• Қоғам
  • 10 Сәуір, 2014

Сулы жер – нулы жер

Бүгінгі таңда су жайы ғаламдық мәселеге айналуда. Ғалымдардың анықтауынша, дүниежүзінде тек өткен XX ғасырда халық саны 4 есе өссе, пайдаланылған су мөлшері 15 есе артып, 400 текше шақырымнан 6000 текше шақырымға жеткен. Осыған орай көптеген елдер­де тұщы су тапшылығы үл­кен проблемаға айналуда. ЮНЕСКО-ның кейінгі кездегі бол­жа­мы бойынша, 2030 жылға дейін әлем халықтарының жарты­сына жуығы тұщы су тапшылығына ұшы­рай­тын көрінеді. Қазірдің өзінде 900 миллион адам ауызсуға зәру болып отыр. Еліміздің мамандары 2030 жылға қарай халықаралық кикіл­жіңдер осы мәселе төңірегінде болмақ дейді. Еліміз суға тапшы мемлекеттер­дің бірі. Тіпті алдағы жылдарда шекараралық су көздеріне деген мұқтаждық арта түседі деген болжам бар. Осы ретте біз Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы Қазақ филиалының директоры, Қазақстан су серіктестігінің төрағасы, Қазақ КСР-ы кезіндегі мелиорация және су шаруашылығы министрі болған, профессор ­Нариман ҚЫПШАҚБАЙҰЛЫМЕН  сұхбаттасуды жөн көрдік. Мемлекетаралық саясат қажет – Қазақстанның 60-70 пайызы шөлейтті жерлер екені белгілі. Ертіс – шығыста, Жайық – батыста, Іле мен Сырдария – оңтүстікте. Ал еліміздің қақ ортасы суға зәру. Су тапшылығының алдын алу, оны болдырмаудың жолдары бар ма? – Қазақстанда су жоқ деп айтуға болмайды. Біздегі су көздері Қазақстанның шығысында, оңтүстігінде, біразы батысында. Ал Орталық Қазақстанда ондай су көздері жоқ болғандықтан, су көздерінің тапшылығы сезіледі. Қазіргі көршілеріміз Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдері қарқынды дамып келеді. Оларға да су керек. Бұны айтып отырғаным, еліміздегі негізгі су көздері Ертіс, Сырдария, Іле, Жайық, Шу, Талас өзендері – мемлекетаралық өзендер. Халықаралық судың Заңы бойынша, әр мемлекет өзінің аумағынан өтетін су көздерінен өз үлесін алуға тиісті. Осы жағдайдағы Қазақстанның негізгі міндеті – сол мемлекетаралық өзендерден Қазақстанға тиісті үлесін алу. Табиғат ресурстарының негізі – су. Ал қазіргі ұрпақ, әсіресе, билік басындағылар су ресурсын ұмытты десек, жаңсақ айтқандық болмас. Оларды мұнай мен алтын қызықтыратыны жасырын емес. Қазақстанның аумағы үлкен болғанымен, су қорлары біркелкі тарамаған. Міне, содан су тапшылығы бар. Ал шекаралас мемлекеттер ешқашан өз үлестерін бермейді. Қазіргі жағдайға қарап отырсақ, ол мемлекеттер, тіпті біздің де үлесімізге ортақтасуға да кірісіп кеткен сияқты. Орталық Қазақстанда бір өзеннен екінші өзенге су жіберіп отырмыз. Мысалы, Ертістен Қарағандыға, Астанаға, Екібастұзға және тағы басқа қалаларға су беріледі. Ертістің Ресейдегі аума­ғындағы біраз қалаларында су тапшылығы байқалады. Міне, сол себепті біз Ертістің біраз суын Ресейге беріп, өзіміз Еділдің суын Батыс Қазақстанға тартуымыз керек. Су жетіспей жатқан аудандарға су апару керек. Бұл ретте, білімді су мамандарын даярлау басты маңызды мәселе болып табылады. Мен – су маманымын. Бұдан басқа ешқандай салада жұмыс істемедім. Сондықтан еліміздегі су төңірегіндегі мәселелерге араласып тұрамын. Сәуірдің 4-і күні Астанада «Қазақстанның су ресурстарының 2015 жылдан кейінгі даму жолдары» деген тақырыпта ашық талқылау өтті. Бұнда 2015 жылдан кейін су ресурстарын дамытудың қандай мүмкіндіктері бар, бізге тиімдісі қайсы, міне, осы мәселелер төңірегінде пікір алмастық. Бірінші кезекте, Орталық Азияның 4 мемлекетінің жерін басып өтетін Сырдарияның суы жетпей жатқанын айтар едім. Екінші кезекте, Есіл өзенінің жағдайы алаңдатады. Астана халқы жылдан-жылға өсіп келеді. Сол себепті Есілдің суы жетпейтіндіктен, суды асығыс Ертістен тартып отыр. Бұл бүгінгі жағдай. Ал ертең не болмақ? Егер Сырдария суының көлемі 37 млрд. текше метр болса, Есіл өзенінің көлемі 2 млрд. текше метр ғана. Міне, осыны бүгіннен ойлау қажет. Келесі кезекте, Қазақстан экономикасының өркендеуіне үлес қосып жатқан Батыс өңірді тілге тиек етеміз. Мұнда негізінен мұнай, газ өндірілетіні белгілі. Бірақ бұл өңірде су тапшы. Міне, осы мәселелерді ортаға салып, болашақта не істейтінімізді ақылдасып, шешуіміз қажет. – Су ресурстарын басқарып отырған бүгінгі министрлікке қатысты қандай ұсыныстарыңыз бар? – Суға ең әуелі мемлекет ішін­дегі тәртіп керек. Су – өмірлік та­қырып. Су тоқтағанда өмір тоқтайды. Сондықтан қазір су ресурстарын дамыту мәселесін алдыңғы кезекке қойған абзал. Суға деген сұраныс сапалы түрде және қажетті мөлшерінде қамтамасыз етілмесе, онда даму үрдісі тоқтайтыны сөзсіз. 15 жылдай Қазақстанда су ресурстарын басқаратын орган болмады. Осының салқыны қазір тиіп жатыр. Сусыз күн көріп отырған ешқандай сала жоқ. Былтырғы жылдың аяғында Елбасы «Экономикалық салаларды жетілдіру» жөнінде Жарлыққа қол қойып, Қоршаған орта және су ресурс­тары министрлігі құрылды. Меніңше, бұл өте құптар­лық болды. Себебі судың өзінің мемле­кетара­­лық сая­саты болады. Енді суға қатысты барлық мәселеге министрлік жауапты. Энергетика министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі... барлығының да суға қатысы бар екенін ескерсек, олардың басын қосып, ортақ бағытта бір сая­сат жүргізілуі керек. Су ресурсы көбеймейтін тұрақты ресурс. Айталық, Алматы қаласында 1 миллионнан астам тұрғын бар. Ал қала халқының саны 2 миллион болғанда суды қайдан аламыз. Міне, осыны жоспарлау қажет. Су – адалдықтың белгісі. Ауызға адамдар тек адал нәрсені ғана апарған. Міне, су саласында қызмет ететіндер осыны түсініп, халықтың мұқтаждығын түсіне білу керек. Бүгін жұрт су ресурсының таусылатынын ойланбайды. Оны бей-берекет пайдалана береді. Судың да сұрауы бар. Біздің халықта Құдайдың қара суы таусылмайды деген қате пікір басым. Негізгі мақсат суды үнемді пайдаланып, әр шығарылатын өнімге кететін су мөлшерін азайту қажет. Мысалы, Алматы қаласында әр адамға бір тәулікте 200 литр су қажет. Сол сияқты 1 тонна күріш, 1 тонна мақта өндіруге қаншама текше метр су кетіп жатыр? Ал неге су үнемділігін ойлап, өнімнің тиімді түрін пайдаланбасқа? Елімізде шойын да, болат та, металл да өндірудеміз. Оның әр тоннасы суды қажет етеді. Айталық, Жапония сынды көлік шығаратын қаншама мемлекеттер бар. Олардың ерекшелігі, өндіруге кететін су мөлшерін мейлінше үнемдеп пайдаланады. Халықаралық заң бойынша, әр адам өзіне тиесілі таза ауызсу ішіп отыру керек. Бұған мемлекет жағдай жасау қажет. Ауызсу қазір қымбат деп айтып жатыр. Меніңше, ол қымбат болуы тиіс. Су – адам өмірі. Судың сапасы төмендесе, адам денсаулығына әсерін тигізеді. Сондықтан ол қадағалану қажет. Негізінен алғанда су мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді. Өйткені су шектеулі. Ал оған деген сұраныс өсе береді. – Бүгінгі күндері елді мекендерді ауыз­сумен қамту әлі күнге дейін шешілмеген мәселе. Бұл туралы не дейсіз? – Ауызсу мәселесіне арнап Үкімет қазір әр облысқа тиісті қаражат бөлген. Біздің ауызсумен бүкіл елді қамтамасыз ететіндей мүмкіндігіміз бар. Ендігі мәселе, жергілікті атқару органдарының сол қаражатты игере білуінде. Бұл Үкімет тарапынан қатаң қадағаланса, ауызсу тапшылығы да орын алмас еді. – «Ақбұлақ» бағдарламасы жөніндегі ойыңызды білсек... –Бұл бағдарлама бүгінде жүзеге асуда. Мәселе, оның сауатты жоспарлануында. Бағдарламаның жүзеге асу қарқыны көңіл көншітпейді. Бұнда да жобалау және құрылыс жұмыстарын жүргізу ойдағыдай болмай отыр. –Суды тұщыту, ластаушы қоспалардан арылту үшін түрлі аэрация әдістері қолданылатыны белгілі. Солардың іс жүзінде енгізілуі қалай? –Аталған су тазалау түрлерінің барлығы бізде бар. Негізі әркім суды өзі тазартқаннан гөрі, айталық, бірнеше ауыл, бірнеше елді мекен бірігіп, су құбырын салып, біріге тазартса ғана нәтиже шығады. Сондықтан болашақта суды тазарту саласында бір жүйелілік қажет. Су тазартудың әртүрлі әдістері бар. Бұны су тазалау стансалары қадағалап отырады. Әр облыс, әр қала, ірі облыс аудандары суды тазарту стансаларымен біріге жұмыс істеу керек. Міне, осыны қадағалайтын ұйым қажет. Бұрын тұрмыстық шаруашылық министрлігі болды. Бұл министрлік қалалардағы су құбырын қадағалап отыратын. Бірінші кезекте, сапасыз су ішіп отырған елді мекендер бар. Міне, осы аймақтарды қадағалау қажет. Тазарту қондырғыларын апарып қана қоймай, онымен жұмыс істей алатын мамандар даярлау керек. Екінші, мүлдем су тапшы аймақтарды сумен қамтамасыз ету қажет. Үшінші, осылардан келіп су құбырларының тиісті дәрежеде жұмыс істеуін қадағалау мәселесі алға шығады. Білікті де білімді маман даярлау – уақыт талабы – Су саласының мамандарын даярлау ісі көңіліңізден шыға ма? – Ең бастысы – заман талабына сай жас мамандар даярлау мәселесі. Мен қазір Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ мен ҚазҰАУ-да дәріс оқимын. Мамандар даярлауда да бірқатар кемшіліктер бар. Мысалы, тең дәрежеде келіссөздер жүргізе алатын халықаралық маман даярлау қажет. Өз саласын білмейтін маман халықаралық келіссөздерге қатысса, бұл ұтылғанымыз екенін түсіну керек. Келесі мәселе – ішкі тәртіп. Басты мәселе – су мамандарының ұсыныс-пікірлерін жинақтап, кейбір түйткілді мәселелерді алдын ала шешіп, барлығымыз ортақ мүддеге қызмет етуді ойлау керекпіз. Тұрақты даму – тұрақты сумен қамтамасыз еткенде болады. Қазіргі мамандар дүниежүзіндегі су ресурстары жағдайында болып жатқан үдерістермен жеткілікті хабардар болу қажет. Қырық жыл бұрын дайындалған дәрістен гөрі, бүгінгі заманның жағдайын ашып, түсіндіре білген әңгіме маңызды. Екіншіден, шала мұғалімнен жақсы маман шықпайды. Тек білімдіден білімді маман шығады. Дүниежүзінде суды үнемдеу, суды есептеу жөнінде қандай технологиялар бар болса, жас маман оны да меңгеріп алуы керек. Жыл сайын су мамандарына бөлінетін грант саны да артып келеді. Бірақ сол мамандар жұмыс таппай қиналады. Мен су министрі болмас бұрын, әуелі бір өзеннің су ресурсын қадағалауды қолға алдық, одан соң бір аудан, екі аудан аумағын, содан облыс өзендерін дегендей. Міне, осыдан кейін жалпы республика көлеміндегі су ресурстары қадағалауымда болды. Қазіргі кадрлар даярлау саясаты мүлдем бөлек. Біріншіден, маман білімді болуы керек. Екіншіден, су саласынан тәжірибесі болғаны абзал. – Сыр бойындағы диқандарға ең қажетті ресурстың бірі – су. Қуаңшылықты болдырмау және суармалы егістікте су қорларын ықпалдасып реттеу бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Суын 4 мемлекет пайдаланып отырған Сырдария өзеніне қатысты мәселені қалай тиімді шешуге болады? – Сырдария өзенінің мәсе­лелерімен айналысқаныма 40 жыл болды. Сырдариядай өзен жержүзінде жоқ десем қателеспеймін. Оның жылдық қоры – 37 млрд. текше метрді құрайды. Бұл суды пайдалану Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан мемлекеттерінің еншісінде. Ал 1975-1990 жылдары Сырдарияның суы осы төрт мемлекеттің мұқтаждығын қамтамасыз ете алмады. Соның салдарынан Сырдариядан Аралға су жетпеді. Өзен бойында 50 миллионға жуық халық, зауыттар мен фабрикалар, суармалы жер бар. Сырдарияның бойындағы суармалы жер көлемі 3,5 млн. гектар. Қазіргі кезде су жетіспеушілігі салдарынан осы төрт мемлекет дренаж, коллектор сынды қайтарымды суды пайдалануда. Сырдарияның бойында салынған су қоймаларының судың 90-95 пайызын реттеп отыруға мүмкіншілігі бар. Су төрт мемлекетке де жетпей жатыр. Төртеуі де дамуда. Әсіресе, Өзбекстан халқының саны өсіп келе жатқанын айта кету керек. Міне, осындай жетіспеушілікті болдырмас үшін, Кеңестер заманы тұсында Сырдарияның бойында салынған гидротехникалық ғимараттар синхронды жүйеде жұмыс істеді. Ал бүгін бұл тәртіп бұзылды. Біріншіден, келісілген тәртіп бойынша әр мемлекет өзіне тиесілі суын алуы керек. Екіншіден, суды басқарып, реттеп отыратын мемлекетаралық ұйым болуы керек. Осыдан 20 жыл бұрын мемлекетаралық ұйым құрылған еді. Ол ұйым бүгінгі күннің талабына сай өз қызметін атқара алмай отыр. Өйткені атқару органдары сушылардың жұмысына өз залалын тигізіп отыр десе болады. Суды басқару жағы кемшін түсіп жатыр. Судың тапшылығының тағы бір себебіне тоқталып өтсем, Қырғызстанда газ бен мұнай жоқ. Ал бізде бар. Бұрынғы Кеңестер тұсында мұнай, газ және көмірді Қазақстан мен Өзбекстаннан Қырғызстанға жеткізетін. Ал Қырғызстан қыс бойы суқоймаларында су жинап, сол суды жазды күндері бізге жіберетін. Ал бүгінгі күні отын энергетикасының барлығы дерлік жекеменшік қолында. Міне, ­содан жазда алқаптарымызға су таппай отырамыз. Тиісті тәртіп осы жерде керек. Сол себепті бізге министрлік жанынан су мәселесіне қатысты кеңес құрылуы қажет. Су мәселесімен айналысып жүрген ғалымдар мен су мамандары жиналып осындай күрделі мәселелерді кеңестің күн тәртібіне шығарулары керек. – Әрбір үш жыл сайын әлемдік су форумы болады. Соңғысы Францияның Марсель қаласында 160 мемлекеттің 25 мыңға жуық су шаруашылығы сарапшыларының қатысуымен өтті. Осы жөнінде не айтар едіңіз? – 22-наурыз –Халықаралық су мерекесі. Бұл форум осы күнге байланысты өтеді. Бұл басқосуда әр мемлекет өзінің күрделі мәселелері мен оны шешу жолдарын ортаға салып, пікір алмасады. Бұл жолы да су тапшылығы, ауызсу тазалығы мәселелері талқыға түсті. Нәтижесінде жержүзінде су мәселесі төңірегінде болып жатқан жайттардан хабардар болып, оларды шешу әдістерімен таныстық. Бұл форумның да айтары көп. Сол сияқты Қазақстанда жылына бір рет сушылар съезі өтуі керек. – Атырау облысында таза ауызсу тапшылығы бар. Айталық, Жайық пен Қиғаш өзендері Ресейден бағыт алады. Сол себепті жергілікті халықтың су мәселесіне келгенде көрші елге тәуелділік байқалатындай... – Біріншіден, Еділ Каспийге жақындаған кезде бір арнадан беске бөлінеді. Соның бір жақ шеткі арнасы Қиғаш деп аталады. Еділден, яғни Қиғаштан біздің алатын су мөлшері Кеңес заманында белгіленген болатын. Ол жерде Саратов, Жәнібек, Азғыр деген каналдар бар. Біз Ресейге тәуелді емеспіз. Заң жүзінде Еділдің төменгі ағысы ортақ. Мақсат – біз өзімізге тиесілі бөлікті ала білуімізде. Бұл жерде білімді мамандар керек. Екінші мәселе ретінде Маңғыстау облысын айтар едім. Оның аумағында өзен жоқ. Жерасты суы тапшы. Қиғаштан Жанаөзенге дейін 1100 шақырым. Сондықтан кезінде тәулігіне 260 мың текше метр су босататын су жеткізетін құбыр жобаланды. Жобаның бірінші кезеңі ғана орындалды. Жоспар бойынша Кеңестер заманында бұл істің жалғасы ретінде екінші, үшінші кезең басталып, тағы 2 құбыр салыну керек еді. Сол 260 мыңның бүгінгі күні 80-90 мың текше метрін алып отырмыз. Бұл жалпы көрсеткіштің үштен бірі ғана, ал қалған бөлігін алу үшін, тағы құбыр тарту қажет. Ал Ақтаудың жағдайына келсек, біз Каспийдің суын тазалап, оны Ақтауға беріп отырмыз. Тәулігіне 30-40 мың текше метр. Маман ретінде айтарым, жержүзінде теңіздің суын тұщытып ауыз су ретінде пайдаланып отырған бірде-бір мемлекет жоқ. Тіпті Араб елдері теңіздің суын тазартып, тек техникалық мақсатта пайдаланады. Сондықтан Қиғаштан келетін табиғи суды ауызсуға пайдалану қажет. – Елімізде әлі күнге дейін пайда­ланылмаған жерасты су қорлары бар екендігі айтылады... – Жерасты су қорлары бізде бар. Қазіргі кезде табылған жерасты су ресурстары жер бетімен байланысты. Жер бетімен байланысы жоқ ғасырлық су қорлары бар. Ондай өте аз. Сондықтан жерасты суы ауызсуға пайдаланылатын нағыз бағалы су. Қазақстанда 100 млрд. текше метр су болса, соның 10-12 млрд. текше метрі жерасты суы есебінен. Біз оның тек 2 млрд. межені ғана пайдаланып отырмыз. Бұл ауызсу үшін өте маңызды. Заңға бағыну керек – Ендігі әңгіме арнасын суға байланыс­ты шығарылған заңдарымыздың орындалу жайына бұрсақ... – Заң қатаң түрде орындалуы тиіс. Тіпті су мәселесінде де заңға бағынуымыз керек. Әр текше метр су есепте болғаны жөн. Барлығы заң жүзінде қадағалануы тиіс. Бүгінгі күні Қазақстанның кейбір заңдары өзіне кесірін тигізіп отыр дер едім. Заң тұрақты дамуымызға кедергі болмауы керек. Негізгі су көздері шет­елден келеді. Егер біз осы тұрғыда қателессек, келешекте сусыз қалуымыз әбден мүмкін. Суға байланысты алғашқы заңның жобасын мен өзім 1993 жылы жаздым. Он жылдан кейін, 2003 жылы бұл заңға тағы да өзгерістер енді. Ендігі айтарым, Заңды заман талабына сай өзгертіп, түзетіп, оны жетілдіріп отыру қажет. Мысалы, Сырдария өзенін төрт мемлекет бөлісіп отыр. Міне, осы мемлекеттердің заңдары бір-біріне қарама-қайшы келмеуі тиіс. Бұл бағытта да жұмыстар атқару керек. Кеңестер Одағы құлаған кезде Орталық Азияда су мәселесіне арналған келіссөзге қатыстым. Мемлекет атынан қол қойдық. Сол тәртіппен бүгін жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ бұл тәртіп ойдағыдай іске асып жатыр дей алмаймын. Тағы да айтарым, сауатты мамандар керек. – Ертіс өзеніне байланысты да түйткілді мәселелер баршылық... –Қытаймен қарым-қатына­сы­мыз жаман емес. Екі ортада 20-30 шақты уақ өзендер бар. Сол өзендерді ортақ пайдалану жөнінен бірлесіп зерттеу жұмыстары жасалынып жатыр. Зерттеу нәтижесі бойынша су ресурсын бөлісу мәселесін келісу керек. Қытайдан бізге қара Ертіс келеді. Оның жылдық қоры 9 млрд. текше метр. Халықаралық стандарт бойынша, Қытай сол мөлшердің жартысына жуығын пайдалануға хақылы. Ал Қазақстан аумағында Ертіс бассейнінде 24 млрд.текше метр су пайда болады. Бұл жағынан қарасақ, Қазақстан тиімді жағдайда. Бұқтырма, Өскемен, Шульба деген үш суқоймамыз бар. Ертіс біздің қолымызда кілттеулі. Ал ең қиын жағдай Іле өзеніне қатысты болып отыр. Бүгін Іледен 12-13 млрд. текше метр су келіп жатыр. Егер ол күрт азайып кетсе, Балқашқа қауіп келеді. Қазақстанда жүз мыңдаған су көздері бар. Бүгінгі мақсат – осыларды зерттеу, қадағалау. Өйткені ол су көздерінің жоғалу қаупін ескеру керек. Бұл ретте, министрлік қаржы бөліп, арнайы коммисия құрып, барлық облыстағы су көздерінің жағдайын анықтау керек. Міне, осыдан әр жылға атқарылатын шаруа белгілі болады. Бүгін олай болмай тұр. –Соңғы кездері су тасқыны жиі орын алуда. Бұның алдын алу және болдырмау жолдары бар ма? –Суқоймаларына байланысты тәртіпті өзгерту керек. Суқоймаларының жұмыс істеу тәртібін Үкімет қадағалауы тиіс. Қазір кейбір кіші суқоймалары жекеменшік иелерінің қолында. Міне, әр қоймадан судың бөлінуі, сырттан келуі мемлекет тарапынан реттелуі қажет. Сондықтан меншіктің қай түрінде болса да, су нысандарының жұмыс істеу кестесін мемлекеттік су мекемесі бекітіп және қадағалап отыруы керек. Өйткені су ресурсы – мемлекеттің ресурсы. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Ақбота ИСЛӘМБЕК

17688 рет

көрсетілді

90

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы