• Мәдениет
  • 15 Мамыр, 2014

КӘБИРАНЫҢ ӘНІ

Абыр-сабыр мерейтойға дайындық. Жолдасымның елу жылдығы. Алыстан достарымыз келді деп бізде жан жоқ. Алматыдан Заманбек пен Кәбира, Тілеуқабыл мен Гүлзада, Қызылордадан Құттыбай мен Қуанышгүл, Жолдас пен Ұлымкүл... Міне, бәрі дастарқанға отыра бергенде телефон шырылдай жөнелді. Кәбираны сұрайды. Алматыда келін босанып, дүниеге сәби келіпті. Тұңғыш немерелері. Тойдың ең үлкен жаңалығы, еске қалары, ұмытылмас белгісі, жақсылықтың белгісі. «Досымыздың тойы деп келдік. Үстіміздегінің бәрі жаңа» деп қояды Жолдас. Тағы қандай құрмет білдіреміз деген көңілдері. Кейін Алматыға барған соң, сол кішкентай немеренің атын Кәбира маған ұқсап өссін деп, Мәрия қойған еді. Біз осындай дос едік... Қай жақсылығын айтайық, Кәбира – тамаша жар, ­Заманбек Әбдешевтей ақын, аудармашы, жүзі қандай аппақ болса, жаны сондай таза азаматтың музасы, үй ішінің, үлкен бір әулеттің ұйытқысы, жанашыры болды. Қайын інілеріне, қайын сіңлілеріне көп жақсылық жасаған адам. Солардың тойларында біз бірге жүрдік. Кәбираның ата-енесін көрдік, қолдарынан дәм таттық. Өз балалары келгендей, барғанда жандары қалмай қуанатын. Менің Асқарым туғанда Кәбира перзентханаға келіп, құттықтаған. Өзіне де осындай қуаныш тілеп едік. Кейін дүниеге ұл келіп, оның есімін Ақайдар Ысымов досымыз атын беріп, Айдар деп қойып еді. Бүгінде Айдар Әбдешев – «Хабар» агенттігінің белгілі ­телеоператоры, әлемнің талай жерін аралап жүрген азамат. Асқар мен Айдар Вашингтонда жұмыс бабымен жүріп кездескендегі бірге түскен суреттері бар. Тәубе дейміз. Мәрия – Айдардың қызы он екі жасар жасөспірім қыз болып қалды, оқуда да, өнерде де өз қатарының алды болып келеді. Кәбирада да, менде де екі ұл, екі қыздарымыз бар. Ризамыз Аллаға. Бізді танитындар алдымен Кә­бираны сұрайды: «Әнші келіншек қайда?» деп. Аппақ, ашық-жарқын жүзімен, ұзын ­бойлы, әдемі тұлғасымен, жымиып қана сөйлейтін әдетімен арамызда ерекше көзге түсетін Кәбирамыз. Ән айтқаннан кейін көпшіліктің есінде қалатын. Қазақ музыкалық эстрада студиясын, Бибігүл Төлегенова класын бітіргенін біз достары мақтан тұтамыз. 2012 жылдың тамызының соңында қызымыздың тойында Астанада, ауыл жақта бірге өткізген күндер естен кетпейді. Ортамызда Фариза Оңғарсынова апайымыз бар еді. Бәріміз ән салдық. Кәбираның әніне, сыңғырлаған әдемі даусына риза болып, Фариза апай өзіне сыйланған орамалды Кәбираға ұсынды. Бұл орамалды мен ерекше сақтаймын деп ерекше риза болып еді аяулы құрбымыз. Атай берсе Кәбираның – Шығыс Қазақстандағы Зайсан елінің ән-күйге толы мекеннің қонақжайлы, жаны жайсаң адамдардың тұрағынан, көпбалалы ерекше өнерлі жанұядан шыққан қыздың жақсылығы ұшан-теңіз. Біреу үшін қуана білетін, жаны қалмай жәрдем беретін, қуанышыңды, ренішіңді бөлісе білетін, түймедей жақсылығыңды бағалай білетін жан еді біздің Кәбирамыз. Еске аламыз сол бір тамаша бірге жүрген күндерімізді. «Жылына бір рет дастарқан ­жайып, Сауытбекке арнайы рахмет айтам, Заманбекке мені алып қашып әкелгені үшін» деп шын көңілін, өміріне риза екендігін, жарына деген шынайы махаббатын білдіретін. Сонда Сауытбекке разылығы ­­–­ досының қасында болып, Кәбираны Алматының іргесіндегі Райымбек ауылына, ата-анасының қолына, іні-қарындастарының ортасына алып келгені үшін. Ақын досымыз Заманбек Әбдешевті ортамызға алып, алпыс жылдық мерейтойын тойлап, екеуінің де туған жеріне ­– Зайсанға да барғанбыз. Зәкеңнің өлең жинағын шығарып, сол жерде сыйлағанда Кәбираның ризашылығында шек жоқ еді. Естен шықпас күндер өткіздік. Заманбек пен Кәбираның ауылдастары жандары қалмай үлкен қуанышпен, мақтанышпен бізді қарсы алып еді. Көз алдымыздан тамаша күндеріміз тізбектеледі. Әлия қызымның сырға салар қуанышының алдында, Кәбира маған жәрдем беріп, екеуміз ас үйді әктеп жүріп, көп әнді сүйсініп еске түсіріп едік. Бәрімізге бір аспан. Алма­ты­ның, Астананың, Зайсанның, Шымкенттің, Қызылорданың аспанында қалқыған Кәбираның әнін сағынамыз... Сен біздің жүрегіміздесің, Кәбира. Артыңда қалған жан жарыңа, ұл-қыздарыңа, аяулы келіндеріңе, күйеу балаларыңа, сүйікті немерелеріңе, барлық туған-туыстарыңа өмір тілейміз. Мәрия АБДРАХМАНОВА

3757 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы