• Тұлға
  • 07 Мамыр, 2014

Бекзат болмыс

Болмысынан бекзат, әрбір қадамын байқап басатын, әр сөзін аңдап айтатын, қандай жағдайда да қобалжып саспайтын, бармын деп мақтанып таспайтын, ақиқаттан ешқашан да бой тасалап қашпайтын, ойындағысын бүкпесіз жеткізіп, қараша демей, хан демей, қажет кезінде бетіне басып тікесінен тіліп тастайтын жандар болады бұл фәни дүниеде. Әйтсе де, ондайлар некен-саяқ, сиректеу кездеседі. Сол санаулының бірі бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Ғаббас Хисметуллин десек, сірә да қателеспейтін шығармыз. Бұл күндері жетпіс атты жотаның жалынан ұстап, желкенін керген ағамыз қа­сиетті де киелі Нарынның төріндегі Айбас құмының етегіндегі Елтай елді мекенінде өмірге келген. Әуелі осындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттап, кейіннен «Забурын» кеңшарының орталығындағы (қазіргі Зинеден ауылы) В.Куйбышев атындағы орта мектепте онжылдық білім алып шығады. Бір жылдан соң Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік институтқа оқуға түсіп, осы жоғары оқу орнынан азаматтық құрылыс инженері мамандығын меңгереді. Еңбек жолын сол кездегі «Гурьевводстрой» тресіне қарасты №17 жылжымалы механикаландырылған колоннада құрылыс учаскесінің шебері болып бастайды. Кейіннен үш жылдай осы мекемеде бас инженер қызметін атқарып, «Казгипроводхоз» ғылыми-зерттеу институты жобалау бөлімінің меңгерушісі – бас жобалаушы лауазымына ауысады. Соңынан құрылыс материалдары комбинатында жауапты жұмыстарды атқарып, кәсіпорын басшылығына тағайындалады. Сөйтіп, жалпы еңбек өтілінің алғашқы сегіз жылын Су шаруашылығы министрлігіне қарайтын құрылымдарда өткізеді. Бұдан арғы жиырма жылын аға­мыз партия-кеңес органдарындағы жұ­мыстарға, қазіргіше айтқанда, мемлекеттік қызметке арнайды. Осы кезең аралығында институт қабырғасында алған кәсіби мамандығына қоса Ғабекең Алматы жо­ғары партия мектебінде білімін жетіл­діріп, саяси жағынан да шыңдалады. Әуелі қа­­ла­лық, содан соң облыстық партия ко­митеттерінде нұсқаушылықтан бас­тап, бөлім меңгерушісі, т.б. жауапты қыз­меттерді атқарып, тапсырылған іске тия­нақтылығымен, қай жұмысты да тиісті деңгейінде ұйымдастыра, өзгеге де, өзіне де қатаң талап қоя білетін қызметкер, басшы ретінде танылады. Ғаббас Хисметоллаұлының өміріндегі ең бір белесті де айшықты кезеңдердің бірі бұрынғы Ембі, бүгінгі Жылыой ауданында қызмет істеген жылдары еді. 1986 жылдың мамыр айында осында аудандық атқару комитетінің төрағалығына тағайындалады. Өңір басшылығының (ол кезде аупарткомның бірінші хатшысы Сағат Түгелбаев болатын) алдына аудан орталығы Құлсары поселкесін келешекте 140 мыңдай тұрғыны бар қалаға айналдыру, ол үшін бес бірдей жаңадан типтік жобадағы бес бірдей мөлтек аудан тұрғызу міндеті қойылды. – Әрине, айтуға оңай көрінгенмен, мұның өзі аса күрделі де қиын, өте жауапты тапсырма-тұғын. Көпқабатты тұрғын үйлер салынғандықтан әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымдар мен коммуникациялық жүйелерді тарту міндеті қоса жүктелді. Осыншама ауқымды жұмыстарды жоспарға сәйкес, белгіленген кесте бойынша ­ке­зең-кезеңімен орындап, нысандардың мерзімінде пайдалануға берілуін қамта­масыз ету мақсатында бар күш-мүмкіндіктер жұмылдырылды. Жоғары басшылықтың және салалық министрліктің ұйғарымымен республика көлемінде түрлі жұмыстарды атқаруға маманданған 12 құрылыс тресі құрылса, бірнеше облыс орталығында құрылыс материалдар комбинаттары іске қо­сылды. Осылайша ешқандай кідіріс, кедергісіз, ұйымдаса, білек біріктіре, тізе қоса жұмыс жасағанның арқасында өзі басшылық тізгінін 3,5 жылдың ішінде Құл­сарыда үш бірдей мөлтек салынып, балабақша, мектеп, емхана, мәдениет үйі мен кітапхана тәрізді әлеуметтік нысандар бой түзеді. Автомобиль жолдары мен темір жол желілері жөнге келтіріліп, асфальт жолдар төселді, табиғи газ бен су құбырлары тартылды. Әсіресе, осыған дейін тәулігіне үш сағат қана берілетін ауызсудың жеткізілуі біраз жақсарды. Ол енді бұрынғыдай Әмудариядан емес, облыс аумағымен өтіп жатқан «Қиғаш-Жаңа өзен» магистралды құбыры арқылы келетін болды. Су тазарту қондырғылары тұрғызылды. Өзекті мәселенің бірі саналып келген халықты күнделікті тұтынылатын нан өнімдерімен, басқа да азық-түлік түрлерімен қамту мәселесі шешілді. Бас-аяғы алты айда тәулігіне 20 тоннаға дейін нан пісіріп, дайындау мүмкіндігі бар ­зауыт пайдалануға берілді, – деп еске алады сонау қарбаласқа толы қиын да қызықты шақтарды ағамыз. Жүктелген міндетті абыроймен ат­қарып, көптің алғысы мен ризашылығына бөленіп, тәжірибесін толыстырып, елге аға болған ағамыз осы кездері іскерлігін көрсетіп, білім-білігін ортаға салып, қажыр-қайратын ортақ мүдде жолына жұмсады, бедел биігінен көрінді. 1989 жылдың аяқ шенінде Атырауына қайта оралған ағамыз облыстық партия комитетіндегі жауапты қызметтерін жалғастырып, кейіннен Кеңес өкіметі, компартия тараған кезде басқару жүйесіндегі жаңа құрылым – әкімшілік қызметке ауысады. Облыстық әкімшіліктің аппаратын басқарады. Қандай іс тапсырылса да тосырқай қарамайтын, жаңалық атаулыны жатсынбайтын, қай шаруаны атқарудан да тартынбайтын, батыл кірісіп кететін Ға­бе­кең бертінде, еліміз егемендігін, мем­лекетіміз тәуелсіздігін алған, экономикада нарықтық қатынастарға көшкен кезеңде де бірталай жұмыстың басын қайырды. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты тамақтандыру меке­месінде, Қазақстанда алғашқылардың қатарында құрылған «Болгарстрой» бір­лескен кәсіпорнында, «Қазхиммонтаж» республикалық холдингінің облыстағы өкілдігінде, Қарабатан кешенінде еңбек етіп, сеніп тапсырылған жауапты, лауазымды қызметтерде тумысынан болмысына тән тиянақтылығын, әрбір туындаған мәселені асығыстыққа бармай, байбалам салмай, байыппен шешуге тырысатын бекзаттығын танытты. Бұл жерде айрықша тоқталуға тұрарлық бір жайт, «Болгарстрой» БК-ның директоры болған мезгілінде, басқасын былай қойғанда «Каспийшельф» компаниясының қонақүй кешені, «Атырау» дене шынықтыру – сауықтыру кешені, Атырау мұнай өңдеу зауытының кеңсе ғимараты секілді заманауи үлгідегі жаңа нысандар мейлінше қысқа мерзімде салынып, қатарға қосылған-ды. Зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті еңбек демалысына шығып, еңбек ардагері атанған шақта да Ғаббас аға қатардан қалмай, өмірдегі бар көрген-түйгені мен жиған-тергенін кейінгі ізбасарларына, қала берді ұрпақтарына жалғастыруды мұрат тұтты. Онысын қағаз бетіне қаттап, кітап етіп, бастырып та шығарды. Бала күнінен қолына ұстап, ауыл мектебіндегі Хамит Әлмұханов сынды ұстазынан әліппесін үйренген қос шанақты, қоңыр үнді домбырасынан да бір елі ажырамай, өміріне серік, көңіліне көрік қып келеді. Халқымызға тән «әу» дейтін әдетінен жаңылмай, бірінде әуелетін ән шырқаса, бірінде бебеулетіп күй шертеді. Бала күнінен бір ауылда туып-өсіп, есейе келе көңіл жарастырып, жұптасқан, Құдай қосқан қосағы Күләш апаймен екеуі қосыла әндетіп, талай салтанатты отырыстың, қуанышты дастарқанның, жиын-тойдың сәні болып келе жатқандығына да куәміз. Қанша жерден жұмысбасты болса да қоғамның іргетасы саналатын отбасын алғы кезекке қоятын Ғаббас аға жанұялық өмірде де жан жарымен жарасқан, қос құлынындай көретін, шаңырағында дү­ниеге келген қос ұлына қамқор әке, олардан өрбіген немерелеріне ақылшы ата боп қарасқан абзал жан. Ата-аналарынан алған тәрбиесі мен үлгі-өнегесін өрісті, қарттықтарын бақытты да келісті етуді ойлаған Эдуард, Еркін ұлдары, Гүлнәр, Алиса келіндері, қала берді Дәурен, Дас­тан, Ділназ, Дәулет, Дамир есімді немерелері де ұлттық тәрбие ұлағатымен сусындаған ұлықты да қылықты ұрпақтар боп жетілуде. Адам баласының бұл тірліктегі басты арманы да, шын бақыты да, жанын жадыратар жақұты да осы емес пе?! Дәулетқали АРУЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Атырау

3805 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы