• Қоғам
  • 10 Сәуір, 2014

Ұлттық арнаның көрермендері – біздің досымыз

Қазақстанның телеарналарында қазақша еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді. Мая Веронская, Ирина Ким, Оксана Лоскутова, Оксана Питерс сынды журналистер қазақ тілін шебер меңгеріп, көгілдір экранның сәніне айналып, елді қуантуда. Біз солардың ізімен жүріп келе жатқан, бүгінде қазақтілді көрермендердің көзайымына айналған «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Таңшолпан» ақпараттық-сазды бағдарламасының жүргізушісі Ирина Тенмен аз-кем сұхбаттасқан едік. – Ирина, «Таңшолпан» шы­ғармашылық ұжымына бейім­делу қиынға соқпады ма? – «Таңшолпан» ұжымына келгенде, шынымды айтсам, көңілділер мен тапқырлар клубына кіріп кеткендей әсер алдым. Ұжым қызметкерлері шетінен тапқыр, қазақы қалжыңмен орағытып әкеткенде бір күніңнің қалай өтіп кеткенін сезбей де қаласың. Ал мәселе жұмыс жағына ауысқанда, әрқайсысы өз істеріне жетік, қандай тақырыпқа салсаң да қамшы салдырмайтын қыз-жігіттер. Бірін аға, бірін әпке тұтып, таңғы бағдарламаның қиындығынан қызығы басым, қуанышы көп екендігіне тәнті болдым. – Қазақ тілін жетік меңгеруіңе кімдер ықпал етті? – Менің туған жерім – Қызылорда облысының Арал өңірі. Қазақ халқының салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін құтты аймақта өскенімді мақтан тұтамын. Өзімді қоршаған жора-жолдас, ұстаздарымның арқасында қазақ тілін жетік меңгердім. Әйтсе де, білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз деген сөздің жаны бар екен. Білгенімнен білмегенім көп. Әріптестерім дайындаған небір танымдық сюжеттер арқылы сөздік қорымды байытуға, білім көкжиегімді кеңейтуге мол мүмкіндік алдым. – «Таңшолпанның» тұрақты, ең белсенді көрермендерімен тіке­лей араласқан кездерің болды ма? – «Таңшолпан» көрер­мен­дермен байланысты нығайту үшін көптеген байқаулар ұйымдастырады. Бұдан бөлек күн сайын таңғы эфир арқылы танымдық сауалдар жолдаймыз. Хабарымызға атсалысып, белсенді түрде хабарласатындарға сый-сияпатымыз да әрқашан ­дайын. Көпшіліктің «Таңшолпанға» тұрақты хабарласатындығын ескеріп, «Таңшолпанның» 20 жылдық мерейтойында үздіктерді марапаттаған болатынбыз. Сол кезде Атыраудан тағдыр тауқіметіне мойымаған Дүйсенәлі аға, ал Мойынқұмнан Бекмұрат мырза, Алматыдан Серғазы замандасымыз келді. Ұлттық арнаны тамашалаушылар – біздің досымыз деп білемін. Алда да талай қызықты кездесулер күтіп тұр деген сенімдемін. Біз көрермендер үшін қызмет етеміз, олардың көңілінен шығуға тырысамыз. Сұхбаттасхан Қайсар ИБРАГИМ

4293 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы