• Тіл
  • 01 Мамыр, 2014

Сауалнама жауаптарын сараптасақ...

Жақында ғаламтордағы voxpopuli.kz сайты қазақ тілін білмейтін қазақтардың арасында «Почему я не знаю казахский язык?» деген тақырыпта сауалнама жүргізіпті. Бұл сауалнамаға берілген жауаптарды оқып отырып, әжептәуір ойға қаласың. Азаматтардың сайтта келтірілген пікірлері олардың жеке пікірлері болса да, қоғамда мемлекеттік тілге байланысты әртүрлі көзқарастың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Енді соларды сараптап көрсек.  Мәселен, Дәния есімді студент қыздың жауабына назар аударсақ, ол былай дейді: «Қазақ тілінде сөйлей бастағанымда, бірде-бір орысша сөз білмейтінмін. Кейін менде орыстілді достар пайда болды. Соның әсерінен мен қазақ тілінен алыстап кеткендай болдым» деп жауап беріпті. Дәнияның басындағы жағдай өзге де орыстілді қазақ жастарында жоқ емес деп кім айта алады? Баланы – көше тәрбиелейді деген ұғымның бір ұшы осында жатқан жоқ па? Бүгінде сол орыстілді достарының әсерінен қазақ тілін ұмытып кеткен жастар қаншама. Отбасы қазақша сөйлегенімен, бала тілінің өзгеруіне қоршаған достарының ықпалы көп әсер еткен. Бұл да бүгінгі қоғамның шындығы. Өзін контент-менеджер деп таныстырған 21 жастағы Әлібек есімді жігіт мектепте қазақ тілінің грамматикасын жақсы меңгерсе де, сөйлеу тілін меңгере алмағанын айтыпты. Ал оның негізгі себебі ретінде «айналамдағы адамдардың барлығы орыстілді болды» дегенді алға тартыпты. Әлібектің отбасы мүшелері де бір-бірімен орыс тілінде сөйлеседі екен, тек әкесі ғана қазақ тілінде жиі сөйлейді. «Біздің Үкімет мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту сапалы жүріп жатыр ма? деген мәселе қоюы керек» депті. Бұл азаматтың сөзінен қазақ тілін білуге деген ынтасының бар екені сезіліп-ақ тұр. Бірақ соған қарамастан ол ауызекі сөйлеуді мектеп қабырғасында жүріп үйреніп шыға алмаған. Орыс мектептерінің түлектері қазақ тілін білмей шығатыны жалғыз бүгін айтылып жүрген мәселе емес. «Ана тілі» газетінің бетінде «Орыс мектебінде қазақ тілі қалай оқытылуда?» деген тақырыпта мақала жазғанбыз («Ана тілі» газеті, №45 (1199). Материалды жазу барысында, Алматы қаласын­дағы жалпы білім беретін орта мектептерді де біршама аралап көрген едік. Сонда байқағанымыз, түлектер грамматикадан хабары болғанымен, ауызекі сөйлеу дағдысын тіпті де меңгермеген. Әлібектің айтып отырғаны да осы. Демек, қазақ тілінің тәжірибелік тұрғыдан үйретілу мәселесіне үлкен көңіл бөлетін кез жетті. Ана тілін білмейтін қазақ жастарының сауалнамаға білдірген жауаптарымен танысу барысында 21 жастағы Кәрім деген азаматтың пікіріне назар аудардық. Кәрім де отбасы мүшелерінің бір-бірімен орысша сөйлесетінін айтыпты. Оның жауабынан байқағанымыздай, ол қазақ тілін үйренуге онша құлықты еместей көрінді. Бұл шын мәнінде алаңдаушылық білдіретін жағдай! Өйткені тілімізді келешекке апаратын жастар емес пе?! Сауалнамаға қатысқан жастардың барлы­ғы дерлік осындай көзқараста деп айта алмай­мыз. Мәселен, 20 жастағы Салтанат есімді қыздың мамандығы – дизайнер екен. Ол өзінің үш жасында қазақша балабақшаға барғанын, бірақ мектеп жасына жеткенде ата-анасы оны орысша оқытатын лингвистикалық мектепке бергенін айтыпты. Отбасы мүшелерінің көбісі негізінен орыстілді екен. «Үлкендермен қазақ тілінде сөйлесеміз. Мен қазақ тілінде айтылып тұрған сөзді түсінемін, бірақ ана тілімде сөйлеуге шорқақпын. Жұмысымда да қазақ тілін жетік білмеуім кедергі келтіреді» дей келіп: «Мемлекеттік тілдің Америкада, Франция, Германиядағыдай өз дәрежесіне көтерілетініне сенемін. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі тиіс» депті. Салтанаттың сөзінен байқағанымыздай, ол қазақ тілін жетік білмейді, бірақ үйрену керек деген пікірде жүргендердің бірі. Бірақ олардың сол ниеттерін жүзеге асыруға талаптанбайтындары өкінішті-ақ. Әнуар есімді қазақ жігітінің жауабына назар аударалық. Ол былай дейді: «Интуитивті түрде мен қазақ тілін түсінемін, бірақ грамматиканы білмеген соң дұрыс жауап бере алмаймын. Менің бірде-бір сыныптастарым және курстастарым оқу орнының қабырғасында жүріп қазақ тілін үйреніп шыға алмады». Бұл да еліміздің оқу орындарында қазақ тілі пәнінің нәтижелі оқытылмайтынына дәлел болса керек. Ал ақсақал жасына жеткен Бекзат Қайырбекұлы деген зейнеткердің қазақ тілі туралы айтқан мына бір пікірі тіпті жағамызды ұстатты: «Мен білімді орыс тілінде алдым. Қазір барлық ата-аналар өз балаларына ағылшын тілін үйретуге күш салуда. Қазақ тілінің болашағы жоқ. Әлемдік аренаға шыға алмайды. Меніңше, әлі де екі-үш буын ұрпақ орыстілді болып қала береді. Егер байқасаңыз, троллейбуста, автобуста, метрода, театрда, барлық жастар керек кезде орыс тілінде сөйлей жөнеледі. Ана тіліңді, әрине, білу керек, бұл мәселенің моральді жағы, бірақ жалғыз моральмен өмір сүре алмаймыз ғой». Осындай сөз ақсақал айтатын сөз бе? Жастарға ренжіп отырсақ, ата жасына жеткен азаматтың мына сөзі, тіпті де орынсыз екен. Мемлекеттік тілдің кең өріс ала алмай келе жатқанына қоғамдағы осындай жөнсіз пікірлердің де әсері жоқ емес. Біздің мемлекет ретінде бағытымыз – айқын, бағдарымыз белгілі. Мемлекеттік тіл саясатының да көздеген межесі «2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс» деген меже. Демек, қазақ тіліне қарсы пікір айтудың ешқандай жөні жоқ. Мемлекеттік тілдің мәртебесі Ата Заңымызда да, өзге де заңдарымызда айқындалған. Ал ендігі кезекте Қазақстанда өмір сүріп жатып, қазақ тілін білмеу ол сол азаматтың өзіне сын. Дәукен Жұматұлы

7855 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы