• Тарих
  • 15 Мамыр, 2014

«Туған ұлсың, Ер баба, қазағыңның бағына!»

7-мамыр күні Өскемен қаласында қазақ халқының даңқты қолбасшысы, қазақ-жоңғар соғысының ержүрек қаһарманы Қаракерей Қабанбай батырға ескерткіш орнатылды. Дәл сол күні Астанада өткен әскери шеруде Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақ халқының тәуелсіздігі үшін жанқиярлықпен күрескен батырларды ұлықтауға тапсырма берген еді. Бір күнде өтіп жатқан екі шара бір-бірін қуаттағандай әсер қалдырды. Қаракерей Қабанбай – XVIII ғасырдың ұлы қолбасшысы. Ол 1692 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында дүние есігін ашып, 1770 жылы өмірден озды. Көз ашқаннан жоңғар шапқыншылығына куә болып өскен Ерасыл (Қабанбай батырдың шын аты) есейе келе қанды майданның ортасында жүретін хас батырға айналды. Ұзақ жылдарға созылған қазақ-жоңғар соғысының ауыр кезеңі Қаракерей Қабанбай батырдың өмірімен тұспа-тұс келді. Ол Бұланты және Аңырақай-Алакөл шайқастарында қол бастады. Шайқаста көрсеткен ерліктерінің арқасында ел оны «Дарабоз», «Хан батыр» деп атады. Тарихшылардың айтуына қарағанда Қабанбай батыр Қытайға барған қазақ елшілігінің де құрамында болған. Бұл оның тек батыр ғана емес, білікті саясаткер екенін де көрсетеді. Батырдың Өскеменде орнатылған ескерткішінің биіктігі – 13 метр. Биік тұғырдың үстіне Қубас атына мінген, қолына найзасын ұстаған Қаракерей Қабанбай батырдың қола мүсіні қойылған. Ескерткіш белгілі мүсінші Нұрлан Далбайдың қолымен жасалды. Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев қатысты. Ақындар Ұлықбек Есдәулет пен Несіпбек Айтұлы жиналған жұрттың алдына шығып арнау өлеңдерін оқыды. Көтерілді өр тұлғаң тас тұғырға тағы да, Туған ұлсың, Ер баба, қазағыңның бағына! Тәжін киіп даңқтың, тоңын бұзып тарихтың, Батырлықтың өзіңсің қонған алтын тағына, – деген ақын Несіпбек Айтұлының өлең жолдары батыр тұлғасын айқын көрсеткендей. Бейбіт Нәлібаев

3537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы