• Тарих
  • 15 Мамыр, 2014

Джаркуль атанған қайран Жаркөл

Еліміздің теріскейіндегі көптеген жер-су атаулары әлі күнге дейін орысшасынан айырылар емес. Тарихтың тереңіне бойласаңыз, Алтайдан Атырауға дейінгі арадағы ұлан-ғайыр даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған баһадүр бабаларымыз бүгінгі ұрпаққа аманаттап кеткені белгілі. Алайда XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақ даласына келіп қоныстана бастаған орыс, украин шаруалары ежелгі елді мекендердің қазақи атауларын өз қалауынша атауды әдет қылды. Тіпті кешегі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде құрылған кеңшарлар мен колхоздарға да орысша атаулар таңылды. Өзге өңірлерді қайдам, бір ғана Қостанай облысының төңірегіндегі орысша ат қойылып, айдар тағылған елді мекен, жер-су аттары қаншама. Осындай құйқалы өңірлердің бірі – Федоров ауданына қатысты қолымыздағы бар деректерді ортаға салып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Тілші болған соң облыстың түкпір-түкпірін аралауға тура келеді. Сондай бір сапарымның кезінде Федоров ауданында он бес жылдан бері тұ­рып келе жатқан өлкетанушы Марат Қойшығұловпен әңгімелескенім бар. Мәкең музыка маманы болғанымен, өзі тұратын өңірдің тарихына терең үңіле жүретін зерделі азамат екен. Сол төңіректегі қазақы атаулардың бәрі ұмыт қалып, бүгінгі өскелең ұрпақтың санасынан мүлде өше бастағаны оны бейжай қалдырған емес. Сондықтан екеуара әңгіме ежелгі Жаркөл жерінің топонимикасы мен тарихына ойысты. – Бұл өңірдің түпкі тарихы туралы дерек­терді білетін көнекөз қариялардың қатары сиреді. Жаркөл бойының жер-су атауларын жатқа білетін Бақытжан қажы Жиентаев ақсақал осыдан екі-үш жыл бұрын бақилық болды. Өлкенің тарихын зерттеп, жүйелеп қа­ғазға түсірген көшелі қария өз қолымен жазған мына дәптерді маған аманаттап кетіп еді. Өзің қарап көрерсің, бәлкім бір кәдеге асар, – деп Марат аға қалың қолжазбаны қолыма ұстатып жіберген. Федоров ауданындағы Жиентай қажы мешітінің бас имамы болған Ба­қытжан ақсақал ономастикалық мә­селелер жөніндегі аудандық ко­миссия­ның мүшесі ретінде мына төмендегі анықтамалық деректерді 2009 жылы 12-ақпан күні қағазға түсірген екен. Бүгінгі Федоров кенті Жаркөл көлі­нің жаға­лауында орналасқаны мәлім. XIX ғасырдың аяғына та­ман, ауыр жұ­мыс­қа салған орыс по­мещигінің астамшыл әрекеттеріне шы­дай алмай Орталық Ресей жағынан ауып келген Федор есімді чуваш балық­шысы Жаркөлдің бойын паналаса керек. Сөйтіп, шағын ғана қазақ ауылы 1896-1897 жылдары Украинаның Екатеринославск, Херсон, Полтава, Харьков және Орталық Ресейдің Курск, Калуга, Орлов, Рязань губернияларынан жер аударылған мұжықтардың мекеніне айналды. Ресей мен Украинада халық тығыз орналасқандықтан шөкімдей жер бұйырмаған шаруалар 1900 жылдары патша үкіметінің ішкі істер ми­нистрі болған, әйгілі реформатор П.Сто­лыпиннің әмірімен қазақтың кең даласына лек-легімен келіп қоныста­нады. Байырғы Жаркөл атауы осылайша Федор балықшының есіміне ауыс­тырылып, тұтас бір ауданның не­­­гі­зі қаланады. Ал 1911-1913 жылдары салынған теміржол стансасы «Джаркуль» деп аталды. Кейін отызыншы жылдары пайдалануға берілген астық бекетіне де «Джаркульский элеватор» деп айдар тақты. Бұл нысандар әлі күнге дейін осылай аталады. Тобыл өзенінен басталған Тоғызақ­қа дейін­гі аралықтағы 150-200 шақы­рымдық аумақты алып жатқан бүгінгі Федоров ауданының бүкіл аумағы ке­зінде қалың селеу басқан жазық дала болса керек. Бұл жерлер Қыпшақтың Көл­денең атасынан тарайтын ұрпақтар­дың жаз жайлауы болғанға ұқсайды. О баста бұл өңірдің тарихы мен белгілі бір ру өкілдеріне қызмет етуіне байланысты жер-су аттары да қалыптасып, ел аузында тайға таңба басқандай етіп жатталып қалған. Марқұм Бақытжан қажы соны қал­пы­на келтіруді армандаумен өткенін өзінің қол­жазбасынан айқын аңғаруға болады. Мә­селен, шежіре қария Баннов селолық округін Тоқтасын деп атауға, Вишневыйды – Балықты, Ленинді – Байғара, Новошумныйды – Қоскөл, Первомайды – Үлкен Барақ, Украинды –Талас, Чандакты – Шаңдаққа ауыстыру қажеттігін алға тартыпты. Ақсақал сонымен қатар Жаркөл көлінің жағасында қоныс тепкен Федоров поселкелік округін Жаркөл по­селкелік округі деп алмастырып, қа­зіргі Жаркөл селолық округін «Қосжалтыр» деп атаса деген ойын аудандық ономас­тикалық комиссия мүшелеріне айтыпты. Мұның бәрін ол кісі ойдан шы­ғарып отырмағаны белгілі. Сол жердің суын ішіп, ауасын жұтқан кө­некөз қариялардың көзі әлдеқашан сирегенімен, солардың аманатын бү­гінгі күнге жеткізуші қарт шежіреші жер-су атауларының бастапқы атауларын жазып, жинай берсе керек. Б.Жиентаев ақсақалдың жазуынша, Федоров ауданындағы барлық елді мекендердің байырғы атауларын кейінгі толқын біле бермеуі әбден мүмкін. Сон­дықтан бәрін болмағанмен, кейбірінің төл атауларына тоқталғанды жөн көрдік. Мәселен, Первомай селолық округі­нің орталығы «Үлкен Барақ» көлінің маңында орналасқан, – деп жазады Бақытжан ­Берға ли­ұлы, – орталық пен «Дружба» (ертеде бұл ауыл Дәулетбай аталыпты) бөлімшесінің екі ортасында да «Кіші Барақ» көлі бар екен. Барақ адам аты. XVII-XVIII ғасырларда қалмақ шапқыншыларына қарсы күрескен баһадүр Барақ бабамыз осы екі көлдің ортасында жаудың екпінін басып, бетін қайтарса керек. Ұзақ жылдар бойы селолық округ орталығындағы орта мек­теп – Үлкен Барақ орта мектебі деп аталған көрінеді. Ал Трактовка ауылының маңында «Батпақкөл» деген көл бар. Мұны кейбіреулердің тілін бұрап «Бамбаколь» деп атауы жарасып тұрған жоқ. Сонымен қатар осы Первомай селосының шығысында,15-20 ша­­қырым жерде шағын ғана «Қанды сүйек» көлі жатыр. Мұның да атауы сол қалмақ шапқыншыларымен бол­ған қиян-кескі соғыстан кейін қа­луы мүмкін. Бүгінде оның да атауы біресе «Қансүйек», біре­се «Кансүлек» аталып жүр. Көлдің оңтүстік-шығыс жақ бетін­дегі жайылымдық жер бағзыда «Сарыжайлау» аталған, кейін «Саржау» болып өзгеріске ұшыраған. Қолжазбада мынадай деректер де кездеседі. Мәселен, Пешков селолық округінің аумағын заманында тұтастай Қыпшақтың Көлденең атасынан тарайтын ру өкілдері жайлаған. Се­лолық округтің солтүстік-батыс бөлігі Тоғы­зақ өзенімен шектесіп жатыр. Ал шығыс жағында «Сопақ» (орысша «удлиненный» деген мағынаны білдіреді) көлі бар. Ауылдың оңтүстік-шығысында «Сауыт» (Круглая бинка) көлі жарқы­райды. Міне, өздеріңіз байқап отыр­ғандай, бір ғана ауылдың аумағында үл­кенді-кішілі қаншама көлдер орна­лас­қан. Тағы да тарихқа жүгінейік. Калиновка селосының маңында «Жол жорыған», ал округтен шамамен 10-15 шақырымдай жерде «Шөптікөл» көлдері бар. Екі көлдің атауларына қарап ертеде көшпелі керуеннің адаспасы үшін жер жағдайына байланысты қойылғанын аңғару қиын емес. Тобыл өзенінің шығысынан басталып Ленин селолық округіне дейінгі сол­түстік аумақ­ты, батысында Камышин село­лық округіне дейінгі аралықтағы 80-100 шақы­рымды алып жатқан Шаңдақ селолық округінің тарихи атауы қайдан шыққаны айтпаса да белгілі. Ұйытқыта соққан жел мидай жазық даланың топырағын ұшырып, айналаны қою шаң басады екен. Міне, жер атауы осы «шаң» сөзінен шыққан деседі білетіндер. Біздің қазақтың шаңдақ (пыльное) жер дейтіні осындайда айтылады. Осы селолық округтің солтүстік-батысында жалғыз ғана «Арал» көлі бар. Бұл көлді жергілікті тұрғындардың «арал» деп атауы да тегін емес. Айнала шөлейт ал­қаптың ортасында орналасқан көлдің бей­несі расында арал іспетті. Шындығында да, теріскейді түлікке тол­тыр­ған ата-бабаларымыздың арқа­сында Жар­көл төңірегіндегі жер-су, ел­ді мекендер сол кезеңнің ыңғайына қарай түрліше атауларға ие болғанын айтып тауысу мүмкін емес. Осыған байланыс­ты тағы да бір мысалдарға жүгінейік. Украин селолық округінің орталығы – Малорос­сийка ауылының солтүстігіндегі «Талас» кө­лінің Талас аталуының да тарихи мәні бар. Қыпшақтың Қарабалық атасынан өр­битін Жөке руының «Сексен үй» және «Бес тентек» деп аталған қоныс иелері мыңғырған малға суат болған көлді бөлісе алмапты. Талас атауы осыдан шыққан дейді. Өздеріңіз байқағандай, Тобылдан Тоғызақ өзеніне дейінгі аралықтағы барлық қоныстар, жер атауларының байырғы атаулары бар екенін шамамыз келгенше дәлелдеуге тырыстық. Мұндай мысалдар Бақытжан қажы келтірген деректерде өте көп. Оның бәрін тізіп жаза берсек, тым ұзап кетерміз. Сондықтан біз тарихи атаулардың бір парасын ғана ұсындық. – Облыс көлемінде топономикалық зерттеу жүргізген профессор Аманжол Күзембайұлы, өлкетанушы Қуанышбай Орманов, Рауан Байдалы тәрізді танымал тарихшы-ғалымдар Федоров ауданына қарасты тарихи деректерді де тірнектеп жинастырып, кейін кітапқа енгізді, – дейді Марат Қойшығұлов. Бұл жалғыз Федоров ауданына ғана қатысты емес, өзге ұлт өкілдері басым облыстың сол­түстік аудандарындағы орысша аталған елді мекендердің атауларынан көз сүрінеді. Ана бір жылдары Орал қаласында бір-ақ күнде 30 (!) көшенің атын қазақшалапты. Сол сияқты, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында да елді мекен, көшелерге байырғы атауларын қайтару мәселесі оң шешілгенін БАҚ жа­рыса жазған. Ендеше, бізге де сондай қоз­ғалыс қажет сияқты. Әрине, бәрін біржола қазақыландырып тастау мүмкін емес шығар, әйткенмен, бұл істі қолға алатын мезгіл жетті. Құдайға шүкір, тәуелсіз ел атанғанымызға жиырма екі жылдан асты. Халқымыздың саны да едәуір өсті. Олай болса, Бақытжан қажы сияқты шежіре қариялар тапсырып кеткен аманатқа адалдық танытуымыз керек. Бұл күн тәртібінде тұрған және кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Әлібек ИБРАЕВ Қостанай

20227 рет

көрсетілді

83

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы