• Тұлға
  • 01 Мамыр, 2014

Әділдікті ту еткен қаламгер

1978 жылдары  мен Қазақ радиосының балалар мен жастарға арналған хабарлар бас редакциясында редактор болып қызмет атқаратынмын. Сол жылы біздің редакцияға КазМУ-дың журналистика факультетінің бірнеше студенті өндірістік тәжірибеден өтуге келді. Солардың ішінде ерекше көзге түскені өзіміз тілге тиек еткелі отырған Талғат Айтбайұлы болатын. Талғат алғашқы күннен бастап-ақ қаламының қарымын таныта білді. Жазған материалдары бәріміздің көңілімізден шықты. Сондықтан болар оған әрқайсымыз тапсырма беруге тырысатынбыз. Талғат болса тапсырманы мүлтіксіз орындап, өзгелерден ерекшелене түсті. Көп ұзамай-ақ студент болса да редакция меңгерушісі Кемелбек Шамантай оны штатқа алуға ұсыныс жасады. Редакцияның бас редакторы Нәзила Баймұратова да мұны құба-құп көрді. Сөйтіп, ол «Пионер серігі» хабарын жүргізе бастады. Хабарға леп кіргізіп, өзінің іскерлігін танытты. Талғат Фурманов пен Қажымұ­қан көшелерінің қиылысында, ал мен бол­сам қазіргі Достық даңғылының бойын­да тұратынмын. Үйіміз жақын болғандықтан, жұмыстан соң үйге бірге қайтатынбыз. Жол жөнекей әңгіме-дүкеннің қызығымен межелі жерге қалай жеткенімізді аңғармай қалушы едік. Біз осылайша достасып кеттік. Талғаттың қаламының қарымын байқаған сол кездегі «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижанов Талғат­ты аттай қалап, «Қазақстан пио­нері» га­зетіне қызметке алып кетті. Қанша жерден қимасақ та талантты журналистің болашағына кедергі бола алмадық. Талғат «Қазақстан пионері» газетіне барған бетте-ақ өзінің қаламының ұшқырлығымен көзге түсті. Көлемді-көлемді қызықты материалдары газет бетінен түскен жоқ. Ең бастысы балалардың жүрегіне төте жол таба білді. Радиодан да алыста­май бізге жақсы хабарлар жасап тұр­ды. Көп ұзамай Нұрбақыт есімді қыз­ға үйленіп, шаңырақ көтерді. Талғат Айтбайұлы журналистика саласында ірі-ірі тақырыптарға қа­лам сілтеген азамат. Оның қай мақа­ласын оқысаң да ұлтжандылығын, отан­шылдылығын аңғару қиын емес. Мұның бәрін тізіп жаза беретін болсақ, бір кітапқа жүк болары сөзсіз. Менің ерекше бір сүйсінетінім Талғаттың адам­гершілігі, мейірімділігі, достыққа адалдығы. Содан да болар оның дос-жарандары өте көп. Қашан көрсең үйінен адам арылмайды. Ал Нұрбақыт келген қонақтардың бәрін жайдары қарсы алады. Сонау сексенінші жылдардың бас кезі болатын. Ойламаған жерден Талғаттың бір інісі қайтыс болды. Дос-жарандардың барлығы қабырғамыз қайысып, оған көңіл айттық. Арада бірнеше ай өткен соң Талғат «інімнің басына көк тас қойсам деп едім, соған бірге барып қайтсақ қалай болар екен» деп көңілде жүрген ойын айтты. Бірден келісе кетіп, ертеңіне жолға шықтық. Талғаттың туған ауылы «Қошқар атаға» келіп жеттік. Ескерткіш пен қоршауды дайындатып қойған екен. Бірақ тас түсіретін көлік табылмады. Талғаттың бірге оқыған шенеунік сыныптасы уәдесін бергенмен жеме-жемге келгенде қара көрсетпей кетті. Бұған ренжіген Талғат жоқ. Інісінің басына ескерткіш орнаттық. Талғаттың анасы оннан аса құрсақ көтерген батыр ана. Бауырлары баршылық, біразы ауылға жақын жерде тұратын. Соған қарамастан алыстағы Алматыдан барып, інісінің басына ескерткіш орнату адамгершіліктің, бауырмашылдықтың белгісі емес пе?! Әйтпесе, сол шаруаны ауылда тұратын бауырлары бітіре салса болатын еді ғой. Осыдан-ақ Талғаттың қандай азамат екенін аңғару қиын емес. Иә, айта берсек Талғаттың мұндай аза­маттылығы өте көп. Ауылдан жырақ жүрсе де туған ауылына деген көмегін еш аяған емес. Ел-жұрт қиналса бірге қиналады, қуанса бірге қуанады. Бұл оның қаламгерлерге тән мінезі. Талғат Айтбайұлы «Қазақстан пио­нері» газетінде он жылдай қызмет ат­қарды. Бөлім меңгерушісі, одан кейін газеттің жауапты хатшысы болды. Қазақ радиосының «Шалқар» бағ­дарламасында жұмыс істеп, Қазақстан Жазушылар одағының аударма алқа­сында қызмет атқарды. Бұл жерге оны қазақтың мақтан тұтар ұлда­рының бірі – жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбеков шақырған еді. Осында жүріп, «Әлем» альманағын шығаруға қатысты. Орыс жазушысы Валерий Михайловтың «Ұлы жұттың жазбалары» деген кітабын қа­зақшаға аударды. Кітапта Қазақстанда қолдан жасалған ашаршылықтың құр­бандықтары жайлы ащы шындық айтылған еді. Бұл талайлардың көзін ашты. Ата-бабаларының қандай қыр­ғынға ұшырағанын оқырман осы кітап арқылы оқып білді. 1993 жылдан бастап Талғат Алматы телеарнасында саяси шолушы болып қызмет атқарды. Осы тұста ел «Бәйтерек», «Барбол», «Жамбыл» атты деректі фильмдердің сценарийін жазды. Кезінде бұл фильмдер көрермен қауымның жақсы бағасына ие болды. 1994 жылы Талғат «Халық кеңесі» газетінде бөлім меңгерушісі, одан кейін «Арай» журналында бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Білікті қаламгер бұл басылымдарда да оқырман көңілінен шыға білді. 1997 жылдан бастап Талғат баспагер­лікке біржола бет бұрды. Сонау 1960 жылдан бастап жиырма бес нөмірі жарық көріп, кейін шығуы тоқтап қалған «Жыл он екі ай» альманағын қайтадан жаңғыртты. Бұл күнде журналдың 57 саны жарық көрді. Айта кетер бір жайт, Талғат Айтбайұлы билік тарапынан бір тиын көмек алмастан, бұл журналды өзінің қаржысымен шығарды. Талғат Айтбайұлы сирек ғасырдай Жел­­­­тоқсан көтерілісінің халық тарихында қаншалықты биік орын алатынын зерттеп жүрген қаламгер. Ол сонау 90-жыл­дардың бас кезінде-ақ өзінің жеке қаржы­сымен «Желтоқсан – 86» деген серия­лық кітаптарын шы­ғарды. Содан бері бұл та­қырыпты назарынан әсте тыс қалдырған емес. Газет-журналдарға қаншама материалдар жазды. Қаржы тапшылығына қарамастан өзінің қайрат-күшімен, жеке қаражатымен көлемді-көлемді жеті томдықты оқырман назарына ұсын­ды. Таралымы аздау болса да, бұл кітаптың келер ұрпаққа берері мол. Журналистика саласында өзінің оң бағасын алған Талғат Айтбайұлы келе-келе жазушылыққа біржолата бет бұрды. Көптеген кітаптар жазды. Соның ішінде «Нан мен тер», «Ән әлемінің Әбиірбегі», «Мың бір түн» деректі романы, «Қазағым деген біз бармыз» атты романы көпшіліктің көңілінен шыққан шығармалар. Ендеше, Талғатты әдебиет әлемінде ойып тұрып орын алған қаламгер деуге әбден хақымыз бар. Болат Оңғарбай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

18429 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы