• Тарих
  • 17 Сәуір, 2014

Сапалы оқулық – ел игілігі

Сәуірдің  15 жұлдызында  Астанада «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің «Мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдардың сапасы мәселелері тақырыбында кеңейтілген мәжілісі  өтті. Ондағы басты мақсат –  ұлттық оқулық жасау үлгісін қалыптастыру, мемлекеттік тіл проблемаларымен қабыса өрілетін көкейкесті  мәселе бойынша пікір алмаса отырып, ортақ ұсыныстар әзірлеу болды. Бұл жиынға Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам және өнер қайраткерлері қатысты. Тәуелсіздік алғаннан бері оқулықтар жазу, олардың сапасын жақсарту бағытында біршама  жұмыстар атқарылды, жетістіктеріміз бар.  Сонымен қатар біраз олқылықтар мен проблемалар әлі де алдан шығуда..  Жалпы сапалы жазылған оқулықтар – білім мен ғылымның қайнар көзі, ұлтымыздың рухани құндылығы. Сондықтан дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған еліміздің жаңа буыны үшін мектеп оқулықтарының саспасына айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Мемлекеттік тілді оқыту да сапалы оқулықтан басталады. Осы саладағы қордаланған мәселелерді соңғы кездері зиялы қауым өкілдері жиі көтеріп жүр. Мирас қоғамдық кеңесі мүшелері де түрлі БАҚ беттерінде өз пікірлері мен ойларын  білдіруде. Мемлекеттік тілді оқыту мәселелеріне қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік материалдар мен оқу сапасына қатысты ашық талқылау өткізіп, нақты ұсыныстар дайындау  аса маңызды – деді  кеңес жұмысына төрағалық еткен Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен  Әшімбаев. «Мирастың» ақпан айында өткен мәжілісінде  қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу әдістемелік материалдарды сараптау жөніндегі жұмыс тобы құрылып, ол топқа жетекшілік ету  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика  университетінің ректоры Динар Нүкетаеваға тапсырылған. Аталған жұмысқа әдіскер мамандар мен сарапшылар тартылып, екі ай бойы жұмыс істеді  «Мирас»  қоғамдық кеңесі мүшелері осы  мәселеге баса назар аударды. Алдымен  отырысқа шақырылған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов  баяндама жасады. Ол елімізде  отандық білім мектебі қалыптасқанын, оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендері әзірлеу жүйесі құрылғанын, сарапшылар базасы жұмыс істей   бастағанын атап өтті. Бүгінде  білім беру стандартына сәйкес  орыс  тілінде екінші, үшінші, тоғызыншы  және оныншы сыныптарға арналған қазақ тілі оқулықтары әзірленуде. Сонымен бірге балаларды оқытудың Қазақстандық картасы дайындалды. Мектептерді оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуде айтылып жатқан сындар аз емес. Біріншіден,  бұл оқулықтардағы даталарға байланысты. Мәселен, тарих, әдебиет оқулықтарында еліміз тарихындағы елеулі оқиғалар мен  халықтық тұлғалар өмір  сүрген уақыттар сәйкессіздігі, бұрмаланушылықтар бар. Екіншіден, кейбір оқулықтар мен ұлттық бірыңғай тестілеу арасында сәйкессіздік кездеседі. Үшінші кемшілік, оқулықтардың орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылуы. Төртіншіден, 2012 жылы қабылданған оқытудың жаңа стандартына байланысты оқулықтардың сәйкессіздігі. «Осыған байланысты қазақ тіліндегі оқулықтар кемшілігінің екі тобын көрсетуге болады.  Бірінші, мәтінде теориялық материалдардың басым болуы, оқулық мазмұнында оқушылардың функционалдық сауаттылығын  қалыптастыруға бағыт болмауы. Екіншіден, ғылыми  терминдерде бірізділіктің сақталмауы» – деді  министр. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жаңа типті оқулықтар әзірлеудің жобасы жасалған. Оқулықтар мен оқу құралдарын басып шығарудың жаңа жүйесі құрылған. Енді сәйкессіздіктерді болдырмау үшін Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясы оқулықтарды сараптамадан өткізетін болады. Алдағы уақытта білім беру мен ғылымның 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасының басым бағыттары жүзеге асырылады. Оның ішінде он бір жылдық мектептердің  бесінші және он бірінші  сыныптар үшін қазақ тілін оқыту бағдарламасы жаңартылады. Орыс  мектептерінде  бірінші он бірінші сыныптар үшін қазақ тілін деңгейлеп оқыту әдісі қолға алынады. Аслан Сәрінжіпов  мұнымен бірге қазақ тілін оқытудың балабақша, мектеп, кәсіптік техникум,  колледж. жоғары оқу орны жүйесі енгізілгенін, соған сай деңгейлік оқулықтар әзірлеу күн тәртібіне қойылып,  осы бағытта жұмыстар жасалып жатқанын  айтты. Ал Қазақстан Республикасы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзі қысқа болды. Ол  атқарылып жатқан жұмыстар ішінде қазақ тілі сөздігінің жарық көруін ерекше атай кетті. Сөздікте 106 мың атау сөз бен 48300 сөз тіркесі қамтылған екен. Мәдениет министрі қазақ тілін оқыту орталықтарын  акредиттеу керек деді. Бұл жүйенің әдістемесі  министрлікте жасалып қойылған.  Тағы бір мәселе, Елбасы айтқандай, қазақ тілін оқыту орталықтары оңтүстік облыстарда ондап саналады, ал Шығыс пен Солтүстік облыстарда бір-бірден ғана бар. «Осы орталықтар жұмысын жандандыру мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға,  тіл орталықтары тарапынан ұсынылатын қызметтердің сапасын  жақсартуға,  бәсекелестік орта қалыптастыруға, тұтынушылар сенімін арттыруға көмектеседі. Әрқайсымыз өз бетімізше жұмыс істегенше бір бағытта жүйелі түрде іс жүргізсек» – деді ол. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің  ректоры, «Мирас» қоғамдық кеңесі жанынан құрылған  оқулықтарды сараптау жөнідегі жұмыс тобының жетекшісі Динар Нүкетаева   ортаға салынған мәселе бойынша тәуелсіздік алған жылдан бергі атқарылған және атқарылуға тиісті міндеттерді бүге-шігесіне дейін айтып шықты. «Жақсы оқулық – ұлттың игілігі, оның рухани құндылығы. Бұл іс қазір ұлттық сипат алып, мемлекеттік маңыз беріліп отыр, – деді ол – Осы негізде Білім және ғылым министрлігі Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Сингапур, Оңтүстік Корея сияқты бірқатар шетелдердің оқулықтар жасау тәжірибелеріне талдау жасады. Қазір оқу әдебиеттерін сараптамадан өткізу бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен мемлекеттік сараптамаға келгенге дейін жазылған оқулық макеті баспалардың өз ішіндегі  оқулық мазмұнының жалпыға бірдей  мемлекеттік оқу стандарттарына сәйкес келуін бақылайтын арнай топтан өткізіледі. Ол мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін Білім және ғылым министрлігіне ұсынылып, республикалық ғылыми-тәжірибелік  сарапшылар комиссиясына беріледі. Былтыр  республикалық комиссияға ұсынылған 1109 оқу әдебиетінің 97-сі сараптамадан өтпеген. Д. Нүкетаева өзі бастаған  жұмыс тобының сараптамасы бойынша  173 оқулықтың  26-сы типтік оқу жүйесіне сәйкес келмейтінін анықтағанын жеткізді. 14 оқулықта тақырыптардың ауытқулары кездескен, 23 оқулықта оқу бағдарламалары толық қамтылмаған. 39 оқулыққа оқушының логикалық, интеллектуалдық әлеуетін, шығармашылығын, өзін өзі дамытуына байланысты тақырыптар енгізілмеген. 23 оқулықта иллюстрацияларға атаулар мен түсініктемелер берілмеген. 14 оқулықтағы материалдар ғылымның қазіргі дамуына сәйкес келмейді. 22 оқулықта материалдар кеңінен жүйелі логикалық тұрғыда баяндалмаған. 54 оқулықта түрлі қателерге жол берілген.. 10 оқулықтың материалдарында  оқушылардың жас ерекшеліктері ескерілмеген. Сараптама тобының жетекшісі осындай тағы басқа көптеген кемшіліктерді алға тартты. Сондай-ақ нақты оқулықтарда кездескен нақты мысалдарға тоқталды. «Мәселен, бірінші сынып оқушыларына арналған (авторлары А.Б.Ақпаев, Л.А.Лебедова, В.В.Бурова, «Алматы кітап» баспасы, 2012 жыл) оқулықтың 3 бетінде  берілген суреттер мәтін мазмұнын ашпайды. «Бұтақта  жеті торғай отырған, үш торғай ұшып кетті. Неше торғай қалды?» деген есептің  жанына бұтақтағы екі торғайдың суретін салып қойған. Бұл бірінші сынып оқушысын шатастырады» – деді ол. Одан әрі осы авторлардың «Алматы кітап» баспасынан 2011 жылы шыққан  4 сыныптарға арналған  «Математика» пәнінің 26 бетінде  «Не жеңіл, бір келі қызанақ па, әлде бір келі қияр ма?»  деген есеп берілгенін тілге тиек етті.  «Есептің жанында таразының екі басына да араластырылып салынған қияр мен қызанақ суреті тұр.  Логика бойынша  екі жемісті таразының екі басында бейнелеу керек қой. Сонда оқушы суретке қарап-ақ ойын айтады.  Негізі бұл екінші сынып оқушыларына арналған есеп, төртіншісі сынып үшін тым жеңіл Иманбекова, Жамақұлов, Мүптібекова сияқты авторлардың 2013 жылы «Алматы  кітап» баспасынан шыққан  қазақ тіліндегі әдебиет оқулығының  12 бетіндегі «Алғашқы ұстаз» әңгімесі өте күрделі, оқушылар түсінігіне ауыр. 31-беттегі «Ақкөл жағасында»,  63-беттегі «Көкшенің кеудесінде» атты шығармалар мазмұны оқушыларға қиындық тудырады». Осы тәрізді мысалдарды топтап-топтап  жіпке тізгендей айтып шыққан шыққан Динар Нүкетаева  жиналғандарға үлкен ой салғандай болды. «Оқулық – ұстаздың да, оқушының да ақылшысы.  Оқулық жазуға қойылатын талаптар – өз алдына бір ғылым» деді шешен. Ол сондай-ақ қазақ тіліндегі оқулықтардың көпшілігі аударма екенін, онда өзге халықтар мысалдары көп келтірілетінін, қазақтың ұлттық ерекшелігі ескерілмейтінін, сондықтан оқулық алдымен қазақ тілінде жазылып, содан кейін аударылуы керектігін, оқулық жазатын авторларды іріктеу қажеттігін атап көрсетті. «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханов көпшіліктің, мектеп мұғалімдері мен ата-аналардың, жанашыр адамдардың атынан сөйлейтінін ескертіп алып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды: «Расын айтқанда, мектеп бағдарламасына көңіл толмайды. Оқулықтың тілі ауыр, оқушы емес, ғалымға арнап жазылғандай.  Оқулық тек қана білім мен тәрбиенің ғана құралы емес, бұл патриотизмді қалыптастыратын да дүние. «Ит 17 рубль тұрады, шошқа 51 рубль тұрады. Айырмашылығы қандай?»  деген  сияқты есептің қанша қажеттігі бар, мәселен. Он бірінші сыныптың «Химия»  оқулығының екінші тарауында  органикалық кіріспе туралы  сөз болады. Ал оқушы органикалық заттың не екенін әлі білмейді. Себебі, оны үшінші тарауға жазып қойған. Сонда қайдағы реакция, қайдағы құрылыс теориясы?» Б. Тілеуханов  негізгі кемшілік жүйеде екеніне,  тәуелсіздік алғанына 23 жыл ғана болған елімізге кейбір еуропалық стандарттың қажеті жоқтығына тоқталды. Бір ел болған соң бір оқулық болу керек. Қазіргі жағдайда  оқулық  қалай жазылады? –  Ы Алтынсарин атындағы академия бағдарлама жасап, оны министрлікке ұсынады, министрлік тендер арқылы баспаға береді. Баспа авторлық топ жасақтайды. Ол жазып шығады, Қайтадан баспаға келеді. Баспа оны оқу орталығына сараптамаға және мектептің кітапханасына жібереді. Кітап мұғалімге, оқушыға барады. Сосын қайтадан сараптамаға келеді. Одан қайтадан министрліктің департаментіне келеді. Қайтадан оқу орталығына ұсынылады. Ол баспаға жібереді. Шым шытырық шимай із – деді  Бекболат Қанай ұлы – Негізінде қалай болу керек? Ұсыныс мынау:  Ы Алтынсарин атындағы академияға немесе «Назарбаев университеті» жанындағы ғылыми  ортаға берілген жағдайда олар авторлық топты жасақтап шығуы керек.  Оны нақты біреу басқаруы тиіс.  Содан кейін жазылған дүние министрлікке келеді.  Министрлік мойнына жауапкершілік алып, тендер жариялайды. Ал баспаның міндеті басып шығару ғана. Бас рольді – Ы. Алтынсарин атындағы академия алуы керек. Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайлов оқулықтарға қатысты ойларын оқыту стандарттарындағы кейбір кемшін тұстарға арнады. Мәселен, оқытудың жаңа стандарты бойынша, алдағы уақытта бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылмақшы. Қоғамда осыған алаңдаушылық бар. Қазақстан 2050  Стратегиясында Қазақстан азаматтарына үш тілді білу мәселесі айтылған, ал  қазақ, орыс,ағылшын тілдерін бірінші сыныптан бастап оқыту  жайын өз басым кездестіргенім жоқ. Білім және ғылым министрлігінің қандай ғылыми стандарттарға сүйенгені белгісіз. Бастауыш сынып оқушысы бесінші сыныпқа келгенде қазақ тілін шетел тілдерінен 7 сағат кем оқиды екен. Сонда бала алдымен қай тілге бейім болады? Әрине,  өзге тілге қалыптасады. Бұған  меніңше жол беруге болмайды. Финляндия, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Нидерландия, Белгия, Италия, Франция, Люксембург, Қытай сияқты елдердің тәжірибесіне жүгінсек,  балалар бірінші сыныптан бастап тек қана ана тілінде оқытылады. Жапония, Франция, Канада сияқты экономикада да, мәдениетте де озық  елдер  4-6 сыныптарда ғана абайлап қана енгізеді. Бұлардың ешқайсысында үш тіл бірден оқытылмайды. Ал біз жаңа ғана мектепке қадам басқан бүлдіршінді үш тілдің қалың орманында адастырғалы отырмыз.    «Мирас»  қоғамдық кеңесінің кеңейтілген і мәжілісінде өзге де сөз алған азаматтар мектептерде оқулықтар сапасын жақсартудың  кезек күттірмейтін міндет екенін, ортақ іске  бірлесіп, тиянақты кірісу керектігін қадап айтты.   «Нұр Отан» партиясы жанындағы қоғамдық кеңестің отырысы   біреуді мұқату, сынау үшін ұйымдастырылмағаны, міндет келелі мәселені ортаға салып ақылдасу, ұтымды ойлар мен пікірлерді, ұсыныстарды жинақтау екені жиын барысында айқын аңғарылды. Бұдан әрі  ұтымды ұсыныстар Үкіметке, Парламентке  жеткізілмек.  Ғазиз Құрмашұлы

11839 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы