• Ақпарат
  • 10 Сәуір, 2014

«Артиндустрияның» таңғажайыптары

Алматыдағы ҚР Мемлекеттік орталық мұражайында Орталық Азиядағы Халықаралық көркемсурет және дизайнерлік өнер саласындағы ең ірі «Артиндустрия» атты көрме-жәрмеңке болып өтті. Шараны ҚР Мемлекеттік орталық мұражайы мен «Шығармашылық маусым» компаниясы бірлесіп ұйымдастырды.  Көрменің ашылу салтанатында аталмыш мұражайдың орынбасары Бейбітғали Қақабаев «Артиндустрия» көрмесі Орта­лық Азия мемлекеттері бойынша ең ірі жәрмеңке екендігін, жыл сайынғы дәс­түрлі жобаға қатысушылар, шеберлер, шығармашылық адамдар мен ұйымдар көбейіп келе жатқандығын айтты. Белгілі фотограф Таймас Нұртаев «Артиндустрия» жобасының тақырыбы жылдан-жылға кеңейе түсіп келе жатқандығын тілге тиек етті. Ал елімізге танымал фотограф Александр Ерғазин көрменің қарапайым халық үшін тәрбиелік маңызы зор екендігін атап өтті.  Мұражайға кіргенімізде есіктен төрге дейін жабдықталған қолөнер туындылары көзімізге жылы ұшырады. Киізден сырып, оюланып жасалған сырмақ, текемет, тұскиіз секілді төсеніштерге көз тоқтатпау мүмкін емес. Ал қола, жез, қыштан жасалған табақтар бөлек орна­ласыпты. Халық тұрмысында ерте кез­ден пайдаланып келе жатқан ежелгі жиһаздар, яғни сан алуан пішіндегі сандықтар еріксіз көз тартады. Тіпті әр­түрлі сәнді қобдишалар ұлттық нақыш­тағы ою-өрнектермен көмкерілген. Ал ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қа­дір-қасиетін жоймай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, ыңғайлы, берік, сәнділігімен пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері көздің жауын алады. Айыр қалпақтар, бө­ріктер, күртелер, малақайлар, тақия­лар, тымақтар, шапан, шекпен, кам­золдар, байпақ, мәсі, жаулықтар көрмеге келушілердің қызығушылығын тудыра­ры анық. Қазақ халқының дәстүрлі мә­дениетін тануда осындай бұйымдардың маңызы зор. Металдан, сүйектен, тұяқтан, мүйізден жасалған қасықтар, шақшалар, шүмектерге бейжай қарай алмадық. «Артиндустрияның» таңғажайыптары – Өзім Өзбекстанның Бұхара қала­сынан келдім. Жиырма жылдан бері әр­түрлі бұйым жасаумен айналысып ке­лемін. Мамандығым суретші. Көптеген ортаазиялық көрме-жәрмеңкелерге қаты­сып келемін. Диплом, сертификаттарым бар, – деді суретші-шебер Гауһар Сайдова. Көрмеге қойылған қолөнер жұмыс­тары жоғары сапасымен, өзіндік орындалу ше­берлігімен және төлтумалығымен ерек­ше­ленді. Өнер көрмесінде Қазақстан қол­өнер шеберлерімен қатар Ресей, Сер­бия және Орта Азия елдерінің қол­өнер саласындағы 300-ден астам шы­ғар­машылық иелерінің туындыла­ры қойылған. Сәндік-қолданба­лы өнер­дің әртүрлі жанрлары қамтылған. Мә­селен, көрмеге суретші-қуыршақ жа­саушылардың интерьерлік және коллек­циялық қуыршақтары, плас­тиктен, киіз­­ден, әйнектен әзірленген авторлық жұ­мыстар, бейнелеу өнерінің туындылары, графика, кескіндеме, сурет, мүсін, сән­дік өрнектер және т.б. бұйымдар ке­лу­ші­лерді өзіне баурады. Сонымен қатар ша­рада қазақстандық және ресейлік су­рет­­шілердің, шығармашылық пен қол­өнерге қажетті материалдар, құралдар шығаратын фирмалардың оқу форумдары, тұсаукесерлері, шеберлік сабақтары жұмыс істеді. «Артиндустрия» көрмесінің ерекшелігі мұнда қазіргі заманға лайықталған қол­өнер тундыларын көруге, оларды жа­сап, үйренуге, сатып алуға да бола­ды екен. Қазіргі таңда адамдардың жо­ғар­ғы талғамына сай әсем заттардың бар­лығын, аксесуарлар, интерьерге қажетті заттар,әшекей бұйымдарды осындай көрмелерден кездестіруге болады. Бү­гін­де көптеген талғамы жоғары заман­дастарымыз үйлерін арнайы ди­зайнер­дің көмегімен жабдықтауды әдетке айнал­дырған. Демек, артиндустрия артта қалмақ емес. «Артиндустрия» көрмесі аясында шеберлік сағаттары, концерт, әртүрлі ұтыс ойындары өткізілді. Нұрлан ҚҰМАР

5536 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы