• Руханият
  • 10 Сәуір, 2014

Аялдама атаулары қазақша хабарланбақ...

Қалалардағы жолаушылар тасымалдайтын көліктердің сапасы, олардың қызмет көрсету мә­дениеті туралы көптен бері айтылып келеді. Мәселен, Қызылорда қа­ласындағы жолаушы тасымалдау көліктерінің тозығы жетіп ескіргені осы тақырыпқа бірнеше рет қалам тартуымызға түрткі болған еді. Салондардың тарлығы, сы­йымдылығының жолаушылар санына сай болмауы көптеген ыңғай­сыздықтар келтіретін. Осының бә­рін ойлап, шіркін, қаламыздағы ав­тобустардың ахуалы қашан бір ретке келер екен деп жүруші едік. Жақында арманымыз орында­лып, қуанышты сәтке де куә болдық. Ұлыстың ұлы күніне орай, қала­дағы «Тағзым» алаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев газбен жүретін экологиялық таза, сыйым­дылығы үлкен су жаңа 20 автобустың тұсаукесер рәсімін өткізді. Облыс әкімі тұсаукесер шарасында сөйлеген сөзінде: «Қазақ тілі Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады» деп Елбасымыз айтқандай, біздің өңірімізде мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі үшін күресіп жүрген «Қазақ тілі» қоғамының облыстағы төрағасы Сәдуақас Аңсат ағамыздың еңбегі зор» деп лайықты баға берді. Облыс басшысы бұл автобустарда әр аялдамалар қазақша хабарланып тұруы үшін арнайы құрылғылар орнатылғанын және автобус паркінің қызметкерлері қала тұрғындарына қазақ тілінде қызмет көрсететінін жеткізді. Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев өзінің құттықтау сөзінде былтыр облыстық бюджет­тен 500 млн. теңге бөлініп, 20 автобус алынғанын хабарлады. Автобустардың тұрағына арналған арнайы парк салуға қаладан 5 гектар жер, 1,5 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланғанын атап өтті. Мұндай экологиялық таза автобустар биыл тағы да 100 автобуспен толығатынын айтты. Бір айта кетерлігі, қала ішінде қатынайтын автобустардың қызметінде «Қазақ тілі» қоғамының айтқан ұсыныс-пікірлері ескерілген екен. Ол автобус аялдамала­ры­ның атауы қазақша хабарланып, кон­дукторлардың қызметі мемле­кеттік тілде болады. Сонымен қатар жолаушылар «Қазақ радиосы», «Шалқар» радиоларын тыңдай алады. Кондуктор ретінде жұ­мысқа қабылданған Айдана ­Махам­бетәлиева жолаушыларға қазақ тілін­де қызмет көрсетуге әзір екенін айтты. «Қызметке тұрарда мен кондуктор орындауы тиіс талаптармен толық таныстым. Сол себепті мемлекеттік тілді жетік білуім ешқандай қиындық келтірмейді деп ойлаймын» деді ол. Қала автобустарындағы қазақ тілінің мәселесіне жанашырлық білдіріп жүретін көлік жүргізуші Асқар Ниязов болса, жаңа автобус­тардың келуімен қазақ тілінің дәрежесі көтерілетініне сенімді екенін айтты. «Өйткені, – дейді ол, – бұрынғы автобустар ескі болған­дық­тан, онда аялдамаларды қазақ тілінде хабарлайтын құрылғыны орнатудың өзі мүмкін емес еді. Ал мына автобустар өте ыңғайлы жасалған. Жолаушыларға қазақ тілінде қызмет көрсету аясы кеңейе түспек» деді. Иә, мемлекеттік тілдің дамуы қоғамның барлық саласына қатысты. Қала халқы қызметін жиі әрі күнделікті пайдаланатын автобустарда қазақша әндер орындалып, әрбір аялдаманың атауы қазақ тілінде хабарланып тұрса, кондукторлар да өз тарапынан атсалысып отырса, тіліміздің тұғыры нығайып, биіктей беретіні сөзсіз ғой. Ал осындай мәселелерді дер кезінде көтеріп, қоғамға ой салып, туындаған мәселелер жөнінде атқарушы билік өкілдерін құлаққағыс етіп келе жатқан Сәдуақас Аңсат мырза төрағалық ететін облыстық «Қазақ тілі» қоғамының қызметі де нәтижелі істерімен көрініп келеді. Жанар ТҰРДЫБЕКҚЫЗЫ, Қызылорда

3677 рет

көрсетілді

2

пікір
Алдыңғы мақала Көкшенің бөденесі
Келесі мақала ПАРАСАТТЫ ҰЛТ ҰСТАНЫМЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Сезім

13 Тамыз, 2020

Жақсы бастама. Құптауға тұрарлық. Қызылорда қаласының әкімдігіне, әкім мырзаға алғысымды білдіремін. Мен Алматы қаласында тұрамын. Қоғамдық көліктірдің сапасы да, жүргізушілер мен кондукторлардың қызмет көрсету деңгейі де сын көтермейді. Мемлекеттік тілде сөйлемек түгілі, ауыздарына келгендерін айтып, орысша әндерді айқайлатып қояды. Сондықтан автобус парктерінің басшылығы жұмысқа орналасуға келген әрбір азаматқа мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етсе, жақсы болар еді.

Қуаныш

13 Тамыз, 2020

"Ана тілі" ұлт газетіне шын жүрегімнен ризашылығым мен алғысымды білдіремін. Басылым беттерінен әр нөмір сайын тіл мәртебесін биіктетуге бағытталған мақалаларды оқып, қуанамын. Қазақ бола тұра, қоғамдық көліктерде аялдамаларды орысша айтып, жүргізушілерді тоқтатуға мәжбүрміз. Себебі олар қазақ тілін менсінбей, қазақ көшелерінің атауын білмегенсіп тұрады.

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор