• Тұлға
  • 01 Мамыр, 2014

Жоғалған мәдениеттің жоқтаушысы

Ұстаз деген ұлы сөз. Ұстаз шәкірттеріне тек бағдарламада көрсетілген деңгейде ғана білім берумен шектелмей, өзі дәріс оқыған саладағы ғылымның соңғы жаңалықтары мен әлі де ашылмаған проблемаларынан хабардар етіп, олардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, болашақта ғылыми ізденіске талпындыра білсе, ондай ұстазды ұлағатты ұстаз немесе ғұлама ғалым деуіміз керек. Қарақалпақ АКСР-ы, Қазақ КСР-ы ғылымына еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Уахит Хамзаұлы Шәлекенов сондай ұстаздың бірі, бірі емес, бірегейі.  Уахит Хамзаұлымен алғашқы танысуымыз кездейсоқ жағдайда болды. 1974 жылдың жаз кезі болатын. ҚазМУ-да студенттерді қабылдау науқаны өтіп жатқан кез еді. Уәкең тарих пәні бойынша емтихан комиссиясының төрағасы екен. Сол жылы мені де филология бойын­ша емтихан комиссиясына шақырған болатын. Жұмыс арасында кездесіп қалғанда сәлем беріп өтетінмін. Бір жолы жеке кездесіп қалдық. Уәкең менің қайда істейтінімді, тіл тарихымен айналысып жүргенімді білгеннен соң, өзінің университетке жаңадан келгенін, археология және этнография кафедрасының меңгерушісі екенін айтты. Уәкеңнің археология саласында істеп жүргенін естігеннен кейін өзім әр жерден оқып жүрген атақты Баласағұн қаласының табылуы туралы деректі сұрай бастап едім. Қойманың кілтін ашқандай болдым. Уәкең бұл проблеманың тарихын егжей-тегжей баяндай келіп, өзінің де осы проблемаға қатысын сөз етті. Әңгіме барысында Уәкең жас­тық шағын майдан даласында өткізіп, ғылымға кештеу келгенін, КСРО Ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Археология және этнография институтының аспирантурасын 1953 жылы бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша ғылыми зерттеуге кірісіп кете алмағанын, көбінесе этнография саласын зерттеумен айналысқанын, тек Мәскеудегі өзі оқыған институт ғалымдары ұйымдастырған археологиялық экспедицияларға қатысу арқылы археологиялық ізденістерге шындап бет бұра бастағанын айтты. Тек ҚазМУ-ға жұмысқа ауысқаннан кейін ғана жеке экспедиция ұйымдастырып, өзі бастаған Ақтөбе қалашығының орнын жан-жақты зерттей бастағанын ерекше толғаныспен әңгімеледі. Қаланың бас­ты нысандарының орналасуын, оның мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің қандай болғанын қолымен қойғандай етіп сипаттағаны әлі күнге дейін есімде. Әсіресе, сол ерте дәуірдің өзінде қалада жерасты су жүйесі, канализация болғанын мақтанышпен тілге тиек еткені бар. Ақтөбе жөніндегі біліміміз Уәкеңнің 1992 жылы жарық көрген «Құм басқан қала» атты кітабын оқығаннан кейін және бұл кісінің кеңестік түркітанушылардың 1926 жылғы Бакуде өткен І съезінің 50 жылдығына орайластырып, Алматыда өткен халықаралық ІІ конференциясында жасаған баяндамасын тыңдағаннан кейін молая түсті. Уахит ағамызбен байланысымыз одан кейінгі жылдары да үзілген емес, қайта нығая түскендей. Бұл кісінің әрбір жаңа еңбегі біздің әңгімеміздің объектісіне айналатын, әсіресе Уәкеңнің Арийлер туралы зерттеуі оны жаңа бір қырынан танытқандай. Бұл да талай жылдар бойы ғалымдардың ой-пікірлерін талай саққа жетелеген әлемдік проблема болатын. Уахит Хамзаұлы көптеген тарихи деректер мен ол жайындағы жазылған жүздеген еңбектерді сараптап, өз тұжырымын айтқан. Ақтөбе қалашығы орнынан табылған көне қаланың Баласағұн екеніне дәлел ретінде оның көлемі, табылған археологиялық нәрселерден өзге сол қалада туған атақты ғалым Махмұт Қашқаридың сөздігінде қала айналасындағы нысандардың күні бүгінге дейін солай аталатындығын да келтірген. Бұл – бұлтартпайтын дәлел екеніне сенбеске болмайды. Сөйтіп, Уәкең тарихи қала Баласағұнды алғашқы ашушы болады. Уахит ағамыз жасының ұлғай­ғанына қарамастан, ғылыми ізденістен қол үзген емес. Уәкең қай тарапқа барса да, зиялы қауым арасында алуан түрлі пікірталасына айналып жүрген өзекті мәселені зерделеуге өз үлесін қосуға тырысады. Мәселен, жуырда ғана жарық көрген Шыңғыс хан туралы кітабында бұрын көп сөз болмаған тарихи деректердің негізінде оның шыққан тегін анықтауға көп мән берген. Ғалымның тұжырымы бірден-бір ақиқат демегенімізбен, кітаптың Шыңғыс хан танушыларды жаңаша қарауға итермелейтін тұстары баршылық. Уахит Шәлекенов кабинеттік ғалым емес, еңбек жолын мектепте ұстаздықтан бастаса, кейін жоғары мектептерде жарты ғасырдан астам уақыт студенттерге дәріс оқып, оларды ғылымға баулуда. Атақты түркітанушы ғалымдармен тізе қосып археологиялық экспедицияларға қатысты, кейін өз шәкірттерін өзі басқарып, бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруда. Ұстаздықпен қоса ЖОО-ның ұйымдастыру жұмыстарына араласып та – кафедра меңгеріп, факультет деканы болып, кадр даярлауға өз үлесін қосты. Сөйтіп, ұстаздық пен ғалымдықты тең ұстаған ғалым ағамыз әлі өз бабында. Тоқсан жасқа келіп жатса да, әлі талай соны еңбектер жазатынына кәміл сенеміз. Бабаш ӘБІЛҚАСЫМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері

3339 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы