• Руханият
  • 07 Мамыр, 2014

Бабалар рухы – жастардың жігер-күші

Қазақстан Қарулы Күштері күні қарсаңында белгілі әскербасы, Қазақстан Қарулы Күштерінде 40 жылдан астам қызмет еткен генерал-лейтенант, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Бөлекбайұлы Тасболатовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Аймақтар тірлігімен танысып жүрген халық қалаулысы уақыт тауып, біздің сауалдарымызға жауап берді. – Абай Бөлекбайұлы, Қазақстан Қару­лы Күштері қазіргі заманға сай қалай жарақ­тандырылуда? – Тәуелсіздік алған 22 жыл ішінде еліміздің экономикасы айтарлықтай дамып, өмірімізде елеулі өзгерістер болды. Қазақстан өркениет көшінде кейін қалмай, дамыған елдер қатарына қосылу жолында үлкен жолдан өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде әлем таныған, мойындаған тәуелсіз еліміздің өркені өсіп, жаңа биік белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр. Жұрттың есінде шығар, алғаш тәуелсіздік алған жылдары қандай едік, бүгін қандай­мыз?! Қазақстанның Қарулы Күштері де елмен бірге дамып, елмен бірге заманауи талаптарға сай жетіле түсуде. Қазақстан Президентінің Жарлығымен 1992 жылы құрылған Қарулы Күштер алғашқы бес жылда біраз қиыншылықтарды бастан кешірді. Әскери кадрлар жетіспеді. Ескі техника, жанармай тапшылығы қолбайлау болды. Бір танкіні жүргізіп, бір тікұшақты ұшыру қиындық келтірді. Әскерилерге уақытында жалақы берілмеді. Соның бәріне төзіп, шыдамдылық көрсетіп, тұйықтан шыға білдік. Қазақстанның әскери тарихында осы алғашқы қалыптасу кезеңдері жазулы тұр. Ал бүгінгі әскеріміз қандай? Қарулы Күш­тердің алдында үлкен міндеттер тұр. Жыл сайын паркімізді әскери техниканың соңғы үлгілерімен белгілі деңгейде жаңартып келеміз. Бұл процесс енді бір 8-9 жылда Қарулы Күштерімізді әлемдік озық негізгі әскери күштер талаптарына сай толығырақ жарақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде мына бір жайға назар аудару керек. Әлемнің бірде-бір елінің армиясы қазіргі заманғы әскери техникамен 100 пайыз қамтамасыз етіл­меген. Өйткені әр техниканың белгілі уақытта ауыстырылуға тиісті өмір сүру циклі болады. Мерзімі келгенде конструкторлар оларды одан әрі жетілдіру, қуатын арттыру бағытында жұмыстар жүргізеді. Сол тұрғыдан келгенде біздің Қарулы Күштерімізде де стратегиялық маңызды көрсеткіштер үнемі анықталып отырады. Мәселен, әлемдік әскери қару нары­ғын­дағы өзгерістерді, соңғы кездерде әр жерде болып жатқан соғыстар мен қарулы қақтығыстарды зерт­тей отырып, Қорғаныс министрлігінде, Бас штабта осы негізгі көрсеткіштерді ұдайы үйлестіріп отыруға назар аударылған. Ал бұл Қарулы Күштеріміз ең озық әскери техникамен жарақтандырыла береді деген сөз. Мемлекет тарапынан әскерилер үшін барлық жағдай жасалған. Қарулы Күштер бөлімдері үнемі түрлі деңгейде оқу-жат­тығулар өткізіп, әскери шеберлігін, кәсіби біліктілігін көтеріп отырады. Біз Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын­дамыз. Жыл сайын ұйымға мүше мемлекеттер әскерлерімен бірге әскери жаттығуларға қатысамыз. Жылдам әрі шалт қимылдайтын мобильді әскеріміздің бары сол жаттығуларда анық байқалады. Заманауи техника мен қару, білікті әскери мамандар кез келген жағдайда алға қойған мақсатына жете алады. Әскері қуатты ел алаңсыз өмір сүреді. Бүгін Қазақстан Қарулы Күштері сол тұрғыда жан-жақты жетілдірілу үстінде. Ендеше, еліміздің тыныштығы берік қолда деу керек. – Мәжіліс депутаты ретінде сізді әскери­лердің әлеуметтік жағдайына қатысты қандай мәселе мазалайды? – Мен Мәжілістегі Халықаралық істер, қор­­­ға­ныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет мүшесімін. Бұл бағытта қыруар жұ­мыстар ат­қарылды. Әрине, әскердегі азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақ­сарту, олардың алаңсыз қызмет етуі үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызу парызымыз. Мемлекет тарапынан бірқатар жеңіл­діктер қарастырылған, пәтер мәселесі шешімін табуда. Әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүддесі айтарлықтай қорғалған. Мен барынша зейін қойып жүрген тағы бір мәселе – Қарулы Күштер қатарынан босаған зейнеткерлердің әлеуметтік жа­ғынан қорғалуы. Бұл да күн тәртібінен түспейтін іс болуы керек. Ауған соғысында интернационалдық борышын өтеп қайт­қан жауынгерлер мен басқа да қарулы қақ­­тығыстарға қатысқан азаматтар Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген. Меніңше, оларды да соғысқа қатысқандар ретінде мәртебесін айқындау керек. Осындай мәселелерді шешу үшін бірқатар шаралар атқаруға тура келеді. Депутат ретіндегі парызым – осы және Қарулы Күштер өміріне қатысты басқа да толып жатқан істер. – Жастар бойында әскери-патриоттық сезім қалыптастыру сіздің әскери өміріңіздегі басты принциптердің бірі болғанын білеміз. Қазіргі жағдайда осы мәселе қаншалықты лайықты жолға қойылған? – «Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, ол жанбаса лапылдап, кім жанады лапылдап?!» демей ме Назым Хикмет. Сол айтпақшы, жастарымыздың қай-қайсысының кеудесінде елім, жерім деген намыс оты жанып тұруы керек. Ол үшін балабақша, мектеп, жоғары оқу орны, жұмыс орны, әскер болсын, қай жер­де де отаншылдық, туған жерге деген сүйіспеншілік тұрғысында жұмыстар жүргізілуі тиіс. Мен қай қызметте болсам да, осы жағына үнемі баса назар аудардым. Жас сарбаздарды бұрынғы еңіреп өткен ерлеріміз бен ел қорғаған батырларымыз рухымен, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Әлия мен Мәншүк сияқты қазақтың өзге де қайсар ұл-қыздары үлгісімен тәрбиелеу қажет. Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­­стан Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтудағы рөлі туралы баяндайтын «Жоғары Бас қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі» деп аталатын еңбегімді жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында жаздым. Сонымен бірге «Дауылпаз баба – Қожа­берген» кітабын құрастырып шығардым. Осы тәрізді жастар санасына тиімді әсер ететін, оң жолға бағыттайтын кез келген тәрбиелік жұмыстарға маңыз берген жөн. Оның формасы мен түрі әртүрлі болуы мүмкін, бірақ бағыты ортақ. Ол – патриотизм! Әңгімелескен Ғазиз Құрмашұлы

18646 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы