• Мәдениет
  • 01 Мамыр, 2014

Қаһарман қыз Алтыншаш немесе ақын аузынан естiген аңыз

Сарбас Ақтаев Жиырма жыл бұрынғы бір көрініс күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Хан Кененің бас батыры Ақжолтай Ағыбайдың 200 жылдығы аталып өтіп жатқан кез еді. Сарыарқаның сауыры сынды Ағадыр тұсындағы Жуантөбе тауының баурайында тойға тігілген ақшаңқан үйлер тұтас бір ауыл сияқты. Көшелей тігілген сол үйлердің шет жағына келіп, кенеттен бір тікұшақ қонды да, одан түскен қазақтың тұңғыш ғарышкері, әуе күштерін басқаратын Тоқтар Әубәкіров құрметті қонақтар отырған ақбоз ордаға келіп кірді. «Ассалаумағалейкүм, тойларыңыз тойға ұлассын!» деп жарқылдай күліп кірген генералды бүйір тұста отырған бір ақсақал атып тұрып, қаусыра құшақтады да: «Армысың айналайын, сайып қыраным! Қазақ даласынан ғарышқа тұңғыш ұшқан төл перзентіне Горбачев жұлдызын қимағанымен, халқың сені қастерлеп, жарық жұлдызы санайды» деп бетінен сүйді. Қарапайым ауыл қартының намысқойлығына таңғалып, сұңғылалығына тәнті болып едім сонда. Дыбыстан жылдам ұшатын әскери ұшақтың алғаш сынауын қазақ азаматына қимай, оны кеменің қармасына әкеліп қондырғанда да меңді патша Михаил Кеңес Одағының Батыры атағын әрең бергенін де білетін болып шыққан қария қайран қалдырды. Сонау бір Ұлы Отан соғысының от-жалынында шығыс халықтары арасынан ерліктің небір ерең үлгісін қазақтардан артық көрсеткен жұрт жоқ еді. Алайда біразының еңбегі әділ бағаланбай, ресми батыр деген атақты көпшілігі ала алмаған-ды. Үш жүзден астам дұшпанды жер жастандырған Сүлейменов сияқты сан боздаққа сол атақ берілмеді. Тіпті Мәскеуді жау құрсауынан қорғап қалған 28 батырды баулыған Бауыржан Момышұлына да Кремль оны қимаған. Жаужүрек қыр ұландарының жанқиярлық ерлігі түгел еленген болса, Кеңес Одағы Батыры атағын алған қазақтардың саны қазіргіден әлдеқайда артық болар еді-ау. Әттең, дейсің де, іштен тынасың. Сондай қаһармандардың бірі осы Алтыншаш Нұрғожинова. Бұл әңгімені маған белгiлi ақын Бақытжан Қанапиянов айтып берген едi. Оның қайда барса да, қайда болса да елiмiздiң тарихына қатысты дүниелердi қатерден тыс қалдырмай жинай жүретiн жақсы бiр әдетi бар. Анау бiр алапат жылдары Чернобыль апатынан зардап шеккен украин ағайындарға көмек бере барғандар арасында болып та ол екi халықтың өзара тарихи байланыстары туралы бiраз деректер алып қайтқан. Әсiресе, Ұлы Отан соғысы жылдары украин жерiн қандыбалақ фашист басқыншыларынан азат ету жолында қазақ азаматтары көрсеткен қаһармандық қимылдарға көбiрек зер салған. Мұрағат материал­дарын аудара қарап, ақтара зерделеп, кiтапханалардағы көне газет тiгiндiлерiн парақтап, талай тың деректер де тапқан. Бiрде ол Украина Жазушылар одағының кiтап­ханасынан 1944 жылы дивизиялық «Патриот Родины» газетiнде жарияланған бiр өлеңге тап болады. Тақырыбы бiрден елең еткiзедi. «Фашистiң екi танкiсiнiң күлiн көкке ұшырған комсомолка Алтыншаш Нұрғожинованың рухына» деген тақырып­тың өзi елең еткiзiп, зер сала оқып, жазып та алады. Аттың жалы, атанның қомында сияқты майдан даласында асығыс жазылғанына қарамастан, жырдың мазмұны бiрден баурай жөнеледi. Келген едiм өмiрге Украинада гүл атқан, Днепрдiң жағасы қымбат маған жұмақтан. Айнала егiн кешкiлiк сыңсып, толқып жырақтан, Тебiрентетiн әуенi күй боп кiрiп құлақтан. Туғандаймын қазiр мен Қазақстан қырында, Тұрғандаймын сол қыздай самалды өрiп бұрымға. Серпiп тастап сағымды жарқ-жұрқ еткен жанары Қарсы алдымнан жымиып қарағандай болады. Отырғандай қарт ақын жыр селдетiп кешқұрым, Домбыраның сазынан асырмастан ешбiр үн. Кенет кеттi елестеп әлгi ару қыз айқабақ, Жау оғынан жасқанбай қарсы атылған «алға-лап». Күн туар-ау тау қалғып, тыным табар төңiрек, Соғыс өртi сап болып ел жыламас еңiреп. Жапырақтар жамырап гүл шашқанда айнала, Тұрса ғой ол жымиып, саясында жай ғана. – Тағдырлар тоғыспай тұрмайды екен ғой, – дейдi ақын. – Соғыстан кей­iн дүниеге келген бiздерге ол кезең­нiң көп сәтi күңгiрт. О күндердi бiз жалаңаяқ жар кешiп, қызылаяқ қан кешiп, оқ пен оттың ортасынан оралған ардагер ағалардың естелiктерiнен, майдангер ақындардың өлеңдерiнен бiлемiз ғой. Жауынгер жыршы Жұма­ғали Саинның бiр өзiнде бiр дастанның оқиғасы бар «Есiмде Айдар өзенi» не тұрады! Сұлу Айдар, сырлы Айдар, Украина жерiнде. Ақының бар, ұлың бар Мен қазақтың елiнде, – деп едi ғой жарықтық. Украин парти­зан­дарының арасында ата жауымен айқасқан ақын «Өткердiм сенде көп айлар, қалдырдым сенде көп ойлар» деп торқалы топырағында ерлiктiң өшпес iзiн қалдырған елдi ұдайы еске алуы да тегiн емес. Бауырлас халықтың елi мен жерiн азат ету жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай айқас­қан сол ағалар бiр қаракөз қарын­дасының Отан үшiн омырауын оққа тосып, екi бiрдей темiр тажалдың күлiн көкке ұшырып опат болғанын кезiнде естiмеген де, бiлмеген де шығар. Соны ендi бiр ­украин жiгiтiнiң оттың басында, оқтың астында жазған өлеңi еске салып отыр. Бұл бiр жағынан қанқұйлы қас дұшпанмен украин жерiнде арыстандай айқасып, жорық жолдарын жыр жол­дары­мен өрнектеген ақын ағаларымыз­дың еңбегiне орай сыйға сыйы, жырға жыры сияқты өлең. Осыны қазақ оқыр­мандарының қатерiне жеткiзсек деп едiм... Ақын iнiм осылай бiраз шалқып барып тоқтаған едi. Бұл сексенiншi жылдардың аяғы болатын. Сол сапардан оралысымен Бақытжан бiрден-ақ бел­гiсiз батырдың ата-анасын, ағайын-туғандарын табуға талпынды. Алайда Алматыда кiмге жолығып, кiмнен сұраса да, қаһарман қыздың өмiрi жайында бiлетiн тiрi пенде табылмады. Сондықтан ол өлеңнiң авторын iздеуге кiрiстi. Өлеңнiң авторы жас сержант Михаил Левченконың өлi-тiрiсiн, ­кейiн­гi тағдыр-талайын бiлгелi талай жерге сұрау салды. Ақыры, оған Чернобыль АЭС-i үшiншi энергоблогының шаты­рында өзiмен тiзе қосып жүрген украин ақыны Анатолий Славута-Логвиненко көмектестi. Ол кезiнде Бақытжанның апатқа ұшыраған атом электр стансасына арналған «Припять үстiндегi ләйлек» атты жинағын украин тiлiне аударған қаламдасы болатын. Бақса, Михаил Александрович ­Лев­ченко қазiр Одесса университетiнiң профессоры, филология ғылымдарының докторы екен. Полтава топырағында дүниеге келген ол соғысты қатардағы жауынгер болып бастап, сержант шенi­мен аяқтапты. Полктiң барлаушысы, Төртiншi Украин майданының дивизия­лық газетiнiң әдеби қызметкерi болған екен. Сұрау сап өзiн iздеп жүргенiн бiле сала ол бiрден үн қатып жауап жазыпты. Михаил Александровичтiң қазақ ақы­нына жолдаған хатының ұзын-ұрғасы мынандай. «Менiң өлеңiм Алтыншаш Нұрғожи­но­ва­ның өзiм көзбен көрiп, куәсi болған ересен ерлiгiнiң iзi суымай жатып жазылған едi. Мәселе былай болған. Ол кезде мен «Патриот Родины» газетiнiң қатардағы қызметкерi едiм. Майданда материал жинап жүрiп бiр топ солдат­тармен және офицерлермен бiрге немiс фашистерiнiң қоршауында қалып қой­дым. Менiңше, бұл Котовица маңында болса керек. Жағдай тым қиын едi. Кенет жауынгерлердiң арасынан қарша­дай бiр қазақ қызы шыға келдi де, қорғаныс ұйымдастырып алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бiр танкiсiн отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп iлгерi ұмтылғанда, тасадан екiншi темiр тажал шыға келгенi ғой. Әлгi қыз жай-күйге қарамастан, соған қарсы ұмтылды. Өзi де мерт болды, жолдастарына да жол ашты. Бұл осы батальонның комсоргы Алтыншаш Нұр­ғожинова екен. Өлген­нен кейiн оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсын­ды. Кейiн қарулас достары Мәскеуде болып, қыздың туған-туыс­қандарын тауып алып, менiң өлеңiмдi көрсетiптi. Олар менi қонаққа шақырды. Алайда жағдай болмай, бара алмай қалдым. Сонымен байланыс үзiлдi. Жылдар жыл­жып, уақыт зулап, ол бiр отты оқиғаның кейбiр тетiктерiн жады­мыздан өшiрiп те тастады ғой. Алайда бiр менiң ғана емес, ондаған, жүздеген жолдастарының өмiрiн аман сақтап қалған қаһарман қазақ қызының бейнесi көз алдымда тұрады да қояды. Алматыға арнайы қонаққа шақыр­ғаның үшiн мың да бiр рахмет саған, Бақытжан! Бiрде ондағы бiр ғылыми конференцияға қатысқаным бар едi. Астаналарыңды аралап, халқыңның қонақжайлығына дән разы болғанмын. Хат жазып тұр. lздеу салған iсiңе хал-қадерiнше көмек берермiн. Сау бол, бауырым. Өзiңнiң М.Левченкоң». Хатты алғаннан кейiн Бақытжан өзi жинаған кейбiр деректердi келтiре отырып, республиканың орыс тiлiндегi жастар газетiне шағын мақала жария­лады. Оған кейбiр қазақ қаламгерлерi де атсалысты. Бiрақ Алтыншаш туралы айтарлықтай тың деректер қолға түспедi. Оқырманы көбiрек қой деп «Казправ­даға» да жазып едi, одан да ойдағыдай нәтиже шықпады. Дегенмен, тақ-тұқ деректер табылмай қойған жоқ. Қарулы күштер министрлiгiнiң мұрағатындағы деректерге қарағанда, Алтыншаштың қысқа да нұсқа ғұмыры былай өрiледi. «Гвардия лейтенанты Алтыншаш Өскенбайқызы Нұрғожинова 1924 жы­лы Мәскеу қаласында дүниеге келген. 1941 жылдың тамызынан Қызыл армия қа­тарында. Әскерге Мәскеу қаласының Сталин аудандық әскери комисариаты ар­қылы шақырылған. Комсомол ұйым­дастырушыларының алты айлық курсын тә­мамдаған соң Орталық, Воронеж және Украин майдандарында жаумен шай­қасқан. Алғаш 8-гвардиялық ди­ви­зияның бiрiншi батальонының ком­со­р­­­гы болады. 1942 жылғы желто­қ­санда жараланып, госпитальға түседi. Госпи­тальдан шыққаннан кейiн бiрiншi танк армиясының 24-іншi жеке механи­калан­дырылған құрамының санитарлық бөлi­мiн­де медбике болып iстейдi. 1943 жыл­ғы қарашада қайтадан жараланады. Ауыр жарақаттан жазылып шығысымен 1944 жылдың наурызында 237-ат­қыш­тар дивизиясының 835-атқыштар полкiнiң бiрiншi батальонына комсорг болып барады. Ең ақырында 1944 жылғы шiлдеде 70-атқыштар дивизиясының 207-атқыштар полкiнiң екiншi ба­тальо­ны­на комсорг болады (Мiне, М.Лев­ченко қызмет еткен батальон осы). 1944 жылғы 2-қазанда қаза тапты. Польшадағы Краков воеводствосының Лугмян ауданындағы «Гуто-Полянск» елдi мекенiнiң терiстiк-батыс жағына жерлендi. Өлгеннен кейiн «Қызыл Жұлдыз» орденiмен марапатталды». КСРО Қорғаныс министрлiгiнiң мұра­ғатындағы картотекаға жазылған қыс­қаша қасаң дерек осы. Қазақтың қаһарман қызы Алтын­шаш Нұрғожинованың ғұмырнамасы қысқаша осындай. Ой көзiн жете жiберiп қарар болсақ, осының өзiнде қаншама қажыр-қайрат, жалын-қуат жатыр десеңiзшi. Он жетi жасында соғысқа өзi тiленiп барған қаршадай қыз алапат шайқастың күллi от-жалынын бастан-аяқ кешiп өткен. Бiр емес үш рет жараланса да, қайсар қыз қас дұшпанын жер жастандырмай тыным таппасқа белiн бекем буған. Солай бола тұра, қаһарманның ерлiк жолы күнi бүгiнге дейiн елдес­терiне де, жерлестерiне де кеңiнен мәлiм болмай келгенi қынжылтады. Бiр ук­раин ақынының сонау сұрапыл тұстағы жалғыз жыры болмаса, оның есiмiн еш­кiм еске де алмайтындай түрi бар. Рас, сұ­рау салынып, iздестiру жұмыс­тары iл­ге­рiлi-кейiндi жүрiп жатыр. Тағы бiр қын­жыларлығы, Польшада шыққан екi томдық атақты «Память» деген кiтапта өз жерiнде жатқан жерлесiмiздiң есiмi бол­май шықты. Ал оның өзi соғысқа дейiн ата-анасымен бiрге тұрған Мәс­кеу­дiң Үлкен Полянасындағы №19 үй­дiң үшiншi пәтерiнде қазiр мүлдем басқа адамдар тұрады екен. Тым құры­ғанда Ал­тыншаштың шағын суретi де қолға түспей қойды. Суретi болса батыр қыз­дың бет-бейнесiн көрiп, көңiлдi бiр дем­дер едiк қой. Қалай айтқанмен, ешкiм де, ештеңе де iз-түссiз кетуге тиiс емес. Кiм бiлсiн, Алтыншаштың туған-туыстары басқа жаққа көшiп кеткен болар. Әлде кешегi саптыаяқтан су iшiп, сабынан қарауыл қарап, екi көздiң бiрiн бiрiне аңдытып қойған зар заманнан запы болған жандар ма екен? Не 37-нiң зұлматына ұшырап әбден зәрезап бо­лып, бас көтеруге жүрексiнiп жүр ме? Әйтеуiр, Алтыншаштың туғандары тегiн жандар болмасқа керек. Мәскеуде тұрғанына қарағанда, не Алаш арда­герлерiнiң, не алғашқы қазақ оқыған­дарының бiр жақындары болуға тиiс. Ата-анасы өмiрден өтсе де, ағайын-туғаны, жа­қын-жұраты бар шығар. Солар үн қатып, жауап жазса, қаһарман қыз­дың өмiр жолын айшықтай түсер деген ойдамыз. Мiне, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығын торқалы той етiп атап өткелi қызу әзiрлiк жасап жатырмыз. Есiмi елге аян ардагерлерге қошемет көрсетемiз. Баяғы барға қанағат, жоққа салауат дейтiн дағдымыз. Әйтеуiр, бертін қазақтың қаһарман қыздарының тобын үшiншi болып даңқты ұшқыш Хиуаз Доспанова толықтырды. Оның баяғыда берiлетiн батыр атағы алпыс жылдан кейiн келiп иесiн әрең тапты. Ал Алтыншаш Нұрғо­жиновадай әлi лайықты атағын ала алмай жүрген белгiсiз батырлар баршы­лық шығар. Қанды-қасап соғыстың көген түбiндегi көнекөз куәгерi, Алтын­шаш жасаған ересен ерлiктi өз көзiмен көрген М.Левчкенконың айтуына қарағанда, ол сол кездiң өзiнде-ақ Кеңес Одағының Батыры атағына ұсы­нылған екен. Ол атақ «Қызыл жұлдыз» орде­нiмен алмастырылыпты. Бұның таңда­нарлық ештеңесi жоқ. Ондайға бiздiң етiмiз үйренiп кеткен. Рейхстагқа тұңғыш жеңiс туын тiккен Рақымжан Қошқарбаевтың да батыр атағы кезiнде дәл осы орденмен алма­с­тырылған жоқ па едi!? Отан ортақ болғанмен, Орталық­тың ала қойды бөле қырқып, ұсақ ұлт өкiл­дерiнiң ерен ерлiгiн елеусiз қал­дыруға тырысқанын несiне жасы­рамыз. Бұл да сондай бiр солақай­лықтың кесiрi де. Әйтпесе, Әлия, Мән­шүк, Хиуаз сияқты қаһарман қазақ қыздарының қатарын Алтыншаш то­лық­тыра түссе, нұр үстiне нұр емес пе?! Бүгiнде саяз ойлап, таяз жүзетiн кейбiреулер «Отан үшiн!» деп жау дзотының аузын омырауымен жауып, танкiге қарсы атылып, опат болған сол бiр жүрек жұтқан ағалары мен апала­рының ерлiгiн есерлiк, жанкештiлiгiн ерсiлiк санайтын сыңай танытады. Тiптi бұл бiр бас­тан орыс пен немiстiң арасындағы соғыс, оған қазақтың қан­дай қатысы бар деп соғатындар да бар. Ал сол Ресеймен iргелес өзiнiң туған жерi – Қазақ елi жатқанын, орыс орманын алған дұшпанның қазақ қор­ғанын да талқандайтынын ескермейдi. Осы орайда өзi де сыбағалы атағын кезiнде ала алмаған Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың мына сөзiн еске ала кеткен артық болмас. «Жоқ ағайын, жаланың да жаласы, жамандаудың да жамандау шегi болу керек қой!» деп жазған еді ол «Қа­зақ әдебиетi» газетiнде. – Шын­дықтан аттамайық. Жетпiс жылдай Кеңес Одағы құрамында болған кезеңiн­де жаман болсын, жақсы болсын, өз тарихымызды өшiруден, шындықты бұрмалаудан аулақ болайық. Кеңес халқының бұл жанқиярлық ерлiгiн жоққа шығару – тарихқа қиянат». Ал ол ерлiк тарихын Алтыншаш Нұрғо­жинова сияқты саңлақтар қасық­тай қанымен жазып кеткенi айдан анық.

4349 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы