, жанашырлық танытты.

1 шілде. Сенбі. Аман-сау бұл айға да жеттік. Не жақсылық болар екен?! Зекеңнің тек екі аяғы, басқа жері ауырмайды.

2 шілде. Жексенбі. Бақыт шаруасымен үйіне кетті. Маған көмекші Сардар. «Лит.газетаны» оқысам, тағы да Шолохов туралы тартыс. Бұл тірі адамдар өліні де тыныш жатқызбайды екен. Серік қымыз, кілегей, банан әкеліп кетті.

3 шілде. Дүйсенбі. Зекеңнің түні тыныш өтті. Осы күндерде «Жас қазақ» газетіне композитор Илья Жақановтың Атырау туралы көлемді, лирикалық эссесі шықты. Онда Зекеңе де қатысты жерлері бар.

4 шілде. Сейсенбі. Сағат бестің кезі, ойда-жоқта Имаш кіріп келді. Дереу Зекеңе кіргіздім. Отыз минуттай сөйлесті. Кімдер келетіндігін сұрады. Мен Әбе, Мұхтар Құл Мұхаммед, Бақытжан мен университет адамдарын атадым да, бірақ Фаризаның келмек түгілі хабарласпағандығын, бұл қызға бәрібір екендігін айтып, назымды білдірдім. Ол да қосылды. Қырық шақты өнер адамдарын демалуға жинап, тегін жолдама бергенін айтты. Одан кейін 5 шілдеде Астанаға жүретінін, Елбасына Зекеңнің сәлемін айтатынын айтқанда, Зекең қостады. Мен тұрып: «Ол кісіге мың да бір рахмет, мына жатысымызда осы үй болмаса, не істер едік?!», — дедім. Айтпақ болды. Содан әңгіме Алматыға ойысты. Сөз ретінде қаланың тыныс-тіршілігі, тіпті ондағы балалы болып жатқан әйелдер, солардың он жетісі сәбилерін «Иманғали» деп атағандығы әңгімеленді. «Бірақ олардың аналары Ділдә Матайқызы емес қой», — дедім. Жымиып, әдемі күлді. Содан тірілей жер таңдау мәселесі әңгіме болды (Әбе ғой баяғы). Имаштың нағашы атасы Матай да солай істеген екен, еш ерсілігі жоқ болды.

Кешке дәрігер Гүлжан Жақыповна, невролог Дина келіп, аяғына кетонол, долгит кремдерін жағуды ұсынды. Бұл күндері Қызылордадан Бағдат, Салтанат, Бауыржан, Айгүл келді. Одан кейін Әбе мен Мереке келді. Зекең қатты шаршады. Осының бәрін көтерді, қазір ұйқыда.

5 шілде. Сәрсенбі. Саматбек (Бөкебай) келді артынып-тартынып. Сүт, айранымен қоса екі банка уылдырық жеткізді. Зекең сүйсініп жеді. Өте дәмді екен. Күндіз Зекеңнің қасында жалғыз болдым. Қасынан шығарғысы келмейді, оған уақыт көнбейді. Жуу, үтіктеу, тамақ даярлау.

6 шілде. Бейсенбі. Тағы да Зекең екеуіміз. Кешкі уақытта Сәрсенбай (Жылойдың әкімі), Қаршыға келіп, біраз әңгімелесті. Зекеңнің түріне риза болды. Бұдан бұрын қайтыс болған Мұңал жолдасына Зекеңнің жазған хаттарын (аудандық газетке шыққан) көрсетті. Әртүрлі қысыр әңгімелер айтылды.

«Жастай есейіп кетті ғой Нұрлан»

7 шілде. Жұма. Зекеңді екі жағына аудару, сегіз көзін майлау (долгитпен), тазарту, сусынын беру (қымыз, су, сыра, көже т.б.) үш мезгіл тамақ дайындау, оны беру екі күндей өзіме қарап қалды. Бақыт шаруасымен кеткен. Қалжырап шаршадым, бірақ Зекеңе білдірмедім. Зекең сусын сұрайды. Мен бәрін айтып әдейі сыраны қоспаймын. «Зеке, осы сусындардың қайсысын ішесің?», — десем, Зекең жәй жымиып: «сыра» дейді. Қайран Зекең. Сол түрін көз алдыма елестетсем, жүрегім қан жылайды. Қазір де сол.

Бір ретте Нұрланды (Оразалин) әңгімеледік. Біздер 18 палатада жатқанда бір рет келген. Конверттің сыртында әдемі қолы (подпись) бар, тастауға қимадық. Зекең ризалықпен күлді. Баяғы «Жастық шақтың өтіп барам тұсынан» деген өлеңін еске түсірсем, Зекең «Жастай есейіп кетті ғой Нұрлан» деді.

8 шілде. Сенбі. Зекеңнің көңіл-күйі көтеріңкі. Саматбек Атыраудан келіп, бір қорап дәрі әкелді. Серік екі айлық зейнетақымды беріп жіберіпті.

10 шілде. Дүйсенбі. Зекеңнің көңілі жақсы, ертеңгілік асын тәбетпен ішті. Қазір ұйқыда. Әбе хабарласты. Бұл күні Сейіт Қасқабасов хабарласып, Зекеңмен сөйлестірдім. Тамара екеуіне телефон арқылы болса да көңіл айттым. Одан Гүлбараш хабарласып, біраз кеңес берді. Көрген түсін айтып, көңілімді көтеріп тастады. Кешкі жетіде Зекеңнің қан қысымы көтеріліп, «желкем ауырады» деді. Жалма-жан престариум беріп едім, басылды.


13 шілде. Бейсенбі (Соңғы реанимация). Күндіз қан қысымы көтеріліп, 180/80-ге жетті. Дәрігер Гүлзада Кекілбаевнаны шақырдым. Зекең басын сол жағына бұра береді. Дәрігер келіп, укол салды. Содан-ақ қорыл басталды. Көзі ашық, бірақ реакция жоқ. Олар да қорқып, бригада шақырды. Сонымен реанимацияның екінші палатасына түстік. Дәрігерлер Валерий Санжарович, Ахат Әминович бар екен. «Бәрі бір құдайдың қолында ғой», — дейді. Түсте палатаға кірсем, менен қымыз сұрады. Біраз ішті. Кешкі жеті жарымға дейін қасында отырдым. Көзі жайнап, сөйлеп жатыр. Айтатыны, «Мама кетпе, осында бол», — дейді. Медбике қыз Аида оған күледі.

14 шілде. Жұма. Таңғы төрт жарымда оянып кеттім. Сағат он кезінде реанимацияға барсам, Зекең сөйлемейді. Томография жасаған, өзгеріс көрінбепті. Ол да жақсы. Енді сегізінші палатаға шығардық. Бұл реанимацияның біз жатпаған палатасы қалмады. Арай екеуміз кешкі бесте тамақ апардық. Жақсы ішті. Жиырма бірінші палатада жатқан (екінші терапия) Әбені шақырдым, көзімен көрсін деп. Ол келіп Зекеңнің тамақ ішкеніне, түріне риза болды. Арай атасының сақалын алды.

15 шілде. Сенбі. Таңғы төртте тағы ояндым. Содан ұйқы жоқ. Ойдан ой. Тамаққа тәбеті кешегідей емес. Катетр қойған. Соған үйрене алмай жатыр. Әбе келіп, енді үйге шығатынын айтты. Мені оңашалап «Кешегіден қалай?», — деп сұрайды. Мен ұнатпадым. Қамбар дәрігер келіп: «Кешегіден жақсы», — деді.

16 шілде. Жексенбі. Түнгі үште оянып кеттім. Көз алдымда — Зекең. Кеше катетрді ауырсынып жатыр еді, не болды екен? Сегізінші палатаға кірсем, Зекем жөнді тамақ ішпепті, сөйлемейді. Тек «Мама», —дей береді. Бұрынғыдай «Аяғым» деп те айтпайды. Сұлық жатыр. Әбе, Смағұл хабарласты. Смағұлдың: «Зекең кісі танымайды дейді ғой», — деген сөзіне тіксініп қалдым.

17 шілде. Дүйсенбі. Дәрігерлер не айтар екен? Емі аяқталса, үйге алам ба деп ойлаймын. Тоғызда бардым. Ахат Әминовичпен бірге сегізінші палатаға кірсем, Зекем ұйқылы-ояу жатыр. Сақалы алынған, тап таза. Тамақ бердім. Екі-үш қасық ботқа, нан мен икра, жарты стақан шай ішті. Система қойылды. Қан қысымы — 120/80, қанты — 6. Массажистка қыз Жадыраны таныды. Түс кезінде Әзағаң (Нұршайықов) барып кетіпті. Түс қайта барғанда аздап тамақ ішті. Сусыны — қымыз. Розаның қымызы. Дәріні құйып жатыр.

18 шілде. Сейсенбі. Түні тыныш өтіпті. Тоғызда барсам, жуындырып жатыр екен. Қыздардың күтім жасауы жақсы.

19-20 шілде. Қатты ауырып, Зекеңе бара алмадым. Барған балалардан мені сұрап жатыпты.

21 шілде. Жұма. 1999 жылдың күнделігін оқып отырсам, сонда да Зекеңнің денсаулығы сыр берген екен. Өткен күндерді елестетіп отырмын. Тұтас бір өмір. Қант диабетімен ауырғанына жиырма жыл болыпты (1986 жылдан бастап).

23 шілде. Жексенбі. Қызуым — 37 градус. Сонда да Зекеңе бардым, көрмегелі үш-төрт күн. Әлі тамаққа тәбеті жоқ. Атырау университетінің ректоры Асхат Сәлімұлы судак жіберген.Соны пісіріп апардым, дәмді-ақ, бірақ жемеді.

24 шілде. Дүйсенбі. Зекеңді сағат он екіде екінші терапиядағы жиырмасыншы палатаға шығарды. Оған дейін бас дәрігер Бекмаханға, Гүлзада Рахмановаға кіріп шықтым. Екеуі де ілтипатпен қарсы алып жатыр.

Палатаға шыққанменен Зекең аузына нәр алмады. Лоқсиды, тіпті бір-екі рет құсты да. Аузында ірметілген ақ көбік. Түніміз әр қалай. Әлсін-әлсін оянып, жөтел қысады. Мен ұшып тұрамын, мұндай жеңіл болармын ба? Система қойды. Кавинтон.

25 шілде. Сейсенбі. Таңғы сағат жеті. Балконнан аз-маз салқындық соғып тұр. Зекең ұйқыда. Бүк түсіп жатқанда бір шөкім боп қалады. Бірақ етінен арыған жоқ. Тамақ ішпейді. Шөл – су да су. Кенет ой келді, үйге алып кетсем деген. Ойымды дәрігер София Қорқытовна да қостады. Сонымен сағат үшке «Жедел жәрдем» шақыртып, Сардар, Арай, Гүлбарам, Бақыт бәріміз дачаға келіп, Зекеңді жатқыздық. Үйдің аты үй ғой. Ауа да керім, жанға жайлы. Тек Зекеңнің жағдайы төмендеп тұр. Тамақ ішпейді, ұйқысы тыныш.

Айнала жым-жырт... Бәрі де демін ішіне тартып отыр.

26 шілде. Сәрсенбі. Дәрігер Гүлзада Кекілбаевна келіп қарады. Қан қысымы150/80. Тағы дәрі жазып кетті. Аздап қымыз ішті, шайдан ұрттады. Түні тыныш.

27 шілде. Бейсенбі. Ерте оянды. Өте баяу. Байқадым, екі қолының басында ісік бар. Сағат сегізде шай бердім. Аузына қасықпен икра салдым, оны дәмін алып, сүйсініп жеді. Жарты стақан шай ішті. Қаршыға хабарласып, емші туралы айтты және оны Зекеңе әкелетінін айтып жатыр. Рахмет. Ахат Әминович келіп, Зекеңді қарап, жағдайы төмендемегеніне риза болды. Біз де қуандық. Әркімнің қас-қабағын, сөзін бағатын болып қалды.

28 шілде. Жұма. Кеше кешкісін мазасызданды. Көбінесе аяғы шыдатпайды. Қашан көзі ұйқыға кеткенше сыйпап отыру керек. Ондай жағдайда екі алақаның от жаққандай ысып кетеді екен. Оны да Зекең жақтырмайды. Еш жақтан хабар жоқ. Біз бұл дүниеде болмағандай... Гүлбарам келіп көмектесті.

29 шілде. Сенбі. Зекем ұйқыда, әлі тамағын ішкен жоқ. Гүлбарамды төсек жабдықтарын алуға жібердім. Бұрынғылары ыдырап, тозды. Әлде қандай заман болады деген де ой бар... Сұлық жатыр Зекем. Тамақ ішуі мардымсыз, сөйлемейді. Қаншаға созылады? Айнала жым-жырт. Тек Смағұл ғана хабарласты. Бәрі де демін ішіне тартып, тыныш отырған сияқты.

30 шілде. Жексенбі. Сұйық қымыз бен су ғана ішті. Онша жүдеген жоқ. Қоренді адам ғой.

31 шілде. Дүйсенбі. Дәрігер Гүлзада Кекілбаевна қарады. «Қолдан келгеннің бәрін жасадық, қымбат дәрілер жібердік. Организм біраз күресті», — деді. Дұрыс қой. Қиыны, тамақ ішпейді. Тек көз жанарын демеу қыламын.

1 тамыз. Сейсенбі. Шілде айы біздің әулетті қатты сынға алды. Бұл ай бізге не берер?!

2 тамыз. Сәрсенбі. Кеше Серік Арынның баласы мен әйелі Гүлфараны Ақсайға алып барып, операцияға жатқызды. Керегін алып беріп, ақысын да төледі.

Зекеңнің түні тыныш. Бірақ әл жоқ. Бұрынғыдай «Мама» деп те айтпайды. Тамақ ішпейді, тек қымыз, су ғана. Түс кезінде құлазып отыр едім, Әбе, Мереке, Мырзан келіп, көңілім біраз босады. «Қала әкімі демалысқа кетеді» деді. Менің ойымда... Өткенде Имаш «Не тапсырыс бар?», — дегенде ешнәрсе айтпадым, бірақ тіл ұшында тұрған сөз мынау еді. «О дүниеде де бізге жайлы орын керек», — деп айтқым келген. Айта алмадым ғой. Соны мына адамдарға айтып қалдым, бірақ өзім қатты қиналдым. Олар кетті, не ойлады екен?

3 тамыз. Бұл түн мазасыз болды. Зекең қайта-қайта оянып, аяғын ауырсынып жатты. Көп жүдеген, әсіресе аяқ жағы жіңішкеріп бара жатыр. Беті де суалып, қабарып қалған. Жөнді тамақ ішпегеніне он күннен асты. Не істейін, жаным қыдырып отыр.

Көз алдымда қардай еріп бара жатыр

4 тамыз. Жұма. Бақыт екеуіміз оянғалы қашан. Қазір таңғы бес. Зекеңді қозғап, төсегін жаңартып, аяғын уқалап жатқыздық. Екі-үш рет «Шөлдедім» деген сөзді әрең айтады. Су, сыра (нулевка) ішті. Көз алдымда қардай еріп бара жатыр. Құдайым-ай, бәрін көріп отырмын, бірақ дәрмен жоқ, не істейін?

5 тамыз. Сенбі. Күні бойы Зекеңнің қасынан қыл елі шықпадық. Бақыт екеуміз жудық, майладық, құрғаттық. Қызарған жерлерін (белін) қыздырдық.

6 тамыз. Жексенбі. Зекең таңғы жетіде оянып, дыбыстап шақырды. Қасына барып, бетін салқын сулы орамалмен сүрттім. Сыра сұрады, бердім, жақсы ішті. «Зекем-ау, көзің жайнап сен жатқалы екі жылдай болды», — дедім. Оған таңданған жоқ. Тағы ұйықтап кетті. Жүдегені болмаса, еш жерін ауырсынған жоқ. Бұл күні де тамақ ішпеді. Тек бір түйір сосиска, су, шай ғана. Әбе звондап, қыз ұзату тойында болып, шаршағанын айтты, өмір-ай.

7 тамыз. Түнімен қайта-қайта оянып, сусын сұрады. Қозғап, құрғаттық. Менің қаупім күшейе түсті. Өңі сондай жүдеу, тек көзі ғана, жанары жайнап жатыр. Не айтуға білмейсің. «Зекем-ау», — дей берем. Денесі де сылынып бара жатыр. «Мама», — деген сөзіне де зар болдым. Не істейін?! Сөйлеуге әлі жоқ, «Шөлдедім» деген сөзді бөліп-бөліп, әрең айтады. Қайран Зекем, жалындап, жанып сөйлейтін Зекем, енді міне... Хирург келіп қарап, «Қызарған жерлерін рефлектормен қыздыру керек»,— деді. Ақмарал бәрін тауып келді. Ақсайдан Арынның баласын мамасымен алып келді. Жап-жас болып, бәріне үлгереді.

8 тамыз. Сейсенбі. Зекең ерте оянды. «Пить» деп сұрады. Таңғы тамағы: бір шай қасық икра, бір қасық қоспа, жарты кесе шай. Бұл күні Гүлбарам қарады Зекеңе. Мен қатып ұйықтап қалыппын. Ұйқы дұшпан деп бекер айтылмаған екен. Өткен күні Сафи аға (Өтебаев) хабарласты. Екі мың төртінші жылы май айында ағаның тоқсан бес жылдық тойына Зекең екеуіміз барғанбыз. Ой дүние-ай, сонда Зекеңнің сөзіне аға қатты риза болып, өмірбаяндық кітабына кіргізіпті. Мен оқып жатырмын. Кітаптың тілі жеңіл, ағаның өмірі өнеге.

9 тамыз. Сәрсенбі. Бұл күн не берер?! Түні тыныш өтті. Кеше Әбе, Мырзан келіп, бас дәрігер Бекмаханмен сөйлесіп, жағдайды айтқан. Қазір әр күн, әр сағат қауіп күтумен өтіп жатыр. Зекең жүдеген, жәудіреп қарайды. Мен сорлы дәрменсіз, тік қарауға да дәтім шыдамайды. Әбе сөйлесіп, жақын жігіттерге хабарлайтынын айтты. Құдай-ай, осы күнді де көретін болдым-ау, не шара... Түс кезінде Әбе, Сәкең (Зиманов), Смағұл, Дәкібай, Сергей (Әзімов), Мұхаметқали, бір топ діндар жігіттер кіріп келді. Сәкең некролог туралы академияға, ҚазГу-ге хабарласатынын айтқанда, маған шаншудай тиді. Азар шыдадым. Дегенмен, осы келістері Зекеңнің жоқтаушысы барлығын танытты.

10 тамыз. Бейсенбі. Таңғы алтыда тұрдық. Қан қысымы, қызуы қалыпты. Ішкен тамағы мардымсыз, екі қасық каша, аздап икра, су. Түні тыныш.

11 тамыз. Жұма. Бақыт жұма намазында. Зекеңнің қасында жалғызбын. Зекең сұйықтан басқаны ішпеді. Дәрігер Мәдина келіп, система қойды. Түс кезінде Мұрат (Жұрынов) пен Еренғайып інілері келіп, кіріп шықты. Кешке қарай шай сұрады, бірақ іше алмады. Зорлықпен жарты қасық икра бердім, оны тамсанып жеді. Түні тыныш, бірақ ықылық пайда болды.

12 тамыз. Сенбі. Таңғы алтыда тұрдық. Су, қымыз бердім, аздап ішті. Жетіде теледидардан Рамазанның (Стамғазиев) концертін беріп жатты. «Дариға дәуренді» айтқанда, даусын қатты шығардым. Зекең де елеңдеп, тыңдап жатты. Не ойлады екен, мен жылап тұрдым. Сегізде жуындырдық. Денесі тап-таза, осынша жыл жатқанда бір сызат түскен жоқ, тектілік қой.

13 тамыз. Жексенбі. Смағұл емші әкелді. Ол үш рет келіп, Зекеңді қарады. «Өкпеге салқын тиген», — дейді. Өзі ашылып сөйлемейді. Айтқан емі де жоқ, айтса да Зекеңде оны көтеретін жағдай да жоқ.

І4 тамыз. Дүйсенбі. Зекең ерте оянды. Шөл де шөл. Аш болғасын да шөлдейтін болар деп ойладым. Бір екі қасық икра, қалғаны сұйықтықтар.

15 тамыз. Сейсенбі. Зекеңнен ықылық кетпей қойды. Түнде жөнді ұйқы да болмады. Сардар «Церукал» деген дәрі әкелді. Сонда да түнімен қатты қиналып шықты. Осы түн бізге ауыр болды. Орын келді Павлодардан. Папасының жағдайын көріп, қатты қиналды. Біраз ақылдастық.

16 тамыз. Сәрсенбі. Жетіде тұрып, жуындырдық. Ықылық азайғандай болды. Бақыт мені демеп қояды. «Папам жазылады, мен дұғаны оқып жүрмін», — деп. Оның үстіне қажылықтан әкелген «Иасин» сүресінің кассетін қойып, тыңдатады. Түсте Тұрсекең (Кәкішев) келді. Зекең өзі әзер жатса да: «Үй-іші аман ба?», — деп сұрайды. Қайран Зекем-ай, дархан көңілің ғой. Кешке қарай біртүрлі көзі ауып, суды түтікпен де соруға шамасы жоқ, әлсірей бастады. Қызуы — 38 градус. Дереу «Жедел жәрдем» шақырдым. Ол келгенде менің қан қысымым екі жүз болды. Келген дәрігерлер Зекеңнен күдер үзетін сөздер айтты. Уколын салып, кетіп қалды.

Түскі сағат 13.15...

17 тамыз. Бейсенбі. Алтыда оянсам, Зекем тыныстап жатыр екен. Дереу жуындырып, төсегін жаңалап, қайта жатқыздық. Ұйқы да ұйқы. Қайран Зекем, басын о дүниеге бұрған сияқты. Суды да іше алмады. Аузына қасықпен тамызып отырмын. Сөйлеуден қалды. Дәрігер Гүлжан Жақыповна укол салып кетті. Қызуы — 37,5.

18 тамыз. Жұма. Зекеңді жуындырып, жарты стақан қымыз бердім. Түсте екі қасық икра және су бердім. Түсте Мереке келіп, көріп кетті. Одан Имаш келді. Зекеңнің қолын ұстап, сөз күтті. Зекең еш нәрсе айта алмады. Өкінішті. Аз әңгімеден кейін Елбасы келетінін айтып, кетіп қалды. Сұңғыла бала бәрін де түсініп отыр.

19 тамыз. Сенбі. Түні тыныш. Таңғы бесте жәй ғана дыбыстады, су бердім.

20 тамыз. Жексенбі. Түні тыныш. Дүйсекең (Салықов, дәрігер) келіп қонды. Ерте тұрып, Зекеңді тазартып, майлап, қыздырдық. Байқағаным, екі қолында ісік бар. Аздап қымыз, су ішті. Қызуы бар.

21 тамыз. Дүйсенбі. Таңғы тазарту. Сусын сұрады. Қызуы 37,4 С. Түнде Санжар келіп, кетіп қалыпты. Мен қатты ренжідім. Осы немере дегенде Зекең жанын беруге бар. Енді бір түн қасында болуға жарамады деп. Оным бекер екен. Санжарым қонып, атасының қасында түнімен отыруға жарады. Түні тыныш болғанмен әлсіз, сусын сұрауға да шамасы жоқ. Үмітім жіңішкерді.

22 тамыз. Түнгі үште тұрып, Зекеңді аударып, қырынан жатқыздық. Таңғы алтыда сусын бердім, іше алмады. Трубканы тістеп алады, қасықпен төгіледі. Енді, марлыны сулап, ерніне тигізіп отырмын. Амалым құрыды. Қызуы 38 градус. Дүйсекең келіп қонды. Зекең түнімен ұйықтаған жоқ. Қолын сермеп, бірдеңе айтқысы келді. Таңғы бесте Зекең шөлдеген соң, су бердім, іше алмады. Сонда да қасықпен тісінің арасынан сыздықтатып берген болдым.

23 тамыз. Сәрсенбі. Таңертең жетіде жуындырып, киімін жаңалап жатқыздық. Оң көзіне сары дақ пайда болыпты. Окулисті шақырып қойдым. Гүлжан Жақыповна келіп қарап, үнсіз кетті. Жағдайдың қиындығын айтпай-ақ түсіндік.

24 тамыз. Бейсенбі. Санжар бұл түні атасының қасында болды. Мен таңғы бестен отырдым. Тіл қатпады, бірақ бәрін біліп жатыр. Әл жоқ. Аузыма су тамыздым, әрең жұтты. Таудай болған қайран Зекем, қайтейін?! «Жедел жәрдем» келіп, «крайне тяжелый» деп кетті. Менде қан қысымы 180 болды. Аузыма изокет салдым. Қиын жағдайда Ажар келіп қасымда отырды. Гүлбарам, Дүйсекең, Райгүл келіп қонды. Зекем тамақтан, сөзден қалғалы қашан!..

25 тамыз. Жұма. Таңертеңгі қызуы — 38,5 градус. Оң көзі іріңдеп, дәрі тамызып жатырмыз. Өзі ауырғанын сезетін халде емес. Сусын да сұраған жоқ. Сұлық. Қайран Зекем, түскі сағат бірден он бес минут кеткенде үзіліп кете барды... Көзін кең етіп бір ашты да, қайта жұмды. Бітті... Басы қасында үшеуіміз, кішкене шөбересімен төрт адам болдық.

27 тамыз. Кешкі бесте үйіне қондырып, соңғы қонақасын бердік. Аяулы ағасына республика басшылары, шәкірттері, жолдастары келді. Имаштың орны ерекше, бәрін ұйымдастырған сол жігіт. Ғұмырлы бол, қарағым!

28 тамыз. Зекеңмен қоштасу күні. Қала жұртшылығы театрға жиналды. Қаралы жиынға қырғыз достары да келіп жетті. Атыраудан делегация келді. Осы күні Зекеңнің жамбасы қара жерге тиді. Өзі айтқандай, Баукеңнің оң жағынан орын алды.

3826 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы