• Әдебиет
  • 15 Мамыр, 2014

«Верныйды» Алматыға ауыстырған қайраткер

Саналы өмірін қазақ халқының сақталуы мен дамуы жолында сарп еткен Алаш ардагерлерінің қатарында Ораз Қиқымұлы Жандосовтың алатын орны ерекше. Ол қоғам және мемлекет қайраткері ретінде өзінің артында үлкен рухани мұра қалдырған бірегей тұлға. Биылғы жылдың мамыр айында Ораз Қиқымұлының туғанына 115 жыл толады. Ораз Жандосов 1899 жылы ақпан айында Алматы облысының қазіргі Қарасай ауданына қарасты Қаскелең ауылында дүниеге келді. Ол бар-жоғы 39 жыл ғана өмір сүрді. 1937 жылы сталиндік саяси репрессияның құрбаны ретінде ұсталып, 1938 жылдың 2-наурызында жазықсыз атылды. Көптеген Алаш арыстарына сталиндік тоталитарлық жүйе жапқан «Халық жауы» деген жала Ораз Жандосовқа да жабылды. Тарих таразысы Ораз сияқты арыстарды толықтай ақтап алды. Кеңес Одағының зорлықшыл, барлық халықты бір орталыққа қатал бағындырған тоталитарлық жүйесіне Ораз Қиқымұлы сынды озық ойлы, халық­тың мұң-мұқтажын бірінші кезекке қоя білетін, ұлттық тілінің, мәдениеті мен дәс­түрінің сақталуын қалайтын, еркін ойлы, әділетті адамдар қауіпті болатын. Тоталитаризм орталықтың айтқанын мүлтіксіз орындайтын, еркіндікті білмейтін кадрларды қалады. Қазақ халқының өзі де, озық ойлы азаматтары да бұл жүйеден аяусыз жапа шекті. Ораз Жандосовтың өмірі мен қызметін ерліктің үлгісі деп батыл айта аламыз. Себебі Ораз сынды Алаш арыстары осы тоталитарлық жүйенің «қанды қылышының» қаупін біле отыра еңбектерін халық пен ұлт мүддесін қорғауға бағыштады. Ораз Қиқымұлы 1918-1937 жылдар аралығында билікте жауапты қызметтер атқарып жүріп, қазақ халқына өшпес жақсылықтар жасап кетті. Ораз Жандосовтың тұлға ретінде қа­лыптасуы қазақ халқының патшалық Ресейге қарсы жүргізген 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысымен, 1917 жылғы Ақпан және Қазан революцияларымен сәйкес келді. Қазақ ұлты қанша жерден азаттық алуға ұмтылса да, екі революцияның салдарынан аса үлкен және қуатты Ресей империясының бір бөлшегі болып қала берді. Қазақстан осындай түпкілікті бетбұрыс кезеңінде Ресейдегі өзге халықтарымен бірге зорлық­пен социализм қоғамын құруға жегілді. Қазақ зиялыларының бір тобы қазақ ұлты өз тағдырын большевиктік Ресеймен байланыс­тырса, халық ретінде сақталады және дамиды деп есептеді. Сондықтан олар большевиктер басқарған Кеңестерге бар­лық биліктің берілуін қолдады. Олардың қа­тарында Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Б.Қаратаев, С.Меңдешов, А.Иманов сияқты көрнекті тұлғалар болды. 1918 жылы большевиктер партиясы қата­рына кірген Ораз Жандосов та осы бағытты қолдады. Ораз Қиқымұлы партия қатарына кірген­нен кейін, Верный уездік-қалалық Ке­ңесінің нұсқаушысы болып қызмет жолын бастады. Одан кейін Жетісу облыс­тық атқару комитетінің ұлттар мәселесі бө­­лімінің меңгерушісі, Түркістан Компар­тиясы мұсылман коммунистері облыс­тық секциясының төрағасы, Жетісу об­лыс­тық революциялық комитетінің төр­ағасы, «Қосшы» облыстық комитетінің төрағасы, Түркістан Компартиясы ОК үгіт бөлімінің меңгерушісі, ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің үгіт-насихат бөлі­мінің төрағасы, ҚазАССР халық ағарту ко­миссары, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының директоры, ВКП(б) Кеген аудандық комитетінің хатшысы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы, т.б. жауапты қызметтерді атқарды. Сол жылдардағы республикалық, одақтық Ат­қару Комитеттерінің мүшесі болды. Қандай қызметте болмасын Ораз Жандосов қоғам, халық, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етті. Оның жарқын өмірі бүгінгі ұрпақ үшін зор үлгі және өнеге екен­дігі ақиқат. Ораз Жандосов Қазақ ұлттық аграрлық университетінің негізін қалаушы болды. Сондықтан біздің университет еліміздің қалып­тасуы жолында өлшеусіз үлес қос­қан қоғам және мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың қызметі мен өмірін жаң­ғыртып насихаттау жолында айтарлық­тай жұмыстар атқарып келеді. 17-мамыр күні оқу ордамызда Алаш жұрты­ның ардақтысы – Ораз Қиқымұлы Жан­досовтың 115 жылдық мерейтойына ар­налған «Ораз Жандосов – ағартушы, ғы­лымды ұйымдастырушы және реформатор» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өз жұмысын бастайды. Қазақ ауылшаруашылығы ғылымы мен өндірісінің дамуына айрықша еңбек сіңірген ұлтымыздың біртуар ұлдарының бірі – Ораз Жандосовтың мерейтойының біздің университетте аталып өтуінің өзіндік сыры бар. Ол мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, білімі мол, зерделі зерттеуші ғалым. Ораз Қиқымұлы өз заманында еліміздің әлеуметтік, ауылшаруашылық салаларын терең зерттей отырып, ұлттық мәселелерді шеше білген азамат ретінде тарихта қалды. Биік мақсаттарды алдына қойған қай­рат­кер тұлға ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі үлкен экспедицияны басқарды, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1930-1932 жылдары Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының директорлығы қызметін абыроймен атқарды. Осы бір қиын-қыстау кезеңде институт қабырғасынан аграрлық саланың бір шоғыр білімді мамандары түлеп ұшты. Ораз Жандосовтың есімін атағанда, ең алдымен көз алдымызға жиырмасыншы-отызыншы жылдарда үлкен қайраткерлігімен есте қалған тұлғаның бейнесі келеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғы­лым министрлігінің қолдауымен және уни­­вер­ситетіміздің жанындағы Олжас ­Сү­лей­менов атындағы әлеуметтік-гума­ни­тар­­лық білім беру және тәрбие институты ұйым­дастыратын жиында «Ораз Жандосов ірі мем­лекет және қоғам қайраткері», «Ораз Жандосовтың ағартушылық және ғылыми зерттеушілік ізденістерінің бағыты», «Ораз Жандосов ауылшаруашылық ғылымының негізін ұйымдастырушысы» және «Заманауи білім берудің инновациялық аспектілері» деген ауқымды тақырыптар қамтылмақ. Өткен ғасырдың бас кезі қазақ халқы үшін жаппай саяси, мәдени, ғылыми ояну кезеңі болды десек, артық айтқандық емес. Осы бір қиын-қыстау тұстарда өмір сүр­ген Ораз Жандосов өзінің қысқа ғана ғұмырында Қазақ елінің саяси және әлеу­меттік мүддесі үшін күресіп, мәдени, оқу-ағарту ісін көтеруге елеулі еңбек етті. Ораз Қиқымұлы тек мемлекеттік лауазымды қызметтерді ғана атқарып қой­май, қазақ мәдениетінің, ғылымының өркен­деуіне үлес қосты. Қазақ тілінде ешбір оқулық, әдебиет жоқ кезде Ораз Жандосов қазақ баласының білім алып, сауатты болуы үшін алғашқы ауыл мектептерін ашқызған еді. Ұлт болашағына алаңдап, қазақ мемлекетінің өркендеуі үшін тынбай еңбек еткен азаматты қалай ұлықтасақ та артық емес. Тарихшыларымыздың деректеріне сүйен­сек, 1918 жылы небәрі 19 жастағы Ораз Жандосов Қазақстандағы іс қағаздарды қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселе көтерген. Ал жиырма екі жасқа келген шағында ол «Верный» қаласының атауын «Алматы» етіп өзгерту жөніндегі бұйрыққа қол қойды. Отызыншы жылдардың басында орын алған ұлы жұт кезінде де Ораз Қиқым­ұлы­ның талай жанды аштықтан аман алып қал­ғаны жайында көп айтылады. Сол кез­дері Жандосовтың араласуымен Орталық Қазақстанның біраз жеріне астық егіліп, жергілікті халықтың нанға қолы жеткені тарихтан белгілі. Ораз Жандосовтың есімі Әліби ­Жангелдин, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов сынды қазақтың марғас­қа тұлғаларымен қатар аталады. Білім, ағар­тушылық саласында да оның атқарған істері орасан. Ораз Жандосовтың ұйымдас­ты­руымен елімізде бірнеше жоғары оқу орындары ашылды. Мәселен, Абай атындағы Ал­маты мемлекеттік университеті, Ауыл­шаруашылық және мал дәрігерлік институты және орта білім беретін тағы бірнеше мекеме есігін жұртқа айқара ашты. Алматыдағы мемлекеттік кітапхана да Жандосовтың атсалысуымен ел игілігіне берілген болатын. Ағарту саласында халық комиссары болып жүрген шағында аграрлық саланың білгір мамандары мен белгілі Алаш ардақ­тыларын жоғары оқу орындарына қызметке тартты. Олар Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов сынды ұлтымыздың көрнекті тұлғалары еді. Ауылда туған қазақтың қарапайым ба­­ласы ретінде Ораз Жандосов көптеген қиын­дықтарға қарамастан, талай белестерді ба­ғын­дырып, бірқатар лауазымды қызметтер атқарған. Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруашылығы академиясында білім алған ол, жинаған білімі мен тәжірибесін туған жерінің өркен жаюына жұмсады. Алаш көсемдерімен тығыз қарым-қа­тынас орнатқан Ораз Қиқымұлы саяси қызметтерде жүріп қазақ баласының ғылым мен білімге қол жетуі үшін жанын салып, қазақ ауылдарының көркеюі үшін аянбай тер төкті. Қазақ елінің орталық биліктен тәуелсіз өз экономикасы болу керек деген идеяны ұстанған ол, жер-су реформасын әзірлеп, халықтың оны тиімді мөлшерде пайдалануына мүмкіндік туғызды. Ұлт мүддесі үшін жасаған әрекеттері үшін кезінде «ұлтшыл» деп айыпталып, 1938 жылы жазықсыз атылып кеткен Ораз Жандосов есімі қазақ қоғамы үшін қашанда бағалы. Осы орайда біз елге адал қызмет еткен қайраткерлеріміздің жүріп өткен өнегелі жолын әрдайым қазіргі жастарға үлгі етуіміз қажет. Бүгінгі Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа да­муы кезеңіндегі идеологиялық және тәр­биелік міндеттер туралы Елбасымыздың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында жан-жақты қамтылған. Біз Президенттің Жолдауында айтылған қағидаларға сүйенеміз. Қазақ елін күшейте түсетін, оны әлемге таныта түсетін бүгінгі студенттер – болашақ ауылшаруашылығы мамандары болып қана қоймай, олар нағыз тәуелсіз елдің қайраткер азаматы болуы тиіс. Бүгінгі ұрпақ үшін Ораз Жандосовтың өмірі мен қызметі отансүйгіштік пен халыққа адал қызмет етудің үлгісі болып қала береді. Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик

4200 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала От шашқан жасын жырлар
Келесі мақала Жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелейік

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор