• Тіл
  • 01 Мамыр, 2014

Көне этнонимдер және тілдің тарихи белгілері

Дүйсен ЖҮНІСОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры, Алматы облысының Құрметті азаматы Бағзы замандардан қазіргі қазақ жерін әртүрлі тайпалық, рулық бірлестіктер мекен еткені белгілі. Олар негізінен түркітектес тайпалар болды, көбі әртүрлі тарихи кезеңдерде бүгінгі Моңғолия, Алтай, Батыс Сібір жерлерінен қоныс аударды. Біздің дәуірімізге дейінгі грек, қытай жазба деректері мен VI-VIII ғасырларда тасқа жазылған көне түрік ескерткіштерінде (Орхон-Енисей жазуларында), одан кейінгі орта ғасырлық (XIII ғ.) «Моңғолдық құпия шежіресі» мен «Алтын топшысында» және өзге де еңбектерде қазақ ұлтын құраған көптеген тайпалық бірлестіктер көне дәуірлерде басқа да түркітектес ру-тайпалармен бірге өмір сүргенін, оларда тіпті тілдік ортақтық болғанын көрсетеді. Біз бұл мақаламызда сол замандардағы ру-тайпаларға және солармен байланысты бірқатар көне этнонимдерге тоқталмақпыз. Қият. Әбілғазы баһадүр ханның «Түрік шежіресі» бойынша Оғыз хан­ның бесінші әлде алтыншы нә­сілі саналатын Елханның жұрты шап­қыншылыққа ұшырайды да, көбі қы­рылып, аман қалғаны құлдық пен күң­дікке байланады. Елханның Қиян және туған інісінің Нүкіз деген ұлдары келіншектерімен тұтқыннан қашып құтылып, биік тау қойнауындағы шұрайлы жерге жетеді де, екі отау болып қоныс тебеді. Ол жерді «Ергене қон» деп атайды. Әбілғазының түсіндіруінше, бұл атау «қия беткей» дегенді білдіреді екен. Меркіт. Меркіт қазақтың ежелгі тайпаларының бірі. Шыңғыс хан әс­­керімен көп қақтығысқан тайпа. Олардың Тоқтабек атты көсемі бол­ғаны белгілі. Меркіттер жауынгер ел болған. Меркіттердің Шыңғыс хан әскерімен болған соғыста аман қал­ғандары керейлерге барып қосылғаны жайлы дерек бар. Қазіргі Абақ керейдің құрамындағы Меркіт руы – сол ілге­рідегі Меркіт тайпасынан жеткен бір бұтақ. Керейт. Шыңғыс хан заманы жай­­лы теңдесі жоқ жылнама жазып қалдырған Рашид ад-Дин еңбегінен сол кезеңдердегі қуатты Керей мемле­кетінің кұрамында Керейт, Қырқын, Қоңқайт (Тоңқат), Сақайт, Тобауыт, Албат, Қарақин секілді тайпалар болғаны белгілі. Бұлардағы сөз со­ңындағы «Т» әрпі, әдетте, көптік жалғауды білдіреді. Мұхамеджан Тынышбайұлы осындағы Сақайттан бүгінгі сақаларды (якуттарды), тобауттардан туба жұрттарының атауын көріп, оларды бір кездегі ірі Керей мемлекетінен бөлектенген елдер болуы кәміл деген болжамын айтқан. Бұл пікірді тілші-ғалым Сәрсен ­Аманжолов әрі қарай өрбітіп, «тоңқатты» тубалардың құрамындағы «тоңқат», «Орхон-Енисей» жазбаларындағы «Құрықан» түрінде кездесетін «Қа­ра­кин­ді» якуттың қазіргі «Құрықан» тай­пасымен байланыстырады (­Ж.Бей­сенбаев, Қазақ шежіресі. А, 1994). Жо­ғарыда келтірілген пікірлер мен ой тұжырымдарды негізге ала отырып, керейт этнонимі керей тайпалық бірлестігінің көпше түрдегі атауы деп түюге болады. Ал Керей мемлекеті кезінде айбынды ел болып, Х ғасырда олардың саны 900 мыңға жеткені тарихи деректерден белгілі. Қидан. Біздің жыл санауымыздың басынан белгілі көне этнонимдердің бірі – қидан. Бұл атау Орхон өзенінің бойынан табылған VIII ғасырдағы құлпытасқа қашалып, көне түрік тілінде жазылған. Білге қаған ескерткішінде қытан түрінде берілген. Ғалымдардың топшылауынша, қытай атауы осы қытан (қидан) сөзінен қалыптасқан. Табғаш. Табғаш – көне қытай, түрік жазба ескерткіштерінен белгілі қытай тілдес елдің атауы. VIII ғасырда Тоныкөк (Тонюкук) данаға арналып құлпытасқа жазылған Орхон-Енисей ескерткішінде оның табғаш елінде тәрбиеленіп, білім алғанынан, қытайша аты Ашидо Юань Чжень екенінен мәлімет берілген. Маңғытай. Қазақтың Маңғытай руы жайлы Сайдаққожа Жүсіпұлының 1875 жылы Бұқара қаласында басылып шыққан «Қазақ тайпаларының тарихы» атты еңбегінің «Жүзге кірмейтін қазақ рулары» деген бөлімінде айтылады. Маңғытай – түркітілдес халықтардың ішінде қазаққа тілі жағынан ең жақын Ноғайлы ұлысының маңғыт және қытай тайпаларынан құралған. Олар XIV ғасырда Едіге батырмен бірге қазақтың Ұлытау, Кеңгір алқабына келіп қоныстанып, кейін Ташкент маңына қарай ойысқан. Маңғыттан шыққан Едіге батыр Ақсақ Темірмен қақтығыста қатты шығынға ұшырап, аман қалғандары қытай тайпаларымен бірігіп, «Маңғытай» руына айналады. Маңғытайлардың бір бөлігі қоңыраттың, басқасы қазақтың құрама руының ішіне енді. Моғолтай. Моғолтайлар Үндістан жеріндегі түрік тайпаларының Кұн­дызынан тарайды. Кезінде Бабыр құрған Ұлы Моғолстан қағанаты XVII ғасырда құлаған соң, түрік тайпаларының бір тобы қазақ жеріне келіп қоныс тебеді. Міне, осы түрік жұрты бұрынғы шыққан жеріне байланысты моғолдықтар деп, кейіннен моғолтайлар аталып, қазақтың құрама тайпасына енеді. Моғолстан қағанаты тарих сахнасында үш ғасырдай өмір сүрді. Бағзы замандарда ата-бабаларымыз қолданған көптеген сөздердің мағынасы бұл күнде мүлде түсініксіз жағдайға жеткен немесе алғашқы мағынасынан бөлек ұғымға ие болған. Қайсыбір сөздер мен сөз тіркестерінің этимологиясын, оның мағыналық не­гізін анықтауға тек көне жазба ес­керткіштерді мұқият зерттеп, оған тереңірек үңілгенде ғана мүмкіндік аламыз. VI-VIII ғасырлардағы түрік жазба ескерткіштеріне зер салсақ, қазір тілімізде қолданылып жүрген, бірақ мағынасы көмескі тартқан немесе мүл­де түсініксіз жағдайға жеткен кей­бір сөздер мен сөз тіркестерінің бас­­тапқы мән-мағынасын ашуға мүм­кіндік туады. Мысалы, тілімізде «арық-тұрық» деген қос сөз бар, оның бірін­ші сыңарының мағынасы белгілі де, екінші сыңары – түсініксіз. Ал егер көне жазба ескерткіштерге жүгінсек, «тұ­рық» сөзінің бастапқыда «арық» деген ұғым бергенін байқаймыз. Тасқа жазылған Күлтегін ескерт­кіштерінде: «Біздің сү аты түруқ, азуқы иоқ ерті» деген жолдар бар. Оның аудармасы: «Біздің әскердің аты арық, азығы жоқ еді». Көне жазудағы «туруқ» (түрық) сөзі «арық» мағынасында жұмсалып тұр. Тілімізде «жазмыштан озмыш жоқ» деген көне мақал сақталған. Осы мақалды күнделікті өмірде пай­даланғанымызбен, ондағы сөздердің мән-мағынасын жете түсіне бермейміз. Егер байырғы жазба нұсқаларына үңілсек, ата-бабаларымыз терең фи­лософиялық ой-толғауларын қысқа да нұсқа болып келетін сөздермен дәл жеткізе білгенін көреміз. «Озмыш» сөзі көне дәуірлерде «құтылу» мағынасын білдірген. Сонда «жазмыштан озмыш жоқ» мақалының мәні «тағдырдан құтылу жоқ» дегенді білдіреді. Күлтегін ескерткішінде «Өлүмде озмыш тір» деген сөйлем бар. Аудармасы «Өлімнен құтылған деген». Осы жазба ескерткіште «сіңлік қыз» деген сөз тіркесі бар, мағынасы «сұлу қыз» дегенді білдіреді. Бұл сөз тіркесі «силиқ қиз» түрінде қазіргі ұйғыр тілінде әдемі, сұлу қыз мағынасында жұмсалады. Қазақта «сүлік», «сүліктей сұлу» деген сөз тіркестері бар? сондағы «сүлік» сөзі көне «сілік» сөзімен төр­кіндес, мағыналас болуы да мүмкін. Қазақстандағы бір облыс пен оның орталығының аты Павлодар екені бел­гілі. Алайда қазақтар оны – «Кереку» деп атауға бейім тұрады. Қала атауын зерттеушілер «Керекуді» «Коряков» деген орыстың атымен (фамилиясымен) байланыстырады, содан қалыптасқан деп дәлелдейді. Мүмкін солай да шығар, оған дауымыз жоқ. Біздің айтпағымыз «кереку» сөзі көне түрік жазба ескерткіштерінде «үй, мекен» мағынасында жұмсалғандығы (Ғ.Айдаров, Орхон ескерткіштерінің тексі. Алматы, 1990. 161-б). Сөздің осы мағынасын ескере отырып, «Павлодардың» орнына ана тіліміздегі үй, мекен мағынасын беретін «Кереку» атауын жатсынбай, ресми түрде бекітіп пайдаланған дұрыс болар еді демекпіз. Тарихи тіл деректеріне зер салсақ, осы сияқты әрқилы сөздер мен сөз тіркестерінің ұмыт болған немесе көмескі тартқан мән-мағынасын ашып, қайта жаңғыртып, тіл игілігіне жаратуға әбден болады. Адамның бойына ананың ақ сүті­мен бірге сіңетін күнделікті сөйлеп жүрген тіліміздің сан алуан сырларға толы екені белгілі. Тіл өнеріне мұқият үңіліп, тереңірек қараған адам әр сөзден көптеген танымдық мәні бар мағлұмат алуына болады. Халық «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтпаса керек. Көне дәуірлерден, қалыпқа түсіп, шыңдалып, бізге жеткен сөздерді күнделікті қарым-қатынас барысында сөйлем ішінде дайын күйінде ойланбай қолдана беретініміз жасырын емес. Алайда сөз және сөз тіркестерінің ара­сында мән-мағынасы көмескіленіп, түсініксіз жағдайға жеткендері бар. Енді солар туралы бірқатар мысалды алға тартайық. ШЫҒАЙ. «Шық бермес Шығайбай» туралы ертегіні мектеп қабырғасынан жақсы білеміз. Ал байдың атын халық неге «Шығай» деп атағанын әркім біле бермейді. «Шығай» сөзі көне түр­­кі тілінде, Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде «кедей» деген ма­ғы­наны білдірген. Сол көне дәуір ескерткіштерінің бірі – Күлтегін жазуында: «Жалаңаш елді тонды қылдым, Шығай ерді бай қылдым. Аз елді көп қылдым» деген жолдар бар. Осы мәтіндегі «шығай» сөзі «кедей» деген мағынада қолданылып тұрғанын аңғару қиын емес. Қызғаншақ, ешкімге жақсылық жасамайтын, қолы қатты байға халық «Шық бермес Шығайбай» деп тапқырлықпен өте ұтымды ат қойған. Қазіргі тілімізде «шығай» сө­зінің бастапқы мағынасы ұмыт болған. АЙНАЛАЙЫН. Қазақ халқының өмірінде ислам дінін қабылдамас бұрын шаманизм (бақсы, балгерлік) дінінің болғаны белгілі. Сол көне дәуірлерден сақталып келе жатқан кейбір ырым, әдет-ғұрыппен байланысты діни түсініктер бар. Бұл діни нанымнан өмірде із қалдырған бақсы-балгерлік ырымдар бар. Айталық, жақсы көрген адамына қазақта «айналайын» деп айтатын жылы сөз бар. Бұл сөзді үлкендер жастарға сөйлегенде қолданады. Бірақ оның шығу, қалыптасу төркіні ескі әдет-ғұрыппен, ырыммен байланысты екеніне ешкім мән бермейді. Түркі халықтарында, оның ішінде қазақта да өзін-өзі садақа етіп, құрбандыққа қиятын ырым болған. Өзін басқаның жолына қиған, құрбандыққа шалған кісі ауру адамды үш рет айналып шығуы шарт. Сонда ауруды ерікті түрде өзі қабылдаған болып есептеледі. Әдетте, мұны жанашыр, жақын адамдар немесе бақсы-балгерлер жасайды. Түрлі затты бастан үш айналдырып басқаға садақа ету не лақтырып тастау ырымы да осылайша барлық ауру-сырқау, жамандық, пәлекет сонымен кетеді деген ескі наным-сеніммен байланысты туған. Қазақ «айналайын», «айналып қана кетейін, қарағым, шырағым» деп сүйінгенде, елжіреп, еміренгенде саған деген бар пәлекетті, жамандықты мен-ақ көріп алайын деп өзін құрбандыққа тігіп тұрады. (Ш.Уәлиханов. Алматы, 1985, 157-б). АЖА. Халықта ежелден белгілі «Ай» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ» деген мақал бар. Кейде ол «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ» деп өзгертіліп те айтылып жүр. Оның себебі мақаладағы «ажа» сөзінің түсініксіздігі. Сондықтан ол «әже» деп бұрмаланып кеткен. Негізінде «ажа» көне замандардан келе жатқан түркі халықтарына ортақ сөз. Ол «бұйрық», «заң» деген ұғым береді (Ә.Марғұлан. Ежелгі жыр, аңыздар). Шоқан Уәлиханов ертедегі қырғыз әміршісінің атағы да осылайша аталғанын көрсетеді (Ш.Уәлиханов. Алматы, 1985, 225-б). Мақал тежеу көрмей бетімен еркінсіп кеткен, заң­нан да, адамнан тоқтау болмаған жағдайда айтылатыны белгілі. ҚАРА. Ғасырлар бойғы тірлігі малмен байланысты халық сол шаруа­шы­лығына орай әртүрлі термин-тү­сініктерін туғызған. Ол кездегі заттық (натуралдық) сауда-саттық, айырбас кезінде халық затқа, малға өзінше бағалық өлшем жасауға мәжбүр болған. Мал басын бағалауда «қара» сөзі қолданылған. Мысалы, он бес ұсақ мал (қой, ешкі) бір қара деп есептелген. Бір сиыр бір қараға, сол сияқты бір жылқы да бір қараға теңелген. Ал бір түйе үш қараға бағаланған. Бұдан көшпелі заман кешкен ата-бабаларымыздың түйе малын өте қадірлегенін көреміз. Өйткені түйе көшсе, мінсе көлігі болды, оның сүтін ішіп, жүнінен киім киді. Өзі ыстық-суыққа төзімді, күй таңдамайтын көнбіс болғандықтан, халық тірлігіндегі аса қажетті төрт тү­ліктің бірі «ірі қара», «екі-үш қара мал» деген сияқты тіркестер де қол­данылады. CAН. Сандық ұғым қазақ халқында ерте кезде тек мыңдыққа дейін ғана жақсы дамыған. Тұрмыс-тірлікте одан жоғары, күрделі сандарды қолданудың қажеті де шамалы болған. Сондықтан «миллион», «миллиард» сияқты тер­миндерді пайдаланбаған. Есеп мыңнан асқан жағдайда «түмен» (туман) деген терминді қолданған. Бір түмен он мың­ға тең. Ал егер есеп жүз мыңнан асса, «сан» терминін пайдаланған. Бір сан – жүз мыңға тең болған. Тілімізде «Алты сан алаш» деген тіркес бар. Ол қазіргі есеппен «алты жүз мың алаш» дегенді білдіреді. Қазақтың ең көп есебі «мың сан» болған, ол – жүз миллионға тең. ТАБАН. Халық өзінің күнделікті тірлігінде басқа тілдегі сандық ұғым­дарды да пайдаланған. Мысалы, қазақ соғым сойғанда, жылқының семіздігін қазысына қарап ажыратады, «бір елі, екі елі, үш елі, төрт елі қазы түсті» деп бағалайды. Ал егер одан да семіз болса, бес елі қазы түсті деп айтпай, «табан қазы түсті» дейді. Here олай аталуын «табан» сөзінің мәнінен білеміз. «Табан» моңғол тілінде «бес» деген санды білдіреді. Сонда бұл да «бес елі қазы» деген ұғым береді. Моңғол тіліндегі «бес» деген мағынаны беретін «табан» мен қазақ тіліндегі аяққа байланысты айтылатын «табан» сөзінің арасында тығыз байланыс бар екені анық. Өйткені ол да аяқтағы бес саусақтың бірігуінен жасалған. ЖҮГЕРМЕК. Бұл сөзді күнделікті өмірде ата-аналар бала-шағаға налып, ренжігенде жиі қолданады, бірақ оның мағынасын ешқайсысы біле бер­мейді, білсе басқа жағдайда пайдаланар еді. Венгер (олар өздерін мадьяр, мажар деп атайды) халқының түркі халықтармен туыстас екенін қазір көпшілік жақсы біледі. Олардың тілінде қазақ тілімен ұқсас болып келе­тін көптеген сөздер бар. Мысалы, «балта, арқан, алма, кеме», тағы басқа толып жатқан (екі жүзден аса) сөздер екі тілде де бірдей айтылып, ұқсас ұғым береді. Сол сияқты «жүгермек» сөзі де бұл тілдерге ортақ. Венгер ті­лінде ол «жүәрмек» деп айтылады да «қыршын», «жеткіншек», «уыздай жас» деген мағына береді. Сонда біз балаға: «Әй, жүгермек» деп сөйлегенде «Әй, жеткіншек» дейді екенбіз. МҰРАБ. Тілімізге түрлі тарихи дәуір­лерде саяси, экономикалық, мәдени қарым-қатынастардың негі­зінде басқа халық тілдерінен еніп, тұрақтап, сіңісіп кеткен сөздер бар. Олар, негізінен, араб, парсы, моң­ғол, орыс сөздері. Солардың бірі – диқаншылық тірлікте жиі айтылатын «мұраб» сөзі. Бұл сөзді «сушы», «егіндікке, бақшаға су ұстаушы», «жер суарушы» деген мағынада пай­­даланғанымызбен, ол сөз нені біл­діреді, қай тілден енген, бастапқы мән-мағынасы қандай екенін біле бермейміз. Анығында ол парсы, иран, тәжік тілдеріндегі «Эмир жэне об» деген екі сөзден бірігуінен «эмир-об» – «мироб» – «мураб» болып қалыптасқан сөз. «Эмир» – «әмірші», «қожа» дегенді білдірсе, «об» бұл тілдерде «су» ­деген ұғым береді. Сонда «мұраб» – «су әміршісі», «судың қожасы» деген ма­ғынаны білдіреді. Осылайша тіліміздегі сөздерге терең үңіле, мәнін аша қарасақ, ел мен жер, тіл мен мәдениет тарихынан сан алуан қызықты мағлұматтар алуға болады.

26115 рет

көрсетілді

92

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы