• Әдебиет
  • 15 Мамыр, 2014

Білімді оқығанын айтар...

Ардагер азамат Самат Мәдиев сазгерлігімен танымал. Ол Атырау қаласындағы музыка училищесін бітірген. Кезінде облыстық мәдениет басқармасында аға әдіскер, мәдени-ағарту училишесі директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1960 жылдардың бас кезінде жас сазгердің аяқ алысына сүйсінген Шәмші Қалдаяқов «Ән шығарумен айналысатын жастардың барлығы қуантады. Оларға қамқорлық керек, соның бірі атыраулық С.Мәдиев» деген болатын. Сәкеңнің сазгерлігінен басқа тағы бір қасиеті көзбен көріп, көңілге түйгендерін қағаз бетіне түсіріп отырады. Төменде сондай ойлы сөздердің бірқатары оқырман назарына ұсынылып отыр. Өзіңнен қайрат кеткен соң, Күнің мен түнің тең болар. * * * Көп күлген шындықты азайтады, Көп сөйлеген беделіңді төмендетеді. * * * Әкенің ақылын алып өскен ұл – адам, Ананың ақылын алған қыздың көркі мен ақылы сай болар. * * * Ата-анадан өсесің, Өзіңде ата-ана болатыныңды ұмытпа. * * * Біріңе-бірің сенбесең, Жолдастықтан не пайда? Басына іс түскенде, Табылмасаң қасынан, Достығыңнан не пайда? * * * Өтірікші атанғың келмесе, естігеніңді айтпа, көргеніңді айт. * * * Жақсы – жақсыңды асырады, жаманыңды жасырады. * * * Жеті мүшеңнің бірінің кемдігіне налыма, Бастың амандығына шүкіршілік ет. * * * Өзің де бай бол, халқың да бай болсын. * * * Бармын деп өмірде аспа, Жоқпын деп тіршіліктен қашпа. * * * Адам өмірі қысқа болса да, ісі нұсқа болсын. * * * Өнерді түсінбеген адам, Өмірді де түсініп жарытпайды. * * * Жамандықты ойлама, Орындалмаса да жақсылықты ойла. * * * Саулығың жетіп тұрғанда, Кісі жұмсап, малданба! * * * Жоқтан бар жасаған Барды асыра білер. * * * Көп көрген үйренеді, Көп білген сый көреді. * * * Қартты қарт десең, қартая берер, Жасты жас десең, шалқая берер. * * * Қандай ақылды болсаң да, Өзгелерден жөн сұра. * * * Алдыңа қарасаң – марқаярсың, Артыңа қарасаң – қартаярсың. * * * Жақсыдан жаман туар нұры қашқан, Жаманнан жақсы туар ақылы асқан. * * * Өмірде өтпелі нәрсеге қызықпа, болашағыңды ойла. * * * Қазақтың кім екенін білгің келсе, өне­рін қызықта. * * * Ағаш өсірсең, жеріңде орман болар, Бала өсірсең, еліңе қорған болар. * * * Халқың аман тұрғанда Жалғызбын деп қиналма. * * * Қажымас-қайрат бойыңда бар болса, қиындық деген немене? * * * Әуелі Аллаға, содан соң аруақтарға сыйын. * * * Қызыңды сыйлағаның – анаңды, әйе­лің­ді, жалпы аналарды сыйлағаның. * * * Ер анасы болғаның – ел анасы бол­ғаның. * * * Әке-шешесін сыйламаған келін, Ата-енесін де сыйламайды. * * * Көп қыдырған адамның көңілі далада болар. * * * Өз басын ойламаған адамнан ақыл сұрама. * * * Адам көркін алтынға балау ағат. * * * Ана қадірін білмесең, ана болуға асықпа, Әке қадірін білмесең, әке болуға асықпа. * * * Білмегеніңе ұялма, білмегеніңді сұрама­ғанға ұял. * * * Адам болып келген соң, адам болып өту – парыз. * * * Балаңды ел сыйласа, одан асқан бақыт бар ма? * * * Жақсы ұялар – тер шығар, Жаман ұялмас – өрт шығар. * * * Қандай адам екеніңді өзің емес, халқың айтсын. * * * Ойлағанның бәрі асыл болмас. * * * Ұлағатың болмаса, Көп жасаудан не пайда? * * * Үйіңде берекет болмаса, Өміріңнен сән кетер. * * * Табиғаттың күшіне, адамның ойына тең келетін ештеңе жоқ. * * * Адамды тек басыңа іс түскенде іздеме. * * * Құдіретті бір күш бар: ол тек аққа ғана жақ. * * * Жақсыдан туған бала таудай, Жаманнан туған бала жаудай. * * * Жаманды да, жақсыны да жер көтерер. * * * «Халқым» деген ұлыңды, Қамқорлайық бәріміз. * * * «Елім» дегеннің ерніне тиер, «Өзім» дегеннің өзегі талар. * * * Жаман бала жетіссе, Ата-анасын тыңдамас. Жақсы бала жетіссе, Жетілгенін бұлдамас. * * * Өмірдің жақсылығы мен жаман­дығын­дай адамның да жақсы-жаманы қатар жүрер. * * * Жақсыға бір сөз айтсаң, Өзі жалғап әкетер. Жаманға бір сөз айтсаң, Кері тартып кекетер. * * * Анадан құрметті адам болмас, Наннан сыйлы тағам болмас. * * * Сабырлы біліп отырса да, сес бермейді, Сабырсыз білмесе де, дес бермейді * * * Білімді оқығанын айтар, Білімсіз естігенін айтар. * * * Адаммен бірге келген қасиет, тірші­лігімен бірге өтер. * * * Күйелінің күйесі жұғар, пәлелінің пә­лесі жұғар. * * * Анадан құрметті адам болмас, Наннан сыйлы тағам болмас. * * * Білімді оқығанын айтар, Білімсіз есті­генін айтар. Самат МӘДИЕВ Атырау

3073 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы