• Руханият
  • 17 Сәуір, 2014

Ақбоз үйдегі асыл мұра

Елестетіп көріңізші... Туырлықты ақбоз үйден күй төгіліп, ән айтылады. Енді бір кезде қазақ ертегілері кейіпкерлері қонаққа келгендей мәре-сәре, одан соң бесік жыры мен терме әуелеп, мың құбылған әуендер шырқалып жатады. Бұл сиқырлы кереметті Қытайда тұратын қандасымыз, компьютерді қытайшадан қазақшаға аударған талантты өнертапқыш Ғалымбек Қызырбекұлы ойлап тауыпты. «Электронды қазақ үйі» деп аталатын жоба «ҰласЭлектрон» ЖШС-нің халыққа тарту еткен алғашқы өнімі. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен аталған жобаның тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақ үйдің кішірейтілген сувенирлік нұсқасына бесік жыры, балалар әндері мен ертегілер, халық күйлері мен халық композиторларының ән-күйлері, терме-толғаулар, отаншылдық рухтағы әндер, Абайдың 45 қара сөзін қамтыған 1200 шығарма енгізілген екен. Бабаларымыздың бізге жеткен бай мұрасын бүгінгі және келешек ұрпаққа жеткізетін электронды құрал баланың қабылдауына сай етіп жасалған. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков: «Кейінгі кезде «Қазақтың эпостары», «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың 1000 әні» сияқты жақсы дүниелер жарық көріп жатыр. Қазақтың жырлары, термелері, әндері ұрпақты тәрбиелейтін дала университеттері, дала академиясы сияқты еді. Кейінгі кезде осыдан айырылып қала жаздадық» дей келе, бұл жобаның өмірге келуі қуанышты жағдай екенін айтты. Электронды киіз үйдегі мұраларды ұялы телефондарға салу мәселесін де тілге тиек етті. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин: «Ұлттың өсуіне, ұлттың қанаттануына себеп болатын дүние. Біздің саясатымыз бен экономикалық дамуымызды шегелейтін ұлттың идеологиясы мәдениет пен әдебиетте жатыр. Расында, бұл өнім жер-жерге, балабақшаларға, мектептерге тарайтын болса, ұлтымыздың үлкен кәдесіне жарайтын дүние болғалы тұр» деді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы Білім министрлігі арқылы бұл өнімді еліміздің мектептері мен балабақшаларына тарату жөнінде ұсыныс айтты. «Мен жақында Ақтөбе облысының ең шалғай ауданындағы бір қазақ ауылының балабақшасында болдым. Сонда Мәскеуден шыққан 20 ноталы кітап қана тұр. Қазақ тілінде жазылған бірде-бір туынды жоқ. Сондықтан электронды киіз үй бола ма, басқа да дүниелер бола ма, осындай дүниелермен балабақшаларды қамтамасыз ету керек» дегенді баса айтты. Тұсаукесер жиынында сөз сөйлеген жазушы Төлен Әбдік, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Намазалы Омаш, философ Ғарифолла Есім мәдениетіміз бен өнеріміздің насихатшысы болатын игілікті іске қолдау білдіріп, оны кеңінен тарату мүмкіндігін қарастыру керектігін атап өтті. Шараға қатысушы зиялы қауым Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйытқы болуымен шығарылған «Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі» тәрізді интерактивті өнімдерді де тамашалады. Ғабдул Мерқұрман

3894 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы