• Руханият
  • 10 Сәуір, 2014

ПАРАСАТТЫ ҰЛТ ҰСТАНЫМЫ

Бүгінгі таңдағы әлемдік өркениет көшіне ілесу тек қана экономикалық өрлеу талаптарымен шектелмек емес, ол өз кезегінде қоғамның рухани-мәдени саласын қайта жаңғыртуды талап етеді. Тұтастай алғанда, қоғамдық өмірдің барлық саласын қайта жаңарту мен инновацияға ұмтылудың нақты нәтижелерге қол жеткізуі түптеп келгенде, еліміздің адам ресурсына, әсіресе, зиялылығы мен зияткерлігінің сапалық деңгейіне байланысты болып шығады. Сондықтан көп салалы руханилық пен мәдениеттілік тармақтарының бірі – еліміздегі интеллектуальді капиталды нығайтуға келіп тіреліп отыр. Бұндай болашаққа салынатын капитал, сайып келгенде, жастардың интеллектуальдік әлеуетін одан әрі арттырумен келіп сабақтасады.  Ендеше, қоғам дамуындағы «адам капиталы», «адам ресурсы» деген сияқты түсініктердің жаңарған формасы сапаға негізделген келбеті – «интеллектуальді ресурс» дегенге келіп саяды. Бұл – болашақта еліміздің одан әрі өркендеуі үшін салынатын қомақты қаражат іспетті деген сөз. Бірақ бұл тұста, сол ресурстың санынан гөрі оның сапалылығына баса маңыз беру керек. Сапалы адам ресурсының басты екі қағидасы бар десек те болады: біріншісі – денсаулығы мықты тұлғалар, екіншісі – рухани интеллектуальдік тұрғыдан жетілген субьектілер. Елбасы да адам денсаулығына баса назар аударып, еліміздегі медицинаны дамытуды, салауатты өмір салтын насихаттауды, баршаның спортпен шұғылдануына жағдай жасауды және оған құлшындыруды назарға алып жүр. Ендеше, дені сау тұлғаның руханилығы да басты нысана ретінде қолға алынуы кезекті қисынды құбылыс. Бірақ тек қана білімділік шығармашылық деңгейді арттырмайтындығы түсінікті. Дегенмен, білімділік сауаттылық ретінде осы шығармашылықтың алғышарты болып табылады, білім болмаса, интеллектуальді ұлт туралы сөз қозғаудың өзі артық екендігі белгілі жайт. Біз халықты жаппай сауаттандыру мен надандықты жоюды ХХ ғасырдың басында-ақ қолға алып, ортасына таман бұл саясат өзінің оңды нәтиежесін берді, ал аяғына таман өзінің межесіне келіп жетті. Ендеше, ағартушылық мәселесі бүгінгі таңда өздігінен-ақ шешімін тапқан ахуал ретінде өзекті емес. Қазір жастар түгелге жуық сауатты, көбісі жоғары білім алған. Демек, бүгінгі таңдағы интеллектуальді ұлт қалыптастыру үшін негіз қаланған десе де болады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақтың ағартушы зиялыларының ұстанымы – білімді (сауатты) ұлт қалыптастыру болса, ХХІ ғасырдың басында, сол білімді ұрпақ негізінде, орындалған армандар бойынша интеллектуальді ұлт  қалыптастыру саясаты жолға қойылып келеді. Ендеше, ХХ ғасырдың басында «білімділік» қандай деңгейде өзекті болса, ХХІ ғасырдың басында «интеллектуальдік» те сондай дәрежеде көкейкесті болып отыр. Ол кездегі ұлт зиялыларының білімділікке алаңдаушылығы мен бүгінгі ұлт зиялыларының интеллектуальділікке баса көңіл бөлуі тарихтың жаңа сападағы қайталанған үлгісі және өрлеудің заңды сабақтастығы десе де болады. Себебі ол кездегі заман халықтар мен мемлекеттердің тек білімді ұлтпен қанағаттануына болатындай жағдайда болған болса, бүгінгі жағдай, бұндай қанағаттануды артқа тастады, сол кездегі қаланған білімге негізделген интеллектуальділікті талап етіп отыр. Бұл екі ұстанымның аралығын тура жүз жылдай уақыт бөліп жатыр. Қазақ халқында «елу жылда ел жаңа» деген орнықты мақал бар. Ендеше, екі аралық екі елу жылмен байланысады. Елу жылдың жаңалығынан да жаңарған заманды талап етеді. Олай болса, «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда тым жаңа» деп тұжырымдай отырып, бүгінгі бізге жүктеліп отырған жауапкершіліктер мен міндеттердің  зор екендігін сезінуімізге болады. Осы тұста интеллектуалдік пен білімділіктің аражігін, бір-бірінен қалай туындайтындығын ашып алуымыз қажет. Білім академиялық болсын, шығыстық немесе ұлттық болсын, қандайда бір белгіленген ғылым салаларын стандарттар бойынша толықтай игеру дегенге келіп саяды. Ал интеллектуальдік деген ұғым жалпы психологияда – ақылдың ұшқырлығы, сыншылдығы, тапқырлығы деген сияқты үдерістер арқылы жетілетін, тіпті тестілер бойынша өлшенетін адам санасының жоғары дамыған көрінісінің нәтижесі ретінде белгіленген. Бірақ еліміз ұстанған интеллектуальді ұлт қалыптастыру осы түсінікке барынша сәйкес келгенмен, батыстық білімділік талаптарымен өлшенетін таза ақылға ғана негізделмеген. Ендеше, бізге қажетті «интеллектуальдік» – білімді негізге ала отырып, шығармашылық ойлауды талап ететін, ақылдың тапқырлығын басшылыққа алатын ілгерішіл және жігерлі, оң нәтижелі психологиялық үдеріс болып табылады. Қазіргі психологияда, осы үдеріске тікелей байланысты немесе оған тура сәйкес болып келетін мынадай құбылыстар бар екендігін былайша жинақтап көрсетуімізге болады: өнімді ойлау (продуктивті ойлау), креативті ойлау (жаратушы ой), шығармашылық ойлау (творчестволық қабілет), сыни ойлау (критикалық ой), интуитивті ойлау, т.б. Өнімді ойлау – бұрын болмаған идеяны, жаңа пікірді тудырушы, бұрын ешкім айтпаған жаңа ой айту дегенді білдірсе, креативті ой да осындай мағынаға келіп жуықтайды. Бұған әл-Фарабидің «білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені аша білу қабілетіне ие болу деен сөз» деген даналық сөзі тура сәйкес келеді. Сонымен қатар келесі бір ойды одан әрі өрістету немесе басқа қырынан келу сияқты тұрғылар да тың идеялармен өрілуі тиіс. Бұл жердегі креативтілік – ойды жарату, тудыру, өндіру деген түсінікке келіп саяды. Демек, бұлар «ой өндірісі» деген мағынаны білдіреді. Ал шығармашылық ойлау да осындай үрдіске жақын келеді, бірақ бұлардан айырмашылығы ол көбінесе өнер иелеріне байланысты айтылады. Өнер мен ғылым қашанда жаңашылдықты қажет етеді, егер өнер туындысы біреуді қайталайтын болса немесе оның үлгісін көшіріп алатын болса, онда ол өнер емес. Ал неғұрлым тың,  мүлде төлтума, ешқашан қайталануы да мүмкін емес шығармалар пайда болса, онда ол талант деп аталады. Талантсыз адам өнер иесі де, ғалым да бола алмайды. Талантқа берілетін тағы бір жауапкершілік – тек жаңа ойды бір реткі акт түрінде тудыру емес, үнемі үздіксіз, талмастан  жаңа идеяны бірінен соң бірін туындатып отыру. Сыни ойлау – өзгенің немесе өзінің идеясына сын көзбен қарай білу. Идеяның кемшілігі мен жетістік жақтарын қатар көре білген адам ғана сыни ойлауға бейім болып келеді, егер оның тек біреуін ғана көріп, екеуін қатар таба алмаса, онда ол сыни ойлаушы емес деген сөз. Интуитивті ойлау – талдау мен сараптаудан, логикалық операциялардан тыс, ақиқатқа тез, бірден жету, ақпараттардың ішкі сезім түйсігі арқылы сол сәтте адамның өзіне де  түсініксіздеу жағдайда қабылдануы. Халқымыз көзі көрмеген, дәлелденбеген нәрсесін «ішім сезім тұр» деп айтады. Немесе қазақта «ат сыншысы», «бала сыншысы» деген білікті мамандар болған. Олар атты немесе адамды сыртынан бақылап тұрып-ақ тұтас болмысын бағалап беретін болған. Бұл да интуицияның жемісі. Әлем халықтарына ортақ көріпкелдік те осы интуицияға байланысты болып келеді. Бұл қабілеттер мен ойлаудың осы түрлері тұтаса келе, біз ұстанып отырған интеллектуальділікті құрайды. Бұл көрсетілгендер ойлаудың түрлері ғана, ал оған жетудің жолы – сараптама жасау, ішкі мәнді көре білу, байланыстарды ашу сияқты психологиялық операциялар арқылы жүзеге асады. Демек, ғылымды дамытуға аса қажетті ойлаудың түрлері де осындай мәнерлер. Бұлардың барлығын жинақтап, «ғылыми ойлау» деп те атауға болады. Ендеше, осы ғылыми ойлау үшін ғылыммен арнайы шұғылдану қажет. Ғылыммен шынайы шұғылданып жетістікке жету және ашылған жаңалықтардың әлемдік деңгейде болуы – интеллектуальділіктің нақты нәтижесі болып табылады. Демек, жаңалық ашу интеллектуальділіксіз мүмкін емес жайт. Бүгінгі таңда техникалық ғылым дамуы немесе өнертапқыштық қана емес, қоғамдық ғылымдарды да өркендету басты назарда болып отыр. Әсіресе, тарих, психология, саясаттану, әлеуметтану, философия, педагогика сияқты ғылым салаларына бас көңіл бөлу қоғамымызды ілгері жылжытудың басты кепілі болмақ. Қоғамдағы рухани ахуал, әлеуметтік-саяси байланыстар, мәдениетті тұлға дайындау, т.б. барлығы осы гуманитарлық ғылымдардың өркендеуіне тікелей байланысты. Сондықтан интеллектуальді ұлттың болашақ қорлары жас ұрпақ болғандықтан, келесі кезекте, сыни, өнімді, шығармашылық ойлауды оларға үйрету маңызды қадамдардың бірі болмақ. Ол бір сәткі акт емес, үнемі-үздіксіз және шексіз жүргізіліп отырылуы тиіс шара болуы керек. Қазақ халқының интеллектуальдік қорлары мен оған бейімділігі тарихқа жүгінсек, тым көнеден, сақ-түркі дәуірінен бастау алады. Бүгінгі таңда түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі ұшан-теңіз екендігін тек отандық қана емес, әлем ғалымдары да мойындап отыр. Берісі ІХ-ХІІ ғасырлардағы түркі ойшылдары, әлемге аты мәшһүр болған әл-Фараби бабамыз бүгінгі заман тұрғысынан айтқанда, интеллектуальділіктің кемелді көрінісін және идеалды үлгісін паш етті. Одан кейінгі түркі-қазақ даласындағы даналық пен шешендік мектебінің өзі парасат пен ақылдың түйіскен тұсында жоғары жетістіктерге жетті. Қазақ даласындағы поэтикалық сарындар да жай ғана өлең шумақтары емес, ұрпақтарын жан-жақты тәрбиелейтін ерекше бір тиімді құрал. Мысалы,  ол ұзақ жырлар мен эпостар, термелер мен дастандар есте сақтау қабілетін ешбір ұлтта кездесе бермейтіндей тәжірибелік деңгейде шынықтырып шығаратын қазақ баласының интеллектуальдік мектебі десе де болады. Бірнеше күн бойы толғайтын жырларды жаттау тек тарихты білу, өткенді құрметтеу, одан адамгершілік, еңбек, эстетикалық, т.б. тәрбие түрлерін алу ғана емес, өзі өзінің ақыл-ойын шынықтыратын өзінтану бағыты, өзін-өзі жетілдіретін перфекционизм болып та табылған. Сондықтан да олар тым ұзақ болып құрылғандықтан, жыр жаттаушылық балалар арасында өзіндік бәсеке және қанша жаттағандығына байланысты ақылдылықтың (интеллектінің) өлшемдерінің бірі болған тәрізді. Бірақ осындай мыңдаған жылдар бойғы сабақтасқан интеллектуальдік үрдіс Ресей отаршылдығы тұсында психологиялық дағдарыстарға ұшырады, олар нақты тәжірибелік және психотехникалық тәсілдермен ұлтты интеллектуальсыздандыру саясатымен де шұғылданғандығы жасырын емес. ХХ ғасырдың басындағы қуғын-сүргін байлармен қатар ұлттың интеллектуальдік элитасын түбегейлі жойып жіберуді мақсат етті. Интеллектінің қан (ген) арқылы тасымалданатындығын жақсы түйсінген олар ұлт зиялыларын ұрпақтарымен қоса жойып жіберуді қолға алды. Олардың ұлтымызды үздіксіз кемсітушіліктері, сайып келгенде, санамызға сіңіріліп, нәтижесінде бұл ахуал: «Иә біз, шындығында да, надан халық едік, біз тек сіздердің арқаларыңызда жетілдік, тіпті рухани этикалық тұрғыдан да өркендедік» деген сияқты бас шұлғуға және оған өзіміз де сеніп қалатын жағдайларға алып келді.  Осы таптаурынның сарқыншақтары бүгінгі күнге дейін сақталып отырғандығы жасырын емес. Бұл – дегенмен, өткен тарих, бірақ сабақ алатын ата-бабамыздың жүріп өткен жолы. ХХ ғасырдың басындағы интеллектуализм қазақ халқының өзіндік бір қайта жаңғыру, қайта өркендеу дәуірі болғаны жасырын емес. Адамзаттың рухани-ғылыми-танымдық эволюциясында осындай төңкерістер мен жаңғырулар қайталамалы түрде кездесіп отырады. Бірақ кейбірі екі-үш ғасырды қамтыса, кейбірі тек елу-жүз жылмен ғана шектеледі. Мысалы, орта ғасырдағы араб-мұсылмандық ренессанс үш-төрт ғасырға созылып жатса, орыс әдебиетінің «алтын ғасыры» деп аталып жүрген кезең ХІХ  ғасырдың орта тұсына сәйкестенген. Осындай интеллектуальдік жаңғырудың ХХ ғасырдағы біздің еліміздегі үлгісі, шындығында, аяқталмай қалған үдеріс болып табылады. Ресей мен Кеңес Одағының қазақ халқына деген антиинтеллектуальдік саясатының екінші бір қыры – қуғын-сүргіннен тірі қалған қазақ зиялылары мен көшбасшыларын қатаң бақылауда ұстап, қорқытып-үркітіп, шығармашылық еркіндігінен айыру болатын. Шығармашылық еркіндіктен айрылған интеллектуальді элита өзінің шын мағынасын жояды, ол шын зиялы болмай қалады. Өзінің ішкі дүниесіндегі рухани шабыты мен талпынысын аша алмаған өнер иесі немесе ғалым бірте-бірте жасанды зиялыға айналады. Ғылым дамуында – экстернализм, яғни ғылымның өркендеуі тек сыртқы әсерлерге немесе қандайда бір ықпалдар мен сұраныстарға байланысты дамып отырады, ғалымның жеке еркіндігі шектеледі деп санайтын ағым және оған қарама-қарсы – ғылым ғалымның өзінің ішкі шабыты мен қызығушылығы арқылы өркендейді, ол сыртқы әсерлерге барынша тәуелсіз деп санайтын бағыт бар. Міне, ХХ ғасырдың  басындағы қуғын-сүргіннен аман қалған ат төбеліндей ғана қазақ зиялысы  осындай рухани-психологиялық қыспақта өмір сүрді. Олар тек жай ықпал ететін сыртқы әсерлерге ғана алаңдап қойған жоқ, коммунистік идеологияға негізделген қысымшылдықпен, арнайы тапсырмалармен жұмыс жасауға мәжбүр болды. «ХХ ғасырдың басындағы өркендеген интеллектуальдік, егер де, өзінің табиғи эволюциялық жолымен ешқандай да қуғын-сүргін көрмей жүріп отырғанда, ол ХХ ғасырдың аяғындағы тәуелсіздік тұсындағы рухани еркіндікке іліккенде» деп болмаған, бірақ болуы тиіс тарихты модель десек, бүгінгі таңда Қазақ елі әлемдегі алдыңғы, тіпті көшбасшы мемлекеттердің біріне айналатындығы сөзсіз еді. Міне, бүгінгі таңдағы интеллектуальді ұлт қалыптастыру саясаты идеясының түп мәні мен философиясы да осындай нұсқаға тікелей байланысты болып отыр. Демек, бұл саясат үзілген интеллектуализмді қайтадан жалғау болып табылатындықтан, халықтың зиялылық шабытының табиғи даму нышандарын сабақтастастырып жіберу дегенге келіп саяды. Ендеше, бүгінгі күні Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауына орай интеллектуальді ұлт қалыптастыру саясатын жүзеге асыру үшін, мыналарды іске асыруымыз керек. 1.Бейсанамызға сіңірілген «қазақ халқы надан, ойлау қабілеті төмен» деген сыңаржақ бағалаулардан саналы түрде арылу. «Өзге елдің адамдары ақылды, өркениетті елдердің қарекеттерінің бәрі дұрыс, ал біздің қам-қарекеттеріміздің барлығы бұрыс, біз олардан үнемі үлгі алуға тиістіміз» деген қағиданы абайлап қолдану. 2.Қазіргі еліміздегі жастарымыздың интеллектуальдік қабілетіне қарап, азды-көпті жетістіктерін бағалай отыра, оларға деген үміт және интеллектуальді ұлт болып қалыптасатындығымызға деген сенімділік орнықты болуы керек. 3.Интеллектуальді ұлт болу үшін осындай жағдаяттардың барлығын ашып айтып, ішкі рух берушілік тетікті іске қосуымыз аса қажет. Мысалы, кезінде көк бөрі тотемі көшпенді түркілердің жауынгерлік рухын көтермелеу үшін қолданылған сенім болса, бүгінгі таңда көне ғұн-сақ замандарында қазіргі қазақ жерінде осыдан 3000 жылдай бұрын жазу-сызудың өркендегендігі, кейіннен Отырар қаласында дүниежүзіне әйгілі кітапхана болғандығы, одан сусындаған ғалымдардың әлемге аты жайылғандығы, т.б. интеллектуальді ұлт қалыптастыруға қарай серпілетін рух, шабыттану мен жігер беру болып құрылуы тиіс. Яғни бүгінгі жастар білімді-дана халықтың ұрпақтары екендігін мақтанышпен сезінуі керек. 4.Еуропоцентристік санадан да арылу – «кәрі құрлықтың» өркениеті мен ғылымының өзімізге тиеселі, пайдалы, тиімді жақтарын сұрыптап пайдалануымызға септігін тигізе алады. Бүгінгі таңда халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрып жүйесін сол еуропаның өзі бірте-бірте мойындап келеді. Мысалы, қарапайым құрт, қымыз, шұбат сынды азық-түлік өнімдерін қолданудан бастап,  жеті атаға дейін қыз алыспау салтымызға дейінгінің біразын дүниежүзі құрмет тұтады. Мәселе, «Жеті атаға дейін қыз алыспаудың» қастерлігі мен тиімділігі, өмірмәнділік маңызы мен тұрмысқа пайдалылығында ғана емес, осындай салтты ойлап тапқан халықтың интеллектуальді қоры мол екендігіне сенуімізде болып отыр. 5. Бұл екі жақты құбылыс: қоғам интеллектуальділікті жастардан талап етеді, сондай-ақ жастар да қоғамға өз талаптарын қоюға құқы бар. Интеллектуальдік сапаның әлемдік деңгейден көрінуі талап етіліп отырған шақта, шәкіртақының да әлемдік деңгейде болуы, техникалық базаны әлі де  өркениеттілік талаптар дәрежесіне дейін жетілдіру қажеттігі, ақпараттардың қол жетімділігі (кітапхана, мұрағат шикізаттарын тез арада алу мүмкіндігіне ие болуы үшін түгелдей арнайы сайттарға орналастыру) сияқты қарапайым талаптардан бастап, саяси-әлеуметтік іргелі мәселелерге дейінгінің барлығын қанағаттандырған жағдайда, оларға қойылатын қатаң талаптар да еркін қойылатын болады. 6. «Интеллектуальдік» терминінің өзі батыстық академиялық ғылымдардың өнімі. Жоғарыда атап өткендей, ол тек ақылдың ұшқырлығына, тапқырлығына, тиімділік пен пайдалы ойлауға негізделген құбылыс. Бірақ бір өкініштісі, бұл жерде тұлғаның руханилық пен адамгершілік жақтары мүлде ескерілмеген.  Сондықтан ол екінші бір нұсқада және қазақ тілінің төл сөзі бойынша – «парасатты ұлт» болып айтылуы қажет. «Парасат» сөзі жалпылама кең ұғым (концепт). Ол ақылдылықты, интеллектіні, руханилықты, кең адамгершілікті, өмірлік даналықты, білімділікті, зиялылықты тұтас қамтиды. Түркілер әлемдік философиялық ой-санаға өздерінің этикалық ілімдері арқылы мәлім болып отыр. Сондықтан біз де біліміміз бен ақылымыз қаншалықты дамығанмен, генетикалық сабақтастық тұрғысынан алғанда, адамгершіліктен алыс кете алмаймыз. Әл-Фараби айтқандай: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» екендігі де рас. Бүгінгі қазақ халқының да парасатты ұлт қалыптастыру ұстанымы осы даналық сөзге келіп табан тірейді.   Осы тұста, тағы бір ескере кететін жайт: «интеллектуальді ұлт азаматының тұтас келбетінің қандай болуы керектігі» туралы арнайы тұжырымдама жасалуы қажет. Яғни интеллект пен білімнен басқа, жастарымыз қандай жалпыға ортақ моральдік-психологиялық, әлеуметтік-саяси сапаларды бойына жинақтау қажеттігі туралы арнайы жасалған үлгі ұсынылуы керек. 7.Тек қана жаратылыстану мен техникалық ғылымдарды ғана емес, гуманитарлық салаларға да көңіл бөлінуі қажет. Яғни бұл салалардың барлығы қоғам дамуының барысында өзара тең, қажеттілік дәрежесі де бірдей екендігін назардан тыс қалдырмау қажет. Мысалы, еліміздегі рухани құлдырау, суицид сияқты әлеуметтік шиеленістер психология, педагогика сияқты ғылым салаларын өркендете түсуді талап етсе, діни экстремизм мен терроризмнің пайда болуы дінтануды, әсіресе, философияны дамыта  түсіп, оған айрықша көңіл бөлу қажеттігін дәлелдеп берді. 8. Қоғамда ғалымдардың беделін көтермелеу керек. Қазіргі оқымыстыларымыздың материалдық жағдайы мен әлеуметтік мәртебесінің айтарлықтай деңгейде емес екендігі, жастар үшін қызығарлықтай болмай отырғандығы оларға мынадай ой салады: «Е, ғалым деген осы екен ғой, материалдық жағдайы тіптен мәз емес адамдар болды ғой, ендеше мен-ақ ғалым болмай-ақ қояйын».  Демек, жас ұрпақ аға буынға көз салып қарағанда қызығарлықтай идеалдарды көре алмайды. 9. Соңғы уақыттарда жоғары оқу орындарында оқытылып жүрген логика пәні бағдарламадан алынып тасталынды, тіпті бұл ілімді ғылымға бет бұрған магистранттар да оқымайды. Басқа логикаларды айтпағанның өзінде қарапайым формальді логиканың не екенін білмей тұрып, магистратура бітіріп, ғылыммен шұғылдану, ғылыми мақала мен диссертация жазу ағаттық десе де болады. Ендеше, философияны, логиканы жоғары оқу орындарының бағдарламаларынан алып тастау интеллектуальдік ұлт қалыптастыру емес, кей кезде антиинтеллектуальдік бағдар сияқты болып көрінеді. Сондықтан тым болмаса, арнайы курс ретінде логика пәні қайтадан енгізілуі тиіс. Болашақ ғалымдар кейіннен бұл пәнді дер кезінде оқытқанымызға алғыс айтатындығы күмәнсіз. Бүгінгі таңда Қазақ елі жастарының парасатты ұлт болып қалыптасуына шынайы жағдайлар орныққан. Тарих дәлелдеп бергендей, қазақ халқының қанында (генофондында) интеллектінің ұрығы себілген, оны қандай қару қолданса да, түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес. Ендеше, өзекті мәселе, осы негізді рухтандырып, оятып, нәр беріп отыру қажеттігінде болып отыр. Сонымен қатар Қазақстан жастарының түгелге жуығы немесе көп бөлігі білімді. Бұл да интеллектуальді ұлт болып қалыптасуымызға толық мүмкіндіктер аша алады. Оның үстіне, Отанымыздағы тыныш, бейбіт жағдай, басқа да әлемнің озық дамыған елдерімен орнатылған қатынас, ақпараттық кеңістікке еркін шығып отырғандығымыз да озық ойлы азаматтарды қалыптастыруымызға берілген мол мүмкіндіктер болмақ. Қазақтардың көп тіл үйрену машығы мен тәжірибесі де бірнеше жылдардан бері түзілген үдеріс болып табылады.  Бұндай шынайы сыртқы алғышарттар енді келесі кезекте, адамның өзіне ғана байланысты ішкі себептермен келіп ұштасуы тиіс. Өзін-өзі үнемі жетілдіру, еңбекқорлық, табыстылық, ой мен ақылды нәтижелі мақсатқа жұмсау, уақытты босқа өткізбеу, терең ойлау машығына бейімделу, т.б. болашақ интеллектуальді ұлттың бойынан табылуы тиіс қасиеттер. Берік АТАШ, философия ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ магистратура және PhD докторантура институты саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы

7511 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы